Қараусыз қалған Қарақұм

Сыр бойының солтүстік ауданы саналатын Арал өңірінде «Қарақұм» деп аталатын елдімекен бар. Тарихтың қатпарлы құпиясын қойнауына бүккен киелі мекенде жаугершілік заманда ел ертеңін еселеген «Қарақұм құрылтайының» ізі жатыр.

Ел аузында «Қарақұм де­ген­ше, қарағым десей­ші» деген сөз тіркесі осы киелі ме­кенге қарата айтылуы бекер бол­маса керек. Өйткені қыс қыс­тау, жаз жайлауын жағалаған ауыл халқының ризық-несібесі әсте бір кеміген емес. Бағзыдан мал жайын білетін ағайын әлі күн­ге дейін атакәсібінен қол үз­бе­ген. Дастарқанынан құрт-ірім­шігі, айран-шұбаты үзіл­мей­ді. Жерінің құнарлығы малшы қауы­мына бақ болып тұр. 

Дейтұрғанмен, соңғы жыл­да­ры берекелі мекеннің күйі қа­­шып тұрғанға ұқсайды. Тұр­ғы­лықты халқы ауылдың тір­ші­лі­гі тұралап, ажары қаша бас­та­ғанына ашынып жүр. Соның ішінде өркениет көшінен кеш қа­лып, әлі де көмір жағу тауқы­ме­тінен арыла алмай отырған­да­рына наразы.

Көгілдір отынды күтумен күн­дерін өткізіп жүрген дүйім жұрт­тың көксегені бүгін-ертең орын­далатын түрі жоқ. Талай мәр­те құзырлы орындарға қолқа сал­ғанымен нәтижесі болар емес. Ел­ді мекен халқы бізге осы­лай деп мұңын шақты. 

Негізінен, бүгінде Қара­құм ауыл­дық округінің ор­талығы саналатын Абай ауы­лын­да 3 мыңға жуық жан тұрмыс ке­шіп жатыр. Бұрынғы Қарақұм қой совхозының орталығы бол­ған бұл елді мекеннің байырғы ата­кәсібі мал шаруашылығымен ты­ғыз байланысты. Аталмыш ауыл Арал қаласынан 100 ша­қы­рым, ал облыс орталығынан 500 ша­қырым қашықтықта қоныс­танған. 

«Төрт түлігін түлетіп отырған тұр­ғылықты халық ел қатарлы күн кешіп жатыр. Материалдық жағ­дайымыз жақсы, оған шү­кір­шілік етеміз. Тек жергілікті жұрт­­­­шы­лықты алқымнан алып тұр­ған негізгі мәселе көгілдір отын­­ға қатысты болып тұр. Іл­ге­ріде тұрғылықты халық ауыл ше­тіндегі сексеуілді шауып, жан бағу­шы еді. Қазір оны да кесуге заң­мен шектеу қойылды. Ал кө­мірдің бағасы күн санап қым­бат­тап барады. Жергілікті жет­кізу­ші, тасымалдаушылардың ақы­сы аспандап кетті. Соның сал­дарынан бүгінде ауылымызда 1 тонна көмірдің бағасы 35-37 мың аралығында бағаланып тұр. Мә­селен, бір үй ең кемі 5 тонна кө­мір жақты делік, сонда бергісі 175 мың, арғысы 300 мыңға дейін ақша жұмсайды. Оған та­мы­з­ық отынды қосыңыз. Соны­мен қатар қымбатшылық қыс­па­ғы халықтың аудан орта­лы­ғына үдере көшуіне де әкеп соқтырып жатыр. Ауылымыздың іргесі сө­гіліп барады. Сондықтан да құ­зырлы орындар тарапынан ауы­лы­мызды газдандыру мәселесін бір сәтке қаперге алса дейміз. Ел қа­тарлы біздің елді мекен де кө­гілдір отынға қосылса деген ті­ле­гіміз бар», – дейді ауыл тұрғы­ны Абай Әбішев. 

Халықтың пікіріне сәй­кес, негізінен Арал ауда­нын­да 20-ның үстінде ауылдық округ бар екен. Ал осы елді ме­кен­дердің газға қосылғаны сау­сақ­пен санарлық. Соның сал­да­ры­нан, аталмыш ауылдардың ба­сым көпшілігі көгілдір отын­ның игілігін көре алмай жүр.

Сонымен қатар 2013 жылы «Же­з­қазған – Бейнеу» теміржол же­лілері негізінде аталмыш ауыл­ға теміржол қатынасы жол­ға қойылды. Бұған дейін өзге ай­мақтармен жол қатынасы қиын­дық туғызып келген елді ме­кен халқы үшін бұл күтпеген то­сынсый болды. Нәтижесінде, қо­сымша жұмыс көздері ашы­лып, 50-60 адам нәпақасын тауып келеді. Алайда ауыл хал­қы­ның «әттеген-ай» дейтін тұс­та­ры әлі де жетерлік. 

«Ауылымыздан өзге өңір­лер­ге еш қиындықсыз қатынауға мүм­кіндік жасалғанына қуа­ныш­тымыз. Күнара ауыл үстінен «Қызылорда – Павлодар» бағы­тын­да пойыз қатынап тұр. Осы орайда айта кеткен абзал, ха­лық­тың пойызға мініп-түсуі үл­кен қиындық туғызып келеді. Се­бебі станса алдына перрон са­лынбаған, не болмаса қиыр­шық тас төселмеген. Әсіресе, бұл түн мезгілінде, қысқы тайғақ кез­дерде адам өміріне үлкен қауіп туғызуда. Сонымен қатар ауы­лдан 1 шақырым жерде те­мір­жол өткелі бар. Бұрын сол өт­келде 4-5 адам кезекшілікте тұ­ра­тын. Ең бастысы теміржол өткелінен өтетін көліктер мен өріс­тен қайтатын малдардың қауіп­сіздігіне алаңдамайтын едік. Кімнің нұсқауы екенін қай­дам, бертін кезекшілікті қыс­қартып тастады. Қазір жұ­мыс­сыздық есебінен бірнеше адам өткелге кезекшілікке қойы­лады. Оның өзі қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз етіп тұр деп айта алмаймыз. Соның салдарынан, ауыл малдарын пойыз басу фак­тілері жиілеп кетті. Тіпті, малды бақылаусыз жіберуге қорқып отыр­мыз. Құзырлы орындарға бұл жайында сан мәрте айт­қа­нымызбен, бізді қырық сыл­тау­мен шығарып салады. Соған орай аталмыш олқылықты қа­лып­қа келтіруді сұраймыз», – деп ойын толықтырды ауыл тұрғы­ны. 

Тұрғылықты халықтың тағы бір базынасы – мәдениет сала­сы­на қатысты өрбіді. Көпшілікті ауыл­дық клубтың келешегі ой­лан­­тады. Халықтың пікіріне сүйен­сек, ауыл бір клубқа мұқ­таж. Іргесі 1985-жылдары қалан­ған бұрынғы ауылдық клуб ғи­мараты бүгінде құлау қаупінде тұр. Ол жерде мерекелік, мәде­ни-көпшілік іс-шараларды өт­кізу адам өміріне қауіпті. Сәт сайын жамап-жасқап, баға­на­лар­мен тіреп, өлместің күйін ке­шіп келеді екен. Осы жайында тиіс­ті орындарға қаншама рет айт­қанымен, әзірге жаңа ғи­ма­рат салуға асықпай отырғанын ай­тып, ашынады.  

Бір сөзбен айтқанда, құм қой­­­науында төрт түлігін тү­летіп, мамыражай тұрмыс ке­шіп жатқан ауылдағы ағайын­ның бүгінгі жағдайы мәз емес. Әй­теуір жоқтан бар жасап, әу­пі­рім­деп күн кешіп келеді. Ауыл тұр­мысын ой таразысына сала оты­рып, осыны аңғардық.

Ауыл халқы аудан әкімі ауы­лы­мызға арнайы келіп, тыныс-тір­шілігін көзбен көріп, кемші­лік­терді жоюға күш салса деген та­лабын қойып отыр. Өз кезе­гін­де жергілікті әкімдік жазыл­ған жайға орай үн қосар деген үміт басым. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы