Қала тазалығы қоқыстарды жинаумен ғана шектелмек емес. Сонымен қатар бұл қызмет түрі су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу, қар шығару, сондай-ақ тұрақты экологиялық даму үшін жағдай жасау процестерін қамтиды. Осы бағытта қызмет атқаратын «Астана Тазалық» ұйымы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып отырған «Таза Қазақстан» экобағдарламасының негізі қағидаларын қала ішінде белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бүгін мақаламызда қала тазалығына жауапты негізгі мекеменің жұмысы қалай ұйымдастырылғанын таразылаймыз. Сонымен бірге елордалық көше қызметкерлерінің қажыр-қайраты арқасында қаламыздың келбеті қалайша жаңара түскеніне тоқталмақпыз.
Көше тазалығының урбанистика саласындағы маңызын көптеген халықаралық зерттеу мен бастамалар дәлелдеп отыр. Мәселен, Дүиежүзілік банк қала тазалығының экономикаға әсері туралы зерттеуінде қала тазалығын басқарудың тиімді жүйесі экономикалық шығындарды азайтатыны айтылған. Егер қоқыс уақытылы жиналса, инфрақұрылымға келетін залал азайып, су тасқыны және жолдардың бұзылуы сияқты мәселелердің алдын алады. Бұл бюджеттік ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретіні белгілі. Сондай-ақ таза қалалар инвесторлар үшін тартымдырақ болып келеді, өйткені тазалық инфрақұрылымның тиімділігі мен әкімдіктің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетеді. Бұл сауда мен туризм салаларының дамуына ықпалын тигізіп, қала экономикасына мультипликативті әсер етеді.
Қазір Астана қаласында көше тазалығын қамтамасыз ету барысында халықаралық тәжірибелер кеңінен қолданылып жатқанын көреміз. Мәселен, Астана көшелерін тазалау үшін заманауи механикалық техникалар қолданылатынын көзбен көріп жүрміз. Скандинавия елдерінен алынған бұл әдіс тиімді әрі экологиялық тазалығымен ерекшеленетін техникалар арқылы жүзеге асырылады. «Астана Тазалықтың» Өндірістік техникалық бөлім басшысы Ержан Айтмаханұлының айтуынша, заманауи техникалар экологиялық қауіпсіздікті сақтап, қоғамдық денсаулық саласына да орасан зор әсер етеді.
– Мекеме 2008 жылы 1 қазанда құрылған болатын. Оған дейін «АстанаГорКомХоз» барлық коммуналдық мекемелердің басын біріктірген акционерлік қауымдастық ретінде қызмет еткен. Содан бері 16 жыл өтті. Осы уақыт ішінде мекеме қызметінде көптеген өзгерістер орын алды. Мәселен, 2024 жылы біршама техникалар жаңартылды. Атап айтқанда, Германиядан 5 заман талабына сай ауқымды техникалар әкелінді. Оның ішінде мұз-тайғаққа қарсы тұз себу үшін қолданылатын 2 техника сатып алынған болатын. Қазіргі таңда бұл құралдар қала ішінде қызмет көрсетіп жатыр, соның арқасында қалада құм қоспасын мүлдем қолданбайтын болдық. Бұл – экологиялық тұрғыда қауіпсіз, тұз қоспасы бар сұйық және қатты түрде қолданылатын реагент. Бұл қоспа -35 және -40 градусқа дейін жұмыс істейді, сондықтан қысы қатты, аязды-қарлы болып келетін Астана қаласының ауа райына бейімделген. Нәтижесінде, енді көктем мезгілі келгенде қаланы таза қалпында сақтау біршама жеңілдейтін болады. Себебі қыста себілген құм кейін шаң-тозаң болып қаланың көркін кетіреді, – дейді ол.
Астана қаласының коммуналдық қызметтерінің ресми баяндамаларында, қалалық инфрақұрылымды дамыту және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларында қысқы тазалау қызметі Финляндия мен Канада сияқты қысы қатал елдердің тәжірибесін ескере отырып ұйымдастырылғаны айтылады.
– Қазгидромет ұсынған мәлімет бойынша, 1 айлық жауын-шашын нормасы 26 мм болса, 7-13 қараша аралығында жауға жауын-шашын мөлшері 34 мм болды. Бұл – тым жоғары көрсеткіш. Сол уақыттары мекеме қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Мәселен, жол тазалаушылар таңғы сағат 6-дан бастап іске кіріседі. Бірінші ауысымда 500-ден астам жұмысшы, 8-ден бастап екінші ауысымда 400-ден астам арнайы техника көшелерді тазалауға кіріседі. Осы уақыт ішінде біз қала полигондарына 100 мың шаршы метрден астам қар шығардық. Былтыр осы кезеңмен салыстырсақ, жауған қар көлемі бірнеше есе көп. Атап айтқанда, өткен жылы қараша айында 7 200 шаршы метр ғана қар шығарылған екен, – деді Ержан Айтмаханұлы.
Жарты жылға жуық жерінен қар кетпейтін қаламызда қар тасымалдауға арналған арнайы полигондар мен қар жинайтын алаңдар бар. Қар тазалау жұмыстарында арнайы инфрақұрылымдар мен қаланың сыртында орналасқан полигондар қолданылады, мұнда қар уақытша сақталып, жоюға жіберіледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Астананың көшелері мен жаяу жүргіншілер жолында мұз қатудың алдын алу үшін экологиялық таза тұздар мен химиялық құралдар қолданылады. Бұл тәжірибе Финляндия мен Канададағы сияқты, табиғи ресурстарға зиян келтірмейтін, бірақ өте тиімді құралдарды қолдануды көздейді.
Бөлім басшысының сөзінше, қалада осындай жұмыстарды жүзеге асыратын арнайы қызметтер бар, олар мұзды жою үшін механикалық және химиялық әдістерді қолданады. Қар мен мұздың жиналуын болдырмау үшін Астанада жолдар мен тротуарлардың жағдайы тұрақты түрде тексеріледі, бұл Канада мен Финляндияның тәжірибесіне ұқсас.
Қаланың барлық көше қызметтері мен коммуналдық қызметтер қысқы тазалықты қамтамасыз ету үшін арнайы жоспарлармен жұмыс істейді, олар тек қарды жинау ғана емес, сонымен қатар көшелер мен жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шараларды іске асырады. Астана қаласындағы қысқы тазалау жұмыстары қалалық инфрақұрылымды қорғап, тұрғындардың денсаулығын сақтауға көмектеседі. Қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарының сапасы қаладағы жалпы өмір сапасына тікелей әсер ететіндіктен, Астана халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, өз инфрақұрылымын жетілдіріп келеді. Қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтер бұл жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін заманауи технологиялар мен экологиялық тәсілдерді қолдануды басты назарда ұстайды.
Мысалы, Ержан Айтмаханұлы өз сөзінде Астанадағы алып магистральдар мен жолдардың жиегінен жиналған қоқыстар арнайы экополигондарға жеткізілетінін айтты. Ауа райы құрғақ кездері шаңды азайту үшін су шашатын машиналар, жол жиегін және тротуарларды тазалауға арналған шағын автоматтандырылған құрылғылар қолданылады.
– Қыс мезгілі бітіп көктем шыққанда, көше қоқыстарымен күрес басталып кетеді. Жол жиегінде жиналған қоқыстар мен жаяу жүргіншілер жолындағы урналарды тазарту да біздің міндетке кіреді. Сонымен қатар әр ауысымда жиналған қоқыстарды қалалық экополигонға шығарамыз. Бұл мекемемен келісімшарт негізінде жұмыс істейміз, – дейді ол.
Сондай-ақ мекеме «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған бүкілқалалық сенбіліктерге белсенді түрде атсалысқан. Сонымен қатар көше тазалықшылары қаламызда өтіп жатқан ауқымды іс-шаралардың барлығында қаланың тазалығы үшін аянбай тер төгеді. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, ҰҚШҰ отырысы секілді халықаралық деңгейдегі маңызды жиындарда белсенді түрде Астанамыздың санитарлық ахуалын аталмыш ұйым қамтамасыз етеді.
«Астана Тазалық» санитарлық тазалау қызметі бойынша Астана қаласы көшелерінің 40 пайызын 454 шақырым ұзындықтағы 227 көше құрайды.
– Жұмыс істейтін аумақтардың қатарында қаланың маңызды деп саналатын алып даңғылдары мен көшелері, алаңдар мен жаяу жол жүргіншілері кіреді. Атап айтқанда, жұмысшыларымыз Есіл ауданындағы стратегиялық маңызы бар нысандардың кіреберіс аумақтарында еңбек етеді. Қазір елордамызда 5 аудан болса, сол аудандарға жеке-дара 5 база құру жоспарымызда бар. Бұл орындарда тазалыққа қажетті материалдар мен техникалар сақталатын арнайы орындар және жұмысшыларға арналған кеңселер орналаспақ. Мұндай шешімнің бір тиімді тұсы қала кептелісі тазалық жұмыстарына кедергі болмайды. Сол арқылы әр ауданның алаңдары мен көшелерін мұнтаздай сақтау үшін көп уақыт үнемдейміз, – деген бөлім басшысы болашақтағы жоспарларға да тоқталып өтті.
Сонымен қатар еңбек нарығындағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылатын жұмысшыларының әлеуметтік қорғалуы бойынша да Ержан Айтмұханұлы ұйымның арнайы шараларына тоқталды.
– Еңбек кодексінде қарастырылған әлеуметтік пакеттен бөлек, егер сіз мекемеде 1 жыл жұмыс істесеңіз, жалақыңызға 1 айлық еңбекақы көлемінде жәрдемақы беріледі. Еңбекақымыз әр айдың 10-на дейін түсіп отырады. Мемлекеттік мерекелерде әрқашан сыйақылар беріледі. Сонымен қатар ерекше көзге түскен жұмысшыларды мекеме мен жергілікті әкімдік тарапынан да марапаттаулар болады. Коммуналды мекемелер арасында өтетін спорттық шараларға да белсенді қатысады. 1 қарашадан бастап жол жұмысшылар мен жүргізушілерге 1 мезгіс ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар арнайы киімдер мен құрал-жабдықтар тегін үлестірілетін атап өтсем деймін, – дейді ол.
Бұл олардың тұрақты жұмыс орындары, лайықты жалақы, медициналық сақтандыру және зейнетақы аударымдары арқылы қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Мұндай қолдау жұмысшылардың өмір сүру сапасын арттырып, еңбек өнімділігін жақсартады. Әлеуметтік қорғалған жұмысшылар қоғамның әл-ауқатын нығайтуға үлкен үлес қосады.
Сондай-ақ «Астана Тазалық» ұйымы кадр мәселесін шешуде және қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруде белсенді қадамдар жасап келеді. 2024 жылы қызметкерлер Германия, Италия, Швейцария сияқты елдерге екі рет барып, тәжірибе алмасып қайтты. Одан бөлек, мекеменің арнайы техника жүргізушілері Еуропа чемпионатына қатысып, алғаш Қазақстан атынан өнер көрсетті. Қараша айынан бастап ұйым қызметкерлері үшін күнделікті семинарлар мен тренингтер өткізіліп, олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мұның барлығы қысқы мерзімде тиімді жұмыс істеу тәжірибесін жетілдіруді көздейді.
Кәмила ЕРКІН