Биыл рекордты өнім жинадық деп жергілікті билік пен Үкімет бөркін аспанға атқанымен, шаруалардың қа­бағына қалың мұң ұялаған.
Еһ, субсидия, субсидия
223
оқылды

Әсіресе, жерден нәсіп тап­қан ақмолалық аграрлық шаруашылықтардың жағдайы күн сайын күрделеніп барады. Астық мол болғанымен, би­дайдың бағасы тым төмен. Ал шаруалар жылға жуық уақыт бұрын түсуі тиіс субсидия қаражатын күні бү­гінге дейін ала алмай жүр. Бүгінде облыс аумағында ауыл­шаруашылық тауар өндірушілер алдындағы суб­си­диялық қарыздың көлемі 37 миллиард теңгеден асып жығылған. Құрғақ уәдеден жалыққан шаруаларға «ке­лер жылы мүлдем субсидия болмайды» деген ми­нистрдің сөзі тіпті ауыр тиді. Бюджеттің бүйірінде шаруаның жыртығын жа­майтын субсидия төлейтін қаражаттың табылмауы он­сыз да шығынға белшесінен батқан фермерлерді қу та­қырға отырғызса қайтеміз? 

Ақмолалық аграрлық шаруа­шылықтар қазір субсидияны кү­тіп сарыуайымға батып отыр. Көк­­­­­темде алдағы егін орағынан түскен кірістен төлеймін деп келісіп алған несиелік қарыздары қос өкпесінен қысып, бітпейтін шырғалаңға айналған субсидияға қол жеткізе алмаған шаруалар шаш етектен шығынға батқан. Зеренді ауданына қарасты «Бек­қо­жа» шаруа қожалығының же­тек­шісі Сәбира Бекқожина да субсидия болмауынан несиелерін төлеуде қиындық туғанын, қи­нал­са да қалтасынан көтергенін айтады. 

– Бізге төленбеген суб­си­дия­мен барлық қарызымызды жабуға бо­лар еді. Сомасы өте үлкен. Әзір­­­­­­ге бұл қаражат бізге жеткен жоқ. Тіпті, қашан келетіні де бел­гі­сіз. Субсидия бірінші кезекте гер­­­бицид шығындарын, екін­ші­ден, алған не­сиелеріміздің пайыз­­­дарын жа­бу­ға тиіс едік. Сонымен қатар ин­вест-субсидиямен екі бірдей трак­тор алғанбыз. Оның бәрін де өзі­міз жауып отырмыз. Ешкім не­сиені төлей алмай мер­зі­мінен ке­шіктіріп банктің пайы­зын ар­қалағысы келмейді, – дей­ді кә­сіп­кер Сәбира Бекқожина. 

Ал мемлекет  келер жыл­­дан бастап субсидия мүлдем төле­мей­тінін айтқан Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Айдарбек Са­па­ров­тың мәлімдемесі шаруа­­­лар­­­­дың тө­бе­сінен жай түсіргендей әсер ет­кен. Министрдің сөзіне сенсек, суб­си­дияның орнына ендігі ке­зек­те бес пайыздық несиелер беріл­мек. 

«Пайыздық мөлшерлемені суб­сидиялаудың орнына шаруа­лар­ға жеңілдетілген қаржылан­дыру беріледі. Яғни, шаруа таза 5%-бен несие алып, бұрын суб­си­диялармен өтелген пайыздық мөл­шерлемелер тікелей қаржы институттарына жіберіледі», – деген еді министр. 

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігі қолданысқа енгізілетін жаңа жүйе шаруаларға берілетін кө­мекті жеңілдетеді деген се­нім­де. Яғни, министрлік фермер, банк және мемлекеттік орган­дар­мен жасалатын үшжақты келісім­шарт едәуір ыңғайлы екіжақты ке­лісімшартқа ауыстырылып қол­­данылатынын айтады. Бұл аг­рар­лық шаруашылықтарды қа­ғазбастылықтан құтқарып, ақша алуды жеделдетеді деген пайым­да. Бірақ уәденің орындалуына ке­пілдік бар ма? Өзгерістер шар­уа­лардың көңіліне күдік ұялат­па­са, қуанта алмай тұр. Шаруалар несие мөлшерлемелері ғана емес, жал­пы астық өсіру жыл сайын қиын­дап бара жатқанын алға тар­тады. 

– Элеваторлар аузы-мұр­ны­нан шығып толып тұр. Билік ті­ке­лей сатып алу болады деп би­дай­ды класстары бойынша бел­­гі­­леген. Бірақ негізінен бәрі­міз­де төртінші класты бидай. Үшін­ші класты бидай өте аз. На­рықтағы баға да  төмен. Біз гербицидке субсидияға өтінім бер­генбіз. Өтінім қабылданып қол қойылғанымен, гербицид үшін төлем әлі жоқ. Біреулер алып, біреулер әлі күтіп жүр. Біз әлі күтудеміз. Қазір бидайымызды сата алмай отырмыз. Түскен өнім үшін төлем жүргізу де қиын. Қан­дай да бір бөлігін өзіміз төлесек, бір бөлігін субсидиямен төлей­тін­біз. Техника сатып алуға ин­вест-субсидиялар да түскен жоқ. Өті­німдер қабылданғанымен, әлі кү­тіп отырмыз, – дейді Ақкөл ау­­­­данындағы «Урюпинский» ЖШС-ның басшысы Геннадий Бочин. 

Облыс әкімінің орынбасары Мұ­рат Балпан жағдайдың аса күр­делі екенін мойындап, мем­ле­кеттің отандық ауыл шаруа­шы­лы­ғы тауар өндірушілерін қол­дау­ға барлық шараны қабылдап жатқанын атап өтті. 

– Расында да, биыл біз өте жақ­сы өнім алдық. Бірақ енді оны сату мәселесі туындап отыр. Бү­гінде нарық тоқтап тұр. Шаруа­лар өсірген өнімін сататын баға жоқ. Бұл біздің елден шетелдіктердің са­тып алуымен де тікелей бай­ла­нысты. Ең бастысы, баға іс жү­зін­де аса төмен болып тұр. Аграрлық шаруашылықтардың қарыздары, несиелері бар. Оларға әрі қарай жыл­жу үшін қолдау керек. Осы­ған байланысты мемлекет тікелей са­тып алуға 10 миллиард теңге бөл­ді. Яғни, ұсақ және орташа ауыл­ша­руа­шылық тауар өн­діру­ші­лер­ден астық сатып алынбақ. Өті­нім­дер қабылданып жатыр, – дейді Мұрат Балпан. 

Әкім орынбасарының ай­туын­ша, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен 1 желтоқсаннан бас­тап «Кең дала-2» бағдарламасы бойын­ша жеңілдікті несиелер бе­рілмек. Ақмола облысында қа­зір­дің өзінде 32 миллиард теңгеге өті­нім жасалып қойған. 

– Біз Премьер-Министрдің аты­на орталық мемлекеттік ор­ган­дарға келесі жылдың нау­ры­зы­на дейін несиелерді төлеу не­месе мерзімін ұзарту үшін хат жол­дадық. Орталық аппараттан ке­ліп бірқатар шаруашылықты кө­ріп, олардың несиелеріне про­лон­гация берілетін болды, – деп то­лықтырды Мұрат Балпан. 

Дегенмен шаруалар үшін ең бас­ты әрі толғақты мәселе суб­си­дия болып отыр. Әкімдік ша­руа­лар­дың алдындағы субсидия қа­ры­зының аса ірі көлемде екенін мойындады. Бүгінде субсидия қа­рызы 37 миллиард теңгеге же­тіп жығылған. Барлық өтінім жол­данып, кезең-кезеңімен қар­жыландыру күтілмек. 

Жыл сайын Азық-түлік ке­лі­сім­шарт корпорациясы іс жүзінде «Көкше» ӘКК кепілдемесімен шаруа­лардан астықты форвард­тық әдіспен сатып алады. Алайда ас­тық мол шыққанымен, би­дай­дың бағасы төмен бол­ған­дық­тан, мемлекет алдындағы қары­зын өтеуге көп шаруаның қау­­­­­қа­ры жетпейді. Мәселен, ақ­мо­­лалық шаруалардан биылғы форвардтық са­тып алуға 9 миллиард тең­геден астам қаржы қарастырылса, оның тек 70 пайызы ғана кері қайтарылғаны белгілі болды. 

– Иә, қазір қабылданған мін­деттемелерді қайтару жүріп жа­тыр. «Көкше» ӘКК-і кепілдік ет­кен. Бүгінде облыста барлық бе­ріл­ген несиенің тек 50 пайызы ға­на кері қайтарылған. Кері қай­тару әлі жалғасып жатыр. Жауап­кер­шілікке келсек, әр аудан әкімі не­сиелер мен қарыздар беру үшін ке­пілді міндеттемелер ұсынған. Сон­дықтан аудан әкімдеріне де жауапкершілік жүктеледі. Қай­тару міндеттемелері мерзімі аяқ­тал­­ғаннан кейін ақшаны қай­­­­­­тармаған аймақтардың бас­шы­ларына қатысты да тәртіптік сипаттағы шаралар қабылда­на­тын болады, – дейді облыс әкі­мі­нің орынбасары Мұрат Балпан. 

Шаруалар өз қарыздарын ас­тықпен өтеуді ұсынған. Бірақ бұ­­­­­ған бағдарлама мүмкіндік бер­мейді. Шаруалардың көпшілігі бұл жағдайдан кейін банкротқа ұшы­рауы мүмкін екенін айтып зар илеп отыр. Ал жергілікті би­лік өкілдері шаруаларға қарызды қайтаруда мемлекеттің барынша түсіністік танытып отырғанын ай­тады. 

Егер қарызды ақшалай алса, ақ­шалай қайтаруға тиіс. Біз ке­ле­сі жылдың 31 қаңтарына дейін қа­рыз мерзімін ұзарту жөнінде хат жолдадық. Яғни, аграрлық шаруашылықтардың әлі екі айға жуық уақыты бар. Бірақ ешкімді бұл мәселемен жеке өзін қалды­рып жатқан жоқ. Мемлекет қол­дау жасайды, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары. 

Жалпы, бүгінде облыстың егіс­­тік алқаптарының 90 пайыз­дан астамына бидай егіледі. Өңірде өткен алғашқы шаруашы­лық форумында облыс әкімі аймақта негізінен бидайдың мо­но­ку­льтураға айналғанын ескеріп диверсификация жүргізуді тап­сырған. Нақты есеп-қисап өңірде тиімділігі жо­ғары дақылдардың небәрі 260 мың гектарды құрай­тынын көр­сеткен. Сондықтан облыс әкі­мінің орынбасары ди­версифи­ка­ция өткізіп, едәуір тиімді да­қыл­ды егуге көшу қажет екенін айтты. 

P.S. 

Қалай дегенмен де шаруалардың шатқаяқтаған жағдайын реттеуде құзырлы министрлік пен әкімдік тиісті шараларды дер уақытында қабылдамаса, мыңдаған шаруаның банкротқа ұшырау қаупі ықтималдығы  жоғары болып тұр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы