Құнды жәдігерлер қайда тұруы қажет?
Аталған ғимарат жұмысын бастағанда, әулиеаталық ағайындар айырықша қуанған еді. Себебі мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз Жамбыл облысында ғана бар еді. Сол уақыттарда ғимараттың бөлмелерімен таныстыратын гид маман да белгіленген. Алайда кейінгі жылдары осы орталықтың сыйқы қаша бастағандай. Себебі бас сұға барсаң, ішінен құнды дүние таппайсың. Бейне бір түнде бүкіл дүниесін біреулер көтеріп кеткендей. Мәселенің мән-жайын білмекке орталыққа арнайы ат ізін салдық.
Бұл жерге бас-көз болып жүрген «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбековтен білгеніміз, ғимарат бастапқыда облыстық тарихи-өлкетану музейіне қараған екен. Кейіннен ауада қалып, айдалада адасқан көштің кейпін киіпті.
– Орталықта желтоқсан оқиғасынан ақпар беретін түрлі дерек, тарихи фото, желтоқсаншылардан алынған жәдігер, құжат пен хат, кітап жиналған еді. Сонымен қатар сол уақытта орталықта Халық қаһарманы, Семей түрмесінде белгісіз жағдайда ажал құшқан жерлесіміз – Қайрат Рысқұлбековтың өзі қолданған заттары, киімдері, мектеп формасы, абақтыдан үйіне жолдаған хаттарының көшірмесі орналастырылған болатын.
Қазір «Желтоқсан ұшқыны» атты қоғамдық бірлестігіміздің 73 мүшесі бар. Біз ашылған күннен тыным тауып жатқан жоқпыз. Барлық ауданда филиалдарымыз бар. Ал бұл орталық алғаш ашылған жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағында болса, соңғы уақытта ол ешқандай мекеменің теңгеріміне алынбай, желтоқсаншылардың да басты мәселесіне айналған еді. Биыл 11 сәуір күні осы орталыққа Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков келді. Содан қаладағы үш қоғамдық бірлестікке қажетті бөлмелерді тең бөліп беру керектігін, ол бұрыштарды желтоқсаншылар өз қаражатына әрлеп, жөндейтінін, осы ғимараттың бір жағына қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бір бөлімін әкелетінін айтты. Барлығына келістік. Әкімге көп рақмет, уәдесінде тұрды. Ауада тұрған орталық «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның қарамағына алынды. Бізде қарап жатпай бөлмелерді әрлеу жұмысын бастап кеттік. Осы ғимаратта Қайрат Рысқұлбековқа арналған зал бар. Сол залға да Қайрат Рысқұлбековтың бауырларынан сұрап бірнеше жәдігер әкеліп едік. Оның барлығы облыстық музейге өтіп кетті. Оның ішінде, өзімнің шарбағыма ұзақ жыл жасырын көміліп, 32 жыл сақталып келген үш метрлік лозунг бар еді. Ол да музейге өтіп кетті. Осылайша, өз затымды өзіме қайтара алмай жүрмін, – дейді Т.Кеншінбеков.
Шынында, 2018 жылы ашылғанда көзге оттай басылатын көп жәдігердің қазір орны ойсырап бос тұр. Тек елеусіз ғана бұрышта ату жазасын 345 күн қүткен батыр Мырзақұл Әбдіқұловтың алаңда киген киім-кешектері, ұстаған бұйымдары тұр. Аты көп атала бермейтін арда азамат 1986 жылы 19 желтоқсан күні ұсталып, ешкіммен жолықтырмай, терезе жарығы жоғарыда, төсек-орын жоқ таңның атқанын, күннің батқанын білінбейтін темір қапаста жатқан ол «мені атыңдар» деп айқайлаумен күн өткізеді. Дегенмен ату жазасы 20 жылға кешіктіріледі. Сотта прокурорға: «Мен ұлтымның ары мен намысы, қазақ қызының абыройын қорғадым, егер ондай жағдай қайталанса тағы да өлтірер едім», – деп қасқайып сөйлеген қайсар қазақ баласының суреті намысыңды жаниды.
Жоғарыда Талғат Кеншінбеков сөз еткен Қайрат Рысқұлбековтың бауырларынан сұрап әкелінген жәдігер, қара жер қойнында жасырын көміліп, 32 жыл сақталып келген үш метрлік лозунг туралы білмекке облыстық тарихи-өлкетану музейіне атбасын бұрдық. Музей директоры Сейітжан Ілиястың да өз айтар уәжі бар екен.
– Әуелі салынған кезінде «Желтоқсан, 86» ғимараты уақытша біздің қарамағымызда болды. Біз ол жерге арнайы маман қойып, жұмыс жүргіздік. Ал Талғат Кеншінбеков айтып жүрген жәдігерді маған Қайрат Рысқұлбековтың туған әпкесі ескерткіш ретінде сеніп тапсырды. «Осы облыстық музейде тұрсын» деді. Біз заңдылығымен тіркеп, қабылдап алдық. Енді ол зат осы музейдің мүлкі. Оны еш жаққа бере алмаймыз. Лозунгті іздегендер бұрын қайда қалды? Енді бәрі кеш. Ол заттар біздің музейде желтоқсан оқиғасына арналған бұрышта тұр. Ешқашан жоғалмайды, сақталады, – дейді музей директоры.
Расында, мұражайда Әулиеатада туып әлемге танылған тұлғаларымызға арналған жәдігерлердің қатарында Қайрат Рысқұлбековқа арналған бұрыш та бар екен.
– «Желтоқсан, 86» орталығы басқа мекемеге өтеді деген соң бұл жәдігерлер біздің мүзейге әкелінді. Бұл жерде талай танымал тұлғалардың тұтынған бұйымдары қойылған. Жалпы, орталықтан келген жәдігерлер туралы айтатын болсам, бұл жерден тек батырымыз Қайрат Рысқұлбековқа тән заттар ғана осы бұрышта тұр. Бізге келген жәдігерлерді өз заңдылығымен тіркейміз. Мемлекет меншігіне өткен заттар ешқашан жоғалмайды, біз жауаптымыз. Ал орталқтан келген өзге заттар бізде тұр. Оларды мемлекеттік есепке алған жоқпыз, тіркемедік. Сондықтан желтоқсаншылар бізге келіп ол заттарды алып кетуіне болады, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Айша Бегалиева.
Иә, осылайша жылдар бойы иесі болмай келген «Желтоқсан, 86» орталығы төңірегінде тартыс әлі басылмай тұр. Енді қорда болған құнды жәдігерлер қайда тұруы қажеттігін жоғары жақтағылар шеше жатар. Біздің айтпағымыз, ұлттық намысты жанып, патриоттық рухты көтеретін құнды дүниелеріміз «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпесе екен дейміз. Себебі бұл – келер ұрпақтың мұрасы.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы