Қаржы мамандары да қазақстандықтар шектен тыс тұтынушылық несиеге тәуелді болып барады деп дабыл қағуда. Банк секторындағы активтердің жыл санап ұлғаюы – шындықты көзге ұрғандай етеді. Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) және Data Hub платформасының деректеріне сүйенсек, елімізде шамамен несиеге тәуелді 8,9 млн адам бар, оларға жалпы сомасы 37,3 млн теңге болатын қарыз ресімделген.
Қазақстан Ұлттық Банкінің деректеріне сәйкес, 2024 жылғы қыркүйекте ұлттық валютадағы несиелер көлемі бір жылда 18,3%-ға ұлғайып, 35,4 трлн теңгеге, ал шетел валютасында 51,5%-ға, 3,8 трлн теңгеге дейін өсті. Банк секторы берген несие нарықтағы кредиттердің жалпы көлемінің 85,5%-ын құрайды. БКБ есебі бойынша 2024 жылғы қыркүйекте қазақстандықтар жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге несие ресімдеген. Бұл тамызбен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Ал халықтың банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жиынтық борышы 22,7 трлн теңгеге жеткен.
Несиелердің көпшілігі коммуналдық төлемдер, азық-түлік, тұрмыстық техника сатып алу, оқу ақысы, тұрғын үйді жөндеу, емдеу және тағы басқа негізгі қажеттіліктерді жабуға жұмсалады. Сонымен қатар алдыңғы қарыздарды жабу үшін де банктен несие алатындар жетерлік. Сарапшылар бұл «несие каруселіне» байланып қалу қаупін тудырады дейді. Әсіресе, нарықтағы баға мен инфляция өссе де, табысы сол күйінде қалатын көптеген азамат несиені сол айырмашылықтың орнын толтырудың жалғыз амалы деп қарайды.
Мысалы, экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша, ел арасында кез келген дүниені несиеге алатын теріс тенденция қалыптасып кеткен. Азаматтарымыз шыдамдылық танытып өз қаражатын жинап, сатып алудың орнына сол сәтте қол жеткізуді көздейді.
– Ал несиені орынды пайдалану үшін халықта қаржылық мәдениет қалыптасуы қажет. Олай болмаған жағдайда, жыл өткен сайын тұтынушылық несие көлемі көбейе бермек. Жақында Kaspi Bank түскен пайданың жартысынан астам бөлігі «бөліп төлеу» құралдарына тиесілі екенін мәлімдеді. Бұл да негізінде халықты несиелендірудің бір түрі. Бүгінде әр айдың соңында ірі банктер науқан жариялайды. Сол уақыт аралығында азаматтар смарт құрылғылар арқылы өзіне қажетті-қажетсіз заттарды «бөліп төлеу» арқылы сатып ала береді. Сондықтан ең бастысы халық арасында алдын ала қаражат жинап, тек ақша болған жағдайда ғана сатып алатындай мәдениет қалыптастыру қажет, – дейді ол.
Дегенмен Ranking сараптама орталығының мамандары Қазақстанда жыл сайын халыққа қарыз беру үдерістері қатаңдатылып келе жатқанын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, әсіресе кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша мақұлдау деңгейі өте төмен.
«Мәселен, биылғы үшінші тоқсанда тікелей ЕДБ бойынша кредиттеу объектілері бөлінісінде өтінімдердің жалпы санынан мақұлданған кредиттердің үлесі:
• ірі кәсіпкерлік субъектілеріне кредиттер – 51%;
• ипотекалық несиелеу – 44,5%;
• орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредиттер – 41,5%;
• шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кредиттер – 35,3%;
• тұтынушылық несиелер – 30,6%;
• кепілсіз тұтынушылық несиелер – 28,7%;
• автонесиелеу – 17,2% болған.
Осылайша, кепілсіз тұтынушылық несиелерді мақұлдау деңгейі несиенің басқа түрлерімен салыстырғанда, ең төменгі нүктеде. Өтінімдердің 70%-дан астамына бірден бас тартылғанын көреміз», – делінген сараптама ортылығының есебінде. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың кредит пен борышты өтеуге арналған шығыстарының үлесі шығыстардың жалпы сомасының 6,9%-ын құраған. Ал отбасылық бюджеттің жартысына жуығы халықтың тамақтануына жұмсалады.
Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, жылдан жылға үй шаруашылықтарының қарыздары мен несиелерінің ЖІӨ-ге қатынасы өсіп келеді, бұл табиғи әлемдік тренд. Ranking мамандары «Қазақстанда динамика өте қалыпты болып қала береді және жоғары өсуді көрсетпейді, ал ұзақмерзімді динамикада құлдырау байқалады» деп қорытынды жасап отыр.
«2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Републикасында 5,3 млн қарыз алушы (немесе жалпы санының 60%) 1 млн теңгеге дейінгі сомаға кредиттер алған. Бұл нарықтағы кредиттердің жалпы көлемінің 15,8%-ы. Оның ішінде, 1,1 млн адам 100 мың теңгеден аз, 1,5 млн адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, 1 млн адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, 1,6 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін несие алды. Мұндай кредиттер бойынша орташа берешек 50 мыңнан 729 мың теңгеге дейін өзгереді. Осылайша, Қазақстандағы қарыз алушылардың көпшілігінің берешегі аз және бұл Қазақстан Републикасындағы несиелер халықтың қалтасына түспейтіндігін растайды. Қарыздардың негізгі сомасы үлкен сомаға несие алған қарыз алушыларға тиесілі, ал мұндай қарыздар тек тұрақты табысы жоғары адамдарға, яғни үлкен қарыздар үлкен жүктеме емес, бай адамдардың артықшылығы болып табылатын үлкен табысы бар адамдарға ғана беріледі», – делінген сараптамада.
коллаж: Елдар ҚАБА
Алуан түрлі пікір ақиқатқа апарары сөзсіз. Дегенмен статистика мен сандардың объективтілігі халықтың күнделікті күйбең тіршілігінен алшақ секілді көрінеді. Өйткені астаналық тұрғындар азық-түлікті де бөліп төлеуге алатын халге жеттік деп арыз-шағымын айтуда. Мысалы, елордаға жақында ғана қоныс аударған кәсіпкер Дария К. есімді кейіпкеріміз отбасының табысы тек тұрмыстық қажеттіліктен артылмайтынын жеткізді.
– Жолдасым екеуміздің табысымыз 800 мыңнан асады. Оның тең жартысы ай сайынғы төлейтін пәтер ақысы мен коммуналды шығындарға кетсе, қалғанын балалардың үйірмесі мен азық-түлікке әупірімдеп жеткіземіз. Оның өзін кейде бөліп төлеуге алатын күндер аз емес. Етті де есеппен аламыз. Маусымдық киім-кешекті айтпаған күннің өзінде, тірнектеп тапқан табысымыз күнкөрістің өзіне әзер жетеді», – дейді ол.
Ал тәуелсіз сарапшы Бауыржан мырза несие туралы азаматтар арасында дұрыс түсінік қалыптаспайынша, халықтың қарызға батқанына тосқауыл қою мүмкін емес деген пікірде. Сонда несиені сауатты пайдаланудың жөні неде деген сауалымызға экономист: «Бастысы – пайыздық мөлшерлемеге мән беру», – деп жауап берді.
– Несиеге көлік, баспана секілді ірі тұрмыстық қажеттіліктерді сатып алуға болады. Дегенмен пайыздық мөлшерлеменің төмен болуына баса мән берген абзал. Бізде алдын ала нарықты зерттемей, асығыс шешім қабылдаудың арқасында азаматтар қымбат несиеге ұрынып қалады. Оны тек төлеу барысында ғана түсінеді. Шындығында, несие алу – асқан жауапкершілікті талап ететін қадам. Барлық банктердің несие беру шарттарын салыстырып, қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін саралап барып несие алса, өзі үшін тиімді болар еді, – дейді ол.
Ал арзан несиені қалай табуға болады? Бұл сауал көптің көкейінде екені анық. Әсіресе, жалпақ жұрттың арасында барлық банктің үстеме пайызы бір деңгейде деген жаңсақ пікір барын экономист маман талдап, түсіндіріп берді.
– Екінші деңгейлі банктерде несиені қайта қаржыландыру деген бағдарлама бар. Ол жерде пайыздық мөлшерлеме салыстырмалы түрде төмен болады. Мысалы, кезінде «Казкоммерцбанктен» ипотека алған кезде оның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 20 пайызға тең болатын. Кейін Сбербанк арқылы оны қайта қаржыландырып, 11 пайызға дейін төмендетіп алдым. Шындығында, нарыққа жаңадан енген банктер несиені қайта қаржыландыруға қатысты өте тиімді шарттар ұсынады. Оны көпшілігі біле бермейді, тек ай сайын әртүрлі науқан жариялайтын танымал банктердің қармағында отыра береді. Бізде HomeCredit, ChinaBank және сол секілді тағы басқа көптеген халықаралық ірі банктер жұмыс істейді. Ондағы несиенің пайыздық мөлшерлемесі де көп жағдайда төмен. Тек тыңғылықты зерттеп, анықтау қажет. Жалпы, қазақстандықтар арасында барлық банк өнімдерін қарастырып, салыстыру арқылы шешім қабылдау мәдениеті жоқ. Жылдам несие алып, жұртқа мақтануға бейім тұрады. Тіпті, жастардың арасында да табысы жоқ студенттердің өзі түбін таразыламай несиеге смартфон сатып алады да, 1-2 ай өткенде оны төлей алмай, ломбардқа барып өткізуге мәжбүр болады, – дейді Б.Шурманов.
Маманның сөзінше, көп жағдайда қысқамерзімді неслелер қымбат болып келеді. Егер ай сайынғы төлем мөлшері жоғары болса, банк үлкен тәуекелге барады. Сондықтан несие құны да қымбатқа шығады.
– Себебі қысқа уақытқа несие алған азаматтардың көбісі несиені қайтара алмайды. Сондықтан пайыздық мөлшерлеме де көбейе береді. Азаматтар 1-2 ай ішінде жауып тастаймын деген жалған үміттің жетегінде қымбат несиеге ұрынады. Сондықтан ұзақ мерзімге рәсімдеп қысқа уақыт ішінде жауып тастаған әлдеқайда тиімді. Қаржы нарығындағы көзқарасқа сәйкес банк ісі бойынша микронесие алған адамның табысы төмен деп есептеледі және төмен категорияға жатқызылады. Қаржы ұйымдарының скоринг жүйесі бойынша егер азамат бірнеше микроқаржылық ұйымдардан несие алса аз балл берілді. Ал ипотека немесе көлік несиесі секілді ірі көлемде қарыз алып уақытында қайтарып отырса немесе мерзімінен жауып тастаса, скоринг оны тұрақты, табысы мол азамат ретінде таниды, – дейді экономосит.
Соңғы кезде нарықтағы несие мөлшерінің негізгі көрсеткіші саналатын базалық мөлшерлеме Ұлтық Банк жоғары деңгейде сақтап отыр. Сарапшының сөзінше, Қаржы реттеушінің мұндағы басты мақсаты нарықтағы несие мөлшерін азайту. Б.Шурманов бұл инфляцияға тұсау салудың негізгі құралы екенін атап өтті.
– Несие қаншалықты қолжетімді болған сайын инфляция да сол қарқынмен өсе береді. Бұл жерде мемлекет қай бағытты ұстана алады? Әлемдегі жаңа технологияларды қолданатын кішігірім қаржы институттарын алып келу керек. Жанымызда Қытай секілді алып нарық болғандықтан, олар нарыққа енген сәтте өте ұтымды ұсыныстар жасайды. Мәселен, ұялы байланыс нарығын Kcell, Activ және Beeline секілді үш алпауыт басқарған кезеңде байланыстың 1 минутының құны 30 теңге шамасында болды. Ал елімізде Tele2 компаниясы өз жұмысын бастағалы нарықта бәсекелестік пайда болып, баға 7-8 теңгеге төмендеді. Сондықтан осындай бәсекелестік туғызатын ойыншы нарыққа келуі қажет, – деп қорытындылады экономист маман.
Кәмила ЕРКІН