Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды.
Power International Holding (PIH) компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессор станциясы мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырын салуға қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды.
PIH Директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят қазақ тарапымен телекоммуникация, энергетика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келісімге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұмысты жүзеге асыру жоспарын таныстырды.
Сонымен қатар компания қазір Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобалары бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға дайын екенін мәлім-деді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ сапар кезінде Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді қабылдады. Кездесуде жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Nebras Power компаниясы мен «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының арасында Семей ГЭС-інің құрылысына қатысты келісімге қол қойылғанын құптады. Станциясының қуаттылығы 300 мегаватт болады. Президент бұл жобаның Астана мен Доханың ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігін нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. Аталған бастаманы табысты жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметінің жан-жақты қолдау көрсететінін растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай энергия балансындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15 пайызға дейін арттыруға ниетті.
Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірлескен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері жөнінде мәлімет беріп, «жасыл» энергетика саласындағы Қазақстанның әлеуеті зор екенін айтты.