Итбалықтардың өлімі туралы алғаш дабыл қаққандар Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы «Жайық–Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары болды. Олар жағаға лақтырылған 1 155 итбалықтың өлексесін тапты. Кейін бұл көрсеткіш 1989-ға дейін жетті.
Ресми мәліметтерде әуебарлау жұмыстары кезінде Маңғыстау облысының жағалауын – Теңіз, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас және Қаламқас кен орындарының аумағын тексеру кезінде қосымша 834 итбалық табылғаны айтылады. Табылған өлекселердің ішінде теңіз маржаны атанған бекіре де бар.
Ғалымдар, экологтармен бірге, қарапайым азаматтардың алаңдаушылығын туғызған мәселеге байланысты жағдайды зерттеуге Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы және Микробиология және вирусология ғылыми зерттеу институты мамандары жұмылып жатыр. Олардың қатарында итбалықтар өлімінің басқа ықтимал факторларын анықтау үшін балық инспекциясы Каспий теңізінің акваториясы мен аумақтық суларына да мониторинг жүргізуде. Сонымен итбалықтар өлімі туралы мамандар не дейді?
Балық шаруашылығы комитетінің алдын ала болжамы бойынша, итбалықтар өліміне табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкінісі салдарынан табиғи газдардың бөлінуі себеп болуы мүмкін. Құзырлы орган нақты тұжырымдардың 3-4 айға созылатын зерттеулер толық аяқталғаннан кейін ғана жасалатынын хабарлады. Дегенмен зерттеуші ғалымдардың барлығы бірдей «итбалықтар өліміне табиғи газдардың бөлінуі себеп болды» деген болжаммен келіспей отыр.
Зерттеуші ғалым Тариэль Абатовтың пікірінше, итбалықтардың өліміне тікелей себепші – Каспий теңізінің ластануы. Оның айтуынша, Ресей мен Әзербайжан территориясындағы өзен-сулардан гексахлоран мен басқа да ауылшаруашылық пестицидтерінің жоғары деңгейі анықталып отыр. Бұл химиялық заттар итбалықтардың майында жиналып және олар оңтүстікке қоныс аударған кезде әлгі заттар улы концентрацияға айналады екен.
«Итбалықтар әдетте тері астында май жинайды, оның қалыңдығы 15 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл майдың құрамында ластанған сулардан сіңірілген зиянды токсиндер де болады. Ұрғашы итбалықтар көбею үшін қоныс аударған уақытта бұл май үш айлық ашығу кезеңінде қорек рөлін атқарады. Нәтижесінде, олардың ағзасындағы токсиндердің деңгейі күрт артып, бедеулік пен сәтсіз жүктілікке әкеледі. Демек, итбалықтардың жаппай қырылуына теңіздің улы заттармен ластануы тікелей себеп болуы мүмкін», – дейді ол.
Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов итбалықтар өлімінің себебі әлі күнге дейін анықталмай жатқанын айтады.
– Итбалықтардың өлімі жыл сайын күз және көктем айларында қайталанады. Біздің балықшылар жылына 12 ай Каспий теңізіне тор қояды. Олардың торлары тәулігіне 24 сағат су астында болады. Бірақ бір түсініксіз жағдай сол, итбалықтар күзде және көктемде ғана өледі. Сондықтан итбалықтар өлімінің себебін басқа бағыттар бойынша іздеу керек деп ойлаймын, – дейді Данияр Әкімжанов.
Итбалықтар өліміне Әзербайжан да алаңдаулы. Әзербайжан ғалымдарының пікірінше, ондаған жыл бойы мұнай барлау, өнеркәсіптік ластану және шамадан тыс балық аулау жағдайлары Каспий экожүйесіне зиян келтіріп, 1970 жылдардан бері итбалықтар санын бірнеше есеге азайтты. ХХ ғасырдың басында итбалықтар саны 1,2 миллионға жетсе, бүгінде 75 000-270 000-ға дейін азайып қалған. Жыл сайын дауылдан кейін Каспийдің солтүстік жағалауына Әзербайжан тарапынан 2 000-ға жуық итбалық шығарылады. Атап айтқанда, 2000 жылы сол тұстан 6 000-ға жуық өлі итбалық табылды, ал Қазақстан 10 000-нан астам итбалық өлімін тіркеді. Яғни, осыдан 24 жыл бұрын Каспий аймағы 30 000 итбалықтан айрылды. Сол уақыттан бері жағдай ушықпаса, тұрақтанбай келеді.
ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов Үкіметке арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерге шығынды өтетуді ұсынуда. Спикер мәселенің экологиялық қана емес, экономикалық зардабына да тоқталды.
«Бір итбалықтың кұны – 193 АЕК немесе 712 556 теңге. Енді соны 2 мыңға көбейтсек — 1 425 112 000 теңге. Қазіргі жағдайда 2 000 итбалық қырылды. Бұл үлкен бір трагедия деп айтуға болады. Демек, қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл қылмыстық іс болғаннан кейін жазасын да қатты күшейту керек деп ойлаймын. Үкімет арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, келтірілген шығынды өтетіп, жазалау керек», – дейді Әділбек Қозыбақов.
Итбалықтар қазір құрып бара жатқан жануарлар тізімі жазылатын «Қызыл кітапқа» да енді. Мұнай мен газдың жыл сайын үлкен көлемде өндірілуі, теңізге тасталатын қалдықтар, браконьерліктен бөлек, Каспий итбалықтарының популяциясына кері әсер етіп отырған тағы бір қорқынышты факт бар: ол – Каспий итбалықтары аналықтарының көп бөлігінің күшіктей алмауы. Қазақстандық ғалымдар бұл жағдайдың соңғы 10 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқанын айтып дабыл қағуда.
«Түрлі ластаушы зат теңіз мақұлығының денесіне жиналып, соңы оның түрлі аурудан өлуіне әкеліп отыр. Теңіз астындағы экологиялық жағдайдың нашарлауынан итбалықтар күшіктей алмайды. Бұл – өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан басталған құбылыс. Сол кездің өзінде бұл көрсеткіш Каспий популяциясының 70%-ын құраған болса, қазір тіпті 90%-ға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Теңіздегі химиялық заттар, соның ішінде полиуретандар аналық жұмыртқаның дамуына қатты кедергі келтіреді», – дейді Гидробиология және экология институтының дирек-торы Мірғали Баймұқанов.
Қазақстандық ғалымдардың пайымдауынша, Каспий итбалығы популяциясының нашарлауына, жалпы итбалықтардың қырылуына жаһандық жылынудың да әсері болуы мүмкін.
«Жаһандық жылыну теңізге кері әсер етіп, жыл сайын мұз жа-бынының көлемі қысқарып келеді. Ал ол – итбалықтардың «перзентханасы». Оның үстіне, қысы жылы боп келетін жылдар да жиілеп барады. Итбалықтардың көбеюіне кесірін тигізіп тұрған тағы бір жайт – мұз жарғыш кемелердің көп жүретіні. Олар сонысымен итбалықтардың мекендейтін, дамылдайтын, күшіктейтін ареалын бұзады. Тіпті, олардың өздерін жаншып кетіп жататын да кездер аз емес. Сондықтан бірінші кезекте итбалықтардың көбейетін және дамылдайтын жерлерінде ерекше қорғалатын аумақтар құру керек. Ол дегеніміз – мұзды аумақтар. Мұндай ареалдарда ешқандай да кеме жүргізуге болмайды», – дейді Мірғали Баймұқанов.
Қалай десек те, итбалықтар өлімі кешенді зерттеуді және нақты қорғау шараларын қолға алуды қажет етеді. Әйтпесе, онсыз да тұқымдау қабілетінен айрылып жатқан итбалықтардың алдағы отыз жылда орнын сипап қалуымыз мүмкін.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы