Осыдан тура 130 жыл бұрын түркі жұртына ортақ тұлға, қазақтың «Қызыл жебесі», Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов дүниеге келген еді.
Түркі жұртына ортақ тұлға
285
оқылды

Ал осыдан дәл бір ғасыр уақыт бұрын ол 1924 жылы Комитерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілі болып тағайындалған еді. Иә, биыл талайлы тағдыр кешкен, өмірі қайшылыққа толы Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы. Тұлғаның аты аталғанда тарихшылар әртүрлі пікір айтады. Дегенмен Тұрар Рысқұлов – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының болашағы үшін күрескен, үлкен саяси және қоғамдық тұлға болған қайраткер. Оның өмірі мен қызметі Қазақ­­­­стан тарихында терең із қалдырды. Рысқұловтың қайраткерлік жолы мен ашаршылыққа қатысты дерек­­­­тері – оның күрделі де қиын тағдырының маңызды бөлігі. 

«Түрме баласы»

Тұрар 1894 жылы 26 желтоқсан күні сол кездегі Жетісу облысы, Верный уезінде дүниеге келді. Оның әкесі Рысқұл Жыл­қы­айдарұлы кедей болса да ер мінезді, өр тұлға еді. Өзі тұратын Шығыс Талғар бо­лысындағы бай, болыстардың ешқайсысының өзін жазықсыз басынуына рұқсат берген емес. Бірақ әділетсіздікке ұшырап, сол жаланың ызасына шыдай алмаған Рысқұл Шығыс Талғар болысын атып өлтіреді. Осылайша, өзі түрмеге тоғытылып, артында оның барлық туыстарын Талғардан Бес­ағашқа, Бесағаштан Боралдайға күштен қоныс аудартады. Рысқұл түрмеге отырмас па еді, артында қалған ұл-қызы, ағайын-туысының тағдырына алаңдап, амал жоқтықтан полицияға өзі беріледі. Кейіннен түрме әкімшілігіне арыз жазып, Тұрарды қасына алдыртады. Әкесі Рысқұлдың тағдыры мен патша әкімшілігімен болған оқиғалары бала Тұрарды ерте есейтті. «Түрме баласы» деп аталып кеткен Тұрар сол жерде түрме бастығының қызметін қылып жүреді. Алғашында орысша бір сөз білмесе де, ақырындап орыс тілін үйрене бастайды. Бұл Тұрардың көзін ашқалы көрген, өскен ортасына қарағанда тым басқа тәжірибе еді. Кейін Рысқұлды 10 жылға соттап, оны Сахалинге жер аударуға жібереді. Осыдан соң  Тұрар жалған фа­ми­лиямен Меркіге нағашыларының қолына келіп, мектепке барады. Мектеп оқып жүріп «Қырғызбаев» болып жүрген Тұрар құжатын алатын сәтте тәуекелге бас тігіп, қайтадан әкесінің тегін алып, «Рысқұлов» атанады. Жалғыз ұлының тағдыр сынағының арасында жүріп, өз фамилиясын алған әке алдындағы перзент ретіндегі парызының бірі еді. Осылайша, қиын кезеңде басын бәйгеге тігіп, әкесінің атын қайтарып алып, Тұрар бір ерлік істеді. Кейін әкесіне әңгімеден ескерткіш қойды. Түрмедегі уақыттарында Рысқұл айтып берген әңгімелер легін, оның тағдыр жолын кейіннен досы Мұхтар Әуезовке айтып береді. Жарыққа «Қараш-қараш» оқиғасы шығады.

Саясаттағы өмірі

1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Ол Аққөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағдар сілтеді. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды. Иә, Рысқұловтың саяси белсенділігі 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін басталды. Ол өзінің алғашқы қадамдарын рево­лю­циялық қозғалыстарда, социалистік идея­ларға бейімделу арқылы жасады. Тұрар Рысқұловтың өзі 1917 жылдың қазан айы қарсаңында қазақ зиялыларын сипаттай отырып, былай деп жазды: «Революцияға дейін қазақ зиялылары арасында екі ағым қалыптасты. Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауымның бір бөлігі кадет парти­я­сымен бірге болды. Ал екінші бөлігі – мұ­сыл­мандардың панисламдық ағымдарына». Ол өзін социалистік революция идеяларын қабылдаған және оларды шығыста белсенді жүзеге асырған мұсылман зиялыларының өкілдеріне жатқызды.  Тұрар Рысқұлов 1918-жылдары өзінің жақтастарымен бірге «Түрік Социалистик Республикасын» құру бойынша жоспар әзірледі. 1920-жылдары Рысқұлов Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауына белсене қатысып, Түркістан автономиясында түрлі қызмет атқарды. Мәселен, 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол атқару комитетін Түркістанның тарихи-объективті жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналдырды, жергілікті халықтардың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне көтерді. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың эконо­микалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен қазақ­тардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Ол Түркістан Республиканың сая­­си-мемлекеттік егемендігі жолында та­банды күрес жүргізді. Республиканы түр­кі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне ай­­налдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуға тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады. Ол 1922-1924-жылдары Түркістан өлкелік партия комитетінің мүшесі болып, қазақ жеріндегі социалистік құрылысқа белсене араласты. 1924 жылы ол Қазақ автоно­мия­сының құрылуына қатысты жұмыстар жүр­гізді. Сонымен қатар Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының біртұтас мемлекет болып, аяғынан тік тұруына да көп қызмет етті. 

Тұрар жерленген жер

«Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды» деп жазылатын. Қабiрi Мәскеу түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады. Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы «1943» деп жүр. Тұрар Рысқұлов туралы «Служение народу» атты қомақты кiтап жазған мәскеулік профессор В.Ус­тинов: «Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақ­станда өлген, – дейдi-дағы, сыбырлап: – Аш­тан өлген, 1943 жылы, – дейдi. Тұрар, мил­лиондарды сталиндiк-голощекиндiк аш­тық ажалынан (геноцид) арпалыса ара­ша­лаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген. Әдiлет қайда, атасына нә­лет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!Бiр кем дүние», Бұл – Шерхан Мұратазаның толғамы.

Белгілі кинорежиссер Еркін Рақышевтің Тұрар Рысқұлов жайында деректі фильмді түсіру барысында тұлғаның зиратын тап­қа­нын айтады. «Тұрар Рысқұлов туралы де­ректі фильм түсіру идеясы «Қазақ­фильм­нен» туындады. Осыдан он шақты жыл бұрын сол кездегі басшысы Ермек Аманшаев мені шақырып алып, «Еркін, біз жоспарға Тұрар Рысқұлов жайлы деректі кино түсіруді кіргізген едік, қазір күз, екі-үш айда киноны тапсыруымыз керек. Бірақ бұған кірісетін режиссер болмай тұр. Сен осыны қолға ал­саң қайтеді» деді. Мен келістім. Менің сондағы негізгі мақсатым – Рысқұловтың жерленген жерін табу болды. Жоспар жасап, кірісіп кеттік. Ол кезде Тұрар Рысқұловтың қызы Сәуле әпкеміз тірі. Сол кісімен ақыл­дастым. Содан жұмысымызды Ресейдің қауіпсіздік қызметінен бастадық. Солармен айтысып-тартысып жүріп, Рысқұловтың Коммунаркадағы «Бауырластар» зиратына жерленгенін таптық. Ол оңай болмады. «Рыс­құлов 1938 жылы 8 ақпанда атылсын» деген үкіметтің қаулысы бар. Сол қаулы қолымызда. Сондай-ақ «1956 жылы Қос­та­найда түрмеде қайтыс болды» деген ақпарат әйелі Әзиза халық жауы ретінде 9 жыл түрмеде отырып шыққаннан кейін сол кездегі Кеңестік Бас прокурормен жо­лыққанда берілген. Біз осы екі құжатты көрсетіп, «қайсысына сенеміз» деп сұрадық. Содан олардың айтуынша, «1938 жылы 8 ақпанда атылсын» деген бұйрық шығады да, «10 ақпанда атылды» деген қаулы шығады. Бұл қаулыға бес адам қол қойған. Әрі қарай атылғаннан кейін қайда жерленді деген сұрақтар туындап, ақыры «Бауыр­ластар» зиратына жерленгенін анықтадық. Сол күні бір күнде 101 адамды атқан екен. Рысқұловпен бірге қазақ қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұлов та атылған», – дейді режиссер. 

 Соңғы уақытта тарихшылар арасында «Тұрар Алаш қайраткерлерін сатқан, зиялылардың үстінен домалақ арыз жазып, Сталинге хат жазған» деген де әңгімелердің бас көтеріп жүргені белгілі. Осы ретте кезінде Алашорда қайраткерлері туралы бірнеше деректі фильм түсіріп, Тұрар Рысқұлов жайында да деректерді келтірген белгілі режиссер Қалила Омаровтың да пікірін білуді жөн көрдік. Оның айтуынша, Алашорда тақырыбы режиссердің бүкіл шығармашылығының темірқазығы болған. «Алаш қайраткерлерін айтқан кезде сол кездегі Совет идеологиясының басында тұрған қайраткерлерімен көзқарастары әркелкі болғанын ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллиндер төңірегінде әңгі­мелердің шығу төркіні – осында. 2008 жы­лы Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы «Алашорда» та­қы­рыбын маған тапсырды. Оның сценарийін жазған – Болат Мүрсәлім. 1924 жылы Совет одағы жеңгеннен кейін Алаш қайрат­керлерінің әрқайсысы әр жақта, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүрген ша­ғында солардың тізімі Сталинге құпия жағ­дайда жіберіледі. Бұл хаттың авторы – Тұрар Рысқұлов. Бұл құжатты ең бірінші тарихшы Хазіретәлі Тұрсын жариялайды. Осы тақырыпта диссертация қорғайды. Деректі фильм түсіру барысында Жазушылар Одағына Нұрлан Оразалиннен сұхбат алуға барғанымда Шерхан Мұртазамен кездесіп қалдым. Сосын жағдайды баяндадым. Барлық деректерді баяндай келе, «Енді 1924 жылғы Тұрардың хатына келіп тұрмын» дедім. Шерағаның түрі өзгеріп кетті. «Қалила, осыны айналып өте салшы» деді. Сосын «Тұрардың ол хатқа дейінгі қазаққа жасаған жақсылығын айтыңдар. 1 млн-ға жуық қа­зақты ашаршылықтан аман алып қалған­дығын айтыңдар» деді. Сосын мен «Шераға, мен осы деректі фильмімде тарихшы Ха­зіретәлі Тұрсынға қанша уақыт берсем, сізге де сонша уақыт беремін» дедім. Деген­мен сол уақытта біршама қазақ зиялылары Совет одағына қызмет еткені рас. Совет идеологиясына көзқарастары қайшы келген Алаш зиялыларымен түсінісе алмаған кездері де болған. Олар өздерінің ісін дұрыс деп санады. Тарихты насихаттағанда барлық шындық айтылуы қажет емес пе? Большевик болған тұлғалардың өзге жақсылықтарын жоққа шығармаймыз ғой? Демек, өткен тарихтың күнгейі мен көлеңкесі де жария­лануға тиіс. Мен Мұхтар Мағауинмен Прагада жолыққанымда да осы пікірді естідім. Ол кісі Тұрар Рысқұловтың істеген істері туралы кезінде «Дат» газетіне де жариялаған еді», – дейді режиссер. 

Бұл хат төңірегінде Еркін Рақышев былай деп жауап береді: «Иә, ондай хаттың жазылғаны рас. Дегенмен ол хаттан кейін ешкім жазаланбаған. Бұл жұмыс барысында жазылған мінездемелер еді. Сол тарихшы­ларға айтарым, егер әділ болсаңдар, «Рыс­құлов алаштықтардың үстінен Сталинге хат жазды» деп жазасыңдар да, Рысқұлов пен Қожанов екеуінің 1922 жылы Сталинге хат жазып, Бөкейхановты түрмеден шығарып алғанын неге жазбайсыңдар? Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің: «Егер біз тырнақ астынан кір іздейтін болсақ, барлық қай­раткерлеріміздің бойынан қателік табуға болады, онда қазақта бір де бір тұлға қал­майды», – деп айтқан сөзі бар еді. Иә, Сәкен мен Тұрар, Бейімбет пен Темірбек Ке­ңес үкіметін, большевиктерді қолдады. Ал алашордалықтар ақ казактар мен Колчакты қолдады. Арыстарымыздың арасында пікір қайшылықтары болғанымен, олардың мақсат-мүддесі бір еді. Ол ұлттың мүддесі, қазақтың тәуелсіздігі, болашағы болатын. Сол үшін біреуінікі дұрыс, екіншісінікі қате деп, оларды жазғыруға бола ма? Боль­шевиктер қатарына өткен қай­рат­керлеріміз қазақ халқына жау болған жоқ. Ақ гвар­дияшылар жеңілген соң, оларды қолдаған алаштықтар да компартия қатарына өтіп, ұлтқа қызмет етті. Мен тарихшы бол­масам да «Ашар­­­­шылық», «Тұрар Рысқұлов», «Те­мірбек Жүргенов» деректі фильмдерін түсіріп жүрген жылдары көптеген архивте болдым. Құпия құжаттарды, оның ішінде Алаш қайрат­кер­лерінің тергеу барысында берген жауаптарын көрдім. Сондықтан да сол кездегі Алаш қайраткерлерін бір-біріне қарсы қою дұрыс емес деп есептеймін», – дейді ол. 

 

Түйін:

Иә, Тұрар Рысқұлов Кеңес үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарды, оның ішінде Қырғыз (қазақ) автономиясының Экономика министрі, Түркістан өлкелік партия комитетінің мүшесі және Орталық Азияның басқа да маңызды органдарында қызмет етті. Бірақ ол билікке қарсы шыққан немесе Кеңес үкіметінің саясатына сын айтқан адам ретінде танылды. 1930-жылдары Кеңес үкіметі қазақ интеллигенциясын қуғын-сүргінге ұшыратып, Рысқұловтың өзі де репрессияға ұшырады. Ол 1937 жылы Мәскеуде тұтқындалып, айып тағылды және 1938 жылы атылды. Қазақ­тың саяси қайраткері Тұрар Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталса да, оның аты отыз жылдан аса уақыт бойы туған елінде аталмай, рухына құрмет көрсетілмеді. Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жерде оның есімі Отанында ардақ­талып келеді. Көптеген қалада оның атына қойылған көшелер мен мектептер бар. Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген. 2011 жылдың 11 тамызында Мәскеуде 1931-1934-жылдары Рысқұлов (Покров­ский б-р, 14) тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылды. Оның ел үшін жасаған қыз­меті, әсіресе ашаршылық кезінде көрсеткен қайсарлығы мен халыққа деген жана­шыр­лығы тарихта мәңгілік қалды. Рыс­құловтың есімі қазақ халқының еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы тұлға ретінде әрқашан есте сақталмақ.

Наурызбек САРША