Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан жеткен: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөз бар. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақын болу үшін қайтпас қайсар мінез керек. Бәкене ғана бойлы, әрқашан сабырлы, салмақты қалпын сақтап өткен Бүркіт ағамыздың отты жырларынан жарқылдаған көк семсердің жүзіндей қайраулы мінезі көрініп-ақ тұрушы еді.
Бүркіт ағамыздың алғашқы өлеңдері балаңдау кезінде жазылыпты. Мектепте үздік оқыған ол екінші жаһандық соғыстың алдында екі жылдық Қарағанды оқытушылар институтына түседі. Оны бітірген соң әскер қатарына шақырылып, жастық шағын сұрапыл соғыстың қанды шайқастарында бораған оқ пен қаулаған өрттің ортасында өткізеді. Қаһарлы жылдарда отаншылдық рухы аттандап тұрған азаматтық лирикаға ден қояды.
Соғыстан кейін Бүркіт аға Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Астаналық ортада ойы да, білімі де әбден толысқан Бүркіт оны ойдағыдай тәмамдаған соң қамқор ағаларының алқауымен ғылыми жолды таңдап, қазақ-татар әдеби байланыстары тақырыбын зерттеуге кіріседі.
Ол – соғыс ерте есейткен ұрпақтың өкілі. Қазақтың тең жарымын жалмаған зұлмат ашаршылық пен ұлт зиялыларын баудай түсірген отыз жетідегі қанды репрессияның ызғары жүрегі «елім» деп соққан азаматты саяси күрес аренасына әкеледі.
Жас Бүркіт басқаны былай қойғанда, Кеңес өкіметін өз қолдарымен орнатысып, жаңа социалистік заман әдебиетінің негізін қалаған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткенін білсе де, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, поэзияда солар салған үлгімен отты жырлар жазады. Ол қазақтарға орны толмас қайғы-қасірет әкелген коммунистік жүйеге қайсар рухты жырларымен ғана емес, табанды күрескерлігімен де қарсы шықты.
Бүркіт Ысқақов – қазақ поэзиясына өзіндік өрнекпен келген ақын. Оның поэтикалық шығармашылығы диссертациялық деңгейде арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ол, ең алдымен, балалар әдебиетінің таңдаулы өкілі. Қазақтардың талай буынын тәрбиелеумен келе жатқан: «Отан – сенің ата-анаң, Отан – досың, бауырың» атты ғажап жырдың авторы дәл осы Бүркіт Ысқақов екенін жұрттың бәрі біле бермеуі мүмкін.
Бүркіт – Қазтуған мен Доспамбеттен келе жатқан азаттық жырының, патриоттық поэзияның ақиығы. Сәкеннің «Азия» дейтін Еуропаға қарата айтылған, ишарасында орыс отаршылдығын өлтіре сынайтын Мағжанның ғұн туралы астарлы жырымен астасатын керемет өлеңі болған. Мағжан мен Сәкен «халық жауы» ретінде атылып, олардың атын атауға тыйым салынған кезде Бүркіт ақын ағалардың ізімен «Үндістан» деген жыр жазады. Оның:
«О, Үндістан, ұлысың,
Ұлылығың құрысын!
Құрысын демей қайтейін,
Ағылшынның құлысың», –
деген өлеңіндегі екі сөздің орнын ауыстырып оқитын болсаңыз, қазақ халқының орыс отаршылдығына қарсы күресі туралы отты жыр қоламтадан шыққан оттай жайнап шыға келеді.
Бүркіт ақын мұнымен де тоқтамай:
«Оят, тұрғыз ұйқыдан,
Ұлдарыңның тірісін!
Отаршылдың бұғауы
Қиратылсын үзілсін.
Қанаушылық қамалы,
Талқандалсын, бұзылсын», –
деп қара түнекті қақ айырып, ғұндай айбаттанып, күндей күркірейді.
Алаштың арқалы ақыны Міржақыптың «Оян, қазағымен» үндес бұл аса қуатты жыр соғыстан енді ғана ес жинаған қазақтардың жас, тегеурінді буынын оянуға, серпілуге, саясат майданына шығуға шақырады. Бұл қарсылық біртіндеп өз перзенттерін жалмауға көшкен социалистік жүйеге, коммунистік идеологияға деген күреске ұласып, Алаш үлгісімен құрылған «Елін сүйген ерлер» («ЕСЕП») партиясын құруға алып келді.
«Елін сүйген ерлер» партиясының қазақ тарихында алар орны енді ғана зерттеле бастады. 50-жылдардағы қазақ қоғамына серпіліс әкеліп, ұлттық санаға зор қозғау салған бұл ұйымның егжей-тегжейлі тарихын жазу – жаңа буынның үлесінде. Оның да уақыты келер, бірақ сол ұйымды құрып, оның идеяларын қазақ жастары, зиялы қауым арасында таратушылардың көш басында тұрған нағыз ер, қиядағыны көріп, қырқадағаны шалатын, қыран мінезді Бүркіт ағамыз екені айдан анық.
Бүркітті күрескерлік жолға шығарған Алаш идеясы еді. Ағамызбен Қарағанды оқытушылар институтында бірге оқыған досы, қаламгер Махмет Темірұлының журналист Ержұман Смайылға берген сұхбатында олар алғаш рет сол кезде «халық жауы» деген жалған жаламен атылған, шығармалары барлық кітап сөресінен жинап алынып, оқуға тыйым салынған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен қатар Ахмет Байтұрсынұлының «Масасы» мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» ұстаздары Айтбай Нәрешевтің кітапханасынан алып, қызыға-құмарта танысады. Махмет аға бұл туралы: «Алаш көсемдері жайында түсінік алып, олардың не үшін күрескенін білгеніміз біздерді ерекше рухтандырып жіберді. Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық», – деп жазады («Егемен Қазақстан», 2011 жыл, 27 ақпан).
Тегеурінді жырлар нәуетек жастарға қатты әсер етеді. Отты жырмен оянған өршіл рухтың әсерімен олар әуелі «Жас қазақ», кейін «Елін сүйген ерлер партиясы» (ЕСЕП) деп аталған Қарағанды жастарының ұйымын құрады.
Махмет ағаның айтуынша: «ЕСЕП» партиясының мүшелері деп мына төмендегілерді есептедік: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар – институтта оқып жүрген студенттер». Кейін бұл топ Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов, Жаппар Өмірбеков сияқты отаншыл жастармен және олар шыққан аудан, ауылдың жігерлі жігіттерімен толыға түседі.
Көп ұзамай соғыс басталып, ұйым жетекшісі Бүркіт Ысқақов 1942 жылы майданға аттанады. Кеңес армиясы зор шығынға ұшыраған соғыстың алғашқы жылдарында олармен көп ешкімнің жұмысы болмаған сияқты. Жаудың беті қайтып, ел есін жинай бастаған 1944 жылы НКВД қызметкерлері қарағандылық жастарды қамауға алуды бастап, Бейсембай Жақсылықовты 10 жылға соттап, кейін белгілі жазушы атанған Жаппар Өмірбековті бір жыл түрмеге жабады.
Қан майданнан аман-есен оралып, Қазақ мемлекеттік университетіне түскен Бүркіт пен сол кезде Шет тілдер институтында оқитын Махмет «ЕСЕП» партиясының идеяларын жоғары оқу орындарында оқитын алматылық студенттер арасында таратады. Оған кейін қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген Жекен Қалиев бастаған Мұстахым Азанбаев, Рамазан Нәрешев, Адырбек Аманқұлов сияқты бір топ студент жастар қосылады.
Саяси репрессия қайтадан күш алып, оның екінші толқыны белең алған 1951 жылдың 18 қаңтарында Б.Ысқақов пен М.Теміров ұсталып, түрмеге жабылады. Мұның соңы Б.Ысқақов, М.Теміров пен Айтбай Нәрешевтерді 25 жылға, ал М.Азанбаев, Р.Нәрешев, Ж.Қалиев, А.Аманқұловтарды 8-10 жылға соттап, сталиндік лагерьлерге айдауға жіберілумен аяқталады.
Олар Сталин өліп, оның жантүршігерлік қылмыстарын әшкерелеген 1956 жылғы тарихи съезден кейін толықтай ақталып, бостандыққа шығады.
«ЕСЕП» партиясынын идеялары мен саяси ықпалы қарағандылық жастар арасында терең тамыр жіберген екен. Олардың жазықсыз жапа шегіп, айдауға түсіп, атылып кетуден әрең аман шыққанына қарамастан кейін құрметті ұстаз, қарымды қаламгер ретінде танылған Кәмел Жүністегі мен Зейнолла Игілікұлы Қарағандыда студент болып жүрген алпысыншы жылдары «елін сүйген ерлердің» ерлік жолын жалғастырады. Олардың беделі жастар арасында бел алып, азат ойлары кеңінен тарай бастағанда КГБ-нің тіміскілері қамауға алып, екеуін де түрлі мерзімге бас бостандығынан айырады. Қайтпас қайсар Кәмел аға 1966 жылы бостандыққа шыққан соң ұстаздығын жалғастырып, соңына мол әдеби мұра қалдырды.
Тағдыр менің маңдайыма өмірімнің әр кезеңінде Бүркіт Ысқақов, Жекен Қалиев және Кәмел Жүністегі сияқты абзал ағалардың соңына ерген рухтас інісі болуды жазыпты. Олар өмірінің ең бір сұрқай кезеңі туралы көп айтуды қаламайтын. «Біз Алаштың ісін жалғастырдық» деп кеуде соққанын да көрген емеспін. Еліміз тәуелсіздік алып, ойға, сөзге еркіндік берілгенде де кең көсілген естеліктер жазбады. Бірақ елін шынайы сүйген, басын бәйгеге тігіп, тәуелсіздікті жақындата түскен есіл ер, асыл ағалардың есімін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.
Бүркіт Ысқақов «жазасын» сол кездегі Қарағанды облысы Жезқазған қаласының іргесіндегі Кеңгір поселкасында орналасқан ерекше лагерь деп аталатын «Степлагта» өтеді. Репрессия күшейген кезде 30 мыңға жуық адам ұсталған бұл лагерьдегі тұтқындардың саны тұтас қаланың халқымен шамалас еді. Оған қамалған поляк, неміс, украин, латыш, эстон тағы басқа халықтардан шыққан саяси тұтқындар 1954 жылы атақты Кеңгір көтерілісін жасайды. Мұның бәрі жас Бүркітті одан әрі шыңдап, алған бағытының анықтығына деген сенімін күшейте түседі.
Ақынды «Степлагтағы» азап та, күн сайын адам рухын жаныштауға арналған тозақ та жасыта алмайды. Ширек ғасырға сотталып, күн сайын ұстараның жүзіндей қылпылдаған өмір мен өлімнің ортасында жүрген ақын мұнда да қаламын қаруға айналдырып, сертке соғылған семсердей сұсты жырларын жазады.
Сталиндік жалмауыз жүйенің түрмесіне қамалып, азаптың неше атасын тартса да, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер жыр жазуын тоқтатпаған болар, бірақ оларды жаналғыш тергеушілер бізге жеткізбеді. Бүркіт Ысқақов абақтыдан босатылғанда ақынмен бірге оның қайраулы қанжардай өткір жырлары да бостандыққа шығып, әдебиет әлеміне жол тартады.
Кеңес Одағының ең үлкен марапаты – Лениндік сыйлық белгіленген 1959 жылы, оған Моабит түрмесінде адам айтқысыз азап шегіп, айуандықпен өлтірілген татар ақыны Мұса Жәлел ұсынылғанда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Оның барлық өлеңдері жүрек қанымен жазылған. Оқығанда көзіңнен жас тамады. Ол маған сұм соғыстың бар қасіретін өзінің жанып тұрған жүрегінен өткізген Данко сияқты алауға айналған адам болып көрінеді. Егер сыйлыққа бір ғана есім лайық болса, онда ол Мұса Жәлел болуға тиіс. Ақынның қайтыс болғаны сылтау болмауы керек. Ол соғыстың өзге де қаһармандары сияқты тірі, әрқашан бізбен бірге өмір сүретін болады. Ол шынайы, лапылдап жанып тұрған от сияқты. Мұсаның қылпып тұрған қылыштың жүзіндей шығармаларындағы шындық аппақ қарға тамған қызыл қанның буындай бірден көзге түседі», – деп ақырып теңдік сұраған екен. Ұлы Мұхаңның осы сөздері түп-түгелімен кейін «Тас еденнің ызғары» деген атпен жарияланған Бүркіт Ысқақовтың отты жырларына да қатысты деп білемін.
Ақынның тар қапаста жазған:
«Қайғының қара қанжары,
Қадалып ғазиз жүрекке.
Жараланып жас жаным,
Отырмын оймен түнекте», –
деген жырлары өзі қамауда, қолы бұғауда болса да, ойы азат ақынның қайсар рухынан хабар береді. Оны осы жырдың келесі жолдарындағы:
«Есіңде болсын бірақ та,
Торғай емес, бүркітпін», –
деп есесі кеткен жауына түз бүркітіндей қаһар шашқан өр мінезден аңғарамыз.
Мен Бүркіт ағамыздың өмір тарихын, әсіресе «ЕСЕП» партиясы мен Степлагтағы қасіретті кезең туралы әңгімелерін өз аузынан естіген адаммын. Солар ұмытылып қалмау үшін осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын «Ағаның асыл бейнесі» атты естелік жазып, оны лагерь суреттерімен қоса жариялаған едім.
Азаттыққа шыққан ақын шығармашылықтың екі тізгін, бір шылбырын берік ұстап, қазақ-татар әдеби байланыстары тақырыбынан кандидаттық диссертациясын зор табыспен қорғайды. Кейін, 1976 жылы академик Серік Қирабаевтың жауапты редакторлығымен «Қазақ-татар әдеби байланысы» атты іргелі еңбегін жариялайды. Бұл – арада жарты ғасырға дейін уақыт өтсе де ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жоймаған классикалық монография.
Бүркіт Ысқақов қазақ-татар әдеби байланысы тақырыбын тегін таңдамаған.
Ол кезде қазақ әдебиетінің революциядан бұрынғы кезеңінің тарихы қанатыңды оп-оңай шалдырып алатын жанып тұрған оттай қатерлі тақырып болатын. Бұл үшін өзі түрмеден кеше ғана шыққан айдамет ақынның мойнына ұлтшылдық қамытының қайыра кигізілуі де әбден мүмкін еді.
Ол қазақ тарихының азуын Қытайдай алып айдаһарға білеген Көк түрік кезеңі мен ормандай көп орысты табанында ұстаған Алтын Орда дәуірін көрсету үшін оған түбі бір туысқан халықтардың әдеби байланысын зерттеу арқылы келген. Біз мұны автордың алғы сөзде тамыры терең қатынастарды төрт кезеңге бөліп, оның алғашқысы «...қазақ-татар халықтарының жалпы түркі тұқымдас халықтардың құрамында – Түрік қағанаты, Дәшті-қыпшақ одағы, Алтын Орда хандықтары қол астында тайпа-тайпа болып өмір сүрген кезі. Қазақ-татар әдебиеттерінің көптеген ортақ нұсқалары – ауыз әдебиеті үлгілері мен көне әдебиет ескерткіштері негізінен осы тұста жасалған» деген жолдарынан айқын аңғарамыз (Ысқақов Б., Қазақ-татар әдеби байланысы, А., 1976, 16-бет).
Бүркіт Ысқақовтың бұл зерттеуі кітабы дәл осы тақырыпқа жазылған кейінгі буын ғалымдарына бағыт-бағдар сілтеген бірегей еңбек болды. Тыңнан түрен салған монографиясы үшін Бүркіт Ысқақовқа қорғатпай-ақ докторлық атақ беруге болар еді, бірақ ол ғылыми ізденістерін талмай жалғастырып, тақырып аясын кеңіте түсті. Қазақ-татарға қоса, қазақ-башқұрт әдеби байланыстарына, жалпы түркітілдес халықтар әдебиетіне қатысты жаңа ғылыми еңбектер жариялады.
Ағысқа қарсы жүзіп, қиындық атаулыны қиналмай еңсеретін Бүркіт ағамыз сексенінші жылдардың ортасында жасының алпыстан асқанына қарамастан «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация жазуға кіріседі. Ғалым бұл жолы түбі бір, рухани, әдеби қайнары ортақ туысқан халықтардың халық ауыз әдебиетіндегі жалпы сарындар мен орыс отаршылдығына қарсы күрестерде туындаған азаттық жырларын тереңдете зерттейді.
Тақырыпты жаңа заман әдебиетімен үндестіре қарастырған іргелі еңбек ғалымның көзі тірісінде жарияланып үлгермесе де, ұстаздың адал шәкірттерінің көмегімен ол қайтыс болған соң арада 16 жыл салып 2007 жылы әдеби жұртшылықпен табысты.
Ғалым Б.Ысқақов алғашқы монографиясында түркі тілдес халықтар әдебиетінің көне қайнарларына көбірек үңілсе, кейінгісінде қазақ, татар, башқұрт халықтарының Ресейге бодан болғаннан кейінгі әдебиетін олардың азаттық жолындағы күресімен астастыра зерделейді.
Туысқан халықтар әдебиеті байланыстарын 4 тарауға бөліп талдаған ғалым оның кейінгі үш бөлігіне: Ресейге отар болған, ХХ ғасырдың басы және Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдеріне кеңірек тоқталып, бұл кездегі әдебиеттің басты тақырыбы рух азаттығы үшін арпалыс екенін астарлай көрсетеді.
Бүркіт Ысқақов ғылым кандидаты дәрежесінде дүниеден өтсе де, соңына доктор, профессордың деңгейіндегі мол ғылыми мұра қалдырды. Ғалымның шәкірттері ағаның асыл мұрасын тақырып бойынша жүйелеп, жіктейтін болса, олардан көп томдық бірегей басылым шығатыны анық.
Саяси күреске жас кезінен араласып, ертерек шыңдалған Бүркіт ағамыз жазықсыз қуғын-сүргінге түскен ұлтымыздың қайсар рухты қайраткер перзенттерінің еңбектерін насихаттауға да бел шеше атсалысты. Ол Кеңес Одағы мен СОКП әлі құламай тұрып, 1989 жылы академик Рымғали Нұрғалиевтің бас редакторлығымен жарық көрген «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының 4-томына арнап «Репрессия» және «Реабилитация» деген екі мақала жазды.
Бұл мақалада репрессияның үш толқыны: 1925-1929, 1937-1938, 1951-1953 жылдар түгел қамтылып, оның шеңгеліне түскен жүзге жуық қайраткер тұлғалардың өздері ғана емес, олардың ешбір жазықсыз қудаланған аяулы жарларының да аты-жөні аталады.
Бүркіт Ысқақов – қазақ поэзиясы мен әдебиеттану ғылымында ғана емес, еліміздің саяси тарихында елеулі із қалдырған қайраткер тұлға, күрескер ақын, кемел ғалым. Оның өнегелі өмірі мен өрнекті мұрасын бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.
––––––––––––
Суреттерде: 1. торға түскен жас Бүркіт. Степлаг, 1951 жыл; 2. азапқа толы төрт жылдан соң. Степлаг, 1955 жыл.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Ұлттық ғылым академиясының
академигі