Мейірбек Сұлтанхан, ақын, «Алтын домбыра» иегері: Керегі мен кебегін халық өзі ажыратып алады

Мейірбек Сұлтанхан – қайым айтыста да, суырып салуда да өзінің тапқырлығымен көптің есінде қалып жүрген мықты ақындардың бірі.

Айтыс десе, елең ете қалатын қауым үшін Мейірбектің орны бөлек. Орамды ой, шешен сөйлейтін ақынның сырбаз қалыбы да көрерменді ерекше тәнті етеді. Айтыс сахнасында найзағайша жарқырап жүрген Мейірбек жақында Астанада өткен «Төрлет, еңбек адамы!» республикалық аламанда топ жарып, «Алтын домбыраны» иемденді. Айтыскер  дейтін бір өзгеше қауым ғой, сол қауымның ортасынан ойып тұрып орын алған ақынның айтары да  бөлек болса керек-ті. 

– Мейірбек, «Алтын домбыраң» құтты болсын! Мұны біз айтыстағы көп жылдық еңбегіңнің ақталғаны деп түсінеміз. Де­генмен бұл сыйлықты алған кездегі сезімің қандай болды?

– Көп рақмет! Ең бірінші тілеуімізді тілеген өнерсүйер ағайынға, елге мың алғыс айтқым келеді. Сол тілеуімді тілеген ағайынның қатарында сіздердің газет ұжымы да бар екен. Бала күнімізден бастап әр қадамымызға тілекші болып, жетістігімізге сүйсініп, елден сүйінші сұраған жақындарымның да бар екенін айта кетейін. Әрине, арқадан ауыр жүк түскендей сезімде болып отырмын. Алмас Алматов ағамыздың айтатын сөзі бар еді: «Кезеңің келмей, кезегі келмейді» деп. Кешегі бәйге бабымыз бен бағымыздың қатар жанған сәті болса керек. Сезім бөлек, жан бөлек боп тұр. Әлі де толқыныс басылмай жатқан секілді. Ең басты қуан­ғаным – былтырғы айтыста да көп көрер­мен, айтыс жанашырлары келер жылы менің алатыныма үміттеніп, маған жан­күйер болатынын айтып жатты. Бірақ сол сенімнің үдесінен шығу ең ауыр міндет. Сондықтан екі есе жауапкершілікті арт­тырған кез болды. Осылайша, мәреден көрініп, ойға алған мақсатқа қол жеткізіп отырған жайымыз бар. 

– «Алтын домбыра» демекші, бұл сый­лық айтыскер ақындардың қол жеткізетін ең биік шыңы деп қабылдаймыз ба?

– Бір жағынан солай десек те болады. Өйткені «Алтын домбыра» 13 жыл ішінде айтыстың брендін қалыптастырған үлкен жобаға айналды. Жер-жерде, өңірлерде айтыстар өте береді. Бірақ «Алтын дом­быраның» бәсі биік. Өйткені көрермен ең күтетін сөз сайысының бірі. Және бұл сайысқа қатысатындар –жылдағы үздік, бәйгелі болған ақындар, бас жүлде мен бірінші орыннан көрінген ақындар. Солардың жекпе-жегі әрі жылдың қоры­тындысы болғандықтан басқа сайыстарға қарағанда бәсекесі де өте жоғары болады. Бірақ «Алтын домбыра» иелену – ақын­ның шыққан шыңы, не болмаса өміріндегі жетістігі деп қабылдауға болмайды. Бұдан кейін де айтатын сөзің дұрыс болуы керек, «Алтын домбыра» алғаннан кейін елге не айтамын екен деген екі есе жауапкершілік жүгі жүктелетін дүние. Бәріне уақыт та­разы. Ертең тарихта қалатын нәрсе – ақын­ның аузынан шыққан сөзі, алған жүлдесі емес.

– Дұрыс екен. Қайта айтысқа оралсақ. Кеше мен бүгінді салыстыра аламыз ба? Тіпті, бес жыл бұрынғы уақытты бүгінмен салыстыру мүмкін емес. Осы жылдар ішінде айтыстың қаншалықты деңгейі өзгерді? 

– Өткен айтыс пен қазіргі айтысты салыстырып, нақты өлшемін бере алатын тонометр жоқ. Бірақ қай жағынан алсақ та жетістік те, кемшілік те бар. Бұрынғы айтыстардың ең бір артықшылығы – шы­найылығында. Сол жердегі айтыстың не­гізгі табиғатының сақталуы деп жата­мыз. Ол кезде көрерменнің де айтысқа де­ген ықыласы керемет еді. Ол кезең ай­тысқа шөліркеп келетін. Қазақтың рухани дүниесіне қолдау бөлек болатын. Ақын­ның бір шумақ өлеңі елді дүр сілкінтетін жағдайға жеткен. 1990 жылы Республика сарайында өткен айтыста Ерік Асқаров Дінмұхамед Қонаев жайлы шырқаған сәтінде халықтың айрықша қошеметіне риза болып, орнынан үш рет тұрып, кө­рерменге бас иген еді. Бүгінгі айтыстың бір ұтымды тұсы – әлеуметтік желінің дамыған кезіне тұспа-тұс келуі. Кез келген ақынның бір айтылған ұтқыр ойы болса, TikTok, Facebook, Instagram секілді желі­лерде тарап кетеді. Бір қиын тұсы – бұрын айтыс пен «Тамашаға» шыққан өнерпаз ертеңінде жұлдыз болып жатса, қазіргі ақынның танылуы қиын. 

– Керісінше, әлеуметтік желі көбірек танымал етпей ме? 

– Өйткені контент өте көп, ақпарат ағыны толассыз келіп жатыр. Неше түрлі шоу-программа, кино, реалити-шоу, одан бөлек, әлемдік мәдениет, ресейлік шоулар арасында айтыс өз көрерменін жоғалтпай келе жатқаны – үлкен жетістік.

– Айтыстың жиі өткені дұрыс па? Әлде, көрерменді жалықтырып жібере ме?

– Қазір айтысқа айтылатын сынның бірі – осыған байланысты, яғни айтыстың жиі өткізілуі. Сондықтан «Алтын дом­быра» айтысын көрермен жыл сайын кү­те­ді. Сол сияқты республикалық дең­гейде жылына 4 не 3 айтыс өткізгеннен гөрі, үлкен жоғары дәрежеде 1 айтыс өт­кіз­се, ал облыстық, аудандық айтыстар өте беруі керек. Өйткені сол өңірдегі та­ланттардың танылуына, жастардың бола­шағына жол ашатын дүние.

Өңірдегі айтыстарға да жан-жақтан ақындар жиналғаны жөн. Бұл да айтыстың деңгейін өсіреді. Бірде Қызылжар өңірінде үлкен айтыс өтті. Сонда қатты қобал­жы­ғаным бар. Өңірдегі көрермен менің ай­тысымды қалай қабылдайды деген қорқы­ныш болды. Бірақ елдегі ағайынның ай­тысқа деген махаббатын көргенде, жан-дүниеңмен сезінгенде, өңірлерге көбірек бару керек екенін түсіндім. 

Мысалы, солтүстік өңірлерінде қан­шама ағайын бар. Бірақ ол жақтарда ай­тыс көп өте бермейді. Алдағы уақытта сол­түстікке көбірек барсақ, артық болмас деген ойдамын.

Астанада өткен «Алтын домбыра» айтысында 30 шақты Мәжіліс депутаты залда отырды. Бұл да айтыстың абыройын көтереді. Ақындар елдің, елдегі ағайын­ның мәселесін, мұң-мұқтажын айтады. Мұны тыңдаған депутаттар сауал жолдап, мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізуге мол мүміндік. 

Кезінде ақындардың бір сөзі бір га­зеттің ашылуына, я болмаса бір жолдың салынуына әсер еткен. Сол секілді осылай жүйе қалыптасса, бұл ақындардың да сө­зінің дуасы бар екеніне, халықтың сені­мінің артуына ықпал ететін еді. 2011 жылы Семейде айтысқа бардық. Ол кезде облыс әкімі – Бердібек Мәшбекұлы. Сонда Абай ауылына баратын жолдың нашарлығын айтып келіп, «Абай жолын» жазудан қиын емес, Абайдың жолын жөндеп берсе бол­ды» деп айтқан едім. Сол айтыс біткеннен кейін Бердібек Мәшбекұлы «ақындар осын­дай орынды сөзін айтты» деп, мә­селені келер жылдан қалдырмайтынын айтқан. 2012 жылы Өскемен қаласына ай­тысқа барғанымызда «Былтыр ақындар осы мәселені көтеріп еді, биыл сол жолды салдық» деді. Бұл үлкен қуаныш сыйлаған дүние болды. Сол сияқты өткен айтыстың да, бүгінгі айтыстың да өзіне тән кемшілігі мен жетістігі көп.

– Әдетте, айтыс десе, ерте кездегі ақындардың айтыс өнеріндегі еңбектерін айтып, бағалайтынымыз анық ғой. Бұл заман о заманнан бөлек қой, қазіргі ақын­дарды (айтыс ақындарын) осынау өнерге байлап тұрған не нәрсе?

– Қай жағынан алсақ та, өнерге деген махаббат деп білеміз. Әрине, жолай қо­сылған адам да болады. Ол бұрынғы ай­тыста да болған. Бұрынғы кезде қолына дом­быра ұстатып, шапан кигізіп, пар­тия­ның жетістігін жырлатып, өлеңін қағазға жазып беріп шыққан «ақындар» да болды. Бірақ олардың емес, шынайы талант­тардың аты ел аузында қалды. Сол секілді нағыз таланттар іріктеліп, сахнада қалады. Керегі мен кебегін халықтың өзі ажы­ра­тып алады. Қалай болса да бойындағы қазақтық пен ойындағы айтысқа деген махаббат шығар. Әйтпесе, қазіргі жастарда танылуға деген мүмкіндіктің неше түрі бар. Тез танылудың жолы тұрған кезде айтысқа деген құрметі бөлек, соның оқуын оқып, әр өңірге барып жүрген жас­тарды көргенде қуанамыз. Кешегі «Алтын домбыра» айтысында 100-ге келген ақ­сақал Жамбылға ұқсап, айтыстың шы­мыл­дығын ашып берді. Бұл 43 жылдан ке­йін қайталанып тұрған тарихи сәт. Ақ­сақалдың жанында арнау айту үшін жасөспірімдер шықты. Ең кішісі – 6 жас­та. Ұрпақ сабақтастығы деген – осы. Міне, осындай балалардың бар екенін біл­генде өнер өлмейтініне, төл өнеріміздің төрден түспейтініне сенім ұялайды екен. 

Астанада бір ерекше бала бар. Осы­дан үш жыл бұрын сол бала маған хабар­ласты. Үйіне кездесуге бардым. Ата-ана­сы Ре­сейде қызмет еткен кісілер екен. Айтуынша, баласына кішкентай кезінде You Tube арнасынан домбыра қосып береді екен. Домбыраның үнімен ұйықтап жүріпті. Бір күні айтысты қосып беріпті. Содан кейін бала тек айтысты тыңдап ұйықтайтын болыпты. Телефонды қолына берсе, өзі айтысты тауып алады екен. Осы күнге дейін айтыспен өмір сүріп келе жа­тыр әлгі бала. Тіпті, қызыққаны сонша­лық, айтыс ақындарының суретін шыға­рып, альбом жасап қойған. 

Ата-анасы «осы баланың арқасында қазақша үйрендік» дейді. Мектепке бар­маса да, айтысқа деген махаббатымен дом­быра үйреніп алыпты. Ел ішінде осын­дай адамдар. Сондықтан «айтыс ке­рек емес, жабылсын» деген – бекер әң­гіме. Айтысты сүйетін көрермені бар да мәңгі жасайды.

– «Айтыс – дала театры» дейміз. Бірақ біз қазір оны шоуға айналдырып алған секілдіміз. Солай ма?

– «Айтыс – дала театры» деген Мұхтар Әуезовтен қалған сөз ғой. Айтыстың әр жанрында әзіл де, ұтымды ой да, уытты сөз де болады. Бұл ақынның стиліне бай­ланысты. Кей ақындар шоу жасаймыз деп соңынан кетіп қалады. Оны өз басым құп­тамаймын. Сахнада айтылған сөз сол эмоциямен ерекше өтіп кетуі мүмкін, ер­теңгі күні қағазға хаттаған сәтте оқуға да тұрмайтын дүние шықпауы керек. Әр ақын өзіне жауап беруге тиіс деп ойлай­мын. Шоу екен деп жеңіл дүниеге бара бер­ген жөн емес. Тұтастай алғанда ай­тыс – синкретті өнер. Мұнда менің сөзім тәуір екен деп қалған дүниені ысырып қоюға болмайды, одан бөлек мақамды құбылту, сахнада өз-өзін ұстау, импровизация, тоқсан өнер тоғысқан кезде барып, шын таланттың мүмкіндігі көрінеді.

– Қазір мойындасақ та, мойындамасақ та, «сананы тұрмыс билеген» заман боп кетті. Күн сайын айтыс, тіпті болмаса, ай сайын айтыс өткізіп жатқан жоқ. Айтыс ақындары қалай күн көреді?

– Жақсы сұрақ. Кейбіреулер ақындар барған сайын көлік ұтып, шалқып өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Жоқ, ақындар да қарапайым, қоңыр тіршілік кешіп жатыр. Әркімнің жұмысы, жеке кәсібі бар. Көбі ұстаздық қызметте немесе мәдениет саласында жұмыс істейді. Одан бөлек, тойға шығып, асабалықпен айна­лысатындар да бар. Өзім кейде той бас­қармасам да, беташарға шығамын. Ырым­дап, «келіннің бетін өзіңе ашқызсақ» дейтін тыңдармандарым бар. Ықыласпен шақырған ағайынға «жоқ» деп айта алмаймын. Бұл да олардың менің өнеріме деген құрметі болса керек. 

– Соңғы жылдары байқасақ, сахнаға шығып жүргендердің көбі көпшілік білетін есімдер. Жаңа есімдер, талантты жастар көрінбейді. Әлде, қазір айтысқа қызығу­шылық азайды ма?

– Көпшілік есімдер жоқ дегеніміз – жоғарыда айтылған мәселеге қатысты да болса керек. Өйткені жан-жақтан толас­сыз кеп жатқан ақпарат, бір ақынның өз стилімен жарқ етіп шықпағаны да бұған себеп болатын сияқты. Бұрын Арқадан Аманжол аға, Батыстан Меліс ағамыз, Же­тісудан Оразалы Досбосыновтың өз сти­лі, өзіндік өрнегі болды. Оларды дара­лап тұрған да сол дүние еді. 

Қазір әлеуметтік желіден тыңдап өс­кен бала өзі ұнатқан ақынына еліктеп, мақамына дейін ұқсатып алады. Өзіндік стиль, өзіндік даралық жоқ, жеке ерек­шеліктер жойылып бара жатыр. Қытай­дағы қазақ айтысы да солай. Ол жақтағы мақам-әуездер ерекше естілетін еді, қазір олар да осы жақтың мақамына салып айтады да, айырмашылық болмай қалған. Арамызда сондай ақын көбейді, жастар ізденістен шет қалып жатыр. Бір-екі ай­тыста жарқ етіп көрінеді де, кейін көптің арасында есімдері ұмытылып қалып жатады. 

Жас уақытта көп іздену керек, көп оқы­ған жөн. Тек поэзияны немесе көркем әдебиетті оқу деп қарамау керек, барлық жанрды қамтыған жөн. Қаптаған ақпа­ратқа сүзгі керек. Оның бәрін жұта беруге тағы болмайды. 

Жуырда «Қола домбыра» деген респуб­ликалық оқушылар айтысы өтті. Сол ай­тысқа шыққан балалардың талабын көріп, қарқынына қуандық. Кешегі «Алтын дом­быра» айтысында да Айым Асыл­бек­қызы деген қарындасымыз қандай тамаша өнер көрсетті. Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбай 24 жасында «Айтыстың ақ­таңгері» атанып жатыр. Осындай есім­дердің «Алтын домбырада» шыққанына қуандық. Өйткені «Алтын домбырада» жаңа есімнің табылмай жататыны жасы­рын емес. Сақа ақындар ғана тізімге ілі­ніп, солар ғана бәйгенің басынан көрі­нетін еді. Осы жолы Нұрбол Жауынбаев І орынды, Айым Асылбекқызы ІІ орынды алды. Алдағы айтыстарда да есімін ел танып жатады деп ойлаймын.

– Жалпы, айтыскер ақын қанша жасқа дейін сахнаға шыға алады?

– Айтыста белгілі бір жасқа дейін шығу керек деген заңдылық жоқ. Бірақ қазір айтыс жасарып кетті. Мұны мойын­дауымыз керек. Баяғыда алпыстағы ақын­дар сахнаға шығып жатса, қазір 40-тан асса, сахнадан өздері жылыстап жатады. Өйткені қазіргі жастардың қарқынына ілесу, көрерменді өзіне тарту деген нәрсе бар. Бекарыс Шойбекті ерекше мойын­дауымыз керек. Бала күнімізден айтыстың 4-5 буынымен айтысып, әлі де бәйгенің басында келе жатқан жүйрік айтыскер.

Баяғы әзіл-сықақ театрларының кө­ріністеріне қазіргі көрермен күлмеуі мүм­кін. Сол секілді қазіргі әзілге тамса­нып отырған көрерменді келешек буын қа­былдамайды. Сол секілді айтыс та өзгере береді. 80 жылғы айтыстарды, 80-90 жылы айтысқа шыққан ақындарды сахнаға шығарса, көрермен қабылдамауы мүмкін. Жүрсін ағамыз талай ретро-айтыстар өт­кізді. Бірақ көрермен талғамының өз­гер­гені, айтыс форматының ауысқаны бел­гілі. Сондықтан жас кезде айтысқа шы­­ғып, әрі қарай толыса берген, өнерін жетілдіре берген дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бұл ақынның қарым-қабілетіне байланысты. Мысалы, Серік Құсанбай ағамыз 2019 жылы Бейімбет Майлиннің мерейтойына арналған айтыста әлі де бабында екенін көрсетті. 

– Соңғы кездері «ақындар қарсыласын анықтап, келісіп алады екен» дейтін пікір­лер жиі айтылып жүр. Расында солай ма?

– Бұл туралы сұрақтар да көп қойы­лып, талай талқыға түскен мәселе. Ақын­дар ішінде де көтерілді. Соңғы «Алтын домбыраны» көрген көрермен түсінер. Дидар Қами екеуміз шыққан супер фи­налдың өзі 55 минут болыпты. Ешқандай ойласпаған, сол сахнадағы ситуацияда туған нәрселер. Кез келген ақынның қа­рым-қабілеті 1-2 сағатқа жетеді деп ой­лаймын. Бірақ ақын ойының ұшқырлығы сөз табуына байланысты туады. «Түйе мінген қазақтың өзі төрт ауыз өлең біледі» дейді халқымыз. Ақындардың «мына мә­селені айтамын, ана тақырыпты қозғай­мын» деп ізденуі – көрерменді сыйлауы, айтысқа жауапкершілікпен қарауы. Кейде айтам деген ойды өзіңнен бұрын басқа ақын айтып кетуі мүмкін. Айтыстағы ізденіс пен ақпаратты сүзгіден өткізуі өз­ге­ше болғанымен, өлең құрау стилінің ұқ­сас болуы ойының бірдей болуына әсер етуі мүмкін. Айтыста қарсыласының бел­гілі болғаны – ақындардың дайындалуына, сол өңірді жіті бақылауына әсер етеді. 

– Өзің де «Еларнада» «Кімнің есінде?» деген бағдарлама жүргізіп жүрсің. Өзіңнің де есіңде не қалды? 

– Айтыста жүрген соң, қызықтар тау­сылмайды ғой. Әр айтысқа барған сайын өнердегі ірі тұлғаларды, олардың болмы­сын, өзін-өзі ұстауын сырттай бақылап, қызығып қарап жүремін. Мүмкін бола­шақта естелік әңгімелер де жазғым келеді. 2011 жылы Семей қаласындағы Бесқа­рағай ауданына айтысқа бардым. Ол кезде атақты Тұрсынғазы Рахимов қазылар қатарында болды. Бір кезде Тұрсынғазы ағамыз сыртқа шығып кетті. Ілесіп мен де шықтым да, не істеп жүргеніне қызығып қарадым. Сөйтсем, кішкентай баламен әңгімелесіп отыр. 4-5 жастағы баланы басынан сипап, үлкен жігіт көріп сөйлеп отыр. «Сәби болғым келеді» деген әнін бүкіл қазақ біледі. Ал мұндай әнді жазу үшін осындай болмыс пен таза бала көңіл болуы керек екен ғой деп, сыртынан қарап сүйсіндім.

Қарқаралыда үлкен айтыс, дүбірлі той болды. Алдымен бәріміз мейрамханаға жиналдық. Айнала у-шу, жұрт даурығып әңгіме айтып жатыр. Бірінен кейін бірі игі жақсылар сөз сөйлеп, тілек айтуда. Мен де айтысқа дайындалу үшін ойымды жинақтайын деп, тойхананың сыртына шығып кеттім. Сыртта Тоқтар Әубәкіров ағамыз қасындағы кісімен әңгіме айтып, іштегі шудан барынша алшақтап тұр екен. Тоқтар ағаның қарапайым қалпына таңғалдым. Төрге таласып тұрған жоқ. Сөз сөйлейін деген ой да жоқ. Қарапайым кейіпте есік алдындағы орындықта әңгіме айтып отыр. Адам биіктеген сайын қара­пайым болмысымен шынайы көрінетініне көзім жетті. «Кімнің есінде?» дегенде елдің есінде қалатын айтыстар көп ғой. Сол секілді ақындардың да есінде қалатын хабарлар көп болсын! Тәуелсіз елдің ғұмыры ұзақ болсын!

– Әңгімеңе көп рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС