Көкшолақ мініп, қой ізін шаңдатқан уақыттан бастап сөзжұмбақ құраумен келеді. Ол кісі құрастырған жұмбақтың шешімін табу да оңай емес. Бірнеше күн кітап парақтап, ізденуге тура келеді. Ал алпыс жыл бойы сан сөздерді санасына сақтап, күллі әлемнің қырық-қатпарлы дүниесін бір ұяшыққа сыйдыра білген жанның қабілетіне таңғаласың. Кәнігі кроссвордшы, ардагер журналистің бір Абай тақырыбына арнаған жеті кітабы бар. Жеті кітаптың бәрі бір күнде жазыла қоймағаны анық. Кейіпкерімізге қойған сауалымыз да осы еді.
– Абайды сөзжұмбақ арқылы танытуыңыз қызық екен. Бұл ой қалай келді?
– Қойшының баласымын. Кішкентайымыздан тауда өстік. Әкем соғыстан мүгедек боп оралды. Көзі көрмейтін. Бастауышты бітірген соң, әкеме көмекші боп бірге қой бағатын едім. Қой бағуға шыққанда бір күні қолыма кітап, бірде газет-журнал ала кетемін. Осылайша, күнделікті бір кітап оқуды әдетке айналдырып алдым. Бұл 1955-56 жылдар еді.
Әкем газет-журналдарды жаздырып алады. Арасында «Қазақстан әйелдері» деген журнал да бар. Бір күні үйге (қазір аты-жөндерін ұмытып тұрмын) совхоздың директоры Мәмбетов, аудандық партия хатшысы Дәулет қонаққа келді. Кешке қой бағып келсем, екеуі сөзжұмбақ шешіп отыр екен. Ол кезде әлі баламын, олармен жақыннан араласым жоқ, амандастым да қойдым. Олар кеткен соң қарасам, «спорт түрі» деген сауалға «теннис» деп жазып қойыпты. Солайша төрт-бесеуін шешіп қойыпты. Оны тығып қойдым да «Қазақстан әйелдерінің» келесі санын күттім. Келесі саны шығып, салыстырсам, шынында әлгілердің жазған жауаптары дұрыс екен. Оны «сөзжұмбақ» деп кейін аудардық қой. Оған дейін «кроссворд» деп жүрдік.
Сөйтіп, сөзжұмбақ жасауға құштарлық пайда болды. Жасау жолдарын да өзім іздене бастадым. «Кроссвордтың атасы» деп аталатын кітап шығарған Талапты Иманбаев деген кроссвордшы болды. Қазақта сөзжұмбақтан тұратын тұңғыш кітап шығарған кісі. Сол кісі маған үнемі нұсқаулармен хат жазып отырды. Ұзын сөздің қысқасы, 2-3 жылдың ішінде мен кроссворд жасай алатын деңгейге көтерілдім. Талмай іздендім. Кейін қазақша күнтізбе шыға бастады. Күнтізбеге де 2-3 жылдай менің сөзжұмбақтарым жарияланып жүрді. Онда 18-ге де толмаған кезім. Одан әскерге кетіп, қол үзіп қалдым. Бірақ әскерде де сөзжұмбақ құрастыруды тастаған жоқпын. Орысша құраған кроссвордтарым орыс газеттеріне шығып жүрді.
1987 жылы М.Әуезовтің 90 жылдығы болды. 12 жасымнан «Абай жолын» сүйіп оқып өскен адаммын. Сонда Мұхаң туралы сөзжұмбақ жасасам деген ой болды. Ол кезде селолық советтің төрағасы болып қызмет атқарамын.
– Сонда партия қызметінде жүрсіз ғой. Демек, шығармашылықтан мүлдем бөлек ортада сөзжұмбақ құрастырып жүрдіңіз бе?
– Иә, қызметім мүлде бөлек, партия совет қызметіндемін. Білімім де жоғары, саяси қызметкер. Бірақ сөзжұмбақ жасауды жақсы көргенім соншалық, қолым қалт етсе, құрастырып отырамын. Мұхтар туралы сөзжұмбақ жасау ойға келген соң Өскеменде шығатын облыстық газетпен сөйлестім. Олармен бұрыннан да байланысым жақсы еді. Сөйтіп, тұрақты Мұхтар Әуезов шығармалары туралы сөзжұмбақ жіберіп отырдым. «Әуезов шығармаларының бәрін оқыдым» деген артық болар, бірақ басты-басты шығармаларын оқыдық.
1990 жылы бір баламды оқуға алып, Семейге келдім. Семей тобықтының жері деп ойлап жүріппін. Сөйтсем, тіпті олай емес екен. Тіпті, Абайды біле қоятындар аз екен. «Абайдың ұрпақтары бар ма, хакімді танығандар бар ма?» деп сұрап жүрдім.
– Абай ұрпақтарын білетіндер көп пе екен?
– Оның себебі бар. Хайролла Әріпбаев деген мықты ақын бар еді, өзі – Зайсандікі. Сол жігіт «осында Абайдың жиені бар, таныстырайын» деді.
Сөйтіп, жиенімен жолықтырды. Абай тақырыбы болғаннан кейін-ақ екеуіміз тез тіл табысып кеттік. Ол кісі «Абай» қорының директоры болып тағайындалған екен. Абайдың 150 жылдық мерейтойына дайындық қызу жүріп жатқан кез. Екеуміз отыра қалып, Абай тақырыбын қаузаймыз. Абайдың өлеңдері ауыр ғой. Жалпы, «Абайды оқып-білдім» деген адамның өзі қателеседі. Мұхаңның өзі айтады: «Абай – дария, мен оны шөмішпен қалқып алдым» деп. Сондықтан Абаймен қанша шұғылданғаныммен, ол өте терең. Ол кісінің философиялық өлеңдерін терең зерттеу қажет.
– Сөйтіп, Абай туралы сөзжұмбақ құрастыра бастадыңыз...
– Абайдың 150 жылдық мерейтойы өтті. 1999 жылы Абай туралы үлкен кітап жазып бітірдім. Одан кейін Алматыда тарихшы досым бар еді. Соған хабарласып, Абай туралы кітап жазғанымды айттым. «Мұны қайда апаруым керек?» дегенімде, ол «сені ешкім керек қылмайды және «Абайды жазды» дегенге ешкім сенбейді. Ол үшін мықты абайтанушыдан алғысөз жаздырту керек. Семейде жақсы үш абайтанушы бар. Біреуі – Қайым Мұхамедханов, екіншісі – Төкен Ибрагимов, үшіншісі – Мұздыбай Бейсенбаев. Қайым ақсақал қартайып қалды. Енді ана екеуінің бірінің көңілінен шыға алсаң, дұрыс болар еді», – деді. Содан Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімовке қоңырау шалдым. «Таныстығың бар ма?» – деп сұрадым. Ол «Мен Төкен Ибрагимовке айта аламын. Бірақ ол кісі «мынаны былай жаз, олай жаз» деуге көнбейді. Не бар, соны жазып береді. Сен маған ренжімесең ғана таныстырайын», – деді. Сосын жедел Зайсаннан Семейге келдім. Балтекең мені Төкен Смайылұлына апарды. Жарқылдаған ақкөңіл адам екен. «Мынау ақ найман, Абай туралы бір жазғаны бар екен. Пікіріңді сұрап отыр», – деді Төкенге. Ал мен «ақ найман емеспін, төртуыл найманмын» деп едім, «төртуыл болсаң, «ананы» танисың ба?» дей берді. Мен «Қабдеш Жұмаділовті айтып отырсыз ба?» – дедім. «Мен оны көрмеген адаммын. Бірақ ол кісінің шығармаларымен өте таныспын», – деп едім, қолын созды. Сөйтсем, Қабдеш екеуі мектепті бірге оқыған екен. Екеуі жақсы дос екен. Содан кітабымды Төкенге тастадым. Алты айдай жауап болған жоқ, мен де қоңырау шала алмадым. Арасында Балтабекке хабарласып, «білдің бе, не болып жатыр екен?» – деп сұрап қоямын. Ол болса, «өзің неге хабарласпайсың?» – деп ұрсады. Сөйтіп жүргенде тағы алты ай өтті. Сосын амалсыз Семейге қайта келдім. Келген соң Төкенге бардым. Ол ақжарқын қабылдап, «Мынау керемет еңбек екен, Абай тарихынан мықты-мықты сұрақтар бар екен» деп, жақсы лебізін білдіріп, пікір жазып берді. Сосын Балтабектен: «Қайымға апардың ба?» – деп сұрады. «Жоқ» деген жауап естіген соң, «Бірінші Қайымның батасын алуың керек», – деді Төкен маған. Содан Балтекең мені Қайым Мұхамедхановқа алып барды. Қайым ақсақал қазіргі менің жасымда, яғни 80-нің шамасында. Қайым ақсақал «Төкен жазса, біліп жазады ғой» деп маған «жолың болсын!» деп батасын берді. Осылайша, жақсы ағалардың батасымен алғашқы кітабымды Тәуелсіздіктің он жылдығында «Абай» қорының қолдауымен шықты.
– Сонда 2001 жылдан бері Абай туралы сөзжұмбақ құрап келесіз бе?
– Оған дейін «Сан сұраққа саяхат» деген кітабым шыққан. Ал 2001 жылы шыққан, Абайға арнаған кітабым – екінші жинағым. Арасында құрастырған, жазған дүниелерім газет-журналдарға шығып жүрді. Одан кейін «Үш кемелдің шалқарынан» деген кітап жаздым. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы бөлек-бөлек. Одан кейін «Абайды оқы, ойлан, тап!» деген кітап жаздым. Кейін «Абай әлемі» деген кітап құрастырдым. «Абай әлемі» 2018 жылы Қазақстанның рекордтар кітабына кірді. Одан кейін «Абай» деген журнал шығардым.
– Бұл тақырыпқа баруыңыз үшін Абайды көп зерттеуіңіз керек қой. Кімдерге жолықтыңыз? Қандай ғалымдардың еңбектеріне сүйендіңіз? Болмаса, қалай іздендіңіз?
– Ізденгісі келген адамға дүние көп. Тіпті, дайын тұр десек те болады. Мысалы, «Абайдың ақын шәкірттері» деген 4 томдық, «Абай энциклопедиясы», «Абай жолы», содан соң айтайық, Абай туралы мақала жазған ғалымдар көп. Абай кімге азық болмады дейсің. Абай тақырыбында қанша адам докторлық қорғады, қаншама адам кандидат болды. Осылардың бірталайының еңбегін оқып шықтым.
– Оларды шалғайда жатып оқыдыңыз ба әлде орталық кітапханаларға, архивке барған кездеріңіз болды ма?
– Кітапханаға көп бардым. Семейдегі абайтанушылармен жиі сөйлестім. «Абай» журналының редакторы Рысхан Мусин деген ақсақал болды. Өте терең адам еді. Ол кісімен де сұхбаттасып, ақыл-кеңесін алдым. Соңғы кезде Риза Молдашеваның да көп көмегі тиді. Қазір «Семей таңының» редакторы болып отыр. Мені «Семей таңына» жұмысқа шақырды. Зейнетке шыққаннан кейін 3-3,5 жыл Зайсан ауданындағы меншікті тілші болып, қызмет атқардым. Бұл газеттің көп пайдасы тиді.
Зәки Ахметов, Асқар Егеубаймен жақсы араластым. Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім бар. Олармен жолығып, әңгімелестік. Тұрсын «Абай әлемі» кітабының екеуін сатып алыпты. Біреуін үйіне, екіншісін Отырар кітапханасына апарып бергенін айтты. Бірақ осы еңбектің өзі мемлекет тарапынан қолдау таппай отыр. Кроссворд болғаны үшін қабылдамай тастайды. Айтайық, жаңағы Абай айтқан толық адам болу үшін Абайды оқып, толық болу мүмкін емес. Абайдың айналасын білу керек. Абайдың өскен ортасын білу керек. Абайдың қанша ақын шәкірттері бар, осыларды білу керек. Осыны жас балаларға үйретуіміз керек.
– Жалпы, сөзжұмбақ жасаудағы мақсатыңыз қандай?
– Менің мақсатым – Абайды таныту. Жастар Абай әлеміне бойласа деймін. Міржақып: «оның заманынан алыстаған сайын рухына жақындай түсеміз» дейді ғой. Ғалымдар зерттеп, мұрасын халыққа жеткізіп жатыр. Менікі – таза қазақы, сұрақ-жауап ойынымен, тәсілмен жеткізу.
– Бас-аяғы қанша кроссворд жасадыңыз? Санап көрдіңіз бе?
– Санаған жоқпын. Абайға арнағаным – жеті кітап. «Зайсаң өрнектері», «Сан сұраққа саяхат» деген кітап жаздым. Кейін Абай әлеміне бойлап кеткен соң, басқа тақырыпты жылы жауып қойдым. Кроссворд жасау үшін астрономия, физика, химия, тіпті сан салалы тақырыптарды қамтисың. Әрі ғылымнан хабарың болуы керек. Мұның ең жақсы қасиеті – мида сақталып қалады. Бар тамырыңды қуалайды ғой кроссворд. Ойыңа әбден сіңеді.
– Қызық жанр екен. Қазір сөзжұмбақ шешетін жастар бар ма?
– Бұл миды сауықтырады. Сондықтан бұл жас ұрпаққа қажет дүние деп есептеймін. Айталық, сауық кеші не болмаса, кездесу бола ма, сонда Абай туралы сұрақ қоятын болса, миға жатталып қалады. Бірақ қазір мұндай пікір-талас өткізетін алаңдар азайып барады. Мүмкін өтіп жатқан шығар, бірақ өз деңгейінде емес деп ойлаймын.
– Соңғы кітабыңыз қай жылы шықты?
– Соңғысы 2022 жылы шықты. Онда да демеушілердің арқасында жарық көрді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС