Тыңдау барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екені айтылды. Қазір Қазақстан егістік жерлер мен жайылымдар бойынша әлемде 6-орын алады. Сондай-ақ еліміз бидай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына және ұн экспорты бойынша көшбасшылар қатарына кіреді.
Осы ретте соңғы бес жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өскенін атап өткен жөн. Тамақ өнімдерін өндіру саласы да дәйекті түрде дамып келеді. Бұл бағыт өңдеу өнеркәсібінің шамамен 14 пайызын құрайды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, айтарлықтай әлеуетіміз бола тұра еліміздің ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы елімізде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді міндет етіп жүктеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы аграрлық саланы одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын да белгілеп берді. Шын мәнінде, бұл саладағы әлеуетіміз зор екені белгілі. Алайда осындай артықшылықтарға қарамастан, бүгінде ауыл шаруашылығы секторында бірқатар өзекті мәселе бар», – деді Сенат Төрағасы.
Палата Спикерінің айтуынша, өнімділікті арттыру – аталған саланың маңызды басымдықтарының бірі.
Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған кедергілердің қатарында техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі, заманауи инновациялық технологияларды тиісті деңгейде пайдаланбау, тұрақты өткізу нарықтарының болмауы, агроғылымның кенжелеп қалуы сияқты өзекті мәселелер бар. Сондықтан проблемаларды оңтайлы шешіп, аграрлық сектордағы жағдайды жақсарту үшін мемлекеттің, бизнестің және ғылымның кешенді тәсілі мен бірлескен күш-жігері қажет.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын субсидиялау және агросекторды қаржыландырудың тиімді тектіктерін қалыптастыру керек. Сондай-ақ тұрақты өткізу нарықтарын қамтамасыз ету, дәстүрлі нарықтарымыздағы позициямызды сақтап, оны одан әрі нығайту, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және агроғылымды дамыту мәселелеріне де баса мән берген жөн. Алдымызда осындай ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тың әрі тиімді шешімдер әзірлеудің маңызы зор. Бұл жұмыстар мүдделі тараптардың кешенді және бірлескен күш-жігерін талап етеді», – деп, Мәулен Әшімбаев Парламент аталған бағыттағы жаңа бастамаларға заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра беретінін айтты.
Парламенттік тыңдауда сенаторлар ғалымдармен, сарапшылармен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бірлесіп, қолжетімді азық-түлік жүйесін қалыптастыруға қатысты мәселелерді талқылады. Қоғамдық тамақтану орындарында, әсіресе мектеп асханаларында азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне, азық-түлік бағасының қолжетімділігіне және жеткізу саласындағы өңірлердегі теңгерімсіздіктерді жоюға қатысты түйткілдерге де ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар отандық өнім үлесін ұлғайтудың, импортқа тәуелділікті төмендетудің және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызына айрықша тоқталды. Қазір азық-түлік қауіпсіздігі азық-түліктің физикалық қолжетімділігін ғана емес, оны сатып алудың экономикалық мүмкіндігін, жеткізудің тұрақтылығын және тиімді пайдалану мәселелерін де қамтитыны айтылды. Климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық және халық санының өсуі сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі орнықты даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі элементіне айналып отырғаны да сөз болды.
Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды екеніне баса мән берді. Сондай-ақ талқылау кезінде жеке инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғырту және тұрақты өткізу нарықтарын қамтамасыз ету арқылы ғана азық-түлік қауіпсіздігі саласында елеулі табыстарға қол жеткізуге болатыны айтылды.
Іс-шарада Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Денсаулық сақтау министрлігінің, Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Еуропа мен Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесінің азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану жөніндегі сарапшысы Анико Немет, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, KazFoodProducts агроөнеркәсіптік холдингінің басшылық өкілдері және тағы басқа қатысушылар баяндама жасады. Тыңдау кезінде айтылған барлық ұсыныс зерделеніп, арнайы әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.
Парламенттік тыңдау аясында ұйымдастырылған көрмеде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және органикалық егіншілік саласындағы озық үлгілер көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, бүгінде Ұлттық аграрлық-ғылыми орталық ғылыми шешімдерді енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстанда 2015 жылдан бастап өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және қайта өңдеуді қамтитын 686 ғылыми әзірлеме дайындалған. АӨК-ті цифрландыру аясында мал шаруашылығында, егіншілікте, өсімдіктерді қорғау бағыттарында есепке алу, мониторинг жүргізу және шешім қабылдау жүйесі де әзірленгенін атап өткен жөн.
Мерей ЖАСЫН