Әнші, “Музарт” тобының мүшесі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде жазба жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Марқұм әпкесінің 40 күндігін өткізген әнші бұл жайт анасына қиын болғанын айтады.
“Жақын жанын жоғалтқан әжесінің сары уайымын сейілтейін деп немересі:
– Әже, психолог алдырайын ба? – деп сұрапты.
– Балам, ағайын-туыстан, көрші-көлемнен, құда-жекжаттан, ауылдастардан асқан психолог бар ма. Келім-кетім адамдар-ақ жарамды жазып, жүгімді жеңілдетіп, жұбатып жатыр ғой” депті. Ол рас. Қайтыс болған әпкем Созақта тұратын. Үй арасында екі-ақ үй бар. Анамды күнде бір көрмесе көңілі көншімейтін. Анам да тұла бойы тұңғышын “Жанымдағы жарығым” дейтін. Жездем мен әпкемнің үш қызы, екі ұлы, 12 немересі бар, АЛЛАға шүкір. Жылатуға емес, жұбатуға барып, анамызды тұңғиыққа түсіре бермей, көңілін көтеріп қайтуға тырысып жүрміз. Біз қайғыра берсек, анамызға да қиын тиеді. Кейде, әлі тірі жүрген сияқты сезінеді”, – деді әнші.
Өнер иесі жездесімен де жиі сырласатынын жасырмады.
“Ақ жездеме “Апатайым түсіңізге кіріп жүр ме?” десем, “Айткүл өмірден өткелі бері оны түсімде көрмеген күнім болған жоқ” дейді. Оңай емес. Бүгін ауылға барып, әпкеміздің қырық күндік асын беріп, Құран бағыштадық. Я, раббым, қабыл болған игі амалдардан ете гөр. Әпкемізге Фирдаус жәнаттын нәсіп ете гөр. Қайғы көрмейік, құрметтілерім. Тек жақсылық болсын”, – деп жазды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.