Бүгінде композитор, пианист Фредрих Шопенді білмейтін жан жоқ шығар. Батыс Еуропа музыкалық романтизмінің жетекшісі ретінде ол Еуропаның музыкалық мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсер етті. Тіпті, ол романтикалық негізде прелюдия, этюд және экспромт сияқты түрлі музыкалық формаларды шығарды. Міне, қойылым осы ғұлама жанның өмірінен бір үзік сыр шертеді. Әсіресе композитордың Жорж Санд псевдонимімен белгілі Амандина Аврора Люсиль Дюпен есімді француз жазушысына деген махаббатын, он жылға созылған қарым-қатынасын, екеуінің ажырасуын көрерменге жеткізуге тырысқан. 200 жыл өтсе де, олардың махаббаты мен бір-біріне деген ыстық ықыласы қаншама шығармаға арқау болуда. Мұнын дәлелі – бүгінгі қойылым.
«Желтоқсан жаңбыры» балетін сахналаған хореограф әрі сценограф Кристина Паулиннің айтуынша, бұл қойылымды қоюына композитордың шығармашылығына деген сүйспеншілігі түрткі болған.
– Фредрих Шопенді және оның шығармаларын қатты жақсы көремін. Бұл балет тынысымның ашылуы десем болады. Себебі, осы қойылымға ұзақ ізденіп, көп дайындалдым. Композитордың бүкіл шығармасын тыңдап, жора-жолдастарымен жазысқан хаттың талайын оқыдым. Негізі екеуара жазысқан хаттың бірде-бір үлгісі жоқ. Шопеннің қазасын естіген Жорж қолындағы хатты түгелімен өртеп жіберген. Сондықтан осы шығармаға арқау болған – екеуінің достарына жазып, сырын ақтарған хаттары. Сол хаттарда олар бір-біріне деген ессіз махаббатын айтып, іштегі сезімін ақтарған, – дейді хореограф әрі сценограф Кристина Паулин.
Қойылым композитор Фредрих Шопен өмірінің соңғы сәтінен бастау алады. Композитор өмірінің соңғы жылдары туберкулез дертімен арпалысып өтті. Ақтық демі қалғанша жанынан табыламын деген сүйіктісі Жорж Санд жоқ. Шопен соған қапалы. Қасында әпкесі Людвика мен Жорж Сандтың қызы Соланж. Марқұмның қалауымен әпкесі оның жүрегін туған жері Польшаға әкетеді. Сөйтіп, қызынан қаралы хабарды есіткен Жорж күнделігін ашып, Шопенмен Парижде танысқан күндерін еске алады. Қойылым барысында Шопеннің шағырмаларын эстондық пианист Маргус Риймаа орындайды.
Балетте әртістер неоклассикалық үлгіде Жорж Санд пен өз жанымен, Шопен мен оның шығармасындағы өмір мен өлімнің арасындағы арпалысты көрерменге жеткізуге тырысқан. Ал Шопеннің сырқаты қозып, асқынуы, басына қара бұлттың үйірілуін талантты әртістер модерн стилінде шебер алып шыққан. Шындығында, композитор дүниеден 39 жасында өткен. Өмірінің соңғы он жылы сырқатымен күресіп өткен.
– Пианинода ойнай алмасам да, биші ретінде әрбір әуеннің үндестігін тұла бойыммен сезініп, көрерменнің жүрегіне жеткізіп, жанын тебіренту қолымыздан келеді. Оның үстіне, күнделікті таңғы дайындығым фортепиано үнімен басталады. Сол себепті де музыкадан бір кісідей хабарым бар. Бүгінгі қойылым өте әдемі хикая. Өкініштісі, композитордың ғұмыры қысқа болған. Әйтпегенде, әлі талай шығармалар жазылып, талай концерт өтер еді. Десе де, қысқа ғана ғұмырында жазған азғантай дүниесінің өзі бізге азық. Өйткені арада қанша уақыт өтсе де, әлі де шығармалары жүректі тебірентеді. Әуенін естігеннен бойыңды да, ойыңды да елітіп әкетіп, әдемі күй кештіреді, – деді Шопен рөлін сомдаған әртіс Уэли Карвальо.
Оның айтуынша, хореограф Кристина Паулин түрлі эксперимент жасауға, жаңашылдыққа өте ашық. «Желтоқсан жаңбыры» қойылымында классика да, неоклассика да, модерн де бар.
– Балеттің «Желтоқсан жаңбыры» деп аталуының себебі – желтоқсан айындағы жауын. Шопен сырқатына байланысты Жорж Санд екеуі Майоркаға демалуға барады. Дәл сол кезде жауын жауған. Маусымның мұндай уақытында еш уақытта жауын жауған емес. Желтоқсан айында, жауынның астында екі ғашық серуені сахналанған. Балетте композитор әке-шешесіне «келесі қыста үйге ораламын» деп жазғанымен, іштей дәм-тұзы таусылғанын сезгенін көрсетеді. Осындай адамның ішкі сезімі мен жанының арпалысын көрерменге бимен жеткізуге тырыстық, – деді ол.
Бір-біріне ұқсас емес жанның қосылуы замандастарын таңдандырды. Жорж Санд ажырасқан, екі баласы бар, жасы үлкен, дөрекілеу келіншек болған деседі. Ал Шопен – әлі отызға толмаған мәдениетті, нәзіктік пен сұлулыққа жақын биязы азамат. Тіпті, алғашында композитор «мына еркекшора, дөрекілеу екен» деп Жоржды бір көргеннен жақтырмаған. Екеуінің он жылға созылған махаббаты, ақыр соңында баянсыз болды. Дегенмен тарихшылар Шопеннің үздік шығармаларының басым бөлігі Жорж Сандпен бірге болған шағында шығарылған деседі. Мысалы, фортепианоға арналған «Собачий вальс» пьесасының өзін Шопен сүйіктісінің өтініші бойынша жазыпты. Бірбеткей Сандтың Шопен өмірінде алған орны, екеуінің ажырасуының себебі жайлы түрлі алыпқашпа әңгіме көп. Бірақ Астана балет қоюшылары «Желтоқсан жаңбыры» балетін екі ғашықтың оқиғасын ортаға салып, көрерменге өз көзқарастарын қалыптастыруына таңдау қалдырды.