Жыр тағдырға адалдық

Ақын Ақылбек Манабаев 1967 жылдан өмірінің соңына дейін «Семей таңы» газеті редакциясында әдеби қызметкер болды.

Ақынның «Жазира», «Самал сазы», «Мәуелі бәйтерек», балаларға арналған «Алтын мен көпір», «Тау тескен» атты кітаптары өзінің көзі тірісінде жарық көрді. Ақын аға 1984 жылы қайтыс болғаннан кейін «Анама хат», «Жүрек сөйлейді», «Таң самалы» кітаптары жары Рымхан апайдың жинақтап, ұсынуымен басылым көрді.

2014 жылы қарашада Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ақылбек ағаның туғанына 80 жыл толуына арналған  «Арман дүние» атты еске алу кеші өтті.

Ағаның өлең-жинақтары кітаптары мен домбырасын ақынның жұбайы Рымхан апай музей қорына тапсырды.

Ақынға жар болу да оңай емес. Тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсіріп, төңірегіне түгел сыйлы болуы  Тәңірдің сыйы болар! Рымхан апай Ақылбек ағаны жар деп, ақын деп құрметтеді. Ақылбек ақын мен ақынжанды Рымхан апай сын сағаттарда да, шаттыққа толы бақытты күндерде де бірін-бірі түсінді. Өмірдің жолы тақтайдай тегіс болмаса да, отбасылық өмірлері түс­ін­­істік пен келісімнің шаңырағына айналды.

Абайтанушы, ақын-жазушылардың рухани әкесі Төкен Ибрагимов: «Ақылбек өзіне ұнаған журналистік салада өндіре жұмыс істеді. Жырлары жарияланып тұрды. Жинақтары кезегімен шығып жатты. Өкініштісі сол, Ақылбек өзі тындырған еңбектерінің жемісін көре алмады. Тынбай жазды, көп еңбектенді. Сол бар жазғандарын қайта бір сараптап, тағы бір елеп-екшеуге ғұмыры жетпеді. Нағыз кесек туындылар беретін шағында өмірден өтті. Ер жасы елуін, аталы жас алпысын оқырманның ортасында тойлай алған жоқ. Ең бастысы, жақсы ақынға жақсы жар бұйырған. Ақын­ның артында қалған ұрпағын да, ұлағатты жырын да қатар әлпештеп өмір белестеріне бірге шығарып отырған Рымханның еңбегі ерекше. Ақын жары қалай болуы керек дер едім. Ол Ақылбек жырларының жоқ­таушысы ретінде ақынға лайықты жар бола білгенімен қадірлі. Жалпы, Рымхан жарық дүниеге ақынға жар болуға жара­тылған жан десем жаңылмаспын. Оның ақынжандылығы, өлеңді өлшеусіз сүйетіні кез келген ақынның өлеңін өз жарындай  жан дүниесімен оқитыны керемет. Ақын соңына өшпес өлең қалдыра алатынымен бақытты болса, сол өлеңдерді ғұмыр бойы қадір тұтар жарының барлығымен тіптен бақытты. Ақылбек көз жұмғалы жиырма жыл бойы ақынға деген, еріне деген бүкіл сезімін, құштарлығын аялап келеді. Бұл қазақ әйеліне жарасымды әрі тән табиғи мінез. Ақынның көзі тірісінде 4 жинағы шықса, өмірден өткеннен соң да үш кітабы жарық көрді. Ең соңғысы таяуда 70 жылдық мерейтой қарсаңында Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Арман дүние атты» жаңа жинағы жарық көрді. Жастай қалған бес баланы жеткізумен қатар ақын мұраларына мұқият болу оңай шаруа емес. Рымхан үшін қыруар шаруалар атқару жеңілге түскен жоқ. Осы қиын деген сәттерден Ақыл­бектің азаматтық беделі алып шығып отырса керек. Ақылбек артына өлеңмен бірге өнеге қалдырған жан. Ақын мұрасын жаңғыртып, жаңартып отырам деп қажымай жүрген жар еңбегіне Ақылбекті білетін жандар барынша болысып келеді», – деп Рымхан апайдың қиындыққа қайыспас қайсарлығын осылайша бағалап еді.

Кәсіби оқуы болмаса да, санасы сергек Рымхан апайдың өмірден көргені көп, көргенінен түйгені көп еді. Заман тауқыметі ащы болса да жұмсақтығы мен мейірбан­дығын мұрат етіп, адамшылық қасиетті ұстанудан жаңылмай өткен жан...

Рымхан апаймен 1988 жылдан араластым. Жасы үлкен болғанымен құрбыластардай сырласатынбыз.

Рымхан апайға қарап тірліктің талай тауқыметін бір өзі көтерген-ау деп еш айт­пас едіңіз.

Жалған дүниеде барлығы да салыстыр­малы түрде бағаланатынын Рымхан апайдың өткен күнге өкпе артпай, бәрін де «пешенеге бұйырғаны» деп қабылдап, шешіле төккен сырынан, сұхбатынан сезетінмін.

Әсіресе, ақын жары Ақылбек ағамен өткізген жарасымды отбасылық шағын күні кешегідей көз алдына елестетіп: – «Аз жыл отассақ та бар ғұмырымды сәулелендіріп кетті, жарықтық», – деп отыратын.

Апаймен кездескен сәттерде титтей жақсылыққа баладай қуанған, болмашы өкінішке данадай қайғырған, ақын тағдыры­на риза пейілмен сырын ашатын.

Рымхан апай Ақылбек ақынмен бірге өткізген уақыт, сол заманның әдеби келбеті, ақын замандастары туралы сыр шертетін.

Қазаны оттан түспейтін берекелі үйге қазақтың талай жақсы-жайсаңдары, әде­биеттің марғасқалары еркін кіріп, емен-жарқын отырып, әдебиет, өлең туралы сыр­ласып, сыйласқан күндерді сағынышпен еске алатын.

Жақын келсек бауырына тартып, алыс кетсек сарғая сағынатын.

Рымхан апай сөзге шешен кісі еді, әр­бір әңгімесі көркем кітап оқығандай әсерде қалдыратын. Тыңдаған сайын біз де марқайып, масаттанатынбыз. Қанша әңгіме естісек те жалықпайтынбыз. Әңгіме тиегі ағытылғанда көкейіндегі ойын көсіле, көркемдеп, келістіре баяндаушы еді. Тың­дарманы өзің де сөз құдіретін мойындап, жаның рақатқа бөленетін. Көзінен әлі де албырт, әлі де тым балаң сезімі нұрлы жан­арында, жарқын күлкісінде жасырынып тұрғандай болатын. Айтқанына айызың қанып мақұлдайсың, байқауына, байқам­паздығына, бас шайқайсың.  Ал Рымхан апай жыр оқығанда жүрегің мейірге бөле­нетін. Осы шаңырақтың әр кірпіші өлеңмен өрілгендей күй кешетінбіз. Күйбең тірліктің көлеңкесіндегі кірбіңнің бәрі ұмытылып, көңіл күйің тазарып, жан сарайың ашыла­тын.

Отбасы құндылығының құнын жыр сыйлаумен биіктеткен, сөз қадірін өз қа­дірінен де биік қоятын кісіліктің бел­гісіндей Рымхан апайды төңірегі түгел құрметтеп, төріне шығарып, құрметтейтін. 

Көкірегі сыр сандық, дария көңіл Рым­хан апайдың қасында жүріп талай қасиетін бойыма сіңірдім, қасиет тұттым. Дүниеде адам баласын алалап бөлмейтін, алдынан кезіккен кісінің бойынан адалдық пен ізгілік қана іздейтін тамаша қасиетін таныдым. 

Дарқан жүрегімен төңірегіне жақсылық нұрын төге жүретін таза пейілі мен жан сұлу­лығына тәнті болдық. 

Апайдың біреуді жамандап, сыртынан ғайбат сөз айтқанын, біреудің көңілін қалдырғанын білмедік.

Өмір осындай ізгі ниетті адамдармен, жүрегіне жылулық ұялаған жандармен жарқын!

Айта берсең Рымхан апай туралы ой өте көп. 

Шағангүл ЖАНАЕВА,

«М. Әуезов атындағы 

педагогикалық колледжі» 

КМҚК директоры