Қаладан қос аудан ашылады: үміт пен үрей

Бүгінде Тараз қаласының көкжиегі кеңейіп, тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Қазір қалалықтар 434 мың тұрғынға жетті.

Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес, мұндай жағдайда шаһардан аудандар құрылуы керек. Осыған орай жыл басында қаланың дамуының жаңа Бас жоспары әзірленіп, екі аудан құру қолға алынған болатын. Міне, осы бастама жыл соңында жоспарлы межесіне жеткендей. Алайда қалаға қосылатын аудан тұрғындарын қандай мәселелер мазалауда?

Жалпы, Бас жоспарға сәй­­кес, Тараз қаласына Жам­­­­­был мен Байзақ аудандарынан 12,9 мың гектарды құрайтын, 45 701 хал­қы бар 14 елді мекен мен 2 сая­жай қосылады деп көзделген. Нә­тижесінде, тараздықтардың са­ны 479 мың тұрғыннан асады деп кү­ті­луде. Әрине, бұл жергілікті бас­қару­ды оңтайлы еткенімен, ауыл хал­қының шешілмей жүрген мә­се­­­лелерін қос бүйірге әкеп ті­­реуде. Осы ретте ауыл тұрғында­­рын не алаң­дататынына құлақ түр­­ген едік.

Байзақ ауданына қарасты Қы­зыл­жұлдыз ауылында жол мә­­­­­селесі жанға батып тұр. Сондай-ақ тұр­ғын­дардың айтуынша, көше жа­рық­тандыруы мен мәдениет үйі жаң­ғыртуды қажет етеді екен. Нақ­тырақ айтсақ, 3 көше бұ­рылы­сы­на орташа жөндеу, 16 кө­шеге жа­­рық шамдарын орнату жә­не ауыл­­дық клуб ғимаратын күр­делі жөн­­деуден өткізу кезек күт­тірмей­тін мәселе болып тұр. Та­раз қа­ла­сы­ның әкімі Бақытжан Орын­бе­ков аталған түйткілдер шаһар бас­­­­шы­лығының жіті назарында тұрғанын айтады. 

– Жасыратыны жоқ, облыс ор­­талығына кіретін ауылдарда түйі­­ні тарқамаған түйткіл көп. Олар­­­ды ше­шу бағытында алдын ала жоспар әзірленіп, зерделеу жұ­­мыстары жүргізілуде. Елді мекен­дер қалаға қо­сылғаннан кейін ең бірінші инф­­­рақұрылым мәселе­сі күн тәр­тібіне көтерілетінін түсі­ніп оты­р­мыз. Сол себепті ең ал­дымен ауыл­дар­дағы жолдардың жағдайын жақ­сарту, қоғамдық көлік санын кө­бейту, әлеуметтік нысандарды жаң­ғырту, спорт алаңшаларын салу сынды жұмыстарды қолға ал­мақ­пыз, – дейді қала әкімі.

Шаһар шекарасына шеген­де­ле­тін елді мекеннің тағы бірі – Та­лас ауылы. Мұнда да жол жөндеу, қо­ғамдық көлік, ауызсу құбырын тар­ту, ауылдық клуб ғимаратын жаң­ғырту, көшелерді жарық­тан­ды­ру және шағын футбол алаң­ша­ла­рын салу өзекті мәселе болуда.

Ал Жамбыл ауданына қарасты Бек­төбе және Қызылшарық ауыл тұрғындарын «бұған дейін бастал­ған жобалар аяқсыз қалмай ма?» деген сауал алаңдатуда. 

– Біз бұған дейін аудан және ауыл әкімдерімен бірнеше рет жүз­дес­тік. Түйінді түйткілдердің түйі­нін тарқату жолдарын жан-жақты қа­растырдық. Бұған дейін округ әкім­дері тарапынан ауылдарды көр­кейту бағытында түрлі жобалар жан­данғанынан хабардармын. Бұ­дан бөлек, алда тұрған жоспарлар да бар. Біздің міндетіміз – осы жо­­ба­ларды орта жолда қалдырмай, ая­­ғына дейін жеткізу. Ауылдар об­­лыс орталығына кіргеннен кейін он­­дағы тұрғындардың да тұрмысы со­­ған сай болуы керек. Сондықтан ал­­дағы уақытта осы ауылдарды көр­­кейту жолында күш саламыз, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы. 

Негізі, қазір Бектөбе ауы­лын­­да 36, Қызылшарық ел­ді мекенінде 7 көше жөндеуді қа­­жет етуде. Сондай-ақ ауызсу құ­бы­­рын жүргізу, 5 көшені жарықтан­дыру, электр желісі мен қосалқы стансаны жөндеу, мәдениет үйле­рінің материалдық-техникалық ба­засын жақсарту жұмыстары күн тәртібінде тұр. 

Көне шаһар құрамына енетін елді мекендердің қатарында Жам­был ауданына қарасты Жамбыл ауыл­д­ық округі де бар. Бүгінде тұр­­­­­ғындарының саны 5 605 адамды құрайтын округке Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе ауылдары мен Шай­қорық стансасы кіреді. Бұл елді мекендерде де күрмеуі қиын мә­селелер аз емес. Алайда қала әкі­мі олардың бәрінің түйінін тарқа­туға күш салатындықтарын айтуда. 

– Көне шаһарды көркейту ба­ғы­тында атқарылған ілкімді істер аз емес. Енді қаланың көкжиегі бұ­рын­ғыдан да кеңейіп, жаңа елді ме­кендердің қосылуы жауапкер­ші­лік жүгін одан әрі арттыра түсу­де. Осы мақсатта әуелі ауылдардан облыс орталығына қатынайтын қо­ғамдық көліктердің санын арт­тыру­ға басымдық берудеміз. Осы­ған орай 2025 жылдың алғашқы жұ­мыс күнінен бастап елді ме­кен­дердің аумағына кіретін авто­бус­тар­дың бағыттарына қосымша өз­герістер енгізіліп, олардың саны кө­бейеді. Ауылдардағы зират­тар­дың қоршауына байланысты да мә­селе бар. Бұл бағытта да жоспар бе­кітілді. Келер жылдан бастап ел­ді мекендердегі зираттардың қор­шау жұмыстарын қолға аламыз. 

Жер кезегіне байланысты да бір­қатар сұрақ туындап отыр. Бұл рет­те ұзақ жылдан бері жер кезе­гін­де тұрған азаматтардың құқығы бұ­зылмайтындығын айтқым ке­ле­ді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатында бірнеше соттық жерді ие­леніп отырған азаматтар аз емес. Аталған азаматтардың тұрғын үйлері қала шекарасына өткеннен кейін де олар жердің нысаналы мақ­сатын үй салу үшін немесе бұ­рын­ғыдай жер телімін пайдалануды жалғастыра алады. Ол үшін құзыр­лы органдарға арнайы хат жолдан­ған. Сондықтан «қалаға қосылған­нан кейін жерімізді мемлекет қай­тарып алады» деп қорқатын еш не­гіз жоқ, – дейді қала әкімі. 

Әрине, бұл – жанға жылу бе­ре­тін ақпар. Алайда қалаға қосылуы тиіс ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған өзге де өзекті мәселелер аз емес. Оның бірі 10,5 мың тұрғын тұра­тын Жалпақтөбе ауылындағы ағайын «қалаға қосылғаннан кейін қызметте жаппай қысқарту жүрмей ма?» деген үреймен отыр. 

– Қазір көпшілікті «Қалаға қо­сыл­ғаннан кейін жұмыссыз қал­май­мыз ба, қысқартулар жүрмей ме?» деген түрлі ойлар мазалауда. Әри­не, мұндай сауалдардың туын­дауы орынды. Алайда ешбір салада қысқарту болмайтынын ашық айтамын. Себебі қаладан екі аудан құрылғаннан кейін тиісінше екі бір­дей әкімдік жасақталады. Онда жер­гілікті мамандармен қатар, сырт­тан келетін білікті кадрлар да қыз­метке тұруға мүмкіндік алады. Сол секілді білім саласында да осы оқу жылы аяқталғанша ешқандай өзгеріс болмайды. Ал келер оқу жы­­­­­лының қарсаңында сыныптар қала мектептеріне орайластырып заң­мен белгіленген талаптарға сәй­­кес қайта құрылады. Алайда бұл педагогтар мен олардың сағат саны қысқарады деген сөз емес. Барл­ық қызметкер бұрынғыдай өз жұмыстарын жалғастыра береді. Дегенмен ауыл мұғалімдеріне т­өленетін 25 пайыздық қосымша үс­темеақы қаңтар айынан бастап берілмейді. Бұл – заңда белгіленген норма. Сондықтан бұған түсіністік таныту қажет, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы. 

Жалпақтөбе ауылында бұ­дан бө­лек, 18 көше жөн­деу­ден өтпек. Жо­ба құны 247,6 млн тең­гені құрап отыр. Бұл жұмыстар 2026 жылға жоспарланған. Сон­дай-ақ ауылға ауызсу құбыры жүр­гі­зілгенімен, 445 аула әлі күнге тір­­шілік нәрінің желісіне қосыл­ма­ған. Осы жұмыстар да алдағы уа­қытта мықтап қолға алынбақ. Бұ­дан бөлек, 50 көшеге жарық шам­дары қойылады. Мұндағы жо­ба құны 760 млн теңгені құрайды. Әри­не, барлық мәселе бір күнде шешіліп кетпесі анық. Алайда ол­қылықтардың орнын толтыру ба­ғытында ауқымды жұмыстардың қолға алынғаны қуантады. 

Осыдан он жыл бұрын Шөл­да­ла, Құмшағал, Көлтоған, Қызы­ла­бад ауылдары қала шекарасына қо­сылғанда да сан сауалдар туын­да­ғаны жасырын емес. Алайда бір күн­де қалалық болып шыға келген ел­ді мекендердің қазір еңсесі тікте­ліп келеді. Сондықтан шаһардан тағы екі аудан құрылатынына үрей емес үмітпен қарау керек.

Әзірге екі ауданның атауы «Әу­лиеата» және «Жібек жолы» деп ұсы­нылуда. Бұл ұсыныс респуб­ли­калық ономастика комиссиясына жолданып отыр. Егер қолдау тапса, келер жылы шаһардан екі аудан құрылатыны анық. Ал ол аудан­дар­дың болашағы қандай болары – уақыт еншісінде.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы