Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, осы өнеркәсіптегі отандық тауар өндірісі 2020 жылғы 142,7 млрд-тан 2023 жылы 237,4 млрд теңгеге дейін ғана артты. Оның өзінде бұған негізінен баға көтерілісі ықпал етті. Дәл осы кезеңде шетелден тасылған жеңіл өнеркәсіп тауарлары 384,9 миллиардтан 1,4 триллион теңгеге дейін, 3,5 есе ұлғайды. Оның 925,5 миллиарды – көлеңкелі айналым! Бірақ үміт оты сөнген жоқ. Саланың қайта түлеу әлеуеті зор.
Жетімнің зарын тартқан сала
Ауыз толтырып айтарлық жетістігі болмаған соң ба, шенеуніктер «жеңіл өнеркәсіп» деген атауды қолданудан ұялатын болыпты. Салаға жауапты Өнеркәсіп және құрылыс (бұған дейін Индустрия) министрлігінің сайтында «жеңіл өнеркәсіп» деген сөз соңғы рет 2021 жылы жазылған.
Өткен сейсенбіде ел Үкіметі 2024 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысын шығарды. Атқарылған жұмыстарды баяндаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков те жеңіл өнеркәсіптің көрсеткіштерін жариялауға қымсынды. Оның орнына шенеунік өңдеуші өнеркәсіптің биыл 5,3% өсімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Бірақ өңдеуші өнеркәсіп тек жеңіл өнеркәсіптен құралмайды.
– Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторларында оң динамика байқалады, өсім 5,3%-ды құрады. Өсім металлургия өнеркәсібі (+7,2%), машина жасау (+6,9%), химия (+8,4%) есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын өндіру 29,5%-ға, жиһаз – 12,8%-ға, қағаз өндірісі 10,2%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Бұл салалардың жалпы жиынтық өсімі жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі сияқты өңдеу салалары көрсеткіштерінің төмендеуін жауып отыр, – деді Олжас Сапарбеков.
Алайда жеңіл өнеркәсіптің қаншаға төмендегенін вице-министр айтпады. Ұлттық статистика бюросы да енді «жеңіл өнеркәсіп» деген ұғымды қолдана бермейді. Сондықтан статорганның «Қазақстан Республикасының өнеркәсібі жұмысының негізгі көрсеткіштері (2024 жылғы қаңтар-қараша)» атты кеше жарияланған есебінде жеңіл өнеркәсіп көрсеткіштері жоқ, тек өңдеу өнеркәсібі жайында айтылады.
Үкіметтің биылғы бірінші жартыжылдықты қорытындылаған есебінде ғана жеңіл өнеркәсіпке бірер абзац арналған екен. Оған сәйкес, 2024 жылдың бірінші жартысында жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 95,7 млрд теңгені құрады. Сонша мардымсыз көрінеді. Себебі онда тек киім өндірісі секторы оң динамика көрсетіп, 11,5% өсім көрсетті.
«2024 жылдың қаңтар-сәуірінде жеңіл өнеркәсіп өнімінің экспорты 67,3 млн доллар болды. Былтырғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда экспорт 69%-ға артты. Негізгі экспорттық тауарлар арасында тоқыма өнімдері, майкалар, жейделер, сөмкелер мен қаптама пакеттер бар. Ресей, Түркия және Қытай қазақстандық осы өнімдердің негізгі өткізу нарықтары болып қала берді», – делінген есепте.
Биылғы ақпанда Үкімет жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен 2 жылға алып тастауды көздейтін қаулы қабылдады. Оған сәйкес, мемлекеттік сатып алуларда бірінші кезекте отандық жеңіл өнеркәсіп өнімі алынуға тиіс. Бұл уақытша қадам отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
2029 жылға дейінгі Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Оның аясында жеңіл өнеркәсіп инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған негізгі салалардың қатарына қосылды. Соған қарамастан, жеңіл өнеркәсіп жобаларының саны аз. 2024 жылдың 6 айында жеңіл өнеркәсіптің негізгі капиталына салынған инвестиция небәрі 4,2 млрд теңгені құрады. Бұл бір супермаркет желісінің бір жылда табатын табысына ғана тең.
Үкімет дерегінше, AZALA Textile ЖШС-ның құрылыс және көлік салаларындағы ірі компаниялармен ынтымақтастық орнатуы маңызды қадам болды. Жергілікті қамтудың жоғары деңгейі міндеттемесімен төсек жабдықтарын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасалды. Жалпы сомасы 2,6 млрд теңгені құрайтын келісімдер өндірушілердің нарықтағы позицияларын нығайтуға серпін бермек. Биыл Ақтөбе облысында тоқылмаған материалдар өндірісі, экструзиялық геосинтетика өндірісі, ал, Атырау облысында полипропиленнен қапшықтар, пленкалар өндіру секілді жаңа жобалар іске асырылып жатыр.
Әйелдер орын тапқан өндіріс
Kazakh Invest ұлттық компаниясының түсіндіруінше, жеңіл өнеркәсіп кешені 20-дан астам саладан тұрады және негізгі үш топты біріктіреді. Бұлар – тоқыма-тігін, тері-былғары және аяқкиім өндірісі. Соның ішінде тігін және тоқыма салалары үлесі жөнінен басымдыққа ие.
Озық елдер жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Өйткені бұл сала еңбекке қабілетті халықтың, соның ішінде әйелдердің үлкен үлесін (осы өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтіндердің 90%-ға дейінгісі әйелдер) жұмыспен қамтиды. Олай болса, жоғары әлеуметтік-экономикалық мән-маңызға ие.
Сонымен бірге тұтыну деңгейі бойынша ол азық-түлік өнімдерінен кейінгі екінші орында тұр. Себебі адамдарға өмір сүруі үшін тамақтан соң киім-кешек, тұрмыстағы күнделікті тұтынатын өнімдер қажет. Жеңіл өнеркәсіптің негізінен әйелдерді еңбекпен қамтитын сектор саналатынын сарапшылар растайды.
Содан болар, Астана мен Алматыда кейінгі кезеңде өтіп жүрген, жеңіл өнеркәсіптің болашағына арналған форумдар мен кеңес-отырыстарда әңгіме ауаны бәрібір креативті және fashion индустрияны дамыту тақырыптарына ауып кете беретіні байқалады. Sauvage group негізін қалаушы Л.Рахтың пікірінше, осы салалардағы Made in Kazakhstan өнімдер отандық жеңіл өнеркәсіптің атағын әлемге жая алады.
– Қазақы сән жаһандық трендке айнала алатын әлеуетке ие. Өйткені онда елдің ұлттық коды тұнып тұр. Ендеше жеңіл өнеркәсіптің осы бағытын басымдықты дамытсақ, халықаралық аренадағы ұлттық брендімізді бекітеміз, елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеміз, инвесторларға тартымды етеміз. Бұл үшін бізге дарынды дизайнерлерді даярлайтын мектептер керек. Қажет болса, оларда дәріс оқуға, тәжірибе бөлісуге этнографтарды, тіпті қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін әжейлерді де шақыруға болады. Сондай-ақ сән маркетингі, менеджмент пен өндіріс саласының кәсіпқой мамандарын тарту керек. Саланың әлеуеті де, отандық дизайнды дамытуға деген құштарлық та зор. Бірақ қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз, – деді Лилия Рах.
коллаж: Елдар ҚАБА
Оның айтуынша, сала ойыншылары төл коллекцияларын жергілікті және халықаралық тұтынушыларына, тапсырыс берушілерге паш ете алатын шоу-румдар сияқты кәсіби платформаларға зәру. Салдарынан, амалсыз, базарларда, көшелерде тұруға, ара-тұра сауда орталықтарының ашық холдарында көрме жаюға мәжбүр.
Сарапшы жеңіл өнеркәсіпшілердің өзін де сынады. Олар қазақстандық және шетелдік маркетплейстер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер сияқты қаптаған алаңдардың ашық екеніне қарамастан, өзін-өзі ұсынуға, жарнамалауға, агрессивті маркетинг жүргізуге әлі күнге үйрене алмай, не мойны жар бермей келеді. Бұдан бөлек, олар халықаралық сән көрсетілімдеріне белсенді қатысқаны, осы мақсатта жарқын, тіпті абсурдты коллекциялар жасағаны жөн. Онсыз жалт-жұлт, жарқ-жұрққа жадыланған жаһандық қоғамдастықтың назарын аудара алмайды.
«Біз осы бағыттың бәрінде жұмыс істеуге тиіспіз. Және тынбай, өте көп еңбек етуіміз керек. Қазақ сәні – жеке стиль ғана емес, сондай-ақ тылсым философия, тамыры терең дәстүр екенін, оның қазіргі заманда тобырдан дараланып, көрініп қалуға деген іңкәрлік сезімін тояттандыруға жарайтынын көрсетуге тиіспіз. Оның бәрін біз кеудемізді тік ұстап, мақтанышпен әлемге паш ете аламыз!», – деді Лилия Рах. Қазақстан ойыншықтардан бастап, киім-кешек, аяқкиім, төсек-орын жабдығымен, басқасымен әлемге танылып, мол сұраныс пен тапсырыс айдынына шыға алады.
Дәуірлеген заманы орала ма?
Дүниежүзіндегі жетекші консалтинг фирмасы – PricewaterhouseCoopers сарапшылары да жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті үлкен екеніне сенімді.
– Ол әлеуетті жүзеге асыру үшін де мүмкіндік жеткілікті. Бүгінде тауарлардың 90%-ға дейінгісі маркетплейстер арқылы өтеді. Яғни, олар өндірушілерге орасан зор артықшылық ұсынады. Осы арқылы қазақстандық өнеркәсіпшілер де шетелдік нарыққа жылдам қол жеткізе алады. Бұл тез масштабталуға көмектеседі. Бірақ сауданың бұл түрі қарқынды дамығандықтан, бәсекелестік те жоғары. Тұтынушыны үнемі әралуандылықпен елеңдетіп отыруыңыз керек. Өзге елдердің, әсіресе, Қытайдың өндірушілері бәсекелестерін шаң қаптыру үшін жиі демпинг жасайды, тоқтаусыз жеңілдіктер ұсынады. Мұнда мемлекеттің қолдауы қажет, – деді PwC Kazakhstan өкілі Андрей Шевченко.
Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі 30 жылдан астам уақыт ішінде қатты құлдырады. Мысалы, жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі оның үлесі 1990 жылы 15,8%-ды құраса, ХХІ ғасырдың басында ол 2,3%-ға дейін еселеп құлдырады. Бүгінде оның үлесі 1 пайызға да жетпейтін көрінеді. Бұған бір жағынан, отандық өндірушілердің мемлекеттен жеткілікті қолдау көре алмауы, екінші жағынан, қытайлық онлайн-ритейлерінің қаптауы кесірін тигізді. ҚХР-дың онлайн сауда базарларының жеңілдіктері мен арзан бағаларына қызыққан жұрт көрінген қоң-қоқырды содан сатып алады.
Сарапшылар қазақстандық өндірушілерді ара-тұра қорғаныстық тапсырысты орындау, сондай-ақ, мысалы күштік құрылымдарға, мұнайшыларға, басқасына қажетті, арнайы киімдерді тігу сияқты сұраныс құтқарып тұрғанын айтады. Мұндай өнімді тапсырыс беруші – Қорғаныс, Төтенше жағдай, Экология, басқа министрліктер, ұлттық компаниялар кепілді түрде алады, ақысын уақытылы төлейді.
Сарапшылар кешегі кеңес заманында Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқанын, кеңестік және «соцлагерь» армияларын киіндіргенін еске салады. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқкиім, тері-ұлпан өнеркәсібі салаларында 1 мыңнан астам іргелі кәсіпорын жұмыс істеді. Сала табысы республика бюджетінің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі келесі жылы «Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау мен қадағалауды енгізу» бастамасын көтеріп отыр. Министрліктің Өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы Әйгерім Исабекованың түсіндіруінше, қазір кедендік жүктерді ресімдеу қағидаларын бұза отырып, Қазақстан аумағына жақын және алыс шетелдерден жеңіл өнеркәсіптің контрафактілік және контрабандалық тауарлары заңсыз тәсілмен өте көп көлемде еніп жатыр.
– Оны тасушылар бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтарып, ел экономикасына залал келтіреді. Контрабанда және контрафакт тауарлардың төмен құнына байланысты олар өнімінің өзіндік құны жоғарылау отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына кедергі болады. Бүгінде Қазақстанда саудаланатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының жалпы көлемінде отандық өндірістің үлесі небәрі 8%. Қалған 92%-ы – импорттық өнім. Ел аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларының көлеңкелі айналымының көлемі 59%-ға жетті. Тиісінше, 925,5 миллиард теңгенің тауары контрабанда немесе контрафакт, – деді сарапшы.
Ол отандық жеңіл өнеркәсіптің жете дамымауына ықпал еткен факторлар қатарында ішкі нарықтың шетелдік жеңіл өнеркәсіп тауарларына шектен тыс толуын, арзанқол тауарлардың үлкен көлемінің заңсыз әкелінуін атады. Сондықтан министрліктің ұстанымынша, жеңіл өнеркәсіптің әрбір тауарына таңба басылса, бұл көлеңкелі айналымның азаюына ықпал етуі мүмкін.
Жоғары аудиторлық палата ҚХР-дан әкелінетін тауарлар импортын салыстырмалы талдай келе, біраз былықты анықтады. ҚХР-дың және Қазақстанның кеденшілерінің статистикалары өзара қабыспайды. Салмақ жағынан да, бағасы жөнінен де айтарлықтай алшақтайды. Аудиторлар 2022 және 2023 жылдардағы сәйкессіздіктің көбін «42, 61, 62, 64 және 95-ші тауар топтары» бойынша әшкереледі. Екі елдің кедендік статистикасындағы алшақтық 9,3 миллиард долларға жеткен (5 триллион теңгеге жуық). Соның ішінде 6,7 миллиарды немесе 72%-ы осы тауар топтарына тиесілі.
Атап айтқанда, салмақ жөнінен 62-ші топ (тігін машинасымен немесе қолмен тоқылған тоқымадан басқа киім заттары мен киімге керек-жарақтар) бойынша алшақтық – 5,2 есе, 61-топ бойынша (киім заттары мен киімге керек-жарақтар, машинамен немесе қолмен тоқылған тоқыма бұйымдар) – 3,4 есе, 64-топ бойынша (аяқкиім және ұқсас бұйымдар; олардың бөлшектері) – 4,1 есе, 95-топ бойынша (ойыншықтар, ойындар және спорттық мүкәммал; олардың бөліктері мен керек-жарақтары) – 1,9 есе, 42-топ бойынша (былғарыдан жасалған бұйымдар) – 3 есе өскен. Осылай әкелінген контрабандалық және контрафакт өнімдердің жалпы салмағы 392 мың тоннаға жеткен!
Өнеркәсіп министрлігі сарапшыларының дерегінше, отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі 2020 жылғы 142 млрд 721 млн теңгеден 2023 жыл қорытындысында 237 млрд 405 млн теңгеге дейін ғана өсіпті. Бұл өсімге негізінен, қымбатшылық, инфляция, девальвация септессе керек. Осы кезеңде оның экспорты 2020 жылғы 11,6 миллиардтан былтыр 56,4 млрд теңгеге дейін артты.
Ал шетелден арбаланған жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2020 жылғы 384 млрд 891 млн теңгеден 2023 жылы 1 трлн 370 млрд 710 млн теңгеге дейін ұлғайды. Соның ішінде көлеңкелі нарықтың үлесі 2020 жылғы 15%-дан 2023 жылы 59%-ға дейін жеткен! Кезіндегі шағын бұлақтан бүгінде тасқындаған дарияға айналған контрабанда легіне таңбалау-маркировканың тосқауыл қоя алуы неғайбыл. Бірақ министрлік басқа шараларын әзірге жарияламады.
Елдос СЕНБАЙ