Кеңес отырысында былтырғы және биылғы 9 айдағы балалар суицидінің, тұрмыстық зорлық-зомбылық және қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар профилактикасы бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі талқыланды. Кеңесті БҚО прокуроры Серік Шалабаев өзі жүргізді.
Үйлестіру кеңесінің отырысына БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, БҚО ПД басшылық құрамы, облыстық ТЖД басшылығы және әдістемелік кабинеттердің жетекшілері қатысты.
Алдымен БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиев облыстағы балалар арасындағы қылмыстың жай-күйі туралы баяндады. Облыс прокурорының бірінші орынбасары балаларға қарсы қылмыс пен отбасындағы қылмыстардың саны үш есеге өскенін атап өтті. Ал балалар арасындағы суицид 80%-ға артқан.
– Мұның бірінші себебі, мектептердегі психологтердің жұмысы әлсіз ұйымдастырылады. Олар көбіне қағаз жүзінде жұмыс істейді. Екінші себебі, балалар арасындағы суицидке қатысты қылмыстық істерді полиция сапасыз тергейді. Сот сараптамасы жасалмай жатып қылмыстық істерді қысқартып тастайды. Осының салдарынан суицидтің себебі анықталмайды, – деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев.
Балалардың бесіктен белі шықпай жатып өмірден баз кешуіне не себеп? Мәселен, 2024 жылдың 9 айында 9 жасөспірім мына өмірмен қош айтысқан. Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері неге өсті? БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев мұның себебін мектептердегі психологтер жұмысының әлсіздігімен немесе мамандардың тәжірибесіздігімен байланыстырады. Оның айтуынша, көп мектептегі психологтер жұмысты дұрыс жүргізбей отыр.
Балалар арасындағы суицидтің статистикасы мынадай: 2020 жылы – жеті бала, 2021 жылы – тоғыз бала, 2022 жылы – екі бала, 2023 жылы – бес бала, ал 2024 жылдың 9 айында тоғыз бала өзіне-өзі қол жұмсаған.
– Біздің тапсырмамызбен психологиялық қолдау орталығы өз-өзіне қол жұмсау себептеріне талдау жасады. Осы талдау нәтижесіне сүйенсек, балалар бірінші кезекте ата-аналарымен жанжалдан, отбасындағы қақтығыстан кейін өзіне-өзі қол жұмсайды. Одан кейін, әрине, әсер ететін ортасы, достары болады. Бұл жерде балалардың психикасын сақтау және нығайту міндеті жүктелген мектеп психологтері маңызды рөл атқарады. Алайда олардың жұмысы жасөспірімдер арасындағы жағымсыз үрдісті азайтуға көмектеспей отыр. Психологтердің жартысы сырттай білім алған, 18%-ы – 3 жылға дейін тәжірибесі бар жас мамандар. Төмен жалақыға байланысты кадрлардың жиі ауысуы байқалады, сапалы психологиялық қолдау көрсету үшін кей мектептерде қажетті жағдайлар жасалмаған, – деді Д.Омарғалиев.
БҚО прокуратурасы облыстағы барлық мектепке тексеріс жүргізген. Сол тексеріс нәтижесі бойынша психологтердің тек формальды жұмыс істейтіні анықталыпты.
– Мысалы, Бәйтерек ауданындағы мектептердің бірінің психологі 57 оқушыны тәуекел тобына енгізген. Алайда балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізілмеген. Дарьян кешкі мектебінің штатында психолог мүлдем көзделмеген. Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша білім беру ұйымының штатында психологтің болуы міндетті, – деді өз сөзінде Д.Омарғалиев.
Прокурордың айтуынша, суицидпен күресте полиция да жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Тіпті, балалардың өзіне қол жұмсау фактілері дұрыс тергелмейді.
– Балалар суицидіне байланысты қылмыстық істерді тергеу сапасыз жүргізіледі. Биыл мұндай 9 қылмыстық істің тек екеуі бойынша сараптамалар тағайындалған. Соның салдарынан олар бойынша шешімдер оқиғаның барлық мән-жайы анықталмастан, мерзімінен бұрын қабылданады. Нәтижесінде, тергеудің толық болмауына және балалардың мұндай шарасыз қадамға бару себептерінің анықталмауына байланысты 6 істі тоқтату туралы шешімдерді бұздық. Енді баланың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарламалар бойынша тергеудің сапасы мен уақыттылығын қамтамасыз ету үшін прокурор оқиға орнына барып, мұндай істерді арнайы бақылауға алады, – деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары.
Прокуратура өкілдері тиісті органдар балалар арасында суицидтік мінез-құлық тудыратын контентке талдау жасау үшін әлеуметтік желілер мен интернет платформаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізуді міндетті. БҚО прокуратурасы биыл суицидтік бағыттағы 20-дан астам арнаны одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізген.
Біз БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллинге хабарласып, қазіргі мектептердегі психологтердің білім-біліктілігі туралы сұрадық. Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарында 426 педагог-психолог қызмет атқарады екен. Былай қарасаңыз, аз емес.
– Жасөспірімдерді теріс әдеттерден, өз өміріне қауіп төндіруден қорғау – бұл кешенді жұмыс, оған бірнеше маман қатысады. «Тәуекел» тобына бейім оқушылар мен студенттерді оқу орнында мобильдік топ құрылып, сынып жетекшілері, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер, жасөспірімдердің психологиялық жағдайын зерттеп, қажет болған жағдайда тұрмыстық жағдайын тексеру, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік-психологиялық жағдайын анықтау мақсатында мекенжайы бойынша рейд ұйымдастырып, психологиялық жағдайы зерделеніп, ата-аналары және оқушымен кеңес жұмыстары жүргізіледі. Біздің психологтер жағдайы қиын, депрессияда жүрген балалармен жеке жұмыс істейді. Олармен оңаша сөйлесіп, үйіне дейін баратын кездері болады. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Бала – өзі тез ашыла қоймайтын құбылыс. Алдымен баланың сенімі маңызды, – деп атап өтті БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин.
Мамандардың айтуынша, мектепте басында қиындығы бар балалар жақын досына немесе сынып жетекшісіне ашылып айтатын жағдайлар болады. Бірақ өте сирек. Бала психикасы нәзік болғандықтан, мектептегі жұмыстар көбіне ойын, тест түрінде өтеді. Осылайша, бала бойындағы кейбір эмоциялық қиындықтарды ағытуға тырысады екен.
– Бұл жерде профилактикалық жұмыс керек, бала бойындағы өзгерістерді ерте анықтау, түсіндіру жұмыстары, атап айтсақ, жасөспірімдерге нашақорлықтың, өз-өзіне қол жұмсаудың және басқа да зиянды әрекеттердің салдарын түсіндіру, қолдау, ата-ананың келісімімен психиатр мамандарға көмекке жүгіну маңызды. Бұл жұмысты тиімді атқару үшін барлық тараптың – мұғалімдер, психологтер, ата-аналар және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-әрекеті қажет, – дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Өрімдей балалардың өмірден күдер үзуіне психологтер ата-ана қамқорлығының жетіспеуі, депрессия, мектептегі әлімжеттік пен кемсіту түрткі болады дейді. Өйткені кәмелетке толмаған оқушылардың көпшілігі жәбірлеуге ұшырайтын көрінеді. Тіпті, қатарластарының қағытпасын да көңілге алып, өзіне қол салуы да ықтимал.
Қорыта айтқанда, баланы жаман әдеттен, өмірден түңілуден қорғаудың жалғыз жолы – қоғамға қосу. Телефонға телміріп, оңаша қалған бала тұйықтала береді. Ал мектеп, психологтер, үйдегі ата-ана, бәрі жан-жақтан қаумалап, қажетті қамқорлық пен тәрбиені беріп отырса, бұл жаман әдетті жоюға біртабан жақындауға болар ма еді?!
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы