Қаншама зират көрдім, ішінде адамы жоқ...

Көкшетаудағы қалалық бейітте қабірлердің елу-алпысқа дейін алдын ала қазып тасталатыны жайлы әл­еу­меттік желіге тарап кеткен видео көптің жағасын ұстатты. «Жер қазу кәдімгі кәсіпке айналыпты» деген жұртшылықтың алаңдаушылығы да орынды секілді.

Бейнетүсірілімдегі үзіндіде қатар-қатар қазылған қабір шұңқырлары соғыс кезін­дегідей «сақадай-сай» әзірленіп қойылыпты. Желілерде желдей тараған бейнероликтен кейін бірнеше күн өткенде алдын ала қаз­ылған қабірлер жергілікті биліктің арала­суымен жабылып тасталды. Бірақ осыған дейін бірнеше жыл бойғы еш кедергісіз жүз­еге асырылып жатқан кәсіптің одан әрі де еш тоқтаусыз жүргізіле беретінін анық аңғардық.

Жерлеу рәсімінің құны – 150 мың теңге

Видеодағы бір мәселе – қабірлердің алдын ала қазылып қойылуы болса, екіншісі – мұсылман бейітіндегі жерлеу ақысының бағасы. Көпшіліктің аузында бір адамды жерлеу құны 150 мың теңгеге жетіп жығыл­ғаны айтылды. Әрине, бұл қара жамылып, онсыз да жақын-жуықтары мен туған-туыс­қанын ойда-жоқта мәңгіге жоғалтқан кез келген отбасы үшін оңай қаржы емес. Жерлеу рәсімін атқару үшін дастарқан дүниесінен бөлек, жер қазу ақысының осынша көлемде болуы халықтың ащы жанайқайын тудырған. 

Түйткілдің түйінін ең алдымен қала бейітінің басында қайла-күрегі мен басқа да керек-жарағын сайлап алты жыл бойы жерлеу рәсімін атқарып жүрген жеке кәсіп­кер Ербол Мурзатаевпен кездесіп, мән-жайды сұрадық. Бұл кәсіпті бастағанда зират маңында ешқандай жағдай, тіпті жол да болмағанын алға тартады. 

– Алғаш 2018 келген жылы зиратта жол да болған жоқ. Біз балшыққа батып, мәйітті бейіт ішіне қолмен кіргізетін кез­деріміз де болды. Қыстыгүні жол ашылмай­ды. Азаматтарға айтып бейіт ішіне ұсақ тас төгіп, жолын салып түзеттік. Келген жыл­дары бейіт ішінен 38 камаз қоқыс шығардым. Биылғы жылдың өзінде 8 камаз қоқыс шықты. Мен мұнда келгенде жігіттер қабірді қолмен қазатын. Опырып қазғыш, мотор алдық. Былтыр аяз қатты болған кезде орыстардан техника жалдап алып, бет жағын қаздырдық. Олар жыл сайын 150-200 мола қазып қояды екен. Шариғатта бұған ешқандай айып жоқ. Қазір қала маң­ындағы ауылдардың бәрі осында көшіп келіп жатыр. Күніне он адамға дейін келетін кездер болады. Ондайда үлгермейміз ғой. Сондықтан алдын ала қазып қоямыз. Бір айда 20-25 адамға дейін қайтыс болады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде, тіпті Астанада да осылай күні бұрын қазылып қояды. Бағасына келсек, жер сатылмайды. Жер тегін. Өздері қазамыз дегендер ағайын-туыстарын жинап, қабірді өздері қазып алады. Қазбайтын болса, бізде арнайы құрылған топ қазады. Бір қабірді қазу шамамен 6-7 сағат уақыт алады. Жерді қазып беру құны – 90 мың теңге. Трактормен бет жағын ғана қазамыз. Бет тақтайы мен айшығын біз ағаш кесушілерден сатып ала­мыз. 52 мың теңгеге сатып алып, 60 мың теңгеге сатамыз. Қалған сегіз мың теңгесіне күрек-сайман алып, опырғыш­тарымыз, мотор сынып жатса, соны жөн­дейміз. Жұмысшыларға күзгі, қысқы жазғы барлық киім, аяқкиім шұлықтары мен қолғаптарына дейін алып беремін, – дейді Ербол Мурзатаев.

Жер қазуды кәсіп қылған Ерболдың айтуынша, бейіттің айналасында үлкен дау болған соң сол кездегі Көкшетау қала­сының әкімі Ермек Маржықпаев ақсақал­дарды жинап, жиын өткізген. Зиратты қазу рәсімінің бағасы сол кезде ақсақал­дармен ақылдаса отырып қойылған-мыс.

– Сол жиында ақсақалдар ел болып, мені тағайындады. Мен ол кезде жаназада жүретінмін. Бәрін білген соң осы істі маған тапсырды. Ол кезде мұндай баға болған жоқ, сол ақсақалдармен ақылдасып, осы бағаны қойғанбыз. Қаладағы ақсақалдар бұл бағаны бәрі біледі. Сол ақсақалдармен бірге осы жер қазу 90 мың, беттақтайы мен айшығы 60 мың теңге болып қойылған, – дейді Ербол Мурзатаев.

Біз бейіттегі жер қазушылар құны 60 мың теңге деп бағаланған мұсылман бейіттеріндегі беттақтайдың іс жүзіндегі құнын ағаш тілушілерден анықтағымыз келді. Ол үшін бір текше тақтайдың құны мен одан қанша беттақтай әзірлеуге болатынын сұрадық.

– Иә, мұсылман қабірлеріне 10х15 мөлшеріндегі беттақтай үшін тақтай алуға келетіндер бар. Бір текше тақтайдың құны 120 мың теңге тұрады. Бұл бір текше тақ­тай­дан шамамен 3-4 беттақтайға арналған материал шығады, – дейді «АБД» ағаш тілу жеке кәсіпкерлігі өкілдері. 

Тендердің құны – бір теңге 

Бейіт айналасында қаражаттың көп жүруінен бе, даулы жағдай жиі туындап жататыны рас. Бірақ бізді таңғалдырған бір жайт, бір адамды жерлеу рәсімінің құны 150 мың теңге болып жатқанда, тендер тек 1 теңгеге ғана ойнатылатыны. Мұның да бір астары бар-ау деген ойға қалдық. Бейітте жер қазуды ұйымдастырушы Ерболдың айтуынша, биыл тендерді жеңіп алған астаналық компания бұларды қуып шығар­мақ болған. Сондай-ақ бір теңгелік тендерді 12 миллион теңгеге сатпақ болған-мыс. 

– Биыл бізге бір азамат тендерден ұтып алдым деп келді. Сосын бізді қуа бастады. Тіпті, қуып шыға жаздады. Ақсақалдар жиналыс ашып, оны тоқтатқызды. Бірақ кейін сол азамат орыстардың зиратына барып, тендердің құжатын сатамын деген. Бір теңгеге ойналған тендерді «Шапағат Көкше» ЖШС иесі Александр Артеменкоға «12 миллион теңгеге сатамын» депті. Бірақ ол 12 миллион қаражаты жоқтығын айтып, «мұсылман зираты мен орыс зиратын 2 миллионға сатып алайын» депті. Бір жұмадан кейін қайта хабарласып, 2 миллионға сатуға келісіпті. Артеменко 1 миллион теңге сұрап, маған хабарласты. Шариғатта пара беруге болмайды. Бұл пара ғой. Сатып алсаң, сатып ал. Бізде ондай қаражат жоқ деп бас тарттым. Орыстар 2 миллион теңгеге сатып алыпты. Қазір орыстардың зиратының басшысы біздің мұсылман зиратына басшылық етеді. Бізде тек ақсақалдардың шешімі ғана бар. Әкімшілік тарапынан бізге ешқандай құжат берілген жоқ, – деп толықтырды Ербол Мурзатаев. 

Бейіттің мемлекеттік актісі де жоқ...

Ерболдың айтуынша, қаланың бас бейітінде орналасқан жердің тиісті мемле­кеттік акт құжаты да жоқ екен. 

– Тіпті, бұл зираттың мемлекеттік акті құжаты да жоқ. Дәл қазір бұл жер құжаты жоқ, иесіз жер ретінде жатыр. «Құжатын жасаймыз» деп жүргенде 5-6 жыл уақыт өтіп кетті. Ешқандай құжат жасалған жоқ. Қазір бейіт екпе ағашқа дейінгі шамалы ғана жер қалды. Оның ар жағында кабельді сымдар жатқасын ар жағына өтуге рұқсат берілмеген. Одан кейін бейіттің қайда көшірілетіні белгісіз, – дейді Ербол Мур­затаев. 

Жер қазушы Ербол жергілікті әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарапынан бейіттің қарын аршу, қоқысын шығаруға еш көмек жасалмағанын да атап өтті. Тендер ойнатылғанымен, бейітте еш­қандай жұмыстардың тиісті түрде жүр­мейтінін жеткізді.

– Тендерді жеңіп алғандар бастапқы кезде жұмыс істеген сияқты болады. Кейін жоғалып кетеді. Жыл сайын орыстардың және мұсылман бейіттерінің әрқайсысына жыл сайын 6 миллионнан 12 миллион теңгеге тендер ойналады. Бізді ешқандай тендерге қатыстырмайды. Алты миллион теңгенің қайда кетіп жатқанын білмеймін. Бірақ бейіт басында ешқандай жұмыс істелмейді. Қаражаттың қайда кетіп жатқанын қалалық ТҮКШ бөлімі біледі. Басында дәлел есеп үшін тазалық жұмыс­тарын жүргізген болады, – деп түсіндірді Ербол Мурзатаев. 

Алдын ала қабір қазудың себебін білу үшін «Науан Хазірет» атындағы облыстық мешіттің бас имамы Қуаныш Сәбитке хабарластық. Бас имам алдын ала қабір қазудың, сондай-ақ көрсетілетін қызмет үшін ақы төлеудің шариғатқа қайшы кел­мейтінін атап өтті. 

– Осы күндері Көкшетау қалалық зиратында қабірлер алдына ала қазылып қояды екен деген видео таралып, талқыға түсуде. Біріншіден, бұл мәселеге кіріспес бұрын қалалық зираттарға қызмет көрсету әкімшілік тарапынан тендер ойнату арқылы жүзеге асатынын айтқымыз келеді. 2024 жылғы тендерді 1 теңгеге Астана қаласынан бір фирма ұтқан болатын. Бірақ осы күнге дейін бұл фирма зиратқа ешбір қызметін (жолды қардан тазалау, жолды жөндеу, тазалық жұмыстары т.б) көрсетпеді. Бірақ осы күнге дейін мұсылманшылық міндетті орындау үшін қалалық зиратты мешіт қызметкерлері қарап келді. Зиратта жер тегін беріледі, ал төленетін 150 000 теңгеге беттақтай, айшық, күрек саймандар және қабіршілердің ақысы төленеді. Қалған қаражатқа мешітті тазалау, жолдарын тегістеу, қыста қарды тазалау т.б жұмыстар жүргізіледі. Жер қатпай тұрып қалалық зиратта алдын ала қабірлер қазылып қойған болатын. Оның себебі де бар. Қалалық жерлерде ауылдағыдай қабір қазуға адам жиналмайды. Қыстыгүні жер 1,5 метрге дейін қатып қалады, қабірді қазу қиындық туғызады. Сонымен қатар кейде қабір қазу түгіл, жерлеудің өзінде адамдар атсалыс­пайды, – дейді бас имам Қуаныш Сәбит. 

Желіде желдей есіп қоғамдық резонанс көтерілген мәселеге байланысты Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы әр облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ермек Нұғымановқа да хабарластық. 

– Жақында ғана бір жақыным дүние салып, 150 мың теңге төледім. Халықтан арыз түсіп, қоғамдық кеңесте де бұл мәселе талқыға түскен. Конкурс арқылы тендермен өткізіледі. Ең басты мәселе – бұл емес. Қалалық бейіт толуға шақ қалды. Жақын арада адам жерлейтін орын болмай қалады. Сондықтан ең алдымен осы мәселені көтеру керек. Зиратқа орын сұрау керек, – деді Ермек Нұғыманов. 

Қоғам арасында үлкен дау тудырған түйіннің ұшын Көкшетау қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылығы бөлімінен білгіміз келген. Өкінішке қарай, басшысымен тілдесу мүмкін болмады. Ақыры жауапты бөлім басшысының орынбасары Ерболат Серік­баевтан алдық. 

– Щучинск трассасы бойында орна­ласқан мұсылман және христиан бейіттері қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде орналасқан. Заң аясында мемлекеттік мекеме өзі күтім жасай алмайтындықтан мердігер компаниялар арасында конкурс ойнатылады. Мемлекеттік сатып алу заң­намасына сәйкес астаналық ADS GС ЖШС-мен үш жылға келісімшарт жасалған. Бәсекелестік ортаға беріледі. Мың теңгеге күтім жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыстар­дың бәрі мердігер компаниямен жүргізіледі. Конкурс бойынша қызмет көрсетуді ұтып алған компания жерлеу рәсімінен жүргізуден арқылы қаражат табады. Сол арқылы зи­раттың күтім жұмыстарын жүргізеді. Мер­дігер ADS GC компаниясымен арада жасалған келісімшарт күшін жойған жоқ. Компанияның алдыңғы қожайыны мен қазіргі қожайыны өзара келісімшарт жасасып, қазіргі қожайыны сол ұйымды сатып алды. Біз мемлекеттік мекеме тарапынан оған ешқандай қарсылық білдіре алмаймыз. Бейіттің мемлекеттік актісі, құжаттары бар. Зират толған жағдайда жаңа орын алуға өтінім жасаймыз, – деді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық бөлімі басшысының орынбасары Ерболат Серікбаев.

P.S. Егер қабірлерді алдын ала қазып тастау дұрыс болса онда оны қайтадан неге жабады? Жерлеу құнының қымбаттығы неге алаңдатпайды? Көңілде – көп сауал. Өкініштісі – көп сауалдың түйіні тарқамай тұр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы