Жуырда Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Ербек Бақиев тағдырдың сан сынағын жеңіп, қоғамның дамуына үлес қосып келе жатыр
Фото: amanatpartiasy.kz
416
оқылды

Жуырда Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шарада әр лауреат 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Аталған сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте үздік нәтижеге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Сондай жандардың бірі – Ербек Бақиев есімді азамат. Бала жасынан көзі нашар көретін ол тағдырдың басқа салғанына мойымай, өз-өзін дамытып, қоғамдық іске белсене атсалысып келеді.

Ербектің балалық шағы

Ербек Мейрамбайұлы 1988 жылы 8 шілдеде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында өмірге келіп, Аралдағы экологиялық ахуалдың кесірінен 1993 жылы Мақтаарал ауданына қоныс аударған. 1997 жылы Ербек Шымкенттегі облыстық көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатына қабылданып, оны 2008 жылы тәмамдаған. 2013 жылы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» факультетін аяқтаған. Ерекше дарынымен көптің ортасынан суырылып алға шығып жүрген ол аудандық облыстық, республикалық  жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Сондай-ақ 2013 жылы «Шырайлы Шұбайқызылым» атты жыр мүшәйрасында Төлеген Айбергенов атындағы арнаулы сыйлықтың иегері атанған.

Шығармашылық әлеміндегі жетістіктер

2013 жылы «Оңтүстік орамдары» атты облыстық жас жазба ақындардың жыр жинақ кітабына Ербектің бір топ өлеңі енген. 2014 жылы «Жас жаным құштар ақ таңға» атты жыр кітабы жарық көрді. 2016 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Өмірге ғашық жүректер» атты екінші кітабы жарыққа шықты. Кітапта өзі тұратын облыстағы өмірге ғашық, келер күнге асқақ армандармен қадам басып, тек алға ұмтылған, әр салада түрлі жетістікке жетіп жүрген зағип жандардың қоғамдағы өнегелі еңбектері дәріптелетін 25 тақырыпты қамтитын таланттардың өмірі мен шығармашылығы насихатталады. Одан бөлек «Жүрегім өлеңменен тербеледі», «Өлеңге ғашық жас талант», «Тәуелсіздік – бақытымның бастауы» атты шағын жыр жинақтары бар.

2011 жылы облыстық «Жанарым менің жүрегім» фестивалінің І орын жүлдегері атанды. 2013 жылы «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен республикалық байқауда облыстан ІІ орын иеленген. 2017 жылы 29 қазанда Қызылорда облысы Қазалы ауданында өткен республикалық «Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының» иегері атанып, кеудесіне төсбелгі тағылды.

Қоғамдық қызметі

2015 жылдың ақпан айынан бері оңтүстік өңірде көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада тифлолог-редактор болып жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 2014 жылы құрылған ОҚО «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің орынбасары болып қоғамдық жұмыстарға да араласып мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып, түрлі концертті жүргізіп келеді. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» атты автокеруенмен елге шығып, халықтың рухын көтеріп, тәуелсіздік лебін жеткізген рухани көшке белсене атсалысқаны үшін Мәдениет басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Отбасылық өмірі

Ербек жұбайы Ұлбосынмен бірге үш ұлын тәрбиелеп отыр. Екеуі де – өмірге құштарлығымен, қоғамдағы атқарған өнегелі істерімен көпшілікке үлгі.

«Ерекше жандар» бағдарламасы

2016 жылдың желтоқсан айының 12 жұлдызынан бастап Мадина Ермахановамен бірге Шымкенттегі Отырар телеарнасында тұңғыш зағип тележүргізуші ретінде «Ерекше жандар» бағдарламасын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жетістігі мен шығармашылығын насихаттап, өмірге құштар жандармен тікелей эфирде сұхбаттасып, олардың ерлігін дәріптеп келеді. Осы ісінің арқасында ол «Қазақстанның КИНЭС Рекордтар кітабына» енген.

Зағип жандарға арналған ән

2017 жылдың қараша айында Е.Бакиевтың «Достарым» және «Тәуелсіз елім – Қазақстан» атты өлеңіне ән жазылып, екі әнге бейнебаян түсірілді. Әндерді орындаған І топ көз мүгедектері Мадина Ермаханова, Айнұр Смандияр. Бейнебаяндардың жарыққа шығуына және халыққа кеңінен насихатталуына ұйытқы болған Ербек Бақиев. Ақынның 13 өлеңіне ән жазылған. Әнді зағип жандар орындайды.

Міне, осындай ерен еңбегінің арқасында Ербек биыл 21 қарашада «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының иегері атанды. Бір сөзбен айтқанда, Ербек Бақиев – тағдырдың сан сынағын жеңіп, қоғамдық қызмет пен шығармашылық арқылы қоғамға үлес қосып келе жатқан тұлға. Оның жетістіктері көптеген адамға өмірлік мотивация мен жігер сыйлайды. «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы оның орасан еңбегінің, қиындықта тайсалмайтын табандылығының лайықты бағасы болды.