Тамара Мұқанова, сценарист, анимациялық кино режиссері: Үкімет пен қоғам тарапынан қолдауды тоқтатпау қажет

Анимация, мультипликация – идеология құралы. Технологиясы дамыған әлемнің озық алпауыт мемлекеттері дәл осы шығармашылық саланы ой жеткізуші, ұлттық болмысты насихаттаушы құрал ретінде қолға алғаны қашан?!

Суретті экран арқылы «сөйлете білу» өнері кейінгі кездері өз елімізде де ақырындап даму сатысына көшті. Десек те, бұл салада қоғам ішінде айтылар сын аз емес. Біз жақында «ҚР Киногерлер одағының» мүшесі, отандық анимация ардагері Тамара Мұқановамен ұлттық анимацияның дамуы мен өзекті мәселелері туралы сүбелі сұхбат құрған едік.

– Тамара ханым, қазір ұлттық анима­ция төңірегінде көптің көкейіне сауал туғызған, әлі күнге дейін күрмеуі шешіл­меген мәселелер жиі талқыға салынатынын байқап жүрміз. Айтыңызшы, бүгінде отан­дық анимацияның даму қарқыны қандай? Прогресс байқала ма?

– Мен қазақ анимациясының арда­герімін. 1975 жылы осы саланың аясында еңбек жолымды бастап, бүгінге дейін анимация өндірісіне қатысып келе жа­тыр­мын. Жас буын аниматорларға ақыл-кеңесімді беріп, тәжірибеммен бөлісіп келемін. Қазіргі қазақ анимация саласы жас мамандарының кәсіби беталысы жүрегіме үміт ұялатады. Ұлы ұстаз, қазақ анимациясының негізін қалаған бірегей тұлға Әмен Қайдардың салған ізін жал­ғап, абыроймен арқалап келе жатыр. Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы түлектерінің дип­ломдық және дебюттық жұмыстарын талқылау комиссияларында жұмыс істеп әрі екі бірдей толықметрлі анимациялық фильмдердің кеңесшісі қызметін атқара жүріп байқағаным – заманауи қазақ ани­ма­циясына шығар­машылық әлеуеті зор, энергияға толы дары­нды жастар келе жатыр. 2010 жылдан бастап «Қазақ­фильм» кино­студиясында анимациялық бөлім қайта жаңғырып, жаңа буын ре­жис­­сер-аниматорлардың жолы ашылды. Атап айтсақ, «Аңшы», «Оттан жаралған­дар» фильмдерімен танылған режиссер Адай Абельдинов, «Мұзбалақ» фильмінің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы және тағы басқалары бар.

2022 жылы «Қазақфильм» киносту­диясының жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі ашылған еді. Бұл  Мәдениет және ақпарат министр­лігінің отандық аниматорларға тартқан үлкен сыйы болды. Үш жыл қатарынан «Қазақанимация» шеңберінде әртүрлі жанр мен техниканы қамтыған сапалы анимациялық фильмдер жарық көрді. Олардың ішінде менің де сценарийім бар. «Қазақанимация» ашылғалы бері жаңа дебютант-режиссерлердің есімі таныла бастады. Жанәділ Байдарбеков, Қуаныш Нағыз, Гүлбақыт Тазабекова, Ермек Мананбаев, Абзал Еңсебаев сынды жас мамандар өз туындылары арқылы еліміздің абыройын халықара­лық сахналарда асқақтатып жүр. Әрине, «Қазақанимация» – болаша­ғынан зор үміт күттіретін жаңа мекеме. Қазір шет­ел­дік мықты мамандарды елімізге әкеліп, қыз­меткерлер мен студенттерге арнайы ше­берлік сынып­тарын ұйымдастырып келеді. Біз оның жемісін көріп отырмыз. Қазақ анимация саласының халықара­лық деңгейге шығатынына күмәнім жоқ. Дегенмен Үкімет, халық және қоғам тара­пынан қолдауды тоқтатпау қажет.   

– «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі әлемнің 48 елінде көрсетілді. Бүгінде осы рекордты қайта жаңартқан, шетел көр­ер­менінің сұранысына ие болған мульт­фильм­деріміз бар ма?

– «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» – қазақтың тұңғыш анимациялық фильмі. Туынды осы уақытқа дейін 48 мемлекетті аралап, талай жүлдені қоржы­ны­мызға түсірді. Аталған классикалық туындының басты ерекшелігі – Әмен Қайдар бас болып жинаған дарынды су­ретші мамандар тоғысқан топтың қо­лы­нан шыққандығы. Әрине, фильмнің ұлт­тық нақыштағы көркемдік-тақырыптық шешімдерін ерекше атап өту керек деп ойлаймын. Жаһандық көрерменнің наз­арын аудартқаны да осы бір ерекше­лік­тері еді. Бүгінгінің аниматорлары Әмен Қай­дардың салып кеткен сара жолымен келе жатыр. Ол дегеніміз ұлттық анимацияда ұрпақтар сабақтастығының әлі де жал­ғас­ып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жақ­сы үрдіс. 2017 жылы «Қазақфильм» кино­сту­­дия­сы екі бірдей толықметрлі анима­ция­­лық фильм – «Күлтегін» мен «Мұзба­лақты» жарыққа шығарды. Екі туынды да халық­аралық жүлдеге ие болды. Фильмнің Гер­мания, Франция, Түркия, Израиль ел­дер­ін­де тұсаукесері өтті. Бертін келе дар­ын­ды жас режиссер Маржан Жүнісбек «Шаң­­ырақ­тың иесін іздеп жүрмін» атты қыс­­қаметрлі анимациялық жобасын түсір­ді. Бұл туынды Жапонияның ең ірі фести­вал­ін­­де жүлдені қанжығамызға байлады. 

Таяуда «Қазақанимация» шығар­машы­лық тобы мектеп жасына дейінгі балаларға арнап «Тоқаш пен Бақаш» атты 13 бөлім­нен тұратын анимациялық туын­дыны жар­ыққа шығармақ. Жобаның ерекшелігі – Әмен қалап кеткен кәсіби мек­тептің қа­ғидаларын ұстана отыра за­манауи бүл­дір­шін көрер­меннің талап­тарын ескеруі және жаңа технологиялармен ұштастыру арқылы жасалуы. Демек, қазақ анимация­сы әлемдік кеңістікте өз орнын қалыптас­тыр­ып келе жатыр деуге толық құқымыз бар.

Елімізде ірілі-ұсақты 40-қа жуық анимациялық студия бой көтерді

– Ұлттық анимация саласындағы тағы бір өзекті мәселе – сапалы кадр­лардың аздығы. Оның үстіне, соңғы жыл­дары білікті мамандар шетел асып кететін құбылысты жиі көріп жүрміз. Киноиндустрия саласының дамуына пайда әкелетін тәжіри­белі мамандарды өз елімізде алып қалуға не кедергі?

– Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Қазір ғаламтордың дәуірі би­леп тұрған уақыт. Сондықтан мұндай жағ­дайда мамандарды бір орында ұстап отыру да оңай іс емес. Алайда Мәдениет және ақ­парат министрлігінің қолдауымен 3 жыл қатарынан «Қазақанимация» шығармашы­лық бірлестігі отандық мамандарды толы­ғымен жұмыспен қамтып отыр. Осының арқасында елімізде ірілі-ұсақты 40-қа жуық анимациялық студия бой көтерді. Барлық маман өз елімізде білімін жетіл­діріп, ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Расында, бұл бізді қуантады. 

Қазір анимация мамандарын даяр­лайтын екі жоғары оқу орны бар. Оның бірі Алматы қаласындағы Темірбек Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясы болса, екіншісі Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Оқу орнын тәмамдаған түлектер толығымен өндіріске кірісіп, елімізде тәжірибесін шыңдап келе жатыр. Өткенге көз жүгіртсек, кезінде біз Ресейдегі ВГИК-ке барып оқитын едік. Ал қазір өз мемлекетімізде барлық жағдай жасалып келе жатқанына қуанамыз. 

Шынын айтсам, жеке өзім шетел асып кеткен аниматор мамандарын білмейді екенмін. Бірақ шетел компанияларынан тапсырыс алу арқылы қашықтан жұмыс істейтін шәкірттеріміз бар. Олар бұл әре­ке­­тін «еліміздің экономикасына қос­қан үлесіміз» деп есептейді. Бәлкім, солай шығар. Бұл да үлкен тәжірибе емес пе?!

Анимация қателікті кешірмейді

– Қазір киностудияға кадрларды тарту мәселесінде маманды қандай талаптарға сәйкес қабылдайды?

– Жұмысқа қабылдау барысында кадр­ларға қойылатын талаптар әлем бойынша бірдей деп ойлаймын. Ең біріншіден, ма­манның шеберлігі маңызды. Киногер­лер арасында «Экран көрсетеді» деген ұғым бар. Дипломы «бес» деген бағаға толы, ал­ай­да әзірлеген жұмысы нашар, жауап­кер­шілігі төмен маманды ешкім қызметке алмайды. Анимация өндірісі – өте кірпияз, табандылықты талап ететін сала. Сондық­тан бұл мәселеге келгенде таныс-тамыр­лыққа, жауап­сыздыққа орын жоқ. Анима­ция қателікті кешірмейді. Өйткені экран көрерменді  алдай алмайды. Өкінішке қарай, қазіргі анимация өндіріс­інде жо­ғары талаптарға сәйкес мамандар әлі де аз. Заманауи маман тек шығармашы­лық әлеуетімен ғана шектелмеуге тиіс. Соны­мен қатар оның біліктілігі мен тех­нология­ны игере білу қабілеті жоғары деңгейде болғаны абзал. Себебі анимация өндірісі жоғары технологияның дамуымен тығыз байла­нысты. Компьютерлер, бағ­дар­ла­малар, жұмысты ұйымдастыру әдіс­теме­лері күн сайын жаңарып отырады. Одан бөлек, заманауи маманның ағылшын тілін білуі айрықша рөлге ие. Өйткені анимация саласындағы бағдарламалар, оқу құрал­дары мен интернеттегі мәлі­меттің барлығы дерлік ағылшын тілінде жазылған.  

– Дамыған мемлекеттер анимациялық фильм­дерді идеология құралы ретінде пай­да­лануды үрдіске айналдырған. Мәселен, Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат анимациялық өнім ұсынса, көрші Қытай 3 мың сағат эфир дайындайды. Анимация өні­міне басымдық берген Пекин өздері өндірген анимациясының уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, нәтижесінде әлем бойын­ша ал­ғаш­қы орынға табан тіреді. Бұл жетіс­тікті қай­та­лауға біздің қауқар-қарымымыз жете ме?

– Бұл мемлекеттік маңызы бар сұрақ. Тіпті, мемлекеттің даму саясатына қатыс­ты алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі деп айтар едім. Себебі мультфильмдерді көр­се­тудің маңыздылығын қоғамның дамуы­мен ұштастыруға тура келеді. «Анимация – өске­лең ұрпақтың ұлттық санасы мен бол­мысын қалыптастыратын бірегей құ­рал. Бұл  тұнып тұрған идеология, өнер. Біз­дің рухымыз. Бұл болмаса біздің мем­лекетті­гіміз бен егемендігіміздің құны көк тиын», – деп Әмен Қайдар басып айтқан. (Әмен Қайдар. «Біздің замандастар» кіта­бынан). Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Айма­ғам­бетов мырза «ғаламторда қазақ тілді контентті арттыру» туралы сұхбатында анимациялық фильмдердің маңызы тура­лы ерекше атап өтті. Расымен, орынды ай­т­ылған пікір. Өйткені ұлттық ани­мация – ұлттық тіл, тіл – біздің тәуел­сіздігіміз. 

Сіз көрсеткен халықаралық статис­тика күн сайын өзгеріске ұшырайды. Бола­шақта бұл сандар бірнеше есеге арт­уы мүмкін. Біздің анимациялық өнім­деріміздің жыл­дық көлемі, әрине бұл көр­сеткіштен алшақ жатыр. Десек те, қазақ анимациясының бүгінгі ахуалы көңілге үміт ұялатады. Кері нәтиже бол­ған жағдайда ұлттың қауіпсіздігі қыл үс­тінде болар деген қауіп бар.  

Интернетте балаларға арналған қазақтілді контент жоқтың қасы

– Балалардың таным көкжиегіне, көз­қарасының қалыптасуы мен өмір салтына әсер етуші негізгі факторлардың бірі – ме­диа өнімдер. Дегенмен әлі күнге дейін қа­зақ отбасындағы балалар Disney өнімдері­мен өсіп келеді. Осы ретте Disney, Netflix, Dream works, Pixar, Blue sky сынды ани­ма­циялық компаниялардың қарқынына ілесу үшін қандай қадамдарға баруымыз тиіс? Бұл үшін кинонарыққа арнайы стра­тегия немесе реформа әзірленгені жөн бе?

– Кез келген саланың тиімді дамуы үшін тиісті реформалар қажет. Бұл ани­ма­ция саласы үшін де маңызды. Сіз атап көр­сеткен шетелдік компаниялар өнімді көбірек әрі сапалы шығарумен қатар хал­ық­аралық студиялар жарыққа шығар­ған фильмдердің халыққа жетуі, туын­дыны тарату географиясы да кеңінен дамы­ған. Қазір еліміздегі балаларға ар­налған жал­ғыз телеарна – «Балапан» арнасы. Өкі­ніштісі, интер­нетте балаларға ар­налған қазақтілді контент жоқтың қасы. Мысалы, «Қазақ­анимация» меке­месі өндірген 40-тан аса керемет туынды бар. Бірақ біз бұл туындыларды қайдан көре аламыз? Жас ұрпақ қай арнадан сусын­дайды? Қазақ анимациясында са­палы деңгейде әзірленген шығармашы­лық жобалар баршылық. Бірақ көрер­менге жетпей жатыр. Меніңше, ре­фор­ма­ны осы мәселе тұрғысынан қарастыру керек сияқты.   

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ