Тәуелсіздік – басты құндылық

Биыл бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізге – 33 жыл! 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан егемен ел ретінде өз тәуелсіздігін жариялады.

Дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Заң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылдың 25 қазанында қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қағидалары негізінде әзірленген болатын.

Ғасырға бергісіз бір жыл

Тәуелсіздік күні – бабалар аңсарын ақиқатқа айналдырған байтақ еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн! Осынау тәуелсіз­дік­тің арқасында қазақтың тарихы түгенделіп, тілі, діні және ділі қайта жаңғырды. Мемлекеттің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрі жанданды. Халықаралық қауымдастық ал­дын­да беделіміз орнықты. Енде­ше тарихи жылдар тізбегінде тәуелсіздікке ресми түрдегі ал­ғаш­қы қадам 1990 жылдан бас­тал­ғанын әділетті түрде атап өт­кен абзал. «Егемен болмай – ел болмас» демекші, бүгінде Рес­публика күні боп атап өтіле­тін мереке – 25 қазан күні тәуел­сіз­дік құқы қалпына келтірілді. Сол кезде елдің қалыптасуына негіз болған бағалы құжат, ал­ғаш­қы заңнамалық акт жария­лан­ды. Биліктің үш тармағын бекіткен, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтар­ын, демократия және заң үс­темдігі қағидаларын растайтын «Егемендік туралы декларация­ға» қол қойылды. Осы идеоло­гиялық-құқықтық құжат­тың ережелері Конституцияны әзір­леу процесінде іргелі бастама болды. Осылайша, Қазақстан үшін ғасырға бергісіз бір жыл­дың хроникасы басталды.

Қысқаша тоқталып өтер бол­сақ, 1991 жылдың 24 тамыз­ын­да Қазақ КСР Жоғарғы Кең­есі «Ағым­­­дағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін ны­ғайту шаралары туралы» Қау­лы  қабылдады. 29 тамызда Қа­зақ КСР Пре­зидентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу ту­ралы» Жарлығы шықты. Қа­зақ жерінде 40 жылдан астам уа­қыт бойы сынақ жүргіз­ілген ядро­лық қаруға нүкте қойыл­ды. Ал 2 қазан күні қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13»  кемесімен ғарыш­қа ұшты.

10 желтоқсанда  Қазақ  КСР Жо­ғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңес­тік Социалистік Республикасы­н­ың атауын өзгерту туралы» заң­­ды қа­былдады. Осы заңға сәйкес  жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республи­касы деп аталды. 12 желтоқсан күні «Қа­зақ­стандағы 1986 жыл­ғы желтоқ­санның 17-18 күндері  оқи­ғаларға қатысқаны үшін жа­у­ап­ты­лыққа тартылған аза­мат­тарды ақтау туралы» ҚР Пре­зидентінің Жар­лығы шықты. Ал 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республика­сының мемлекеттік  Тәуелсіздігі туралы» ҚР заңы қа­был­данды. Осы күні Қазақ­стан Республика­сының  мемле­кет­тік Тәуелсіздігі жарияланды. Әлем картасында жаңа мемлекет пайда болды.

Әрине, тарихи оқиғаларды орнымен атап өту, түгендеп отыру – парызымыз. Ендеше бұған дейінгі азаттық жолын­дағы ұмты­лыстарымызды естен шығаруға еш хақымыз жоқ. Жа­у­гершілік замандағы жоңғар мен қалмақ қыспағына қарсы тұрған Қазақ хандығы, одан бергі орыс­тың отаршылдығына қарсы тұрған Кене­сары, Сырым Дат­ұлы, Иса­тай-Махамбет, Иса-Досан, Оспан батырлардың кө­терілістері, кеш­е­гі Желтоқсан оқиғасы тарихы­мыз­дың ажыра­мас бөлшегі боп қала бермек.

Шоқтығы биік жылдар шежіресі

Биылғы 33 жыл – бір ұрпақ ауысатын уақыт. Жаһандану үде­рісімен, жаңа технологиялар көшімен көптеген құндылықтың өзгергені рас. Бірақ өзгермейтін жалғыз құндылық бар. Ол – тәу­елсіздік! Тәуелсіздіктің арқа­сын­да Қазақстан ядролық қару­­дан бас тарта алды. Жарты ғас­ыр­ға созылған сынақтардан құтылды. Өзінің аумағын ай­қын­дап, шекарасын шегендеді. Мемле­кеттік құрылымдарды негіздеп, алтын арқауы үзіліп қалған елдік дәстүрді қайта жалғап, оны берік орнықтырды. Елтаңбасын ай­шықтап, күн астында алтын қы­ра­ны қалық­таған көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатты. Ұлтара­лық келісім мен діни түсіністікке негізделген бірегей қоғам қал­ып­тастырды. Елді­гімізді еңселі еткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын өткізді. Тағдыр­дың талайымен әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастары­мызды құтты қара шаңыраққа қайта жинады. Әлемдік үйлесім­нің, этностар арасындағы жара­сымның бірегей үлгісіне айнал­ған Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сын құрды.

Алғашқы жылдардағы қиын­дықтарға қарамастан қарулы күштерін жасақтап, экономика­сын нарық рельсіне ауыстырды. Бұрын-соңды болмаған рефор­ма­лар жасап, демократияға батыл бет бұрды. Соның ішінде екі палаталы заңнамалық орган – Парламент пен биліктің сот тар­мағы қалыптасты. Осы жыл­дар шежіресіндегі шоқтығы биік маңызды оқиғалардың бірі  жаңа Астана салғанымыз болды.

Тәуелсіздік бізге халықара­лық векторды сыйлады. Мемле­кет­тің сыртқы саясатында Қа­зақстанның дипломатиялық мис­сия­сының жетістіктері жо­ғары бағаға ие. Бүгінде Қазақ­стан 120-дан астам мемлекетпен республиканың егемендігі мен тәуелсіздігінің кепілдіктерін қам­тамасыз етуге бағытталған мем­лекетаралық қарым-қаты­нас­тар орнатты. Бұған Қазақ­стан­ның БҰҰ-ның толық мүше­лігіне кіруі, әлемдік ықпалды ұйымдармен, соның ішінде Еуропалық одақ, Халықаралық валю­та қоры, ЮНИСЕФ, МА­ГА­ТЭ, ЮНЕСКО және Қызыл Крестпен белсенді ынтымақтас­тығы дәлел болмақ. Осы ықпал­ды халықаралық ұйымдармен ынтымақтасумен қатар Қазақ­стан 40-тан астам көпқырлы конвенция мен дек­ларациялар­ды ратификациялап, 700-ге жуық екіжақты шарт бекітті. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді, Еуразиялық экономика­лық одаққа бірікті, Әлемдік же­текші экспорт­таушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Бұл ретте Қазақстан Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйым­ы­ның тізгінін ТМД және Азия елдерінің ішінен алғашқы боп  қолға алғанын атап кеткен жөн. Әлемдік деңгейдегі мұндай мәр­тебелі миссия қазақ баласына бұрын-соңды сеніп тапсырылып көрген емес еді.

Патшалықтың, төңкеріс дүм­пуі мен тоталитаризмнің бар­лық ауыртпалығы мен қиыншылық­тарына қарамастан, біздің елі­міздің аумағында тұра­тын қазақ­тар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерек­ше­ліктерін сақтай алды. Тәу­елсіздік арқылы мә­ден­иеті­міз құлашын кеңге жай­ып, қарқынды дамуға зор мүм­кін­дік алды. «Мә­дени мұра» бағ­дарламасы қабыл­данып, шетелдерден қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты бес мың­нан аса қолжазба мен көш­ір­ме әкелінді. Осы жылдарда көптеген тарихи жәдігер табыл­ып, 800-ден астам тарихи ес­керт­кіш қалпына келтірілді. Қазақтың мың әні, қазақтың мың күйі жарыққа шықты. Одан да басқа атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Тәуелсіздік – Ұлы даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Тәуел­сіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығын­дай сақтауымыз керек. Мемле­кеті­міздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтас­ты­ғын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы.

Нұрлан ҚОСАЙ