Оған бизнес қоғамдастық тарапынан қуатты қарсылық байқалады. Бірақ жаңа заң аса қажет. Қазақстанда зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтіндердің үлесі 29%-ға жетті. Дамыған елдерде 4%-дан аспайды. Озық елдер көрсеткішіне жету – асу бермес асқақ арман. Заң жобасы ең құрыса «залалды» үлесті азайтуға ықпал етер ме еді.
Қазақстан «мүгедектер еліне» айналмай ма?
Ата заңымыздың 24-бабында: «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы бар» деп қатаң бекітілген. Еңбек министрлігі сарапшыларының пайымдауынша, елде жұмыскерлердің еңбек қызметін орындауы кезінде қауіпсіз еңбек жағдайларына деген құқығы сақтала бермейді. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп жыл өткен сайын өршіп барады.
Салдарынан ешқандай соғыссыз-ақ, бейбіт заманда Қазақстан әлемде жан басына шаққанда мүгедектері ең көп елдердің қатарына қосылды. Еңбекминіне қарасты «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ресми ақпараттық порталының дерегінше, 20 миллионнан сәл асатын халқы ғана бар Қазақстанда 2024 жылғы 11 желтоқсандағы жағдай бойынша 736 414 мүгедек тіркелген. Оның 295 909-ы – ауылда, 440 505-і қалада тұрады.
Ең көп кемтар жан Түркістан облысында (100 236 адам), Алматы қаласында (59 964 адам) және индустриалды Қарағанды облысында (55 960 адам) тұрады.
Жарымжан жағдайға жеткендердің 326 527-сі – әйелдер, 409 887-сі – ерлер. Мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар арасында 16 жасқа дейінгі балалардың саны – 3 800 бала. 16-дан 18-ге дейінгі балалар арасында І санаттағы мүгедектер – 11 517 бала, ІІ санаттағысы – 26 856 бала, ІІІ-санаттағысы – 39 416 бала.
Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» консультативтік құжатында Қазақстанда әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар адамдардың саны 2023 жылғы 1 сәуірде 955,4 мың адамға жеткені жазылған.
«Бұл тек ресми сан. Бұған қоса, қазақстандықтардың белгілі бір бөлігі шын мәнінде мүгедек бола тұра, түрлі себептермен «мүгедек» мәртебесін ала алмаған. Оларды да халықтың жүріп-тұруы шектеулі (маломобильные) және осал топтарына жатқызуға болады», – деп атап өтті қаржылық реттеуші өз құжатында.
Бұлай бара берсе, қазақ елі айдың-күннің аманында «мүгедектер еліне» айналып кетуі мүмкін. Бұған тосқауыл қою үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 25 сәуірде Үкіметке еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік санкцияларды қатайтуды жүктеді. Ол №22-246 тапсырма болып тіркелді. Алайда Президенттің өзі қойған міндетті шенеуніктер содан бері орындамай, созбалаңға салып келеді.
Бизнес басынды, шенділер тосылды
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын дайындады.
Құжат кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Еңбек ведомствосының түсіндіруінше, заң жобасының басты бір жаңалығы сол, ол әкімшілік ықпал ету шарасы ретінде «ескертуді» алып тастайды. Себебі жұмысшыларының қауіпсіз еңбекке деген конституциялық құқығын аяусыз аяққа таптап жатқан алпауыт компаниялар білікті заңгерлері тобының көмегімен, үнемі «ескертумен» құтылып жүр.
Бұдан бөлек, заңжобада жұмыс берушілердің еңбек заңнамасында белгіленген «өндірістік объектілерін еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша аттестаттаудан өткізу» жөніндегі заң талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар мөлшерін ұлғайту ұсынылды.
– Бұл өзгерістер еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша өндірістік объектілерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі заңнама талаптарын орындамайтын және бұзатын жұмыс берушілерге, кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған. Заң жобасында бұл үшін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің немесе коммерциялық емес ұйымдардың лауазымды тұлғаларына – 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу ұсынылады, – деп түсіндірген еді таяуда Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің Еңбекті қорғау басқармасының мамандары.
Бұл жағдайда айыппұл сомасы 2025 жылы тиісінше, бизнестің шағынына – 589 800 теңгені, орташасына – 786 400 теңгені, ірісіне 2 752 400 теңгені құрауға тиіс болатын. Министрліктің түсініктемесінде бұл айыппұлдардың бизнеске салмақ түсірмейтіні айтылды: «Бизнестің шығындары жоқ, өйткені олар бұзушылықтарды болдырмайды және еңбек заңнамасы талаптарын қатаң сақтайды деп көзделеді».
Алайда «Атамекен» бастап, барлық бизнес қауымдастық қарсы үдере көтерілген соң Еңбекминінің шенеуніктері кері шегінгені белгілі болды. Заң жобасының жаңа нұсқасында: «Жұмыс берушінің ҚР еңбек заңнамасында белгіленген өндірістік объектілерді еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі заңнама талаптарын бұзуы – шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген. Яғни, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің қолданыстағы 94-бабында онсыз да бар айыппұл көлемі сол күйі қалмақ. Тек ондағы «ескерту» түріндегі жазасымақ алып тасталады.
Жұмыскердің құқығын бұзатындарға қатал қарайтын әрі қуатты кәсіподақтары бар Батыс елдерін айтпағанның өзінде, мысалы, одақтас Беларусьте еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттауды белгіленген мерзімде өткізбеген жұмыс берушілерге бірден 100 базалық шама (базовая величина) көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл 4 200 беларусь рубліне немесе 655 200 теңгеге тең болады (1 БР/рублі 155,55 теңге). Еңбеккерді қорғауда Қазақстан Беларусьтен да артта қалып тұр.
Қорғансыз жұмысшы қорғауға зәру
Бизнес өзіне шаң жуытқысы келмейді, шенеуніктер болса, оларға қарсы тегеурін-қауқар таныта алмай тұр. Мысалы, «Атамекен» ұлттық палатасының өкілі Х.Шаймерденова жауапкершілікті күшейтуге, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 87-бабына 5 және 6-пункттерді енгізуге неге келіспейтіндерін түсіндірді. Өйткені оның айтуынша, еңбек міндеттемелерін орындау кезінде жұмысшының өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, сол үшін өтемақы өндірту мәселесі тек сот арқылы шешілуге тиіс. Шенеуніктер оған араласпасын дегенге келтірді.
– Біз де заңнаманың, соның ішінде кодекстің 87-бабының бұлайша өзгеруіне келіспейміз. Еңбек міндеттемелерін орындаумен байланысты жұмысшының өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеу мәселесі азаматтық құқық қатынастарына жатады және әкімшілік өндіріске таралмайды. Сондай-ақ бұл мәселе еңбек дауына да жатпайды, сондықтан оны келісім комиссиясының қарауына да шығаруға болмайды, – деді «Қазақмыс» корпорациясының өкілі М.Аджарова.
Қысқасы, зардап шеккен жұмысшыны қорғаймын деп, мемлекеттік еңбек инспекторларының араша түскенін жұмыс берушілер қаламайды. Салдарынан денсаулығынан айырылған, мүгедек болып қалған қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ қаза тапқандарының жесірлері алпауыт компаниялармен соттасуда, арпалыста ары қарай жалғыз қалғалы тұр. Мұнда енді Парламент депутаттары әділдік орнатады деген соңғы үміт қалып тұр.
Еңбекминінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта кәсіпкерлер, жұмыс берушілер еңбекті қорғау және қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз ету міндеттерін лайықты орындамайды. Бұл проблема жыл сайын ушығып барады. Соның кесірінен өндірістік жарақаттардың, кәсіби аурулардың және өндірістегі апаттардың туындауының қаупі артып, зиянды және қауіпті жұмыс орындарының саны көбейе түсіпті. Ал, аттестаттауды жүргізу талаптарын бұзу өндірістік тәуекелдерді басқару жүйесіне нұқсан келтіріп жатыр.
– Астана абаттанып жатыр ғой. Көшемен келе жатсам, бір жұмысшы жігіт болгаркамен бұрқыратып бордюр кесіп жатты. Айналасы ақ шаңға көмілген. Аяп кетіп: «Айналайын, наушнигің, қорғаныш көзілдірігің, респираторың қайда? Көзден, өкпеден не қалады енді?» – деймін. «Жұмыс берушіміз ештеңе бермейді», – деді ол. Қалтамда пандемия кезінен жатқан маска бар болатын, амалсыз соны беріп кеттім, – дейді елорда тұрғыны Диас Сабырхан.
Дұрысы, жұмыс берушісі мен кәсіподақтар еңбекті қорғау заңнамасының бұлайша аяқасты болуына жол бермеуге тиіс еді. Елдің көз алдында осындай былық болып жатқанда, жабық зауыт-кәсіпорындарда, кеніштерде бұдан өткен сорақы істер орын алмайтынына еш кепіл жоқ.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандар санының үлес салмағы қызметкерлердің жалпы санының 29%-ын құрады. Сонымен қатар әлемде зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтушылықты бағалау үшін WAHJ (workers in arduous or hazardous jobs) индикаторы қолданылады. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде жалпы жұмыс күшінің 1% және 4%-ы диапазонында ғана құбылады.
Қазақстанда бұрынғы билік тұсында «Дені сау ұлт» жобасы жүзеге асырылды. Бертінде, ел Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №725 қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бекітілген еді. Алайда Үкімет оны 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №828 қаулысымен жоя салды. Егер өндірісте, жалпы барлық жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі сақталмаса, тиісті еңбек шарттары қамтамасыз етілмесе, Қазақстанда дені сау ұлт қалмауы мүмкін. Ендеше еңбеккерді қорғау – елдікті, ел ертеңін қолдау болмақ.
Еңбек инспекторлары бұл тұрғыда заң талаптарын өрескел бұзған жұмыс берушілер ескертумен құтылып кететінін айтады. Салдарынан 2019 жылы – 12, 2020 жылы – 9, 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 49, 2023 жылы – 48 жұмыс беруші ғана әкімшілік жазаға тартылыпты. Келесі жылы ел Парламенті сарапшылармен бірге жүгенсіз кеткен жұмыс берушілерді жөнге келтіретін пәрменді заң қабылдаса құба-құп.
Айхан ШӘРІП