Азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларының қазақстандық тұтынушылар үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың импортын бақылауды арттыруға қатысты өзекті міндеттер "AMANAT" партиясының Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) жөніндегі кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына енгізіледі.
Базарға импорттық азық-түлікті жасырып тасымалдауға тыйым салу керек
Фото: istockphoto.com/ru
1,005
оқылды

Жоғарыдағы мәселелер тамақ секторы салалық одақтарының бастамасымен өткен "AMANAT"  партиясының АӨК кеңесінің кезекті отырысы барысында талқыланды. Отырысқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің және Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары және "AMANAT"  партиясының сарапшылары қатысты.  

Талқылау барысында салалық одақтар бүгінде Қазақстанның шекарасы қазақстандық заңнамалық талаптарға, атап айтқанда, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлік өнімдерін әкелуден толықтай шектелмегенін, біздің елімізге тамақ өнімдерін өткізуді бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік ведомстволардың міндеттері мен функцияларында сәйкессіздіктердің барын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл жағдай мемлекеттік органдар әртүрлі бағдарламалар мен мәліметтер базасын қолданатындықтан туындайды, мысалы, Шекара қызметі Ветеринариялық бақылау қызметіне азық-түлік тауарлары тиелген жүктің шекарадан өтетіні туралы әрдайым хабарлауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан Ветеринариялық бақылау азық-түлік және ауылшаруашылық тауарлары бар жүктердің барлық партияларын қауіпсіздік нормалары мен жергілікті заңнамалық талаптарға сәйкестігін бақылай алмайды. Нәтижесінде, тексерілмеген және бақылаусыз өнімдердің үлкен легі шекарадан өтіп, тікелей жергілікті базарлар мен көтерме сауда орындарына түседі. Салалық кәсіподақтардың болжамды бағалауы бойынша азық-түлік тауарларының әртүрлі санаттары бойынша нарықтың 40%-ға дейінгі бөлігін Қазақстанға «сұр» схема бойынша әкелінетін импорттық өнімдер алып отыр. 

Бұл тауарлардан бүгінде салық түсімдерін қажет ететін мемлекеттік бюджетке ешкім салық төлемейді, сонымен қатар бұл тауарлар тұтынушылар үшін олардың қауіпсіздігі тұрғысынан тексерілмейді. Осылайша, қазақстандықтардың дастарқанына жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, суық тізбекті сақтамай, тиісті емес жағдайларда сақталған, мемлекеттік тілде таңбаланбаған және басқа да бұзушылықтармен көптеген өнім  тікелей түседі.  

Бұл әдетте төмен сортты және сапасы күмән тудыратын импортталған өнімдер ең төменгі бағамен сатылады, сондықтан оларды сатып алушылар белсенді түрде алады. Ал барлық инстанциялармен тексерілген, барлық салықтар төленген сапалы қазақстандық өнімдер талап етілмеген күйінде қалып отыр. 

Отандық азық-түлік өндірушілері бұны импорттың әділетсіз бәсекелестігінің айқын фактісі деп санайды және мемлекеттен осы жағымсыз тәжірибені өзгертуді талап етеді. Салалық одақтар альянсы сапасыз және бүлінген шетелдік өнімдерге тосқауыл қоюға, барлық импорттаушыларды электронды түрде есепке алуға мүмкіндік беріп, оларды Қазақстанда салық төлеуге және жергілікті заңдарды, сондай-ақ тамақ қауіпсіздігі талаптарын сақтауға мәжбүрлеуге арналған ұсыныстар пакетін дайындады. 

"AMANAT" партиясының АӨК жөніндегі кеңесінің отырысында осы ұсыныстарға оң баға беріліп, оларды тартылған мемлекеттік ведомстволардың өкілдерімен бірлесіп практикалық талқылау жасады. Барлық ұсыныстар қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде дайындалып жатқан «Ветеринария туралы» заң жобасына енгізіледі деп шешілді. 

Құжат жақын арада депутаттарға ұсынылады және одан әрі жұмыс істеу үшін Парламент Мәжілісіне тапсырылады деп жоспарлануда. 

«Біз мемлекеттік органдардың шекарадан өтетін барлық тауарлар туралы мағлұматты қамтитын бірыңғай электронды  базасы жоқ екенін көріп отырмыз. Сондықтан Қазақстанға келетін азық-түлік пен ауыл шаруашылығы тауарларының бір бөлігі мемлекеттің бақылауынан тыс қалып, тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіретін және адал отандық өндірушілер үшін әділетсіз бәсекелестік тудыратын нарықтарға түседі. Біз осындай тауарларға тосқауыл қоюымыз керек деген оймен, Салалық одақтар альянсы әзірлеген түзетулерді қолдап, оларды қазіргі таңда дайындалып жатқан «Ветеринария туралы» жаңа заң шеңберіңде талқылау туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті "AMANAT" партиясының АӨК жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы, ҚР Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов.

Бұған дейін Қазақстанда көлік құралдарының тамақ өнімдерін тасымалдау кезінде қауіпсіздік шарттарын сақтауға дайын екенін тану тәртібін регламенттейтін ережелер қолданылған, ал бұл көлік үшін жарамдылығын растайтын құжат – көлік құралына санитарлық паспорт болған. Яғни, уәкілетті орган тасымалдаушының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі нормаларының талаптарын сақтау үшін көліктің шынымен техникалық қамтамасыз етілгеніне көз жеткізді. Қазіргі уақытта мұндай ережелер жойылды және тасымалдау шарттарын қамтамасыз ету жөніндегі нормалардың сақталуы бұдан былай бақыланбайды және импорттаушының/тасымалдаушының адалдығы мәселесіне жатқызылады.

Жоғарыда аталған ережелер негізінен тасымалдаушыларды бақылаудың мүмкін еместігіне байланысты жойылғандықтан, салалық одақтар импорттаушыларға ғана қатысты импорттық өнімдер мен жануарлардан алынатын шикізаттың әкелінуіне ветеринариялық бақылауды қамтамасыз ететін ережелерді заңнамалық түрде енгізуді ұсынды, өйткені олар тасымалдаушыларды іріктеуді жүзеге асырады және сәйкесінше импорттаушы тасымалдау кезінде қауіпсіздік нормаларының сақталуына жауап береді. Бұл ұсыныс отандық өнімді де бақылаудың ұқсас талаптарын белгілейді. 

Әкелінетін тамақ өнімдері мен жануарлардан алынатын шикізатты тіркеу халықтың азық-түлік қауіпсіздігін және оның денсаулығын сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, еркін сауда қағидаттарын бұзбайды. 

«Отандық өндіріс үшін «сұр» схемалар бойынша әкелінген азық-түлік тауарларының болуы – өзекті мәселе. Бұл тауарлардың барлығы ресми статистикада есепке алынбайды және мемлекеттік органдардың қандай да бір есептеріне кірмейді. Осылайша, істің нақты жағдайы бұрмаланады және көбінесе мемлекеттік органдар біздің нарықтағы импорт жағдайы туралы объективті ақпараттан алыс. Олар контрабандалық және «сұр» схемалар бойынша әкелінген тауарларды есепке алмайтын ірі сауда желілерінің деректерін басшылыққа алады, сондықтан бізде қазақстандық өндірістің азық-түлік өнімдері сөзсіз басым болып көрінеді. Бірақ егер жағдайды тұтастай алсақ, көптеген базар мен көтерме сауда орындарындағы заңсыз көлемді қоса алғанда, Қазақстан нарығында отандық өнімдерден гөрі импорттық азық-түлік өнімдерінің көп екені белгілі болады. Біз оның көп бөлігі «сұр» схемаларға сәйкес келетінін түсінеміз және онымен күресті жандандыру керек. Әрине, салалық одақтар өздерінің ұсыныстарын «Ветеринария туралы» жаңа заңға енгізу туралы шешімді құптайды», – деді «Қазақстанның Сүт одағы» директоры Владимир Кожевников.

Отандық өндірушілер «Ветеринария туралы» жаңа заңның олардың ұсыныстарын ескере отырып, жақын арада қабылданатынына және Қазақстандағы қауіпті азық-түліктің «сұр» импорты ақыры жойылатынына сенеді. Сондай-ақ  мемлекетте азық-түлік өнімдерін әкелуді, олардың тұтынушылар үшін толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылаудың тиімді жүйесі құрылып, қазақстандықтардың денсаулығы үшін осы күрделі, бірақ өте маңызды міндетті шешу үшін барлық бейінді мемлекеттік органдарға қажетті ресурстар бөлінетін болады.