Өйткені Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттары бастама жасап, заңды айналып өтуге құрық салатын өзгерістер мен толықтырулар енгізбек. Атап айтқанда, жаңа заң жобасында электрондық нысанда келісімшарттар жасасу, оларды міндетті есепке алуды, құрылыс компанияларының қаржылық есебін қадағалау және инжинирингтік компаниялардың құрылыс жұмыстарына ай сайын мониторинг жүргізуін қолға алу секілді тағы басқа да маңызды шаралар қамтылған. Осыған байланысты Мәжілістің алдағы жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы өзге де өзекті мәселелер туралы Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевпен сұхбаттасқан едік.
– Самат Базарбайұлы, «Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасына нақты қандай негізгі өзгерістер енгізілді?
– Аталған заң жобасында негізінен үлескерлердің құқығын қорғау мәселесіне қатысты шаралар қарастырылған. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні үлестік құрылыстың үш тәсілі бар. Олар: бірінші – Бірыңғай оператордан кепілдік алу. Екінші – екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы. Үшінші – көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
Қазір құрылыс салушылар үлестік заңнаманы айналып өту мақсатымен жеке немесе заңды тұлғалармен әртүрлі келісімдер жасасады. Яғни, алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау және тағы басқа. Мұндай шарттар азаматтық құқықтық қатынастар тәртібімен құрылады және бірде-бір мемлекеттік базада тіркелмейді. Сондықтан аталмыш құжаттар тұрғын үйдің алдағы уақытта толық бітуіне кепілдік бермейді.
Осындай олқылықтардың алдын алу үшін Азаматтық кодекспен мұндай келісімдер жасалуына тыйым салынбақ. Атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе Біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және Екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге шектеу қойылмақ. Ал заңсыз үлескерлердің ақшасын тартқан жағдайда және жарнама жасалғаны үшін әкімшілік айыппұл көлемін 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жолдары қарастырылған. Сонымен қатар «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» базасында үлескерлерді қолдау орталығын құру да назардан тыс қалған жоқ.
Осылайша, Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңның қолдану аясы кеңейтілмек. Ашып айтсақ, шағын қабатты тұрғын үй кешендерін және 50-ден аса жеке тұрғын үй кешендерін салу аталған заңмен реттелетін болады.
Жасыратын жоқ, елімізде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі әлі күнге дейін бір жүйеге келе алмай отыр. Қазіргі таңда, мысалы, тек Астана қаласының өзінде 51 құрылыс компаниясы пәтерлерді заңсыз сатқан. Олар үлескерлермен заңсыз келісімдер жасаған. Бұл мәселені шешіп, құрылыстарды аяқтау үшін шамамен 7 миллиард теңге қажет. Бұл заң жүз пайыз тәртіп орнатпаса да, саланы реттеуге мүмкіндік береді. Заңсыз әрекет ететін компанияларды тәртіпке келтіреді және халықтың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді деп сенеміз.
– Үлескерлерден қаражат тартатын құрылыс салушыларға қойылатын талаптар өзгере ме?
– Иә, жоғарыда айтылған өзгерістерден бөлек, құрылыс салушыларды ынталандыру шаралары да қарастырылған. Мәселен, үлестік тұрғын үй құрылысымен айналысқысы келетін құрылыс компанияларна, яғни үлестік қатысу нарығына заңды түрде «кіруге» арналған талаптар жеңілдетілмек.
Атап айтсақ, Бірыңғай оператордың кепілдігін алу үшін немесе екінші деңгейлі банктердің жобасына қатысу шарттары, яғни жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды төмендету ұсынылған. Мысалы, жұмыс істеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін, ал тәжірибесі республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 18 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін, басқа өңірлерде 10 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін қысқартылған.
Көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсіліне қатысу талаптары республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 60 мыңнан 36 мың шаршы метрге дейін, басқа өңірлерде 36 мыңнан 18 мың шаршы метрге дейін, жұмыс істеу мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылған.
Бұдан басқа, үлестік салымдарға қолжетімділікті арттыру мақсатымен:
уәкілетті компания екінші деңгейлі банктерде ағымдағы шотты ғана емес, жинақ және валюта шоттарын ашу мүмкіндігі;
мердігерге аванстық төлемдер мөлшерін ұлғайту;
үлескерлердің ақшасын әкімдіктен рұқсат алғаннан кейін ғана пайдалану құқығы;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың Бірыңғай ақпараттық жүйесінде (Қазреестр) міндетті түрде есепке ала отырып, жазбаша және электрондық нысанда үлестік қатысу шарттарын жасасуды қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.
– Электрондық нысанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын жасасу қалай жүзеге асырылады?
– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының қолданыстағы тәртібіне сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша (қағаз немесе электронды) жасалады. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі әкімдікте шартты есепке қойған кезден бастап күшіне енген болып есептеледі. Бұл – Уәкілетті компания мен үлескер арасындағы келісімшарт. Аталмыш шартты әкімдікте есепке алу «Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 30 қыркүйектегі № 434 бұйрығымен реттеледі және мемлекеттік қызмет түрі.
Қағидаға сәйкес, Уәкілетті компания мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «ҚазРеестр» АЖ) арқылы Шарт жасалған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде «ҚазРеестр» ақпараттық жүйесі арқылы әкімдікке Шартты есепке қою үшін өтінім жолдайды.
Өз кезегінде әкімдік тіркеуге келіп түскен үлестік шарттың үлгілік нысанына сәйкестігін, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдегі үлеске үшінші тұлғалардың бұрын есепке қойылған құқықтарының болуын тексереді.
Нәтижесінде, әкімдік «ҚазРеестр» ақпараттық жүйесі арқылы үлестік шартты есепке қойып, Уәкілетті компанияға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы» үзінді береді.
Шарттың электрондық көшірмесін (қағаз күйінде жасалған шарттың сканерін) есепке қою 3 жұмыс күні ішінде, ал электрондық шартты есепке қою 1 жұмыс күні ішінде асырылады.
– Жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестік қатысу шарттарын есепке алу және құрылыс барысына мониторинг жүргізу ісі қалай жүргізіледі?
– Заңға сәйкес Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың 3 тәсілі жайлы жоғарыдай айтып өттік. Ал құрылыс барысына мониторинг жүргізу Инжинирингтік компаниялар арқылы жүзеге асырылады.
Инжинирингтік компания Бірыңғай операторға, екінші деңгейдегі банкке немесе әкімдікке (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсіліне қарай) көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысының барысын мониторингтеу нәтижелері туралы есепті уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес ай сайын ұсынуға міндетті.
Осы заң жобасында инжинирингтік компаниялардың үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсіліне қарамастан, әкімдікке қосымша есептер беру міндеті көзделеді. Есептерді E-Qurylys бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ұсынады.
Жүйені пайдалану – үлестік құрылыстың барысын бақылауға, үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалануға мониторинг жүргізуге, жобалау-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) белгіленген мерзімдердің сақталуын тексеруге мүмкіндік береді.
Демек, әкімдіктер бір ақпараттық жүйе арқылы объектілер құрылысының барысына толық мониторинг жүргізе алады. Сонымен қатар қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылап, ЖСҚ-да белгіленген мерзімде құрылысты аяқталуын қамтамасыз ете алады.
Егер мониторинг барысында құрылыстың нормативтік мерзімдерінен арттақалушылық анықталған жағдайда, әкімдік нақты объектіні құрылыстың аяқталмау қаупіне ұшырауы мүмкін деп айқындайтын және осындай құрылыс салушыларға тиісті шараларды қолданатын болады. Нәтижесінде, құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс салушылардың жауапкершілігі артады және үлескерлердің құқықтары қорғалады.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН