Алғаш рет сонау 1980 жылы тіркелген ойық жара араға жылдар салып арагідік көбейіп тұрады. Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін денесінің әр жерін жара басып, соңында ізін қалдыратын ойық жараның соңғы рет қатты белең алған кезі 2016 жыл болды. Одан бері ара-тұра көрініп жүрген бұл жұқпалы дерт биыл таралуы жиілеп, отырарлықтардың мазасын алып отыр.
Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде уран өндіруші компания жұмысшыларының бірі күкірт қышқылын иен далаға төгіп, қоршаған ортаны ластап жатқаны жөнінде видео таралған болатын. Бүгінде тұрғындардың көпшілігі жараның таралуы осынау химикаттың салдарынан көбейді деген болжам айтып жүр. «Бұл жараның ешқандай емі жоқ. Біз халық оны төгіліп жатқан ураннан көреміз. Қышқылдан жұғуы мүмкін», – деп дабыл қақты ауыл тұрғындары.
Алайда ғылыми деректерде бұл «тері лейшманиозы қоздырғышы туғызатын, трансмиссивті жолмен тарайтын, тері қабаттарында лейшманиомалар шығуымен сипатталатын табиғи ошақты инфекция» деп айтылған. Тері лейшманиозының 80-ге жуық синонимі бар екен. Адамды кішкене құм масасы шаққан кезде инфекция тарайды. Аурудың кейбір түрлері ағзаның ішіне зақым келтіреді. Бұл тері аурулары негізінен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Мексикада, Орталық Африкада ұшырасады екен.
Демек, ғылыми деректе мұны трансмиссивті жолмен тарайтын инфекциялық тері ауруы дейді. Сондай-ақ бұл дерт туралы Созақ аудандық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Меруерт Таңатарова лейшманиоз қан соратын індеместер арқылы тарайтын зоонозды тропикалық паразиттік инфекциялық ауру екенін айтады. Инфекцияның көзі – құм тышқандары мен атжалмандар, ал оны таратушылар – індеместер. Лейшманиоз ауруы адамнан адамға жұқпайды. Індеместер дененің көбіне ашық жерін зақымдайтындықтан, балалардың бетінде, қолында 1-3 папула шыға бастайды. Дене қызуы күрт жоғарылап, 38-39ᵒС-қа дейін көтеріледі, интоксикация белгілері үдейеді, бауыры мен көк бауыры үлкейеді. Көбіне қосымша аурулар қосылып, жағдайды нашарлатады. Жасөспірімдер мен ересектерде клиникалық белгілері біртіндеп көрініп, дене қызуы баяу көтеріліп, анемия белгілері байқалады.
Мамандар қанша жерден дерттің таралу жолына болжам айтқанымен, отырарлық тұрғындар түрлі нұсқаны айтуды тоқтатқан емес. Жуырда Түркістан облыстық мәслихатына Отырар ауданынан сайланған депутат Мырзахан Манапов «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен брифингте осынау дерттің қайдан келіп жатқанына нүкте қойғандай болды.
Брифингте лейшманиоздың қайдан пайда болғаны және оның емі туралы тұрғындар түрлі нұсқа айтып жүргені сөз болды, бұған қатысты мандат иесі былай деп жауап берді. Депутаттың айтуынша, лейшманиозге уранның еш қатысы жоқ.
«Сырдарияның арғы бетінде 12 елді мекен бар. Онда 12 мыңнан аса халық тұрады. Ал осынау жараны жұқтырғандар – көбіне сондағы тұрғындар. Жақында облыстық тері аурулары диспансерінен арнайы бір топ маман барып, сондағы тұрғындардың барлығына зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесімен 118 адамның лейшманиозге белгілері бар екенін анықтап, нақтыланған 18 жанды ауруханаға жатқызды», – деп атап өткен Мырзахан Бексұлтанұлы сол уақыттары әріптестерімен бірге медицина мамандарының жанында болғанын жеткізді.
Бүгінде сәбилерді де мазалап жатқан шұңқыр жара сары тышқаннан жұққан екен. Ал тышқанға бұл індет шіркейден келген. Осы тұста айта кетейік, отырарлықтардың тағы бір өзекті мәселесі – шіркей. Күн жылынғаннан аудан тұрғындары шіркеймен арпалысады. Елді мекендерді басып қалатын қара шіркейдің салдарынан тұрғындар біраз уақыт бойы бетін тұмшалап, торлап алатын болған. Ғалымдар сол шіркейдің құмды жерде жүретін тышқанға жұқтырып, тышқан арқылы лейшманиоз адамға келетінін айтқан. Осылай деген мандат иесіне журналистер «шіркей оңтүстіктің өзге аудандарында да бар, ал лейшманиоз неге жалғыз Отырарда?» деген сынды сауалдарын да жолдады. Аталған 12 елді мекен құмды ауыл, ал әлгі тышқан құмды жерлерде жүреді екен.
«Лейшманиозбен біздің ата-аналарымыз 30-40 жыл бұрын алысып жүретінін білетінбіз. Бұл дерттің отырарлықтарды айналсоқтап жүргеніне де осынша жылдай болып қалды. Тышқанды дәрілеу жұмыстары күшейгенде саябырсып қалады. Қазір өршіп бара жатыр. Мұны тек тышқандарды дәрілеп, залалсыздандыру арқылы ауыздықтай аламыз», – деді Мырзахан Манапов.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы