Қазақстандық аралас стильдегі жауынгер (ММА) Шавкат Рахмонов UFC 310-ші турниріндегі 7-ші жеңісіне қол жеткізді. Ол ирландиялық Иэн Гэрриді ұпай саны бойынша жеңді.
UFC чемпионы болуға бір қадам
1,008
оқылды

Спортшылардың текетіресі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен шоудағы маңыз­дылығы жөнінен екінші орында болды. Бетпе-бет кездесудің алдында Рахмонов UFC жартылай орташа салмақ дивизионында үшінші орында, ал Иэн Гэрри жетінші орында болған еді. Кезекті айқас өте тартысты әрі ерекше болды. Әртүрлі сарапшылардың көзқарасы бойынша, Иэн Гэрриді Шавкатқа оңай қарсылас болады деген пікірлер айтылған-ды. Тіпті, көпшілік оның қанша айналымға дейін шы­дай­тынына бәс қойып әлек бол­ған. Алайда мотивацияға толы Гэрри 8 бұрыштың ішіне кірген сәттен бастап өзгеріп сала берді. Төбелес бойы Шавкаттан сауатты қорғана отырып, арасында дәл соққыларды да тигізіп үлгеріп жүрді.

Шайқастың бірінші және екінші айналымы бір-біріне қатты ұқсас болды. Өйткені әдетте алғашқы бөліктерде спортшылар барлау арқылы қателік жасамауға тырысады. Шавкат қарсыласын дәлдеп жүріп біршама дөп соққыларды жасап, бір рет клинчке апарды. Яғни, қарсыласын еш әрекетсіз ұстап тұру әдісін жасады. Гэрри де қорғана жүріп, соққы жасап, күреске ұмтылғанымен, отандасымыздан асып түспеді. Үшінші айналымда Иэн Гэрри белсендірек әрекет етіп, бірнеше нәтижелі соққы жасады. Осы айналым барысында Шавкат Рахмоновтың бапкерлерінің бірі Баян Жаңғалов «қарсыласына барынша кеңістік бермеу керек екенін, барынша жақын айқас өткізу керектігін» айтты. Оны біз де, Шавкат та жақсы естігендей болдық. Төртінші айналымда Иэн Гэрри күшін бойына жинап, жиі шабуылдай бастады. Аяқпен де, қолмен де ұра жүріп, әдістерін мейлінше көрсетті. Жалпы, Гэрри бұл жек­пе-жекті бірінші нөмірмен өткізгісі келгенімен, Шавкаттан айласын асыра алмады. Дегенмен жүйелі қорғанысы оны біраз жерге апарды.

Бәрімізді уайымдатқан сәт шешуші айналымда ирландиялық спортшы Шавкаттың мойнын қысып, тұншықтыра бастаған кезі болды. Екі минут бойы екі аяғын сірестіріп, тап­жылмай ұстаған Гэрри бүкіл Қазақстанды қылқындырып тастағандай күй кештірді. Иэн Гэрри әлемге соққылаушы сти­лі­мен танымал болғандықтан, оның күреске икемі аз. Соған қарамастан осындай жағдай ешкімнің ойына кіріп-шықпаған еді. Шавкат күш-жігері мен тәжірибесінің арқасында әрең дегенде бұл тұзақтан сытылып шығып, әрі қарай ұрысты жалғастырып кетті. Шыны керек, Гэрридің орнында атақты спортшылардың бірі Хамзат Чимаев болғанда, бұл белдесу уақытынан бұрын аяқталуы мүмкін еді.

 «Рахмонов мені бүгін құлата алады деп кім айтты?  Керісінше, мен оны тұншықтыруға жақын болдым. Ұрыста мен оның осал тұсын тапқандай болдым, сондықтан ол күресуге баса назар аударды. Иә, бүгін менің қолымды көтерген жоқ. Иә, мен жеңген жоқпын, бірақ өзімді жеңілгендей сезінбеймін. Мен нағыз алыппен шайқасуға шықтым және оның соншалықты қорқынышты емес екенін дәлелдедім. Мен оның істегенінің барлығын дерлік тоқтаттым. Ол мені құлата алмады», – деді мақтанышпен Иэн жекпе-жектен кейінгі баспасөзде. 

Ақырында жекпе-жек барлық бес раундқа созылып, қазылардың бірауыздан шешімімен отандасымыз жеңіске қол жеткізді. Үш төрешінің барлығы оны 48-47 есебімен ең күшті деп тапты. Мансабында алғаш рет «Көшпенді» ерте жеңіске жете алмады. Бұған дейін барлық жарыста 18 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтаған еді. Ал Иэн Гэрри болса, мансабындағы алғашқы жеңілістің дәмін сезді. 27 жастағы ирландиялықтың қоржынында әлі 15 жеңіс бар.  

Айқастан кейін Шавкат «Кел, айналайын» деп бірден қа­зіргі UFC 310 жартылай орта сал­мақтағы чемпионы Белал Мұ­хаммедті октагонға шақырды. Екеуі сол жерде бірінші мәрте бір-бірімен көз арбасты. Белал осы жекпе-жектің ерекше өткенін атап өтті. Бірақ соған қарамастан бұл салмақта чемпион болып қала­мын деп қысқа қайырды. Спортшылар жартылай орта сал­мақтағы белбеу үшін 2025 жыл­дың басында күресуі мүмкін. 

Айта кету керек, Рахмонов жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін 8 желтоқсанда күресуі керек еді. Бірақ титулдың иесі Белал Мұхаммед жарақаттануына байланысты жекпе-жектен шығып, оның ор­ны­на Иэн Гэрри келді.

– Жеңіске жеткенім үшін, қа­­зақ елін қуантқаным үшін қуа­ныштымын. Бұл  ауыр жек­пе-жектердің бірі болды. Мерзімнен бұрын жеңгім келді, әрине бірақ қарсыласым шынымен жақсы дайындалып, мықты өнер көрсетті, – деді ұрыстан кейін Шавкат Рахмонов.

Қалай десек те, жеңістің дәмі тәтті. Шавкат үшін, тақым  қысқан қазақтар үшін мерейлі мереке болғаны рас. Бұл жеңіс бұрынғыдан ерекше болғанын да көзіміз көрді. Шавкаттың күресі енді басталды. 

Әсет ҚАЛИ