Зорлық кесірінен көз жұмған марқұм әйелдер қатарында атыраулықтар да бар. Ауыр қылмыс жасап, 9, 10 жылға дейін сотталған екі бірдей жазасын өтеуші есімдерін құпия қалдыруды сұрап, ең ауыр өкініштерін бөлісті.
«2023 жылдың мамыр айында сотталдым. Абайсызда адам өлтіріп алдым. Ол адам басқа емес, кезінде өзімнің сүйіп қосылған әйелім еді. Бұл оқиға ішімдіктің кесірінен болды. Кешке қарай ішімдікке тойып алып, үйге келдім. Өз-өзімді басқара алмай қалдым. Жанжал кесірінен әйеліме пышақ сұғып алдым. Егер сол күнге қайта оралатын мүмкіндік берсе, ішпей үйіме келіп, балам мен әйелімді құшақтап отырар едім», – дейді жазасын өтеп жатқан сотталушы.
Әйелін өз қолымен өлтірген қамаудағы азаматтың ең үлкен өкініші – жағдайды баласына түсіндіру. «Балам – өмірімнің мәні, жалғасы ғой. Бірақ мен сол ең үлкен аманатым – баламды өз қолыммен анасынан айырдым. Бостандыққа шыққан бойда ең бірінші баламнан кешірім сұрар едім. Балам мені кешіре ме, кешірмей ме, ол жағын білмеймін. Қазір балам екіге толады. Мен бостандыққа шыққан кезде балам мектеп оқушысы болады екен. Абақтыда отырғаныма бір жарым жылдан асты. Он жылға бас бостандығымнан айырылдым.
Шынымды айтсам, бұл қанды оқиға мен үшін өмірімде алған ең ауыр сабақ болды. Бір адамды өмірінен айырдым. Екіншіден, өзімнің өмірімді құртып алдым. Баламның өмірін құрттым. Қазір жасым 25-те. Әйелім небәрі 23 жаста болатын. Енді-енді қызықты сәттері басталып жатқан кезде, осындай қайғылы жағдай болды. Шын мәнінде, әйелімді өлтіріп аламын деп ойламадым. Бірақ арақ өз дегенін жасатты. Себебі арақ адамды ойлау қабілетінен, тіпті есінен айырады екен», – дейді жазасын өтеуші.
Арақтың кесірінен сүйген жарын өмірінен, баласын анасынан, әке мен ананы аялап өсірген қызынан айырған ол ер адамдарды қандай жағдай болса да әйелге қол көтермеуге шақырып отыр. Жазасын өтеуші бостандықта жүрген ер адамдарға «Ішімдікке жоламаңыздар. Отбасын барында бағалай біліңіздер» деген аманатын айтты.
Әйелін өлтіріп, темір тордың артында жазасын өтеп жатқан екінші адамның да оқиғасы осыған ұқсас.
«Келіншегімді ұрып өлтірдім. Жағдай 2019 жылы болды. Тоғыз жылға бас бостандығымнан айырылдым. Мас күйде болдым. Ішімдіктің кесірінен осындай жағдай болды. Өкінемін. Балаларым бар. Әйелімнен айырылып қалдым. Балаларымды да сағынамын. Үйге үнемі ішіп келетінмін. Соның кесірінен әйеліммен арада келіспеушіліктер болды. «Жұмыс істемейсің, арақ ішесің» деп марқұм әйелім ашуланатын. Арақтың соңы осындай қанды қасіретке алып келді», – дейді жазасын өтеуші.
Бұған дейін журналистерге берген сұхбатында Бас прокуратурасының өкілі Марат Әбішев тұрмыстық зорлық көптеген адамның өмірін қиып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. «Жыл сайын елде осы азғындықтың салдарынан кем дегенде сексен әйел қайтыс болады. 150-ге жуық адам ауыр жарақат алды, 200 әйел адам орташа және 4 000-нан астамы жеңіл жарақаттанған. Полицияға күн сайын 300 өтініш келіп түседі», – дейді Марат Әбішев.
Жоғары санатты отбасылық психолог Айгерім Талғатқызының айтуынша, көп жағдайда ер адамдар қызғаныштың кесірінен немесе әйелді өзінің жеке меншігі сияқты қараудың салдарынан өлтіріп жатады. «Әйелі «Мен бәріне тойдым, кетемін, ажырасамыз» деген уақытта ер адам өзіне «тиесілі» «меншігінен» айырылып қалмауға тырысып, барын салады. Әрине, бастапқыда әлемдегі бар жақсы сөздерді теріп айтып, әйелін өзімен бірге қалуға көндіруге тырысады. Кейде оған күш қолданып, тоқтамастан ұрып-соғуы мүмкін. Тіпті, қанша соққы алса да, әйелінің өзіне оралмайтынына көзі жеткен кезде, ер адам оны өлтіріп қойып жатады. Бұл өте қорқынышты. Сондықтан қазіргідей стреске толы заманда әйелге де, ерге де психологтың көмегі керек. Өйткені адам өмірге азап көру үшін келмеген», – дейді психолог маман.
Өкінішке қарай, зорлық-зомбылық бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қасіретіне, ауыр жарасына айналып барады. Бір ғана Атырау облысында отбасындағы зорлық-зомбылық деректері бойынша, жыл басынан бері полицияға 3 667 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде, 400-ден астам құқықбұзушылық қайталанған. Бір қарағанда, мұның барлығы статистикалық деректер болып көрінуі мүмкін. Бірақ әрбір санның артында шынайы оқиғалар, ауыр зардаптар, мәңгілік өкініштер жатыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы