Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экономикалық даму стратегиясының негізінде азаматтардың мүддесі болуы қажет екені атап өтілді. 2024 жылы Үкімет бұл бағытты маңызды әлеуметтік бастамалармен жүзеге асыруды жалғастырды.
Primeminister.kz қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық мақсаттарын іске асыруға бағытталған биылғы жылдың маңызды бастамалары мен жетістіктері туралы шолулар сериясын жариялайды.
2024 жылы Қазақстанда әлеуметтік сала қарқынды дамуын жалғастырды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында білім, денсаулық сақтау салаларының сапасын арттырып, азаматтарды әлеуметтік қорғауды нығайту қажеттілігін атап өтті. Осы міндеттердің шеңберінде реформалар жасалып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін артты. 1,8 млн адам, оның ішінде бюджет қызметкерлері қамтылды. 600 мың азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру жалғасуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау шаралары жүзеге асырылып жатыр, табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны азайып келеді. Цифрлық отбасы картасы арқылы 8 430 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтер көрсетілді.
845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 401 мыңнан астамы – жастар. 9 мыңға жуық азамат, оның ішінде мүгедектігі бар жандар және ерекше қажеттілігі бар балалы ата-аналар бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды.
Мемлекеттік инвестициялар тиімділігін арттыру және сапалы жоспарлау үшін Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бұл жүйе кадрларға қажеттілікті болжап, талдау жасайды, сондай-ақ жобаларды үйлестіруге, сапасын бақылауға және тиімділігіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді. Платформа арқылы жалпы құны 33 трлн теңге болатын 755 инвестициялық жоба қадағаланып отыр. Бұл жобалар аясында 150 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар навигатор қажетті еңбек ресурстары жоқ адал емес жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдар ең төменгі әлеуметтік кепілдікпен қамтылды. Жеке кәсіпкерлер үшін e-salyqBusiness қосымшасы арқылы әлеуметтік төлем мөлшерлемелерін 4%-ға дейін төмендету және интернет-платформа операторларын салық агенттері ретінде тану арқылы жағдайлар жеңілдетілді. Бұл операторларға жеке кәсіпкерлер атынан жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді төлеу міндетін жүктейді. «Яндекс.Такси» компаниясымен жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында аталған тәсіл сынақтан өткізілді. 36 мыңнан астам жүргізуші Яндекс платформасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың фискалдық чектер саны 36,9 млн болды. Мемлекеттік кірістер комитетінде фискализацияланған жалпы кіріс көлемі 47,5 млрд теңгеге жетті.
«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй және білім алуға арналған төлемдер
2024 жылдан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап төлемдер басталды, олар Қазақстан азаматтығы бар 18 жасқа дейінгі барлық балаға арналған. 2024 жылы бағдарлама қатысушыларының шоттарына $695,5 млн төленді.
$30,6 млн 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға төленеді. Қазірдің өзінде уәкілетті операторлар арқылы $3,4 млн сомасына 33,5 мыңнан астам өтінімнің қаражаты банктік шоттарға аударылды. Оның ішінде $1,8 млн сомасына 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, $1,6 млн сомасына 15,5 мың өтінім білім алу үшін төленді.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысы – әлеуметтік саясаттың маңызды элементі. 7 жыл ішінде Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Сондай-ақ 2024 жылы тұрғын үй құрылысы 18 млн шаршы метрге жетеді. Осылайша, 1 млн-нан астам отбасы баспанамен қамтылады.
Тұрғын үйді уақытылы пайдалануға беру үшін Астана, Шымкент және облыстар әкімдіктері биыл қолданысқа берілетін нысандар нақты көрсетілген Жол картасын әзірлеп, бекітті. Қаңтар-қазан аралығында 14 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 123,8 пәтер мен үй пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, 2024 жылы ел бойынша тұрғын үйлердегі 200-ден астам лифтіні ауыстыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде мыңдаған қазақстандықтың өмір сүру деңгейін жақсартпақ.
2024 жылы әсіресе ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын тапты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарланған – 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория. 251 нысан құрылысы аяқталды. Бұл медициналық қызметтерді шалғай елді мекен және ауылдық жерлердегі халыққа қолжетімді етеді. 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Бұдан бөлек, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, жаңа денсаулық сақтау нысандары құрылысына қаражат бөлінді.
Еліміздегі әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі – ана өлімін азайту. 2024 жылғы көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға жақсарған.
Жаңа бағдарламаларды енгізу, оның ішінде клиникалық хаттамаларды қайта қарау, босануға тарифтерді арттыру денсаулық сақтау саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізді.
Биыл амбулаториялық деңгейде жалпы сомасы 212,8 млрд теңгеге 3,5 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Амбулаториялық көмекті жақсартуға басымдық бере отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінде дәрілік заттар мен медициналық заттарды тіркеу, бағасын белгілеу процестерін цифрландырумен, сондай-ақ олардың есебін жүргізу және айналымының цифрлық жүйесін жасаумен айналысатын жобалық кеңсе құрылды. Бұл жүйе дәрі-дәрмек саясаты процестерін кешенді талдау функциясын қамтиды. Нәтижесінде, дәрілердің объективті бағасын анықтап, үстеме баға қосуға жол бермейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда, оның мақсаты бүкіл еліміз бойынша заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді білім беру мекемелерін ашу. Жоба мектеп оқушыларын оқыту үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ мектептерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және уақыт талаптарына жауап беретін инфрақұрылым дайындап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
Жобаны іске асыру шеңберінде жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде салынды. Онда оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография және спортзалдары, демалыс аймағы мен нетворкинг бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар мен компьютерлер орнатылған. Барлығы 36 жаңа "Жайлы мектеп" пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекенде салынды. 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашады.
Білім беру саласында 2024 жылы балалардың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуін жақсарту бойынша жұмыстар да жалғасын тапты. Бүгінде Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 988 мыңнан аса бала тәрбиеленуде, мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылды. Балаларды қамту 92,5%-ға жетті, 62,3 мың орындық 547 жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан астам консультация пункті жұмыс істейді.
Білім беруді цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді, мысалы, ата-аналарға бала күтімі бойынша консультациялық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы іске қосылды. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларды дамытудың жеке картасы цифрлық форматқа аударылды. Ол Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген, бұл ақпаратты мектептерге жіберуге мүмкіндік береді әрі мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз ауысуды қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық бастауыш сынып мұғалімдері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі дамытудың маңызды құралына айналды.
«Қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидатын іске асыру мақсатында білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербестендірілген білім беру қызметін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) орналастырудың жаңа тетігі әзірленді, ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында сынақтан өткізілді.
Пилоттық жобаның мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру процесіне мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету.
Қазақстанда инновациялық экономика құру және білім деңгейін арттыру мақсатында студенттер, ғалымдар үшін жағдайды жақсарту, ғылыми зерттеулерді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалды. Осы шаралардың барлығы елімізді ғылыми-техникалық прогресс көшбасшыларының қатарына қосуға мүмкіндік береді.
Білім беру жүйесіндегі ең маңызды қадамдардың бірі – студенттерге арналған шәкіртақыны көбейту. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2020 жылдан бастап елімізде шәкіртақыларды арттыру бойынша дәйекті жұмыстар жүргізілуде, 2025 жылға қарай олар ЖОО студенттері үшін 2 есе, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есе көбейеді деп жоспарлануда.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін – 75 600 теңгеге дейін ұлғайтылды. Интерндердің стипендиясы енді 85 376 теңгені, ал резиденттердің стипендиясы – 123 122 теңгені құрайды. Магистранттардың стипендиялары 15%-ға, 107 061 теңгеге дейін, ал докторанттар үшін 240 000 теңгеге дейін көбейді.
Қазақстанда жоғары білім беруді дамыту және жаңғырту, оның ішінде шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнату арқылы да жалғасуда. 2021 жылы жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданды, ол 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 12 филиалын ашуды көздейді. Осы тұжырымдама аясында 12 елдің, соның ішінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция және Оңтүстік Корея университеттерімен 23 стратегиялық серіктестік пысықталды. 2024 жылдың қазан айында стратегиялық серіктестер – 67 шетелдік университеттің 120 өкілі қатысқан форум өтті. Жаңа оқу және ғылыми әріптестік құру Қазақстанға жаһандық білім беру кеңістігіне кірігуге көмектеседі әрі студенттердің ең заманауи білім беруге және ғылыми әдістемелерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Отандық ғалымдар мен ғылыми жобаларды қолдау
Гранттық бағдарламалар мен докторантурадан кейінгі зерттеулер арқылы отандық ғалымдарды қолдау және дамыту да маңызды бағыт саналады. Осындай бастамалардың жарқын мысалдарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» жобасы.
2021 жылдан 2024 жылға дейін гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді. Нәтижесінде, жас ғалымдар 2 мыңнан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 686 жоба инженерлік білім мен технологияларды академиялық зерделеуді дамытуға бағытталған докторантурадан кейінгі бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды, бұл еліміздің ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және инновацияларды дамыту
Сондай-ақ маңызды күш-жігер ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыруға бағытталған, бұл инновациялық экономиканы құрудың маңызды міндеттерінің біріне айналды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 5 конкурсты іске асыру шеңберінде ғылымды қажетсінетін өнімді сатудан түскен кірістерді, қоса қаржыландыру мен салықтық түсімдерді қосқанда, 97 млрд теңгеден астам қаражат алынды. Бұл ретте ғылыми зерттеу өнімінің экспорты 571 млн теңгені құрады.
Осы жетістіктер негізінде венчурлік қаржыландыруды одан әрі дамыту, технологиялық стартаптарды қолдау үшін қорлар қорын құру және ғылыми-акселерациялық бағдарламаларды дамыту жоспарлануда. 2025 жылы стартаптар мен коммерцияландыру кеңселері үшін коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламасы іске қосылады, бұл ғылым мен технология саласындағы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бірегей ғылыми өнімдер мен технологияларды дамыту
Отандық ғылымның маңызды жетістігі – бірегей өнімдерді дамыту. Мысалы, тазартылған селен 2023 жылға дейін Қазақстанда өндірілмеген. Селен – фармацевтика, жартылай өткізгіш өнеркәсібі және металлургия сияқты әртүрлі салаларда қолданылатын маңызды элемент саналады. 2023 жылы «Қазақмыс Прогресс» ЖШС өндірістік қуаты арқылы селенді тазарту бойынша учаске пайдалануға берілді. Технология сапасы 99,5%-дан асатын жоғары тазалықтағы селен алуға мүмкіндік береді. Бұл аталған жоғары технологиялық салада Қазақстан үшін жаңа перспективалар ашады. Алдағы жылдары қуатын кеңейту және құрамында селені бар материалдарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін енгізу жоспарлануда, бұл елімізде кірістерді ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады.
Сонымен қатар Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресуге бағытталған жаңа дәрілік препараттар белсенді әзірленуде. Осындай жобалардың бірі – D-изоаскорбин қышқылы негізінде дәрі-дәрмек жасау. Ол KRAS мутациясы бар қатерлі ісіктерді емдеу үшін қолданылады. Nazarbayev University қолдаған жоба фармацевтика саласындағы маңызды қадам болды және Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеуді айтарлықтай жақсарта алады. Биыл жоба одан әрі клиникалық зерттеулер мен емдеу әдістерін әзірлеу үшін 2,1 млрд теңге сомасына мақұлданды.