Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.
Сенат төрағасы Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасымен кездесті
593
оқылды

Кездесу барысында тараптар бірқатар маңызды мәселені талқылап, Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған практикалық іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Валентина Матвиенконы Ресейде бүгін аталып өтіп жатқан Конституция күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол Ресей парламентаризмінің қазіргі тарихы да 1993 жылдың 12 желтоқсанынан бастау алатынын тілге тиек етіп, аталған датаның символикалық мәніне назар аударды. Сенат Төрағасы бүгінде көп қырлы Қазақстан-Ресей байланысы барлық негізгі бағыт бойынша тиімді дамып келе жатқанын айтты. Бұған, ең алдымен, мемлекет басшыларының өзара қарым-қатынасы ықпал етіп отырғаны анық.

«Ресей – Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас берік және мызғымас достықтың үлгісі. Ынтымақтастықтың барлық саласында өзара іс-қимылдың дәйекті және тиімді дамуы осындай қатынастың дәлелі екені сөзсіз. Бұл сапар да парламентаралық ынтымақтастықтың жоғары серпінін сақтауға өз септігін тигізеді деп сенеміз. Жалпы, біздің негізгі міндетіміз – мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал ету», – деді Сенат Төрағасы.

Кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев пен Валентина Матвиенко парламентаралық байланыстарды нығайту перспективаларына және Парламент Палаталарындағы салалық комитеттердің өзара іс-қимылы мен халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Парламент Сенаты мен Федералдық Жиналыстың Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмыс тиімділігі сөз болды.

«Бүгінде депутаттар арасында өзара сенімге негізделген диалог пен достық қалыптасты. Ол елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар рухына табан тірейді. Біздің тұрақты кездесулеріміз екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын жүйелі түрде дамытуға және ортақ міндеттерді жедел шешуге ықпал етеді. Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысы да өзара іс-қимылымызға жүйелі сипат береді. Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған практикалық іс-шаралар жоспарына қол қою алдағы кезеңге арналған өзара іс-қимылдың басым салаларын айқындауға, депутаттар мен аппараттардың жұмысын нақтылауға және елдеріміздің парламентаралық ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін береді деп сенеміз», – деп, Сенат Төрағасы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы жұмысының әлеуетін одан әрі нығайтудың маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, туризм, цифрландыру және басқа да басым бағыттар бойынша Қазақстан мен Ресей Парламенттері депутаттарының алдағы өзара іс-қимылын одан әрі арттыруға арналған міндеттер белгіленді.

Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді жоғары бағалап, парламентаралық байланысты әрі қарай жандандыруды көздейтін перспективалық салаларға назар аударды.

«Мемлекет басшыларының ерік-жігерінің арқасында елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жаңа сын-қатерлерге қарамастан бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Осы ретте елдеріміздің Президенттері қабылдаған маңызды шешімдер заңнамалық қолдауды қажет ететіні анық. Бұл істе Парламенттеріміздің Палаталары арасындағы іс-қимыл жоспары нақты тетік бола алады. Сол арқылы парламенттік байланысты дамытуға және нығайтуға ықпал ететін шараларды іске асырамыз. Жалпы, біздің жоғарғы Палаталар арасындағы қарым-қатынас жүйелі сипатқа ие екенін атап өткен жөн. Осы бағыттағы ынтымақтастық екіжақты негізде және көпжақты алаңдарда қарқынды дамып келеді», – деді Валентина Матвиенко.

Сұхбат кезінде өңіраралық байланыстарды кеңейту бірлескен жұмыстың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.

«Сенат – Федерация Кеңесі сияқты өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палата. Сондықтан біз үшін аймақтардың дәйекті әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жағдай жасау аса маңызды. Биыл 27 қарашада Уфа қаласында ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Іс-шараға бейнебайланыс режімінде мемлекеттеріміздің басшылары қатысты. 2024-2028 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың ауқымды бағдарламасы қабылданды. Онда 150-ге жуық бірлескен іс-шара мен түрлі жобалар қамтылған. Бағдарламаны жүзеге асыруға Парламент депутаттарының да үлес қосуы айрықша мәнге ие. Бұл бағыттағы нақты мәселелерді бірлескен комиссия аясында талқылауға болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына да баса мән берілді. Бұл ретте халықаралық қатынастар жүйесінде іргелі рөл атқаратын білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту жөнінде сөз болды.

«Келесі жылы қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында Қазан қаласында ойшылдың бюсті орнатылды. Ал, Мәскеудегі Үлкен театрда «Абай» операсы қазақ тілінде сахналанды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Елдеріміздің Президенттерінің шешімімен Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалы ашылады. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының Ресейдегі алғашқы өкілдігі болатынын атап өткен жөн. Жақын арада Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында МГИМО-ның филиалын ашу да жоспарланып отыр», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.

Келіссөздердің нәтижесінде Сенатта Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған практикалық іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.