Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының Ұлттық құрамасының үйлестірушісі және Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
Боксшы Бақтияр Артаев жаңа қызметке тағайындалды
1,081
оқылды

Белгілі боксшы Бақтияр Артаев енді Қызылорда облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасын басқарады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Б.Артаевты аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен кадрлық өзгерістер талқыланған жиында таныстырды.

Бақтияр Артаев 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген.

Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану», «Менеджмент», Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», ҚазТұтынуОдағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Құқықтану», «Дене шынықтыру және спорт» магистрі.

2004 жылы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль алып, «Вэл Баркер» кубогын иеленген тұңғыш қазақ спортшысы. Олимпиададағы жеңісінен кейін түрлі басқарушылық қызметтерде жұмыс істеп, ел спортына өз үлесін қосты.

2009-2013 жылдары Жамбыл облысындағы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, сондай-ақ облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2013-2021 жылдары «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы корпоративтік қорының президенті, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры және «Астана арландары» ЖШС бас директоры қызметтерінде еңбек етті.

2021-2022 жылдары Қазақстан бокс федерациясының Ұлттық құрамасының үйлестірушісі және Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.