Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка жайлы үлкен кітап» жайлы естімеген адам жоқ шығар. Әл-Фараби жайлы мақала жазылса міндетті түрде осы еңбегін тізімге қоса жазады. Біз де бұл еңбек жайлы білмек ниетпен ақпарат іздедік. Ғаламторда қызығарлық ештеңе таппаған соң өзіміз оқып шығайық деп бекіндік.
«Музыка жайлы үлкен кітап» араб тілінде жазылғаны бесенеден белгілі. Оған шамамыз келмейді. Сондықтан өзімізге неғұрлым жақын тіл іздедік. Табылды. Бір емес, екі кітап табылды. Біреуі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде. Екеуін де өзіміздің қазақ ғалымдары жазған. Қазақ тіліне «Музыка туралы үлкен кітапты» аударған Сандыбаев Жалғас (Алматы: Колор, 2008). Ал орыс тіліне аударған Даукеева Саида (Алматы: Фонд «Сорос-Казахстан», 2002). Алғашқысы ислам мәдениет мен араб тілінің маманы болса, екіншісі музыкатанушы. Екеуі де әл-Фарабидің еңбегін түпнұсқадан аударған екен. Біз екі кітапты да шолып шығып, оқырманға қысқаша мазмұнын жазып өтсек дейміз.
«Музыка туралы үлкен кітап» бірнеше кітаптан тұрады. Әрқайсысының өз мақсаты бар. Көпшілік білетін «до, ре, ми, фа, соль» деген ноталар бұл жерде атымен жоқ. Әр бөлім, әр тарау жүйемен жасалып, біртұтас еңбек ретінде ұсынылған. Біз музыка саласының маманы болсақ та, түсіну қиын тұстары өте көп. Қарапайым оқырманға тіпті қиынға соғар, сондықтан барынша қарапайым жазуға тырыстық.
Кіріспе
Әуелі әл-Фараби кітапты жазуға тапсырыс берген адамға сөз арнайды. Бұл адам жайлы нақты дерек жоқ. Біреулер бұл сол кездегі меценат десе, басқалар ел басшылығындағы билеушінің бірі деп ойлайды. Арнау сөзінде, жазуға тапсырыс бергенінен көп уақыт өтсе де, асықпағанын жазады. Әл-Фараби алдымен оған дейінгі басқалардың жазғандарын сүзіп өткенін, талдағанын айтады. «Егер маған дейінгілер өнер жайлы барлығын жазып кетсе, біздің жазғанымыз артық болар еді» дейді. Соңында араб тіліндегі өнер жайлы еңбектер аз болған соң, «сенің тілегіңді қабыл алдым» деп қорытындылап, еңбектің мазмұнын жазады.
Бірінші кітап
Бірінші кітаптың бірінші бөлімі жалпы «музыка», «әуен» деген терминдерге жауап іздеумен басталады. Ұғымдарды бір-бірімен салыстырады. Қалай шығаратынын түсіндіреді. Мысалға осындай шағын бір түсіндірмесін Сандыбаев Жалғастың аудармасында ұсынайық.
«Қолмен жасалған аспаптарда әуен дыбыстарының позициялары қолмен жасау арқылы болмақ. Мысалы: уд (музыкалық аспап – ред.) және соған ұқсас аспаптардың ішегін тарту арқылы… Ал дауыс шығаратын мүшелерде болса орындау үшін қажетті әуен дыбысын шығара білу қабілетіне жету қажет», – дейді әл-Фараби.
Осы бірінші бөлімде бұдан өзге «әуен орындау тәсілі», «әуен шығару (ойлап табу) тәсілі», «әуенді орындау және шығару айырмашылығы», «әуеннің түрлері мен мақсаттары», «ән әуендерінің пайда болуы», «аспаптардың пайда болуы», «үйрену мен машықтану», «музыканы ғылым ретінде қарастыру» секілді сұрақтарға жауап іздейді. Сізге және бізге қызықты болар деп бір ғана жауабына (аспаптардың пайда болуы) тоқталайық.
Ғалым «музыкалық аспаптар түрлі тәжірибелер мен ізденістер нәтижесінде ойлап табылды» дейді. Уақыт өте келе белгілі бір аспап қолдың қағысына, ыңғайлы жайғасуына, жалпы эстетикаға сай келуіне қарай өзгеріп отырды. Осылайша, әл-Фараби заманындағы уд сияқты түрлі музыкалық аспаптар сол заманның көркіне айналды.
Құрметті оқырман, алдыңғы абзацтағы ой «Музыка туралы үлкен кітапта» кеңінен айтылған. Біздің көзқараспен бұл өте қарапайым жаңалық болса да, ол заманның – озық ойы. Еңбек ІХ-Х ғасырда жазылғанын ұмытпайық.
Бірінші кітаптың екінші бөлімінде әуеннің теориялық түсініктемесіне арналған (бірінші бөлімде әуеннің тарихына үңілген). Бұл жерде бүгінгі әлемдік музыка ғылымының әліппесінде үйретілетін ұғымдардың пайдаланады. Мысалға, төрт дыбыстық (тетрахорд), әдемі үйлесімді дыбысталу (диссонанс), үйлесімі жоқ дыбысталу (консонанс) сынды ұғымдарды сол заманда жазып кеткен. Әрине аталуы арабша болғанымен, мағынасы бүгінгі түсінікпен бірдей.
Екінші кітап
Бұл жерде аспапта музыка ойлап табу кеңестері берілген. «Белгілі бір әуенді ойнау үшін мына дыбыстарды алу керек, егер ол жолмен жүрмесең әуенін үйлесімді болмайды» дегендей жазады.
Мысалы, сіз мақала жазуды үйреніп жүрсіз. Жазғаныңыз қазақ тілінің қарапайым ережелеріне сай. Дегенмен бір журналист не жазушы келіп, «Сен жазған сөйлемдерінің басында бастауыш, аяқталғанда баяндауыш тұр. Бәрі қарапайым сөйлемдер. Бұлай жазсаң оқырманды шаршатып аласың. Сөйлем құрылысын түрлендір, құрмалас сөйлемге айналдыр, төл мен төлеу сөздерді қолдан» дегендей пікір айтса, жазғаныңыз өзгеше болары анық. Әл-Фараби де «музыка шығарушыға» дәл осындай сипаттағы кеңестер айтып кеткен екен.
Әл-Фараби келесі бөлімде музыкалық аспаптардың таралуы мен дыбыс алу тәсілдеріне тоқталған. Алдымен төрт ішекті уд (домбыра тектес) аспабы жайлы айтады. Оның құрылысы мен тарту тәсіліне тоқталады. Мысалға келесі суретті сызып, жазып түсіндіріп кеткен. Бұл сурет Сандыбаев Жалғастың аударуымен жарық көрген «Музыка туралы үлкен кітабынан» (Алматы: Колор, 2008) алынды.
Осылайша, мәтін күрделене беріп, уд аспабындағы «сәбәба, «устә әл-фурс», «бинсир» деп аталатын бірнеше пернелер жайлы толық түсіндіріп кетеді. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл «до», «ре», «ми» сияқты ноталар бұл.
Кейін танбур деп аталатын музыкалық аспаптың түрлерін жазады. Атап айтсақ, бағдат танбуры, хорасан танбуры, мизмар, рабаб, мизаф сынды аспаптарға толық талдау жасалып, ашық және жабық ішектердің дыбысталуы, мойынында перне басу тәсілдері жайлы толық түсіндіріп кетеді.
Еңбек осындай сипатта жалғаса береді. Ары қарай дыбыс пен ырғақтың түрлері жайлы талдау жасап, оқырманға ұсынған екен.
Құрметті оқырман, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз жазып кеткен еңбектің жалпы мазмұны осындай. Егер қызығушылығыңыз оянып, өзіңіз де оқығыңыз келсе Ж. Сандыбаевтың қазақша аудармасына үңілуге кеңес береміз. Ал егер сіз кәсіби музыкант болсаңыз орыс тіліндегі С. Даукееваның аудармасы түсінікті болар. Өйткені С. Даукеева өз аудармасында кәсіби терминдер және ғылыми түсініктемелерді көп қолданғандықтан қарапайым халықтың (кәсіби музыкант емес) түсінуі екіталай. Ал біздің мақсатымыз кітапты мазмұндау емес, тек жалпылама шолу жасау болды. Діттеген ойымызға жеттік деп ойлаймыз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі