Гүлмира Кобландина, пластикалық хирург: Табиғилықтан ауытқығанда, сұлулық сөнеді

Пластикалық хирургия – әлемде қай кезде де өзектілігін жоғалтпаған сала.

Тек бірте-бірте оған жүгінетін адамдардың тілек-қалауы да өзгеріп келеді: енді FaceID танымай қалғанша өзгергісі келетіндер сиреп, есесіне ешкім білмей қалатындай ажарлану сәнде. Осы тұста қазақстандықтардың сұлулық жөніндегі сұраныстарын білмек болып, отандық тәжірибелі пластикалық хирург Гүлмира Кобландинамен әңгімелестік.

– Соңғы оншақты жылда сұлулық стан­дарты қалай өзгерді? Бұл пациенттердің тілек-қалауына қаншалықты әсер етіп жа­тыр? Бүгінде адамдар ең жиі жасататын пластикалық оталар қандай?

– Жалпы, біздің елде адамдардың сұлу­лыққа қатысты талғамы өте жоғары. Қара­пайым ғана мысал – көбі байқаған шығар, шетелде маникюрді қалай жасайды, ал бізде қалай... Біздің қыздар көбіне боянып, жақсы күтініп жүреді. Сол себепті ең тал­ғам­паз пациенттер Қазақстанда деп айтар едім. Бүгінде адамдардың пластикалық отаға деген көзқарасы бұрынғыға қараған­да әлдеқайда жақсарған. Осыдан төрт-бес жылдай бұрын маған көбіне 55-60 жастағы кісілер жүгінсе, ендігі уақытта жастар саны артып, қартаюмен уақытылы күресуде. Әр отаны уақытылы жасасақ, нәтижесі де дұ­рыс шығады. Жастар жағы әдетте блефаро­пластика, бетті эндоскопиялық тарту, мам­мопластика және ринопластика жаса­та­ды. Ал 35-тен асқандар көп жағдайда бетті толығымен тарту, маңдайды тарту деген оталарға жүгінеді. Бірнеше бала бо­сан­ған, кесарь тілігін жасатқан әйелдердің іші, кеуде тұсы салбырап қалып жатады, бүйірлерін май басып кетеді, сондайда іш пен көкіректі қатар тартатын «маматюн­инг» атты отаның түрі бар. Гормондық өз­герістер себебінен жас келе жамбас түсе бастайды, сол кезде жасалатын «бодилифт» атты ота да танымал.

– Бүгінде адамдар, әсіресе жастар плас­тикалық ота қымбат болғандықтан, уақыт­ша амалдарға жүгінеді. Мысалы, кейбір сұлу­лық салондары жіпті, филлерді, липо­ли­тикті пайдаланып, отасыз ринопластика жасау қызметін ұсынады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Липолитик – теріасты шелмайын ыдыратуға арналған препарат. Мұрынның анатомиясын зерттесек, оның ұшында ғана аздаған май қабаты болады. Сол жер­ге липолитик салғанда, ол некроз, имешия деген қауіпті салдарларға әкеліп соғуы мүм­кін. Екіншіден, теріасты шелмайы тым аз болғандықтан, липолитик еккеннен еш нәтиже де көрінбейді. Көп жағдайда контурлы пластикада мұрынды филлермен немесе жіптермен түзейді. Бірақ оның да нәтижесі мәз емес. Филлерді дұрыс таңда­маса, ол жайылып кетеді. Иә, суретте, бас­­тапқы 2-3 күнде әдемі болып тұруы мүмкін, бірақ одан кейін жан-жағына жайыла бастайды. Өзіңіз елестетіңізші, гиалурон – ол қатты зат емес. Сүйектің үс­­ті­не жұмсақ затты қойғанда, ол ерте ме, кеш пе орнында тұрмай, жайылады емес пе?! Ол одан әрі мұрын формасын бұзады. Енді біреулері жіппен түзейді. Қайтадан мұрынның құрылымына келейік: ол не­гізінен сүйек, шеміршек, теріасты шел­майынан тұрады, онша бұлшықет жоқ. Сондықтан жіп те тартылмайды. Кейде біз­ге келген пациенттердің мұрнының дұрыс анатомиясы бұзылып, филлер-жіптің кесірінен тері астында көптеген тыртық анықталып жатады, ол тиісінше ота барысында көп қиындыққа алып кел­еді. Бірнеше рет осындай амалдармен, жеңіл жолмен мұрын формасын дұрыс­таймын деп, ақыры табиғи мұрнының фор­масын бұзып алған соң, бізге жүгінеді. Ондайда отаның бағасы да қымбат бола­ды, соңында шығын көлемі де өседі, ота­дан кейінгі реабилитация да ұзағырақ болады.

– Дұрыс пластикалық хирургті қалай таңдау керек? Пластикалық ота барысында мамандар қандай қателікті жиі жасайды? Сәтсіз отадан кейін қайта реконструкция жас­ау тәжірибеңізде кездесті ме?

– Әуелі, пластикалық отадан кейінгі ас­қыну қалыпты нәрсе екенін ұғынып ал­ған жөн. Оны хирургтар қасақана жасамай­ды. Әдетте, әлемдік статистикада 15-20 пайыз жағдайда әртүрлі асқыну болуы қалыпты болып есептеледі және пациент­тер де одан хабардар. Отаның сәтті өтуіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, пациенттің моральдық тұрғы­да отаға дайын болуы және ота жайлы дұрыс ақ­паратқа қанығуы, екіншіден, дәрігердің біліктілігі мен клиниканың арнайы құрал-жабдықпен қамтылуы, үшіншіден, пациенттің отадан кейінгі қалыпқа келу шараларын сақтауы маң­ызды. Тағы бір айта кетерлігі, сіз отаға жү­гінерде өзіңізге нақты не керек екенін білуіңіз шарт. Сон­дай-ақ хирург екеуіңіз­дің сұлулық жайын­дағы көзқарасыңыз бір жерден шыққаны жөн.

– Адамның жасынан ең алғаш хабар бе­ретін денесінің қай тұсы? Жастығын сақ­тап қалғысы келетін адам неге баса мән беру керек? Антиэйдж амалдарға бағытталған оталарды көбіне қанша жастан бастап жас­ат­қан дұрыс?

– Ең әуелі, терінің жағдайы адамның жасын бірден білдіреді. Құрғақ, түсі күң­гірт, әжім басқан тері – қарттықтың бел­гісі. Өкініштісі, кейбір адамдар үйде тері­сіне күтім жасамайды, бірнеше кезең­нен тұратын бет күтімін тұрақты түрде жа­сап тұрмайды да, жасы алпысқа кел­генде пластикалық ота жасата саламыз деп ой­лайды. Бірақ ол сіздің бүкіл проблемаң­ызды шешпеуі мүмкін. Сол үшін терінің қартаюының алдын алу керек. Әсіресе, көздің айналасы мен мойынға түскен әжім адам­ды қартайтып көрсетеді. Осы тұста өзім бай­қаған қызық бір құбылысты айта кет­ейін: Қызылорда, Шымкент, Түркістан се­кіл­ді оңтүстік өңірлердегі әйелдердің көбіне көз айналасына әжім түссе, батыс аймақтардағы әйелдердің маңдайы мен екі қасының ортасында әжім көбірек болады. Соны ескере отырып дұрыс күтім жасаса деймін. Бұл бір жергілікті халықтың мінез-құлқындағы ерекшелікке байланысты болса керек. Қол – пластикалық ота үшін ең қиын зоналардың бірі. Өйткені қол тер­ісінің астына май толтырғанмен, он­дағы әжімдерді жазу қиын. Қол ыстық-суыққа көп ұрынады, түрлі химиялық зат­­тарға малынады. Сондықтан кейде адамның беті қанша тартылып, жып-жыл­тыр болып тұрса да, қолына қарап, қартай­ғанын тез байқауға болады.

– Жас көрінем деп табиғилығынан айыр­ылып қалғандар да бар. Пластикалық отаға тым көп жүгіну мен табиғилықтан айырылып қалмау арасындағы нәзік шекара қай жерде?

– Пациенттің сұранысында шығар. Мысалы, адамда мұрын-ерін қатпары бар, ол тіпті жастар үшін де анатомиялық ерекшелігі бойынша қалыпты. Тек жас келе ол тереңдейді, ұзарады. Бетті тартқан­да, әлбетте, қысқарады, тереңдігі азаяды, бірақ біржола жоғалып кетпейді. Сондайда пациенттер көңілі толмай, одан біржола құтылуға тырысуы мүмкін, тіпті кейбірі басқа ота жасату үшін тағы да хирург жаға­лап кетеді. Оны жоқ қылып тастау таби­ғи­лықтан алыстатады. Енді бір жағдайларда жасы 40-45-тердегі әйел бетін тарттырған соң, 35-37 жастағыдай кейіпке ие болады да, көзі өзінің сол бейнесіне үйреніп қа­лады. Арада 1-2 жыл өткенде сәл-пәл қартаю белгілерін байқала салысымен, қайта ота жасатқысы келеді, бірақ оған әлі ерте екенін хирургтар дер кезінде түсіндір­гені дұрыс. Сонымен қатар бет пішіні мен дене тұрқына келгенде тренд қууға бол­майды. Мысалы, қуыршақтікіндей мұрын, Ош ерін немесе көкірекке әуес болмау қажет. Тренд кетеді, ал денеңіз осы қал­пын­да қалады. 

– Бүгінде ерлер арасындағы танымал ота қандай? 

– Эстетикалық оталардың ішінен ер адамдар жоғарғы және төменгі қабақтың блефаропластикасын көп жасатады. Ер адамдар спортпен, физикалық жұмыспен жиі айналысқандықтан, су көп ішеді де, көзінің үсті мен асты ісінеді. Сол кезде осы оталар жақсы көмектеседі. Онымен қоса, кейде үлкен кісілер бетті тарту және шаш егу отасына да жүгінеді.

– Пластикалық хирург ретінде сіздің негізгі принциптеріңіз қандай?

– Табиғилықты сақтау әрқашан маң­ыз­ды. Пластикалық отаның мақсаты – сені өзгерту емес, керісінше, сенің табиғи сұлу­лығыңды айқындап беру, ішкі әлемің мен сыртқы кейпіңді үндестіру. Таби­ғилықтан ауытқығанда, сұлулық сөнеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ