Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры: Театрдың басты қаруы – шынайылық

«Театр – көздің жасындай мөлдір нағыз хас сұлу өнер» дейді қазақтың Халық жазушысы, сыншы, дра­матург Ғабит Мүсірепов.

Осы өлшем биігінен қара­сақ, қазақ театры шынайы, жас сұлу өнер жасай ал­ды ма? Егер жасай алған болса, театр тылсымының құ­пиясы қандай? Біз Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, театр режиссері, Өнертану PhD докторы, Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрер­мен театрының директоры Асхат Маемировпен әңгі­мелескен едік.

Менің ұстанымым – көрерменнің сеніміне қы­лаудай кірбің түсірмеу

– Сіз сахналаған кез келген спек­­­такль көрермен көзайымына айналып, театрға адам жинаудың өз­геше бір үлгісін қалыптастырды де­сек артық емес. Жалпы, сах­на­лық қойылымдардың көрермен жүрегі-не жол табудағы құпиясы қандай?

– Ең алдымен әр режиссер қойы­­лымды алар кезде алдына биік мақсаттарды қоюы керек деп есеп­теймін. Тіпті, тек өнердің ал­дын­­дағы мақсат емес, сонымен бір­­ге ұлтқа, өскелең ұрпаққа не ай­­тамын деген көкейкесті ойлар ре­­жиссерге маза бермеуі керек. Ре­жиссер өзі таңдаған шы­ғарма­ның классикалық деңгейдегі ау­қы­мына, ондағы көтерілетін та­қы­рып­тардың көркемдік көз­­­қарасымен үйлесім табуына және ең бастысы өзек­тілігіне мән беруі керек. Шығарма өзекті болса, яғни бүгінгі күн сұ­рақ­тарына жауап беретіндей бол­са, ол шығарманың жарқын бо­ла­шағы бар деген сөз. Өзекті мә­се­леге жауап беруден басқа сахнада бейне сомдап жүрген әртістердің бойында көркемдік тұрғыдағы биіктік, суреткерлік тереңдік болуы керек. Сондықтан көш­пенділердің «мінезін біл­мейтін атқа мінбейтін» тәмсілі сияқты туындыны әбден танып, режиссура тілінде айтсақ, әбден экспликациясы піскеннен кейін барып қойылымды сахналауға кірісемін. Мысалы, рекордтық көр­сетілім жинаған «Гауһар­тас­тың» сахналық ғұмырының дү­ниеге келуінде жоғарыда айтқа­ным­дай, белгілі бір деңгейдегі талаптар мен шарттардың әсері бар. 2023 жылдың 16 ақпанында сах­наланған «Гауһартас» биыл бұйыр­са, 25 желтоқсан күні 250-мәрте көрерменнің алдына шы­ғады. Қазір «Гауһартас» біздің рухани төлқұжатымызға айналды. «Гауһартастың» дүниеге келуіне әсер еткен фактор көп. 

Мені тек режиссер емес, қазақ­тың өнерде жүрген перзенті ретінде, бүкіл шығарма­шы­лығын, өмірін осы өнерге ар­нап келе жатқан азаматы ретінде Қаңтар оқиғасы қатты толған­дыр­ғанын жасыра алмаймын. Мә­се­лен, Қаңтар оқиғасы ұлтымыздың болмысын, әлеуметтік келбетінің қандай деңгейде екенін көрсетті. Қаңтар оқиғасынан кейін біздің қазақ қоғамында әкенің, ананың бейнесі қандай екенін, отбасы, шаңырақ дейтін аяулы ұғымның күнделікті өмірде қалайша көрініс тауып жүргенін, тамыры тереңде жат­қан ұлттық отбасылық инс­ти­тут­тың түйінді мәселелерін зерде­л­е­дім, сараптадым. Сөйтіп, «Гауһар­тастың» инсценировкасын жасап, сахналауға кірістім. Басында Дулат Исабеков ағамыз қатты қарсы болды. «Гауһартас» по­весі – Дулат ағамыздың 1967 жы­лы жазған тырнақалды туын­дысы. Қазақ әдебиетінің клас­си­ка­лық үлгісіне айналды, оқулық­тар­ға енді. Ал 1975 жылы Шәріп Бейсенбаев ағамыз «Гауһартас» фи­льмін түсірді. Көрсетілімі жа­ғы­нан «Қыз Жібектен» кейінгі екін­ші орынды иеленді. «Енді Асхатжан, осындай ел мойындаған туындыны сахнаға шығарғаннан не табайын деп отырсың?» – деді Дулат аға. 

Бір­ақ мен: «Гауһартасты» қалайда сах­налауым керек, өз театрымның жас әртістерімен қоюым керек», – деп табандап тұрып алдым. Гауһар­тас­тың сахналық өмірі болуы керек деп шештім. Повестің аты айтып тұр­ғандай, сахна кеңістігінің «Гау­һар­тасын» жарқыратып қоямын, «жа­құт қойылым» етіп шығарамын деп авторға уәде бердім. Мені құл­шын­дырған театрдағы 21 мен 30 жас­тың аралығындағы дарынды жас әр­тістерімнің қуаты, актерлік әлеуе­ті еді. Дулат аға батасын берді. Сөй­тіп, автордан прозалық шығарма­ның сахналық нұсқасын жасауға рұқ­сатын алдым. Қойылымның кіл­тін тауып, бірден әзірлікке кіріс­тік. Екі ай жарым уақыттың ішінде қойы­лым дайын болды. 

Нәтижесінде, сөз, ән, би үй­ле­­сім тапқан музыкалық дра­ма жанрындағы спектакль жа­рық­қа шықты. Дулат Исабеков аға­мызбен қатар отырып, осы қойы­лымды бес рет көрудің сәті түс­ті. Екі рет Алматыда, үш рет Аста­нада. Дулат аға бесеуінде де кө­зінің жасын тыя алмады. Автор­дың ортамызда жүруі, туынды ха­қындағы жазушылық ойы, кейіп­керлері туралы пікірлері біздің әр­тіс­терге серпін мен шабыт берді. Был­тыр білесіздер, өнер сала­сын­дағы «UMAI-2023» ұлттық сый­лы­ғының жеңімпазы және «Жылдың үз­дік музыкалық драмалық спек­таклі» атанып, 7 миллион теңге жүл­дені жеңіп алды. Ал биыл 2024 жы­лы, халықтың ашық дауыс беруі ар­қылы бағалайтын «Тикетон» мем­лекеттік театрлар арасында «Жыл қойылымы» деп «Гауһартасты» та­ныды.

– Алғаш Астанада Музыкалық жас көрермен театрын ашқандағы мақ­сат қандай еді? 

– Театрымыз 2020 жылы 14 жел­тоқ­санда «Абай-Тоғжан» драмалық қойылымымен ашылды. Төрт жыл­дың ішінде 25 қойылымды сахнала­дық. Аз ба, көп пе білмеймін. Бірақ осы 25 қойылымды сахналауда театр әр­тістерінің маңдай тері ғана емес, сахна сыртындағы мамандардың да еңбегі зор. Мысалы, жарық қоюшы, дыбыс режиссері, декораторлар, сце­нографтар, киім суретшілері, ди­рижер, хормейстр, балетмейстр, ком­позитор, ән өңдейтін мамандар, осы­лардың барлығының еңбегі жа­тыр. Меніңше, әрбір театр ашылған сәт­тен-ақ оның өзіндік эстетикасы мен стилі, тіпті өзіне тән ерекше көр­кемдік болмыс-бітімі болуы ке­рек деп есептеймін.

Қазір біз отырған ғимаратта бұ­рын Қалибек Қуанышбаев театры бол­ды. Тәуелсіздікпен иықтас 29 жыл еңбек еткен театр ғимаратына осы жылдар бойы астаналық көрер­мен жол салды. Сондықтан алғаш Астана қаласының әкімдігі «Асхат Мак­симұлы, аналогы жоқ, тіпті кез­деспейтін, тіпті кездессе де сирек кез­десетін, сондай бір театрдың құ­ры­лымын жасасақ» деп ұсыныс айтқанда, бізде жас көрермендерге ар­налған музыкалық театр жоқ еке­нін айттым. Әрине, опера теат­ры, балет театры, музыкалық драма теат­рлары бар. Бірақ жасөспірім­дер­ге, студент жастарға арналған му­­­­зыкалық театр жоқтың қасы. Осын­дай жағдайлар ескеріліп, театр ұжымын жасақтауды қолға алдым. Бүгінде театрда 70 әртіс жұмыс істеп жатыр. Оның сыртында Руслан Бай­мур­зин жетекшілік ететін каме­ра­лық оркестр, Бауыржан Ақтаев же­­­текшілік ететін этнофольклорлық ан­самбль және Болат Жолдасов же­текшілік ететін вокальды аспаптық ансамбль жұмыс істейді. Ақшасына билет алып келген көрерменге шы­найы өнерді көрсету – басты мақ­са­тымыз. Жалпы көрермен театрға не­ге жиі келуі керек? Біріншіден, олар сахна төрінен өздерінің көкі­ре­гіндегідей ой-арманды, өмірдің шын­дығын көргісі келеді. Екінші­ден, өзі өмір сүріп отырған қоғам­ның, әлеуметтің тыныс-тіршілігін өзі­нің бойынан, жүрегінен, сана­сы­нан өткізгісі келіп келеді. Ал біздің ал­дымызға қойған талабымыз – кө­рер­меннің бізге деген сенімі мен үмі­тіне қылаудай болса да кірбің тү­сір­мей, таза, саф өнерді, шынайы өнер­ді көрсетуіміз керек.

Өзім де көрерменге ешқашан өті­рік айтпауға, алдамауға серт бер­дім. Жалпы, суреткер ретінде менің сах­надағы жалғандыққа жаным қас. Сахнадағы ешқандай қисынға сый­майтын жалған патетикаға, жал­ған мақамдап сөйлейтін дауыстар мен өтірік, жасанды күлкілерге, әртіс­тер­дің жасанды мимикалары мен жа­санды көз жастарына, қасірет шегу дегенге режиссураға, театр әле­міне келгеннен бастап жаным қас. Менің ойымша, театрдың бас­ты қаруы – шынайылық, өмір шын­дығын көрсету. Біздің теат­ры­мыз­дың тағы да бір басты ерекшелігі – өнер кеңістігіндегі «мектеп-студия-театр» деген үштаған ұғымды темір­қа­зық етуінде жатыр. Біз театр әле­мі­нің осы әдістемесі, бағыты бойын­ша жұмыс істейміз. Мұндай театр­да тек рухтас, идеялас, мұрат­тас жандар еңбек етеді.

Ар ілімі отбасында жиі айтылуы керек 

– Шынайылық, тазалық туралы айтып жатырсыз ғой. Жалпы, қазақ­тың ұрпақ тәрбиесіндегі уәдеге берік­тік, антқа адалдық, аманатқа сақтық се­кілді туабітті мінезді, тұтас бол­мыс­ты қалыптастыратын ұғым­дар­дың бүгінгі күн тәртібіндегі маңыз­дылығы қандай? Сіздің ойыңызша, бұл қасиеттер қазір қоғамда қалай көрініс тауып жүр?

– Жалпы, ұлттық болмыс-бітім ұлттың мінезі арқылы көрініс тауып жа­тады ғой. Жасыратыны жоқ, бү­гін­гі жаһандану кезеңінде қазақтың мі­незі бұзылып бара жатыр. Мұның се­бебі әлемде материалдық құн­ды­лықтардың қанат жаюынан шығар. Адам санасын материалдық культ құр­саулаған кезде рухани құн­ды­лық­тар жетімсіреп қалады, то­қы­рап қа­лады. Қазір қазақтың қанында бар еркектің мінезі де, әйелдің мі­не­зі де бұзылып бара жатыр. Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жи­рен» дейді. Расында да, сертке, уә­де­ге беріктік секілді қасиеттерден айы­рылып барамыз. Азаматтардың ас­қақ тұлғасы ешқашан аласармауы ке­рек. Азаматтарының арманы ас­қақ, мақсаты биік қоғам алға ұмты­ла­ды. Бұрынғыдай әкенің мысы, әке­нің рухы, әкенің сесі болмайын­ша отбасында береке болмайды. Қо­­­­ғамдағы қылмыс, келеңсіз жағ­дай­дың барлығы әке рухының тө­меншіктегенінен, әлсіздігінен бо­лып жатыр деп ойлаймын. Әкенің ай­бары керек. Әкенің асқақ бей­не­сін арқау еткен спектакль қойсам деген ойым бар.

Әкені кез келген перзент санасы ар­қылы жақсы көреді. Мысалы, пат­риот деген сөздің өзі латынның Pater (әке) деген сөзі. Балаға отанды сүю деген патриоттық тәрбие бере­міз ғой. Яғни, отанды сүю үшін бар­лық жерде балаларға патриоттық тәр­бие беріледі. Отанды адам сана­сы ояу тұрғыда, сергек сезіммен жақсы көреді. Сол сияқты қоғамға әке­лік махаббат көбірек керек сияқ­ты. Себебі адам әкені саналы түрде жақ­сы көрсе, ананы ессіз, себепсіз жақ­сы көреді. Өйткені анамен ту­ған­нан кіндігің байлаулы. Ананы не­ге сүйетініңді түсіндіре алмайсың. Ал әкеге келгенде адамның ойында сы­ни талдау басталады. Жігіттердің бойы­на жігер, қайрат, ішкі рух, на­мыс секілді қасиеттер орнығуы үшін ба­лалар әскерге барғаны дұрыс. Театр­да да, кез келген ортада жүр­ген­де жастарға азаматтық боры­шың­ды өтеп келу керек деп үнемі айтып жүремін. Мемлекеттің қуатты әскері болуы үшін азаматтары­мыз­дың рухани өзегі мықты болуы тиіс. Олардың жан сарайында семсердей сертке беріктік, адамгершілік, ізгі­лік, ар-иман салтанат құруы тиіс. Жас­тарымыздың қанында тектілік се­кілді феномендер ағып жатса, ке­мел­денген ел ретінде дами бере­тіні­міз анық. Егер мінез жоғалса, ұлт жойылады.

– Біздің түсінігімізде мінез, адам­гершілік туабітті, ана сүтімен сіңетін қа­сиет саналады. Бірақ адам бойына тәр­бие арқылы ұлт мінезін сіңіруге бо­ла ма? Сіз өз шәкірттеріңізді қалай тәр­биелейсіз?

– Қазір есіме түсіп отыр. 5-6-сы­нып­та оқып жүргенде «Кім бола­мын?» деген атаумен диспут кештер өте­тін. Сонда мен «Тәрбиеші бола­мын» дедім. Өзіңіз білесіз, ауылдың мек­тебінде, интернатта тәрбиешілер бар ғой. Сондықтан болар, менің сөзіме сыныптас оқушылардың бәрі күлді. Басқа балалар ғарышкер, ин­же­нер боламыз деп жатқанда мен не­ге тәрбиеші боламын деп айтқа­ным­­ды сол кезде өзім де түсіне ал­ма­­дым. Бірақ сол өзімнің мис­сиям­ды қазір түсініп жүрмін. Театрда қойылымдар қоя жүріп, уни­вер­си­тетте болашақ кәсіби әртістерді дайын­дай жүріп, расында да тәр­бие­шіге, ағартушыға айналғандай­мын. Мен әрқашан өзімнің отба­сым­дағы бақытты сәттерді, от­­­басымдағы ру­хани үйлесімді театрға, шәкірт­терім­нің ортасына алып келемін. Н­е­ге? Өнерде «Театр-шаңырақ» де­­ген ұғым бар. Ұжымдағы көп жас­тар мені өнердегі әкесі ретінде, ру­хани ұстазы ретінде санайды. Шә­кірттерім кейде әкесіне батып айта бермейтін сырларын маған айтады. Әр­қайсысымен сырласа аламын. Бұл менің ашықтығымнан, сыр сақ­тай алуымнан болар деп ойлаймын. Өнер­де ең алдымен әртістердің жақ­сы азамат болуына ұйытқы бо­луым керек деген ой маза бермейді. Теат­рымыз құрылған осы төрт жыл­дан астам уақыттың ішінде, біздің ұжымда бір-біріне үйленген 15 отба­сы дүниеге келді. Яғни, бір жерде ең­бек ететін 30 қызметкер, 15 от­ба­сы таңертең жұмысқа бірге келіп, кеш­ке үйлеріне бірге қайтады. Шә­кірт­терімнің үйлену тойынан бастап шаңырақ құрғаннан кейінгі кезең­дерінде де тәрбиелік, рухани ұстаз­дық жолымды, жөнімді үйретуден тал­маймын. Тіпті, дүние есігін аш­қан сәбилеріне де, өнердегі не­мере­лері­ме мейірім төгуге тырысамын. Ме­нің өмірлік серігім Нұргүл Бе­кет­қызы да өнер университетінде сту­д­енттерге кәсіби ағылшын тілі­нен сабақ береді. Димаштың анасы Светлана Айтбаева мен Нұргүл екеуі театрдағы жас отбасылардың сә­би­лерін бесікке салу, тұсау кесу секілді ұлт­тық салт-дәстүрімізді жасау ке­зін­де ортамыздан табылып, өзде­рі­нің білгендерін жастарға үйретуден талмайды.

Шәкірттерімізге ұлттық құн­­­дылықтарды өздері құр­ған шаңырақтың темірқазығы қы­лып сақтап қалу үшін рухани құн­дылықтарды ұқтыру мақсатында өзімнің отбасылық тәжірибедегі түй­ген ой-толғаныстарыммен жиі бө­лісемін. Яғни, отбасындағы ота­ға­сы мен отанасының рөлі қандай, жас келін, күйеу жігіт қандай болу ке­рек, азаматымен қалай сыйласа білуі керек, осының бәрі қоғамның, мем­лекеттің мықты, берік іргетасы болуы үшін маңызды. Мен үшін сө­­зім мен жасап жүрген әрекетімнің үй­лесім табуы маңызды. Сондықтан өз ұлдарыма да, өнердегі шә­кірт­теріме де өмірдегі жасап жүрген әре­­кетім, сөзім, жүрісім, жақ­сы­лық­­қа жаршы болатын жасампаз іс­­терім үлгі болса, ізімнен келе жат­қандарға импульс бере алғаным деп ойлаймын. 

Ал отбасында әке мен ана – ба­ла­ның пікірімен санасуы арқылы ға­на, оларға мейірім, махаббат сый­лай алатынын ұмытпауымыз керек. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандық­тан, баланың ішкі ой еркіндігі қа­лып­тасуы үшін, бала қоғамның бел­сенді бір мүшесіне айналуы үшін дас­тарқан басында еркін пікірталас болуы керек. Әкеге деген құрмет, ана­ға деген ізет міндетті түрде отба­сы­нда қалыптасуы керек. Қазір түр­лі коучтар, психологтер Еуропа­дан, Ресейден келген менталитетке қа­тысты психологиялық дәрістер мен сабақтарды қазақ тіліне тікелей ау­дарма жасап алып, соны жеткізгісі келеді. Жер ортақ болғаннан кейін адам баласының мінезіндегі сүйі­ніш, күйініш, қорқыныш махаббат се­кілді сезімдер барлық ұлтқа тән шы­ғар. Бірақ қазақтың өзінің та­мыры тереңде жатқан отбасылық инс­титуты бар. Ол институтта әке­нің асқақ, ананың аяулы бейнесі бар. Әйел – отбасының шуағы, жылуы, мейірімі. Ал әке – киелі дің­гек, темірқазық. Ар-ожданын сақ­тау, ала жіптен аттамау, намыс мә­селелері, жалпы ұлтымыздың ар ілімі мектепте емес, отбасында жиі-жиі айтылып отыруы керек. Сон­дай-ақ менің сахна төрінен кө­рер­мендерге айтатын, шәкірттеріме беретін ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесі ха­қындағы азаматтық ұстаным­дарым­ның тұжырымдамасы – шы­ғар­машылығымның, көркемдік қойы­лымдарымның, суреткерлік көз­қарастарымның рухани өзегінде жатады десем болады.

Талантты мөлдір көзқарасынан тануға болады

– Театр актерлерін қалай таңдай­сыз? Қазір өнерге келетін жастар көп пе?

– Актер таңдауда, әртістермен жұ­мыс істеуде әртүрлі әдістемені қол­­дануға мүмкіндік беретін театр пе­дагогикасында ұстаздық етіп жүр­ген қызметім де әсер ететін тұстары бар. Себебі мен талапты баланың ал­­ғаш университет табалдырығын имене аттаған, өнер әлемінің есігін ашайын деп жатқан сәтінен бастап бойындағы талантын тап басуға дағдыланғанмын. Бір бала керемет би билейді. Біреуі ән орындағанда та­­биғи даусымен тәнті етеді. Енді бір­еуі көркемсөз оқу арқылы өзінің дарынын дәлелдейді. Ал бір балада со­ның үшеуі де жоқ. Бірақ ол балада дү­ниеге деген мөлдір көзқарас бар, қор­шаған ортаға деген өзінің түй­сігі, танымы мен тағылымы бар. Кей­де таланттың бұлақ бастауы таза көз­қарастан, шынайы мөлдір та­ным­нан пайда болады.

Ал театрдағы әртістерімнің таптаурындылыққа түсіп кетпеуін өзім жиі қадағалаймын. Себебі тап­таурындыққа түсіп кетті деген тоқ­тайды, тоқырайды деген сөз. Рөл­дері­нің бәрі бір-біріне ұқсап кетеді. Сон­дықтан жанрлық сипаты бір-бірі­не ұқсамайтын рөлдерді көп беру­ге тырысамын. Кейбір қойы­лым­дарда баласы мен әкесін ойнап жүр­ген актер бір-бірімен жасты бол­уы мүмкін. Ондай кезде артистің іш­кі әлеуетін пайымдап отырамын. Ме­ніңше, театрда еңбек ететіндер адам­танумен айналысады десем қа­те­леспеймін. Режиссер – шығарма­шы­лықтан, суреткерліктен бөлек, адамтанушы. Сондықтан көбіне рөл бө­лер кезде және қай рөлге қай әр­тіс­тің ампуласы келеді, қай рөл та­би­ғатына жақын, табиғатына қара­ма-қарсы екенін елеп-екшер кезде адамтанушылық тәжірибем көмек­теседі. 

Қазір актер болсам деген жастар өте көп. Бұл жақсы, әрине. Отыз та­лап­кер келсе, соның екеуінің мақ­саты басқа болуы мүмкін. «Тезірек та­нымал болсам» деп келетіндер де бар. Бір жағынан жастардың сол өнер­ге қатысты техникалық маман­дық­тарға да (сценография, жарық қоюшы, дыбыс режиссері т.б.) көбі­рек барғанын қалаймын. Бұл ма­ман­дықтарға еліміздің театрларында сұраныс көп. Театрларда техни­ка­лық мамандар жетіспейді. «1 Негізі, пайыз талант, 99 пайыз еңбек» қағи­дасы өнер адамы үшін басты ұста­ным болуы тиіс. Өнердің биігін ба­­­­ғындыру жолында тынымсыз еңб­ек ету, тер төгу, ізденуден талмау – бас­ты шарт.

– Сізді режиссер ретінде не алаң­да­тады? Аласармау, абырой биігінде қалу тұрғысынан алғанда болашақ жос­парыңыз қандай? Репертуар таң­дағанда нені басшылыққа аласыз? 

– Бүгінгі бағындырған биікті ала­сартпау, тіпті 25 қойылымның көр­кемдік деңгейін түсірмей бабын­да ұстап тұруға да күш, актерлердің шығармашылық еңбегі керек. 

Ермек Аманшаевтың «Шә­кә­рім» тарихи драмасын ар­найы өтініш білдіріп жаз­дырғанбыз. Осы туындыны сахналау үлкен жос­парда тұр. Мұндағы мақсатымыз – ке­мел адам, адал адам, бойында әді­лет, еңбекқорлық үйлесім тапқан кә­дімгі толық адам философиясын сах­наға әкелу. Қазақта кемел адам фи­лософиясын Абай мен Шәкәрім­нен артық кім жеткізе алды. Шә­кә­рімнің рухани формуласын, Шә­кә­рім­нің тек суреткерлік емес, рухани әле­мін көрермендердің санасына шуақ етіп шашсақ, сәуле етіп құй­сақ, рухани дән қылып ексек деген мақ­сатта «Шәкәрімді» сахнаға дайын­дап жатырмыз. Оған кем де­генде жүз, жүз елу адам керек бо­ла­ды, Шәкәрімнің әндері де ай­ты­ла­ды, күйлері де тартылады, өлеңдері оқы­лады. Ең бастысы ұлтына руха­ни кемеңгер ретінде үлкен жол көр­сетіп кеткен тұлғаның бүкіл өмірі мен қилы тағдырын шығармашылық шеберлікпен көрсеткіміз келеді. Бастысы ұлтты сүю, елді сүю, ұлтқа деген қызметті көрсете алсақ деген ойымызды іске асыру.

Әлемдік классикалық дра­ма­тургияларды сахналауға ар­тистердің қарым-қабілеті, кәсіби ше­берлігі пісіп жетілді деп есеп­теймін. Сондықтан Антон Чеховтың өмі­рінің соңғы жылдары жазған «Иванов» деген дүниесін сахналасақ деген ойым бар. «Иванов» қазақ тіліне аударылмаған, соны қазақ ті­ліне көркем тәржіме жасай оты­рып, шығармадағы адамзаттық мә­селелерді көтерсек дейміз. «Қайт­кен­де адам қалады, адам болып» де­ген мәселені сахна тілінде сөй­летсек. Шекспир шығармаларын сах­налайтын кезеңге де жақындаған сияқтымыз. Оның да уақыты «пісіп» келе жатыр. Келесі жылдың аяғына қарай «Жау жүрек мың баланы» саунд-драма жанрында қойғымыз келеді. Ондағы мақсат елді қорғай­тын жас батырлардың өмірі мен қаһар­мандығы арқылы бүгінгі ұр­пақ­тың бойында отаншылдық, пат­­риоттық рухшылдық, елжанды­лық сезімді биіктеткіміз келеді. Елді қорғау, жерге қорған болу әрбір аза­маттың борышы екенін көр­сет­сек дейміз. Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» шығармасын бө­лек, өзгеше бір формада сахналау жос­­парымызда бар.

Біз музыкалық театр бол­ған­дық­тан, қазақтың көрнекті ком­пазиторы Төлеген Мұқамеджа­нов­тың әнде­рінен «Қимай сені ба­ра­мын» атты отандық мюзикл және «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын» деген әдемі әндер жазған Лена Әбді­халықованың да керемет әндерінің не­гі­зінде мюзикл сахналауды жос­пар­лап отырмыз.

Келесі жылы Қырғызстанға, Әзер­байжанға халықаралық театр фес­тиваліне қатысуға шақырту алып жатырмыз. Биыл Астананың Мәс­кеудегі өнер күндері шеңберінде «Қыз Жібек» пен «Гауһартасты» алып, Ресейге барған болатынбыз. Қы­тайдағы қандастар да шақырып жатыр. Қазақтың театр өнеріне шө­лір­кеген көрермен тек Қытайда ғана емес, Өзбекстанда, Монголияда, Ре­сейде де бар. Өзіміздің елімізде де біз­дің келгенімізді сағынып, аңсап, кү­тіп отырған республиканың түк­пір-түкпіріне гостролдік өнер са­пар­ларын өткізу жоспарымызда бар.

Ұлттық дүниелерімізді әлемдік театр кеңістігінде сөйлете алсақ…

– Қазақтың халықтық фило­со­фиясы Шәкәрімнің «Келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам» деген тұжырыммен түйінделетін сияқты. «Бо­лашақ» бағдарламасымен шетел­де оқып келдіңіз, жалпы еуропа, ба­­тыс мәдениетінен біздің өнер теат­ры­мызға қандай элементтерді алып келу керек және нені әкелмеу керек деп ойлайсыз?

– Театр екі бағытта өрбиді, да­ми­ды. Оның біреуі – дәстүрді сақ­тай отырып, өнердегі сабақтастықты үз­бей жалғастыру арқылы дамыту. Екін­шісі – заманауи театр әле­мін­де­гі лобораториялық тәжірибелік із­деністерді, яғни жаңашылдықты ту ету. Мендегі мақсат – өзіміздің ұлт­тық рухани мәдени құндылық­та­рыма, өзімнің ұлттық рухыма уы­зынан жарыған адам ретінде дәс­түрді, қазақтың этнографиясын, дү­ниетанымын жас ұрпаққа дә­ріп­теу, халықаралық аренаға айшықтап шы­ғару. Ал шетелдегі инновациялық мәдени ізденістерден, сценогра­фия­лық, режиссерлік тұрғыдағы ө­з­геше бір техникалық жаңа­шыл­дық­тарды қысылмай әкелуге бола­тын секілді. Себебі театр әлемге ор­тақ өнер. Театр режиссурасы мен сценографиясында шекара бол­май­ды. Сахналық мизансцена түр­лері­нің қай-қайысысы да әрбір елдің театрларына тән. Адам бойындағы сезімдердің барлығы барлық халық­қа тән. Бірақ кейбір ұлтымыздың ру­хани болмысын айшықтайтын дү­ниелерді сахналау кезінде өте қы­рағы болуымыз керек. Мөлдір де қас­терлі туындыларымызды был­ға­мауымыз керек. Менің ұғымымда М.Әуезовтің «Қаракөзі», «Еңлік-Ке­бегі», сондай-ақ Ғ.Мүсіреповтің «Қыз жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиялары – ұлтымыздың аяулы ары мен ұяты, асыл арманы. Сон­дықтан осы «Ар» деп аталатын мөл­дір айдынымызды ешқашан лай­ламауымыз керек. Кейде шет­елдік жаңашыл дүниелердің кейбірі таңсық емес, қаңсық болып шығуы да мүмкін. Одан сақ болғанымыз аб­зал. Келсін, келмесін жылтырақ дү­ниені жапсыра беру ұлттың өне­рін биіктетпейді. Ұлттық дүниелерді сах­налар кезде осындай бір жауап­кершілікке құрылған ішкі таразы, ек­шейтін елек менің санамда да, жан сарайымда да отырады. Жас ре­жиссерлерімізді Әуезовті, Ай­мауы­товты, Мүсіреповті, халықтық эпос­тарымызды сахналар кезде «ти­се терекке, тимесе бұтаққа» де­ген әрекеттен аулақ болса екен дей­мін. Қазақ драматургиясы, тіпті әлем­­­дік драматургия болсын, театр ре­пертуарына алар кезде, осы қойы­лыммен «қоғамға не айта­мын, ұлтқа не беремін» деген сұрақты өз-өзі­мізге қойып отыруға тиіспіз.

– Бөлмеңізге кіргенде Әлихан, Ахмет, Міржақыптың портреті көз­ге бірінші түседі екен...

– Менің өмірімде жастық мак­си­­мализмге тән кезеңдер де болған бо­лар. Қазір мен, менің заман­дас­та­рым Әлихан, Ахмет, Міржақып­тар­дың  жасындамыз. Сондықтан біз­дің жасымызда шетелге еліктеу, өзі­нің ұлттық құндылықтарынан ұялу – кембағал психология болып есеп­теледі. Осындай бір құлдық пси­­хология мен комплекс жаста­ры­­мыздың бойында мүлдем бол­мауға тиіс. Мені ұлттық дү­ние­ле­ріммен әлем­дік театр кеңіс­тігінде не айта­мын деген ой жиі ойлан­дырады. Мен де елу жастан астым. Үш неме­ре­ге атамын. Өзімнің өмі­­рімді бей­нелі түрде үш кезеңге бө­ліп қарасам бо­лады. Мәселен, Бер­дібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» бәрімізге таныс. Қожа кәдімгі ұлттық колоритке, ұлт­тық мінезге бай қазақ бала­ла­рының типтік бейнесі. Біз де бала ке­зімізде Қожа болдық. Қожа мі­не­­зінің ар жағында жақсылық жа­сау, мақсатына деген ұмтылыс, есті еркелік бар. Ал 20 жастан бас­тап 40-қа дейінгі кезеңде өзімді Ан­тон Чеховтың «Шағала» дра­ма­сын­дағы Треплев болдым деп ой­лай­мын. Треплев секілді театр деп ата­латын үлкен кеңістікте өзімнің іш­кі суреткерлік «Менімді» ізде­дім. Кейіпкер – Треплев сияқты мен де қатып қалған қасаң қағи­да­ларды сындыруға тырыстым. Сол «сахналық қағидалардан» шыға отырып, өзгеше бір көркем әлем жа­сап жүрмін деп есептеймін. Кім бі­леді. Әлі де ізденуден талмай, өнер­дің жаңа көкжиектерін тану­мен келемін. Ал қырықтан асқалы он жыл уақыт болды драматур­гия­дағы көркем бейнелердей емес, шы­найы ұлтқа қызмет еткен тұл­ғалардай болсам деген асыл мақсат мені қатты толғандырады. Осы бір са­намдағы ой-толғақтар жұмыс бөл­­мемдегі Әлихан, Ахмет, Мір­жа­қып сынды ұлт зиялыларының портреттеріне қарап, олардың бей­несімен сырласуға итермелей­ді. Әзербайжан Мәмбетов, Болат Атабаевтың бейнелерімен ойша сырласып, тілдесіп отырамын. Бұл сырласудың астарында адамның ойын жинақтайтын, суреткерлік етек-жеңімді түзеп отыруға мүм­кіндік беретін бір тылсым құдірет бар. Біз аруақтан именетін халық­пыз ғой. Алаштың рухани ұстазы саналатын халқымыздың аяулы ұлда­рының биік тұлғасы менің де шы­ғармашылығыма, азаматтық ұстанымдарыма үлкен серпін бе­ріп келе жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ