Жалпы, 2011 жылдан бері ежелгі Шам өлкесі түрлі қарулы топтар шоғырланған, ірі державалардың мүдделері қақтығысқан аймаққа айналған болатын. Бұл елдің аймағында діни халифат құруды мақсат еткен атышулы ДАИШ тобы да, ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясының жасақтары да, түрік прокси күштері де, күрд жасақтары да, Башар Асадтың ресми қарсыластары саналған қарулы оппозиция да ұрыс салғаны бар. Қазақстан Сириядағы қырықпышақ болып қырқысқан топтарға кездесу алаңын ұсынып, «Астана процесі» де өткен-ді. 2017 жылдың қаңтарында Астанада Ресей, Иран, Түркия, АҚШ пен БҰҰ, Сириядағы бірнеше топтың өкілдері қатысқан кездесу өткен. Сирия мәселесіне арналған 22-ші кездесу биыл 11 қарашада Астанада өткен-ді. Арадан екі апта уақыт өткенде қарулы қақтығыстар қайта өршіді.
«Құрама оппозиция» шабуыл бастады
Соңғы мәліметтерге қарағанда, Асад режиміне оппозициядағы күштер 27 қарашада шабуылға шыққан. Ұрысты радикал ұстанымдағы «Хаят тахрир аш-Шам» тобы бастады да, оған аймақтағы өзге күштер қосылып кетті. Сөйтіп, Алеппо, Тел-Рифат, Хама тәрізді қалаларды алып, Хомс қаласына қалай жылжып бара жатыр. Сирия армиясы шегінген кезде көптеген қару-жарақты тастап кеткені белгілі болды. Соның нәтижесіне қарулы оппозиция Ми-8 тікұшағын, L-39, «Миг-23 ұшақтарын, Т-90А, Т-72М танктерін, «Панцир С1» зениттік зымыран кешенін, «Смерч» дүркіндетіп ататын реактивті кешенін қолға түсірген. Ұрысқа «Хаят тахрир аш Шам», «Ахрар аш-Шам», «Харакат Нур ад дин Зинки», «Файлак әш Шам», «Джәйш Идлиб әл Нур», «Джәйш ал Наср», «Сукур аш Шамал», «Джайш әл Ахрар», «Сирия ұлттық армиясы», «Ахрар Шаркие», «Джайш ул-шарике», «Фатик сұлтан Мехмед бригадасы», «Мухтассир Биллах бригадасы», «Сұлтан Мұрат бригадасы», «Хамза бригадасы», «Джабхат ул-Шамие», «Джейш ул-Наср», «9 дивизия» қатарлы топтар қатысып жатыр. Бұлар әдетте оппозиция саналатын күштерді құрайды. Ал Башар Асадты Иран ресми қолдайтынын аңғартса, Ирактан еріктілер аттанаған. «Хезболла» тобы да Асадқа жақтас болатынын мәлімдеп үлгерді. Ресейдің Сириядағы әскери ұшақтары оппозициялық күштерді бірнеше мәрте бомбалады. Израиль әуекүштері аймаққа енбек болған Иран ұшақтарын кері қайтуға мәжбүрледі. АҚШұшақтары Ираннан келе жатқан конвойды бөледі. Түркия болса, прокси күштерін қолдайтынын байқатты. Әрі Түркияның ұлттық барлау ұйымының арнайы жасағы Сирия жеріне енгені жайлы мәлімет тарады. Қысқасы, Сирия бірнеше күн ішінде «қайнап» шыға келді.
Мүдделер шайқасы
Негізі, Сириядағы ресми билік пен оппозиция саналатын күштердің арасындағы соғыстың қайта өршуіне Таяу Шығыстағы өзге оқиғалар ықпал еткен сияқты. Көптеген сарапшы бірінші кезекте Иран-Израиль текетіресінің әсері болғанын айтады. Тегеран мен Тель-Авивтің 2024 жылдың сәуірінен бері бір-біріне қыр көрсетіп, бірнеше мәрте әскери қақтығысқа баруы аймақтағы күштердің ара салмағын өзгертіп жібергенге ұқсайды. Иранның Сирия жеріне назар аударатын мүмкіндігі азайды. Башар Асадты жақтайтын «Хезболла» тобына да Израиль бірнеше мәрте соққы берді. Көптеген жетекшілері өлтірілді. Сирияда ДАИШ террорлық тобына және өзге қарулы жасақтарға қарсы соғысқан ресейлік жеке әскери компаниялар да жоқ. Айталық, бұрын Сирияда соғысқан «Вагнер» жасағы ол аймақтан кеткен. Яғни, өңірдегі күштердің ара салмағы өзгерді. Түркия мамандары жаз бойы Сирия жеріндегі оқиғаларды жіті бақылағанын айтады. Әрі ресми Анкара түрлі арна арқылы Башар Асадқа бірқатар ұсыныс айтқаны да анықталып жатыр. Тіпті, Башар Асад пен Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі мүмкін екені де ақпарат құралдарында талқыланған болатын. Шамасы Дамаск мұндай ұсынысты құп көрмегенге ұқсайды. Кездесу болған жоқ. Ақыр соңында ұрыс қайта өршіді.
Осы тұста «Сирия оппозициясы» деп жалпы аталғанымен соғысып жатқан топтардың сан түрлі екенін атап өту керек. Біздің пайымдауымызша, Шам өлкесіндегі қарулы топтарды бірнеше ұстаным тұрғысынан қарастыруға болады. Біріншісі – Түркия және АҚШ қолдайтын күштер. Олардың құрамына «Сирия ұлттық армиясы», күрдтердің «Сирия демократиялық күштері», «Халық қорғаныс жасақтары» қатарлы топтар кіреді. «Сирия ұлттық армиясын» Түркия жақтаса, күрд жасақтарын АҚШ қолдайды. Бұлар Асадқа қарсы ұрыс салғанымен, өзара келіспейтін тұстары да көп. Түркия өзінің прокси күштері арқылы күрд қарулы топтарының күшейгенін тежеуге мүдделі. Өйткені оларды сепаратизмді жақтаушы күштер ретінде көреді. Екінші топ – діни радикал күштер. 27 қарашада Асад армиясына қарсы шабуыл бастаған «Хаят Тахрир аш-Шам» ұйымы радикал күштердің ең ірілерінің бірі. Бұл ұйым 2011 жылы құрылған. Ол кезде «Джабхат ан-Нусра» деп аталатын әрі «Әл Қаида» ұйымының бөлімшесі саналатын еді. Тіпті, бұл ұйымды құрғандардың бірі Әбубәкір әл-Бағдади деп есептеледі. Ол атышулы ДАИШ ұйымын құрушылардың бірі болатын. Қазір «Хаят Тахрир аш-Шам» төңірегіне ұсақ радикал топтар жинала бастағаны айтылады. Олардың барлығы дерлік әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да тыйым салынған террористік ұйымдардың тізіміне енгізілген. Бір атап өтер жағдай, осы радикал топтардың өзімен ішінара келісіп, оларды аймақтық жанжалдарда пайдаланатын мемлекеттер бар.
Сирия билігіне қарсы соғысып жүрген осынау топтар әзірге бір мақсат үшін топтасқандай көрінгенімен, түбі өзара қырқысуы мүмкін. Оның алғышарттары қазірден-ақ көріне бастады. Алеппо қаласын алған кезде қарулы топтар шаһарды кімдердің басқаратыны жөнінде қатқыл мәлімдемелер жариялаған. Дегенмен бір-біріне қару кезене қойған жоқ. Ал аймақтағы ықпалын сақтап қалу үшін Батыс елдері де, Түркия да, Иран мен Ресей де прокси топтардың барлығын пайдалана беретін сыңайлы. Демек, Шам өлкесінде жуық арада бейбітшілік орнай қоятынына сенім аз. Ол жерде мүдделер қақтығысы бар.
Радикализм қаупі бар ма?
Сирия жеріндегі соғыстың жаңа деңгейге көтерілуі Таяу Шығысқа, Еуропа мен Орталық Азияға жанама түрде болса да әсер етуі ықтимал. Соғыс салдарынан босқындар саны артуы мүмкін. Әрине, олар бірден Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға ағылады деуден аулақпыз, бірақ Еуропаға ұмтылатыны сөзсіз. Ал Орталық Азияға экстремистік идеология қауіп төндіреді. Шығыстанушы Жанат Момынқұлов қазір Сирияда әрекет етіп жүрген радикал топтар идеологиясын біршама өзгерткенін айтады. «Сириядағы дағдарыстың өршуі, тепе-теңдіктің бұзылуы және «Әл Каидамен» байланысы бар радикал, джихадшыл топтардың қайтадан сахнаға шығуы Таяу Шығыстағы елеулі оқиғалардың бірі. Идлиб төңірегінде жиналған бұл топтардың өкілдері Түркияның, басқа елдердің қолдауымен Астана келіссөздеріне де келіп жүрді. Осы келіссөздер «Хаят Тахрир аш-Шам» сияқты ұйымдардың realpolitik-ке, яғни шынайы саясатқа бейімделуіне ықпал еткен тәрізді. Олар да келіссөз жүргізуді, олар да конвинционалды әскер жасақтауды меңгеріп, сырттан қару алып, соғысқа барынша даярлануға тырысқан сияқты. Олар соғысты Израиль Иранды әлсіреткенінен кейін бастады. Бұл топтар бұрынғы радикал көзқарастарын жасырып, сырттай болса да жұмсарып, өзге топтармен қақтығыспай инклюзивті имидж жасап жатыр. Қысқаша айтқанда, бұлар ақпараттық кеңістікте ребрендинг жасады. Бірақ кейбір сарапшылар радикализмнің жаңа толқыны тууы мүмкін екенін айтады. Айталық, электронды салада пайда болуы ықтимал деген пікір бар», – дейді сарапшы.
Дегенмен біздің пайымдауымызша, Сириядағы оқиғалар діни радикализмнің өршуіне ықпал етуі мүмкін. Өйткені экстремистік көзқарастағы топтар біршама әлсірегендей көрінгенімен, әлі де бар. Әрі Қазақстанды да нысана ретінде бағалайтындар кездеседі. Айталық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев ұлттық қауіпсіздік органдары биыл 4 терактінің алдын алғанын айтқан еді. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталып, 44 адам ұсталған. Ланкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланған. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетел азаматының Қазақстанға кіруіне жол берілмеген. Заңсыз айналымда жүрген 505 атыс қаруы, 5 дана қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама, 15 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленіпті. Бұл деректер экстремистік пиғылдағы топтар мен азаматтардың кез келген сәтте ел тыныштығын бұзуы мүмкін екенін байқатады. Ал Сирия жерінде әрекет етіп жүрген радикал ұйымдар күшейсе өзге аймақтардағы экстремистік топтарға моралдық тұрғыда ықпал етуі мүмкін. Сириямен тікелей байланысы болмаса да, экстремистік идеологияны жақтайтындар қатары өсуі ғажап емес. Шам өлкесіндегі оқиғалардың жанама қаупі де осында.
Айтпақшы, Сирия мен Израиль арасындағы даулы жер саналатын Голан жоталарында Қазақстан бітімгерлері жұмыс істеп жүр. Аймақтағы атыс-шабыс жайлы ақпараттарды естігенде, Қазақстан жауынгерлерінің хал-күйіне де алаңдайтынымыз анық. Дегенмен Голан жоталары ұрыс болып жатқан жерлерден біршама алыс. Сондықтан ол өңірде қарулы қақтығыс бола қоймайтын сияқты. Шығыстанушы Жанат Момынқұлов та осындай пікірде екен.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
шығыстанушы:
«Голан жоталарына тікелей қауіп төнбейді деп ойлаймын. Бірақ Түркия қолдап отырған оппозиция, радикалдар Дамаскіні алатын болса, Израильге де қауіп төнуі ықтимал. Мұндай жағдайда Израиль күштері Голан жоталарынан өтіп, Сирия аумағы есебінен буфер аймағын құруы мүмкін. Жалпы, Голан жоталарында халықаралық контингент бар. Әрі Израиль де ол аймақты қадағалап отыр. Сондықтан бітімгерлерге тікелей қауіп төнеді деп ойламаймын»
Түйін:
Қысқасы, қазақ Шам өлкесі деп атаған аймақтағы жағдай күрт өзгерді. Соғыс алыста болып жатқандай көрінгенімен, ол жақта қан төгіліп жатыр. БҰҰ жарғылары мен қарарларын ескермейтін күштер де бар. Ал Қазақстан – жаһанда бейбітшілік салтанат құрғанын жақтайтын мемлекет. Дау-дамайдың халықаралық құқықтық нормалар аясында шешілгенін құп көреді.
Амангелді ҚҰРМЕТ