Заңсыз активтерді қайтару қалай жүріп жатыр? Жылыстап кеткен қаржы мен мүліктердің жалпы сомасы қанша?
Қайтқан активте қайыр бар
коллаж: Елдар ҚАБА
175
оқылды

Бір жылда 1 трлн 100 млрд теңге қайтарылған екен. Бұл аз ба, көп пе? Сонда барлық ақшаны қайтару үшін қанша уақыт керек және ол мүмкін бе? Жыл қорытындысы дегенде еске түсетін, түгенделуге тиіс бір мәселе осы болса керек.

Механизм үш сатыдан тұрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қыркүйекте Заң­сыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі Жарлыққа қол қой­ған болатын. Содан бері арнаулы ор­гандардың ортақ жұмыс нәтижесінде    1,1 трлн теңгеге жуық актив қайта­рыл­ған екен. Мұндағы жұмыстарды кү­шей­те түсу үшін 2023 жылдың шілде айын­да «Заңсыз сатып алынған активтерді мем­лекетке қайтару туралы» заң қа­был­­данған. Ол заңда ірі сыбайлас жем­қор­лыққа және әкімшілік-билік ре­сурс­тары субъектілерімен біріккен оли­гополиялық топтарға қарсы шара­лар, халықаралық стандарттарға сәйкес ак­тивтерді қайтарудың тәсілдері ай­қын­далды. Заңның басты мақсаты – қо­ғамда әлеуметтік әділеттілікті қал­пы­на келтіру. Осы құжатқа сәйкес мұн­дағы механизм үш сатыдан тұрады. Бірін­шісі – Премьер-Министр жетек­ші­лік ететін комиссия. Оның құрамы Парламент депутаттары, қоғам қай­рат­керлері, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және тағы басқалардан тұрады. Комиссияда активтерді қайтару жолдары мен қа­был­данатын шаралар жүйесіне қатысты ұсынымдар жасақталып шығарылады. Екіншісі – Бас прокуратураның жа­ны­нан құрылған Активтерді қайтару жө­нін­дегі комитет, ол – комиссияның заң­сыз иемденілген активтерді анықтау, тек­серу және қайтару жөніндегі уә­кі­лет­ті жұмысшы органы. Үшіншісі – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС. Ол тек мүлік не­месе заттар түрінде келіп түскен ак­тив­тер­ді сақтаумен және өткізумен айна­лы­сады. Бұл активтерге ақшалай қа­ра­жаттан тыс жылжымайтын және жыл­жи­тын мүліктер, кәсіпорындар мен ак­ционерлік қоғамдардың акциялары мен үлестері, тағы басқа да құнды зат­тар жатады. Ал ақша мен бағалы қағаз­дар түріндегі активтер тікелей Қаржы министрлігіне қатысты Арнайы мем­ле­кеттік қорға (АМҚ) түседі. Басқару­шы компания да өздеріне сауда-сат­тық­тан түскен ақшаны осы қорға ау­дарып отырады. Мұнда шоғырланған қа­ра­жат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфра­құры­лым­дық жобаларды іске асыруға бағыт­та­лады. Бүгінде бұл жұмыстар басталып та кеткен екен. Өңірлерде бірқатар әлеу­­­­­меттік инфрақұрылым объектіле­рі­нің құрылысы басталған. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы атап өт­кендей «қайтарылған барлық қара­жат қазақстандықтардың игілігіне жұ­мыс істеп жатыр». Қаражатты бөлумен Рес­публикалық бюджет комиссиясы ай­налысады. Ал бақылауды Жоғары ауди­торлық палата жүзеге асырады. Ақ­шаның түсуі мен жұмсалуы туралы есеп жыл сайын жұртшылыққа жеткі­зіледі.

«Пайда болуы түсініксіз актив» дегеніміз не?

Сонымен былтыр қабылданған заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы арнайы заң концептуалды түрде елімізде пайда болуы түсініксіз байлықты азаматтық тәр­кілеу моделін енгізуге бағытталып отыр. Онда «пайда болуы түсініксіз ак­тив» деген ұғым қарастырылған. Яки, заң бойынша құны субъектінің заң­ды табысының мөлшеріне сәйкес келмейтін мүлік «пайда болуы түсініксіз ак­тив» деп танылады. Ал активтерді ием­дену көздерінің заңдылығы қисын­ды түрде күмән тудыратын қоғамдық маңызы бар тұлғалар заңның субъектісі болып саналады. Осындай тұлғалар комиссия шешімімен арнайы тізімге енгізіледі. Содан кейін олар комитетке өзінің мүлкі туралы, ол мүліктің пайда болу заңдылығы туралы құжаттармен бір­ге декларация тапсыруы керек. Бол­маған жағдайда ол активтердің шығу көз­дерін тексеру және құқықтық баға беру жұмыстары жүргізіледі. Егер пай­да болуы түсініксіз активтер анықталса, ко­митет азаматтық сотқа тиісінше та­лап қойып, сол мүлікті мемлекет пай­да­сына өндіру жөнінде өтінішпен жү­гінеді. Сотта активтердің заңдылығын анық­таудың негізгі жауапкершілігі жауап­керге жүктеледі.

«Біздің заңның бірнеше қағидаты бар. Соның негізгісі – активтерді ерікті түр­де қайтаруды ынталандыру. Біз ерік­ті түрде қайтаруды мемлекет үшін де, қоғам үшін де дұрыс деп санаймыз. Өйт­­кені инвестициялық ахуал бар. Биз­нес өкілдерінің мүдделері бар. Одан кейін адал несие берушілер мен адам са­тып алушылардың мүдделері бар. Осы барлық артықшылық пен кем­ші­лікті жан-жақты ескере отырып, заң­ның өзінде ерікті қайтаруға басымдық берілген. Ол үшін субъектіге бірнеше тәсіл қолданылады. Ең бірінші біздің ко­митетпен келісім жасайды. Одан кейін іс азаматтық сотқа өтіп кеткен бол­са бітімгершілік келісім жасай ала­ды. Ал қылмыстық іс қозғалған болса, кінә­сін мойындап, залалды қалпына келтіріп, заңсыз иемденген активтерін қайтару арқылы процессуалды келісім жасай алады. Ерікті қайтарудың артық­шылықтары да бар. Мәжбүрлі қайта­ру­да мүлік мемлекетке тиіс болатын бол­са, ерікті қайтаруда комиссияның ше­шімімен қайтаруға жататын мүлік­тер­дің бір бөлігі субъектінің өзінде қа­луы мүмкін. Тағы бір артықшылығы – кейін қайтарылған заңсыз активке қатысты заңсыздықтар анықталса, субъект жауапкершілікке тартылмайды деген құқықтық кепілдік беріледі», – дейді Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төра­ғасы Нұрдәулет Сүйіндік.

Сарапшылардың айтуынша, ак­тивтерді қайтарудың көптеген жолы бар екен. Азаматтық істер арқылы да, қылмыстық істер аясында да қай­тару­ға болады. Әділет министрлігінде ар­битраж арқылы да шешілмек. Интер­пол Ұлттық орталық бюросымен де жұ­мыс жолға қойылған. Бұл қадам эко­номикалық қылмыстармен және активтерді заңсыз шығарумен күресте ын­тымақтастықты нығайтуға бағыт­тал­ған. Мұндай серіктестік халық­ара­лық тергеулерге қолдау көрсету және мемлекеттер мен олардың азаматтарына тиесілі қаражатты қайтару арқылы экономикалық қылмыстарға неғұрлым ж­едел және тиімді қарсы тұруға мүм­кін­дік береді.

Сәтті кейстер көп

Комитеттің жұмысы барысында 1 жылда 1 трлн теңгеден астам сомаға келісімдер мен шаралар ма­құл­данған екен. Сотқа «түсініксіз байлық» ту­ралы 3 талап-арыз берілген. Нә­ти­же­сінде, 15 млрд-тан астам теңгеге ак­тив­тер қайтарылған. Барлық активтің қа­ра­жат түріндегісі арнаулы мемлекеттік қорға, мүліктері басқарушы компанияға өткізілген. Осы ретте бүгінде арнаулы қорға жалпы сомасы 188 млрд теңге ақша аударылған болса, 87 млрд теңгеге мүлік түрінде активтер басқарушы компанияға берілген. 

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сын орындау аясында Үкімет арнау­лы қорға жиналған қаражат есебінен ал­ғашқы әлеуметтік жобаларды қар­жы­ландыру туралы шешімдер қабыл­дап жатыр. Бүгінде Ақтөбеде бала­бақ­ша, Шымкент қаласында мектеп ин­тер­натының жатақханасы, Зерендіде спорт мектебі, Жамансор ауылында мек­теп, Темірлан елді мекенінде өнер мек­тебі, Риддер қаласында көпбейінді ау­рухана салуға қаражат қарас­ты­рыл­ған», – дейді Бас прокуратураның Ак­тив­терді қайтару жөніндегі комитетінің тө­рағасы Нұрдәулет Сүйіндік.

Мүлік түрінде қайтарылған актив­тер­ге жылжитын түрі де, жылжымайтын түр­лері де кіреді. Олар Қазақстан аума­ғын­да да, шетелде де орналасқан болуы мүмкін. Оның ішінде жылжымайтын, жыл­житын мүліктен бөлек акциялар, ком­паниялардың үлестері, жер қой­науы­на құқықтар, қымбат бұйымдар жә­не тағы басқалары бар. Жылжы­май­тын мүліктерден элиталы ғимараттар­ды, соның ішінде тұрғын үйлер, бизнес ор­талықтары, мейманханалар бар, сон­дай-ақ жер телімдерін атай кетуге бо­лады. Мәселен, соның ішінде жалпы со­масы 31,7 млрд теңге болатын 16 тұр­ғын үй, 5,2 млрд теңгеге 20 жер телімі, 25,1 млрд теңгеге 13 коммерциялық жыл­жымайтын мүлік, 10,4 млрд теңгеге 6 заңды тұлғалардағы үлес, 2,8 млрд тең­геге 196 зергерлік бұйымдар бар. Сон­дай-ақ 15,1 млрд теңгеге 16 шетел­де­гі актив, автомобильдер сынды ны­сан­дар бар екенін де атай кету керек.

«Біздің қазір қабылдап қалған ак­тив­теріміздің жалпы сомасы 87,2 млрд теңгені құрайды. Дәл қазір eQazyna пор­талы арқылы, шетелдік реэлтор ком­паниялар арқылы, көлік сататын ком­паниялар арқылы, жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге активтер сатылды. Оның 6,8 млрд-ы АМҚ-ға аударылды. Қал­ғаны аударылу үстінде. Ал акти­в­тер­ді басқарудан 870,2 млн теңге түсті. Оның ішіне жалдау ақысы да, диви­дент­тер де, сенімгерлік басқару да және тағы басқалар кіреді. Мәселен, соның ішін­де сәтті кейстер деп Алматы қала­сын­дағы «Байтақ» шағын ауданындағы жер учаскесін айтуға болады. Бастапқы ба­ғасы 176 млн теңгеге бағаланған ны­сан аукцион нәтижесінде 657 мил­лион­ға сатылған болатын. Осылайша, мем­ле­кет пайдасына 481 млн артық пайда түс­­ті. Тағы бір мысал: құрылысы аяқ­тал­­­маған «Орион» атты бизнес орта­лы­ғы бастапқыда 6,3 млрд теңгеге ұсы­ныл­ған болса, нақты сомасы 7,02 млрд тең­геге сатылды. Осылайша, 732 млн тең­­­­геден артық табыс алынды. Сол сияқ­ты мемлекет пайдасына өткен «Ду­ман» қонақүйінің соңғы үш айдағы диви­дентінің өзі 93 млн теңгені құрап отыр», – дейді Қаржы министрлігі «Қай­тарылған активттерді басқару жө­ніндегі компания» ЖШС бас дирек­торы Қуанышбек Мұқаш.

Оның айтуынша, активтер аук­цион­да ағылшын әдіспен саналады екен. Яки, бағасы ғана өседі. Мұн­дағы басты мәселе, активтерді құ­нын жоғалтпай тұрғанда сатып үлгеру. Сон­дықтан да ол мүліктердің проб­ле­малы тарихын, иесінің кім екенін айт­паған дұрыс. Әйтпесе, бизнестегі баға­сы түсіп кетуі мүмкін. Қалай болғанда да мұндағы шешімді комиссия қабыл­дайды. 

«Мәселен, шетел тәжірибесіне сүйе­­не отырып, қайтарылған жылжы­май­тын мүліктердің мемлекетке беріл­ген кезі аз емес. Айталық, Алматы қа­ла­­сындағы 7,9 млрд сомасындағы бір биз­нес-орталық Ұлттық қыздар педа­го­гикалық университетіне берілді. Ба­рап елді мекенінде орналасқан де­ма­лыс орны да Ақмола облысының әкім­дігіне қайтарылды. Астана қала­сын­да 3 коттедж психикалық оңалту ка­бинеттері ретінде жасақталып, қазір ол жерлерде ерекше балаларға арналған орталықтар ашылды», – дейді Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің реми өкілі Данияр Бигай­даров.

Капитал иелері дұрыс түсінгені ләзім

Заңсыз активтерді қайтару про­це­сінің баяу жүріп жатқанына, ашықтығына сын аз айтылып жүрген жоқ. Десе де, сарапшылар бұл процес­тің үлкен қоғамдық мүмкіндігі барын ай­тады. Осынау жұмыстардың барлығы бюд­жет дағдарысы, Ұлттық қордан ре­кордты түрде ақша алу сынды ахуал аясында болып жатқанын ескерсек, заң­сыз активтерді қайтару науқанын осын­дағы негативтің «тігісін жат­қызу­ға» кеңінен пайдалануға болады. Бір сөз­бен айтқанда, ол үлкен идео­ло­гия­лық мәнге ие. Тіпті, қоғамды жүйелі түрде жұмылдыруға қызмет ете алар еді. Бірақ ақпараттардың жабық болуы, ой­дан пайым жасауға мәжбүр етеді.

«Бұл бағытта қарайған жұмыстар ат­қарылып жатқанын, біздің бұған дейін мұндай тәжірибеміз жоғын және ак­тивтерді қайтарудың түрлі ме­ха­низм­дер сынақтан өткізіліп жатқанын түсі­не­мін. Бірақ еліміз дәл қазір ақшаға қат­ты зәру шақта бұл жұмыстарды тым баяу­латпай шындап қолға алу қажет деп санаймын. Өйткені Жоғарғы ау­ди­тор­лық палатаның санауынша сыртқа кет­кен заңсыз активтердің тек 3%-ы ға­на елге оралған екен. Онда да бұл бел­гілі болғанының үлесі, ал әлі бел­гі­сі­зі қаншама. Менің кейбір әріптестерім ашық дереккөздерге сүйеніп айтып жүр­геніндей, тек 2004-2013 жылдар ара­­­­лығында елімізден 167 млрд дол­лар­ға дейін әкетілген екен. Ал жыл сайын елімізден 212 млн доллар жылыстап ке­теді екен. Мәселен, 2021 жылы оф­ф­шор­ларда Қазақстанның 45,7 млрд доллар ақшасы жатқаны белгілі болған. Жал­пы, жабайы есеппен алғанда $500 млрд ақша сыртқа кеткен», – дейді Exclusive.kz интернет порталының бас редакторы Қарлығаш Еженова.

Оның айтуынша, Қазақстаннан ка­питалдың кетуі әлі де жалғасып жа­тыр. Өйткені, капитал иелері отандық экономикаға ақша салудан қорқады. Сондықтан да Үкімет осы заңды пайда­лана отырып, олардың сенімін оятуы керек. Құжаттың өзі қысқа уақытта қа­былданғандықтан, онда концептуал­ды тұрғыда көп нәрсе қалыс қалған болуы керек. Ал сыртқа кетіп жатқан ка­питалдың алдағы тағдыры белгісіз еке­ні тағы бар.

«Бұл тұста Үкімет көптеген кепілдік беріп, сырттағы активтердің ішкі эко­номикаға келуіне тартымды жағдай ту­ғызуы қажет. Әйтпесе, шетелдің банк­терде қаншама ақша «қатырылған күйі» қалып қойып, ақыры белгісіз болып кетіп жатыр. Сондықтан да «одан да өздеріңіз шарттарыңызды айтып ақшаны елге қайтарыңыздар, яки экономикаға салыңыздар, болмаса одан мүлдем айырылып қалуларыңыз да ғажап емес» деп капитал иелеріне жет­кізуіміз керек. Өйткені оларды заң­ды түрде дәлелдеу қиын. Әрі олар батыс елдерінің фискальды органдарының қатаң қадағалауында тұр. Сондықтан да заңды концептуалды түрде қайта қа­рау керек», – дейді Қарлығаш Еже­нова.

Келесі бір мәселе – ашықтықта. Мә­селен, қайтарылған ақшаға қанша мектеп салынып жатқаны белгісіз. Бір мәліметтер бойынша 42, енді бір жерде 73 мектеп екені айтылып жүр. Кезінде депутаттар жұмыстарды ашық қылайық деген екен, бірақ қаржыгерлер қаржы нарығында қауіп туады, биржадағы акцияларға нұқсан келеді деп қарсы болған.

«Тапқан табыс, алған мүлкіңді қай­дан алғаныңды дәлелдей алмасаң, ол заңсыз болып саналады. Баяғыда бәсе­ке­ге түспей, қитұрқы жолмен алып кет­кен активтер көп. Бәріңіз де біле­сіз­дер кезінде дүрілдеп тұрған кәсіп­орын­ды әдейі банкрот қылып, арзанға сатып алған кездер болған. Одан бөлек, аффилирленген субъектілерімен, яки та­ныстарымен келіп, міне бәсе­ке­лес­те­рім бар деп мемлекетті өтірік алдап ке­ліп те алып кеткендер бар. Комиссия төра­ғасы Олжас Бектенов өзі кезінде жем­қорлықпен күрес қызметін бас­қар­ған, бұл саланы ішінен жақсы біледі. Сон­дықтан заңсыз активтердің та­ри­хын зерттегенде ештеңе де назардан тыс қалмайды деп санаймын», – дейді Премьер-Министр төрағалық ететін Заң­сыз активтерді қайтару жөніндегі ко­миссия мүшесі Мәжіліс депутаты Марат Башимов.

Оның айтуынша, тағы бір проб­лема – шетелдік юрисдикция. Қазақстанның ішіндегі активтер болса, бір сәрі, ал шетелдегі ақшаны қайтару қиын. Өйткені олар ақшаның заңсыз еке­нін біліп қалса қайтармай қоюға ты­рысады немесе өздеріне белгілі бір пайы­зын алып қалуға ұмтылады. Сон­дықтан да оларды қайтарудың да өзін­дік қиындықтары бар. 

«Ешкім өз еркімен ештеңені бергісі кел­мейтіні белгілі ғой. Сондықтан осын­дағы капитал иелеріне шетелден, өз елімізден сарапшылардан келіп тұр­ған ақпараттар бар екенін айтып тү­сіндіру керек. Соны дәлелдеуін талап ету қажет. Дәлелдей алмаса Еуропада оны тартып алады. Біз де осыған кел­дік. Комиссия болып шешіп, күмәнді активтерді реестрге енгіземіз. Соны 1 жыл­дың ішінде дәлелдей алмаса, аза­маттық сотқа жібереміз, олар оны алып алады, – дейді Марат Башимов 

Сондықтан да бұл тұста меха­низм­дер мен тәсілдер белгілі. Енді тек жұ­мыс­­ты тоқтатпай, тездетіп жүзеге асы­ру керек. Ең басты нәрсе, бұл жұ­мыс­тар қоғамның бақылауында тұруы ке­рек. Мәселен, бұл бағытта елімізде тек 50 кісі жұмыс істейді екен. Ол аз, ал жұ­мыс ауқымы көп, шамалары жет­пейді. Сондықтан штат санын күшей­тіп, 50 емес 500 кісі жұмылдыру қажет. Ең бастысы – жұмысты тоқтатпау, кері­сінше күшейте түсу.

Нұрлан ҚОСАЙ