Гонконгта Дүниежүзілік таэквондо федерациясы (World Taekwondo) таэквондодан 2024 жылдың үздіктерін марапаттау рәсімін өткізді. Жылдың «Ең үздік бапкері» болып Тунис ұлттық құрамасының бас бапкері, қазақстандық маман Есбол Сұлтанов атанды.
Есбол Сұлтанов, бапкер: Арманым – қазақ баласын чемпион қылу
фото: instagram
397
оқылды

Айта кетейік, Есбол Сұлтанов баптайтын Тунис құрамасының таэквондошысы Мохамед Халиль Жендуби Париж Олимпиадасында чемпион атанса, 58 келі салмақта сынға түскен спортшысы қола жүлдені қанағат тұтқан еді. Сондай-ақ Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Тунис елінің 4 таэквондошысы Париж Олимпидасында жолдама алған. Біз бапкермен алдағы жоспары, бапкерлік қызметі жайлы әңгімелестік.

– Бапкерлік жолыңыз қалай басталды?

– Бапкерлік жолымды 2008 жылдары Алматы қаласында «Шаңырақ» спорт-интер­натында бастадым. Сол кезде алғаш таэквондо үйірмесі ашылып, жаттықтырушы керек болып соған орналастым. Спортшы ретінде мансабымды аяқтап, көп жыл ұлттық құрамада болғанмын. Жаттықтырушы ретінде 16 жыл еңбек етіппін. Негізгі бағытым 3 жерде болды. Олардың бірі –жоғары айтқан «Шаңы­рақ» спорт-интернаты, екіншісі кадеттер ара­сында ұлттық құрамада және соңғысы Алматы қа­ласының аға бапкері қызметінде жұмыс ат­қардым.

«Шаңырақ» спорт-интернатындағы жыл­дарыма келсек, ол жерде жетістіктеріміз бір­шама болды. Ересектер ұлттық құрамасына 40-тан аса резерв дайындап беріппіз. 

12-17 жас аралығындағы кадеттер мен жасөспірімдер арасынан жыл сайын 5 Қазақ­стан чемпионын және юниорлар арасынан тағы 5 чемпионды дайындадық. Одан бөлек, Азия, Әлем жүлдегерлерін дайындадық. Кадет­тердегі жастардың да жетістіктерін мақтаныш­пен айтып жүреміз. 

2014 жылдан бастап 2020-2021 жылға дейін Алматы құрамасының аға бапкері болып жұмыс істедім. Осы 7-8 жылда Алматы қаласы ересектер арасынан Қазақстан чемпионат­тарында, кубоктарында  үнемі бірінші орындарды иеленіп жүрді. Елімізде жыл сайын өтетін Конфедерация кубогы турнирінде Алматы құрамасы таэквондодан 4 рет қатысып, оның үшеуінде жеңімпаз атанды. Бұл жетістіктер Алматының таэквондо мектебінің деңгейін жоғары сатыға көтерді.

– Осыншама жетістігіңіз бола тұра, неліктен сізді ұлттық құраманың бас бапкері болуға шақырмады? Тунис құрамасына кетуге не себеп болды? Ол жақта жаттықтырушы болуға не итермеледі?

– Бапкерлік қызметімде кадеттерді жаттықтырған жылдар мен үшін маңызды кезеңдердің бірі болды. Өзімнің де тәжірибемді арттыру мақсатында осында көп жыл жұмыс істедім. Былайша айтқанда, сырттан басқа келісімшарттарды қарауға уақытым болмады. Осы жылдар арасында ұлттық құрама кореялық бапкерді әкелген болатын. 8 жылдай жаттық­тырып, олимпиададан жетістік болмаған соң ол бапкер қызметтен кетті. Федерацияның бап­кер таңдауда өз көзқарасы, өз ұстанымдары бар. Сол себепті де шақырып-шақырмауы маған байланысты емес деп ойлаймын.

Токио Олипиадасына дайындық жұмыс­тары Алматы қаласында өткен болатын. Сол кезде Тунис жаттықтырушыларымен танысып, жақсы байланыста болғанбыз. Кейін Бакуде әлем чемпионаты өтті. Сол кезде Тунис құрамасы өкінішке қарай нашар өнер көрсетіп, медальсыз қайтқан еді. Жарыстан кейін құрама халықаралық деңгейде бапкер іздеуге кіріскен екен. Әр елдің бапкерлерінен түйіндеме алдыртты. Басқалармен бірге мен де өз түйін­демемді жібердім. Сөйтіп, 2023 жылдың қыркүйек айында маған ұсыныс түсті. Өзімді халықаралық деңгейде сынап көру, шебер­лігімді арттыру мақсатында ұсынысты қабыл­дадым. Сол айда Туниске жол тартып, құрама­ның жігіттерін қолға алып, 1 жылда орасан зор жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, бастапқы уақыттарда басқа елдің бапкері деп көп сынға алды. Бірақ бірер айдың шамасында үлкен турнирлерде топ жарып, өз орнымды дәлелдеп, сақтап қалдым десем де болады.    

– Жалпы, еліміздегі бапкерлердің шетелдерге кетуі, сол жақта қызмет атқаруының себебі неде деп ойлайсыз? Әлде, Қазақстанда бапкерлерге жағдай жасалмаған ба?

– Қазақстандағы бапкерлердің шетелге кетуі әртүрлі себепке байланысты деп ойлаймын. Біріншіден, шетелден ұсыныстар түскен кезде, олар көбінесе жақсы қаржылық жағ­дай мен жұмыс істеуге ыңғайлы инфра­құрылымды ұсынады. Мұндай ұсыныстарды қабылдау тек материалдық жағдайға байла­нысты емес, кәсіби дамуға мүмкіндік іздеуден де туындайды. Шетелде бапкер ретінде жұмыс істеу халықаралық тәжірибе жинауға, жаңа әдістемелерді меңгеруге және өзіңді кәсіби тұрғыдан сынауға тамаша мүмкіндік береді.

Екіншіден, Қазақстанда спорт саласындағы бапкерлер үшін барлық жағдай жасалды деп айта алмаймын. Әсіресе, аймақтарда инфра­құрылым мен ресурстардың жетіспеушілігі жиі кездеседі. Кейбір спорт түрлері үшін қажетті заманауи жабдықтар мен залдардың болмауы бапкердің мүмкіндігін шектейді. Мысалға, таэквондоның өзін алып қарайтын болсақ, бұл жерде біраз жүйелі қателіктер бар. Талантты спортшының аяғын шалу, түсініксіз жүйенің бұрыс жақтары көп спортшының сағын сын­дырады. Ал бұл болашақта таланттарымыздың өніп шығуына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ спортшылар мен бапкерлердің еңбегі кейде жеткілікті дәрежеде бағаланбайды деп ойлай­мын.

– Тунистегі бапкерлік қызметіңізге бір ғана жыл болыпты. Қысқа уақыт ішінде жетістікке қол жеткізу... Оның сыры неде? 

– Тунис құрамасымен жұмыс істеу барысында біз көптеген тарихи нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, 2024 жылы Парижде өткен жазғы олимпиада ойындарындағы жетістік­теріміз ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл олимпиадада Тунис тарихында тұңғыш рет 1 ал­тын және 1 қола медаль жеңіп алдық. Бұл нәтиже тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл Тунис спорт тарихы үшін үлкен белес болды.

Бұған дейін 2024 жылдың ақпан айында Африкада өткен олимпиадалық іріктеу турнирінде Тунис құрамасы 4 бірдей лицензия жеңіп алды. Бұл да өз алдына ерекше жетістік еді, өйткені бұған дейін Тунис бірде-бір олимпиадаға мұншалықты үлкен құраммен қатыспаған болатын.

Наурыз айында Африка ойындарына қатысып, Тунис құрамасы 6 алтын және 1 күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Бұл көрсеткіш те Тунистің спорт тарихындағы ең жоғары нәтиже ретінде тіркелді.

Таэквондодан бүкіләлемдік Гран-при турнирінде де Тунис құрамасы табысты өнер көрсетті. Бұл жарыста 2 алтын медальға қол жеткіздік, нәтижесінде командалық есепте тағы да 1-орынды иелендік. Бұл жетістіктер Тунис спортындағы таэквондоның деңгейін жаңа биіктерге көтерді.

– Әлемнің үздік жаттықтырушысы атану сізге қандай сезім сыйлады? 

– Әлемнің үздік жаттықтырушысы атану – мен үшін үлкен мәртебе және ерекше жауапкершілік. Бұл атақ тек менің емес, бүкіл командамның, спортшыларымның және маған сенім артқан адамдардың ортақ еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Бұл марапат менің бапкер ретіндегі еңбе­гімнің бағаланғанын, сондай-ақ Қазақстанның бапкерлік мектебінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Қазақстан та­рихында осы жүлдені Мырзағали Айтжанов ағамыз алған екен. Сол кісінің жолын қуып, міне, біз де осындай марапатқа ие болып жатырмыз. Бұл атақ маған тек жеке басымның жеңісі емес екенін ұғындырды. Бұл – барлық бапкерге, спортшыға және жас талантқа үлгі болатын нәтиже. Сондай-ақ мен бұл жетістікті тек Қазақстан емес, бүкіл әлемдегі спортты дамытуға қосқан аз да болса үлесім деп білемін. Енді маған осы деңгейде қалу ғана емес, оны одан әрі арттыру міндеті тұр.

– Болашақта таэквондодан Қазақстан құ­рама­сының бас бапкері болуға ұсыныс түссе,  қабыл алар ма едіңіз?

– Өз елінің спортшыларына қызмет ету – әр бапкер үшін үлкен арман мен мақтаныш.

Бапкер ретінде арманым орындалды деп толық айта аламын. Осы уақыт аралығында бірнеше жетістікке жеттік. Ендігі арманым – қазақ балаларын чемпион қылу. Әлемдік аренада Қазақстанның атын шығарып, Туын жетпес. Шетелде жинаған тәжірибем мен жетістіктерім Қазақстанның таэквондо спортына өз үлесін қосар еді деп ойлаймын. Бізде талантты спортшы өте көп, бірақ олар­дың әлеуетін толық ашу үшін жүйелі жұмыс пен әлемдік деңгейдегі дайындық қажет.  

Әрине, мұндай ұсыныс тек жеке амбиция емес, Қазақстан таэквондо қауымдастығы мен федерациясының маған деген сенімінің белгісі болар еді. Егер мен осы міндетті атқара алатын болсам, онда бұл ұсынысты қабылдауға дайын­мын. Бұл – менің ел алдындағы борышым деп санаймын.

– Елімізде сіздің шәкірттеріңіз бар ма? Қай спортшыларға үміт артасыз?

– Иә, елімізде менің шәкірттерім бар және олардың әрқайсысы мен үшін ерекше. Қазақстанда таэквондо спорты жылдан-жылға дамып келеді, жас спортшыларымыздың әлеуеті өте жоғары. 

Үміт артатын спортшылар туралы айтсам, бізде жас буын өкілдері арасында жарқырай көрінген таланттар бар. Мысалы, жастар арасындағы Қазақстан чемпиондары мен халықаралық турнирлердің жүлдегерлері. Олардың атын ерекше атап өткім келмейді, себебі әрбір спортшы өзіндік ерекше қасиет­терімен көзге түседі. Маңыздысы – оларды қолдау, бағыттау және үлкен аренаға шығуға жағдай жасау.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әсет ҚАЛИ