Музыкалық жас көрермен театрында драматург Мадина Омарованың S.O.S атты драмалық қойылымының премьерасы өтті. Қоюшы режиссері – Аман Ғұмаров.
Ғасыр дерті S.O.S
222
оқылды

20-21 желтоқсан күндері көрермен назарына ұсынылған драма адамзат та­рихындағы қасіретті көбейтуші, зұлым­дықты тудырушы – апиын жайлы мәселе көтереді. «Ғасырымыздың бүгінгі дер­ті – нашақорлық. Оң, солын тани ал­ма­ған жасөспірім өзіне лайық орта із­дейді. Тағдыр тәлкегіне түсу әп-сәтте. «Тұздың» дәмін алғаш татқызған кім? Кі­нәліні кім табады? Білгіңіз келе ме?» дей­тін сауалдарға жауап іздейді. Қойылымға өмірде болған шынайы оқиғаны арқау еткен. 

Пьеса авторы – Мадина Омарова – жазушы, драматург, Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі. «Ақтастағы Ахико» пьесасымен «Үздік драматург» жүлдесін алған қаламгердің: «Драматургия – шаһар. Онда ширыққан сюжет, мазмұнды, жинақ кейіпкерлер маңызды. Олар бір жарым, екі сағат ішінде бірнеше ғұмырды сүріп шығуға, мың құбылып өзгеруге міндетті. Көрерменнің есін жиғызбай, таң қалдырудан танбауы керек. Драматургия – жүйке, мінез, тосын құбылыс» дей жазатыны бар. S.O.S дра­масында осының бәрі болды. Бас кейіп­кердің өмірі құбылмалы болғаны соншалық, Айбарды, оның қарындасы Айбаршаны бірде ренжіп, сөгіп аласың, енді бірде аяп, жанашырлық танытқың келеді. 

Бас кейіпкер Айбардың рөлін екі ауысымда актерлер Бибол Байғараев пен Абзал Арапов сомдайды. Жастайынан әкесіз қалған жасөспірім сырқат анасы мен жалғыз қарындасын асырау жауап­кершілігін арқалайды. Аласұрып, кез келген жұмысты атқаруға даяр жүрген жас жігіт әп-сәтте адасады, қолдан есірткі жасап, соны сататын қылмыстық ортаға тап болады. Жастығынан ба, әлде тұрмыс­тың тауқыметінен қажығаннан ба Айбар көп ойланбастан әлгі «бұлыңғыр» ортаның бір мүшесі боп шыға келеді. Отбасын құрылыста еңбек қылып, нәпақа тауып жүрмін деп алдап, есіркіні жер-жерге тығылып таратушы болып жұмыс істейді. Қалтасы қампиып, анасы мен қарындасына қажеттінің бәрін – дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек сатып алатын, тіпті бағалы сыйлықтармен қуантатын күнге жетеді. Бірақ... «Есірткі әлеміне кірер жол бар да, одан шығатын жол жоқ» деп бас кейіпкердің өзі айтпақшы, арам кәсіп ас болмай, бас кейіпкердің өмірін күл талқан етпей қоймайды. Оқиғаның шарықтау шегінде Айбардың апиын тарататын тағы бір досы полицейлерге ұсталады, бұл жайтқа жайсыз ортасы Айбардың өзін кінәлайды. Сатқындық жасамағына сендіре алмаған бас кейіпкер өзін ақтау үшін әлгі бұзақы ортаның талабын орындауға келіседі. Сондағысы, Айбар жалғыз қарындасы Айбаршаға (оның рөлін екі ауысымда Аружан Бағзат пен Арелана Амангельдиева сомдайды) есірткінің дәмін татқызып, соны бейнеге таспалап көрсету еді. Келіспесе – өлім. Амалы таусылған жігіт Айбаршаға мән-жайды толық баяндап береді. Студент қарындасы алдымен бұл ойынға қосылудан түбегейлі бас тартады, кейін ағасының шарасыздығына налып, бейнетаспа үшін ғана бір мәрте тұтынуға келіседі, бұл бойжеткеннің есіркіге тәуелді «болаша­ғының» баспалдағы еді. Драма соңы анашасыз күн көре алмайтын Айбаршаның ауыр тағдыры, криминалды кәсіптің құрбаны болып, 15 жылға түрмеге тоғытыл­ған Айбардың тауқыметі және қос құлы­нының қайсысын қоритынын білмей дал болған сырқат ананың (бұл рөлді екі ауысымда «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат сомдайды) бейшара күйімен аяқталады. 

Қойылым тобы мен театр актерлері бұл драманы бір айдың ішінде дайындап, көрерменге ұсынып отыр. Режиссер Аман Ғұмаров бастаған қойылым тобында костюм суретшісі Айдана Еңгебай, жарық қою суретшісі Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссері Асылжан Асқаров, режиссердің ассистенті Еламан Иманбай бар. Сондай-ақ негізгі актерлерден бөлек Мерейім Талғат, Нарқыз Жанұзақова, Нұрдәулет Кеңшілік, Ильяс Өтетілеу, Нұржас Садыр­баев, Қазыбек Есқара, Ислам Асылхан, Мақсат Қабдеш, Айдын Қожахмет, Мағжан Омар, Мақсат Қабдеш қойылымда өнер көрсетеді. 

Режиссер Аман Ғұмаровтың айтуынша, драма өмірде болған шынайы оқиғаларға сүйене отырып сахналанған. 

«Бұл қойылым біздің арамызда өмір сүріп жүрген бір азамат – Айбар мен оның отбасының басынан өткен шынайы оқиғаны сахнаға алып шықты. Ойлап қарасақ, есіркі бизнесі, оны жер-жерге таратушылар және зардабынан абақтыға қамалғандар, анашаға тәуелді болған тағдырлар жайлы жиі естіп-көріп жүреміз. Осы қасірет хақында әңгіме аясында айтып қана қоймай, сахнаға шығарып, көрерменге, әсіресе жастарға ой салсақ, ықпал етсек деген ой келді. Оңай пайдаға қызығудың салдары соншалық ауыр екенін көрсету үшін де шынайы кейіпкердің оқиғасына сүйендік. Қойылым кейіпкерлері шынайы шығу үшін осы тақырып жайында деректі туындылар, видеофильмдер көріп, сондағы актерлерді зерттеуге тырыстық. Осы бетпе-бет келген кейіпкерлерді, олардың сұхбаттарын зерделедік. Қиын­дығы да болды, мәселен, бір кейіпкердің басынан өткен бүтін тағдырын бір локация ішінде көркемдеу қажет», – дейді қоюшы режиссер. 

Асыл ТҰМАР