Биыл сатирик 70 жасқа толып отыр. «Сатира – өмірдің айнасы. Бірақ оның міндеті – күлдіру емес, ойландыру» деп айтқан сатира сардарымен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында бүгінгі қазақ сатирасының ахуалынан сыр шертіп, кездесетін мәселелер туралы әңгіме қозғады.
– Толымбек аға, сатираға келу ойыңызда болмаған екен. Бірақ бұл жолға қадам басуыңызға не түрткі болды?
– Иә, шынымды айтсам, сықақшы боламын деген ой да болмаған. Бала кезімізде жиын болған жерлерде сықақ-өлеңдерді жаттап алып оқып жүретін едік. Әсіресе, сатирик ағаларымыз Шона Смахановтың, Оспанхан Әубәкіровтің, Оспанәлі Иманалиевтердің шығармаларын жаттап өстім. Мектепте жүргенде Қожанасырды көп оқитын едім. Қала берді, нағашы ағам Шыңғыс Қонысбаевтың да қаламынан туған туындыларға әуес болып өстім. Ол кісі журналист еді. Кейін ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне келгенімде маңайымда тек ақын-жазушылар болды. Бірінші курс оқып жүргенде сатира туралы жазсам деген ой келді. Сөйтіп, тырнақалды сықақтарым Жамбыл аудандық «Екпін» газетінде шықты. Туындымды газет бетінен көрген соң, құлшынысым артты десем болады. Міне, сатираға осылай келдім. Алғашқы қадамым осылай басталды. Содан әңгіме, өлең жазу илеуіне ендік те кеттік қой.
– Бірқатар автордың шығармаларымен сусындап өскеніңізді айттыңыз. Ал сатира әлеміне кіргеннен кейін сіз үлгі тұтқан адамыңыз болды ма? Жалпы, сатирада қандай қиындықтар кездеседі екен?
– «Ара» сатиралық журналында қызмет істеп жүргенде Қалтай Мұхамеджановтың өз аузынан біраз әңгімесін естіген ем. Қалай дегенде де қарамағында жеті жылға жуық уақыт қызмет істеп, өзінің айтуынша, оның «Ақ мылтығы» болдым. Бірде газет-журналдар жаппай жабылып жатқан кез еді. Қағаз жоқ, қаржы жоқ. «Араға» да тықыр таянды. «Әне жабылады, міне жабылады» деген қауесетпен оянып, уайыммен ұйықтаймыз. Бас редакторымыз – Қалтай Мұхамеджанов. Бір жағынан ол кісінің бедел-абыройын ойлаймыз да, «Араны» жаптырмайтын шығар деген үмітке жүгінеміз. Бір күні Қал-ағаң осы мәселеге байланысты «Не бүк қылам, не шік қылам» деп артынып-тартынып, Орталық Комитетке кетті. Тақымды қысып редакцияда біз қалдық. Келді түс қайта. Менің кабинетім 12-қабатта, лифтінің тура қарама-қарсысында болатын. Есік ылғи ашық. Кімнің келіп, кімнің кетіп жатқаны көрініп тұрады. Қал-ағаң келді. Жүзінде жеңістің белгісі бар. Көзінде қуақы күлкі ойнайды. Сөзінде де жеңімпаздықтың желі еседі. Шұбап кабинетіне кірдік. «Ара» жабылмайтын бопты. Сонда Қал-ағаң не айтқан дейсіз ғой. «Қағаз жоқ дейсіңдер, бізге жай сары қағаз да жетеді. Анау дүкендердегі май орайтын, ет орайтын сары қағаздар да жарайды бізге. Сонымен-ақ журналды шығара береміз. Бізге сол қағаздарды беріңіздер, бәрібір оны орайтын ет те, май да жоқ қой. Ал «Ара» жабылғаны қазақ күлкісінің қара жамылғаны емес пе?» – депті. Осылайша, бірауыз сөзбен «Араны» аман алып қалған еді.
– Сіздің пікіріңізше, заманауи сатира қандай тақырыптарға зәру?
– Меніңше, заманауи сатира ешқандай тақырыпқа зәру емес. Бізде сатириктер баршылық. Сондықтан бірнеше жыл бұрын жиі айтылып жүрген қандай да бір мәселе болса, соның бәрі мүмкіндігінше қамтылып жазылып жатыр деп ойлаймын. Өзіміз де жазарын жазып, берерін бердік. Тек кейінгі кездері жарық көріп жатқан сатиралық кітаптардың таралымы аз болғаннан кейін және баспа бетін көріп жатқан сол кітаптардың өзі өте сирек оқылатындықтан көпшілік біле бермейтін шығар. Қазір «Бізде сатирик жоқ» деген пікір халық арасында жиі айтылып жүр. Шын мәнінде олай емес қой. Сатира тақырыбына келсек, ғасырларға бөлінетін сатира жоқ. Ол ХХ ғасырда қандай болса, ХХІ ғасырда да сондай болуы тиіс. Былайша айтқанда, тілі өткір және оқиғасы нанымды, ішіндегі әңгімесінің де шындығы бар, өмірден алынған шыншыл болуы керек.
Қазіргі қазақ сатирасының тақырыбы ауқымды және әр уақытта да талабы бірдей. Ал жай-күйін немен болжап айтамын. Азын-аулақ газет-журналда жарияланып жатқандарын ылғи оқи бермеймін, қолға түспейді. «Қазақ әдебиетінде жарияланған бірен-саранын оқып қаламын. Олар оншалықты сын да көтере бермейді. Кейде сатира жазатын жастар да жоқ-ау деймін. Ерекше көзге түсетіндер де жоқ. Әйтеуір, күлкі шақыратын тіркестерді тізбектеп шығатындарды сатирик деп айта да алмаймын. Оның барлығы театр қойылымдарына арнап жазады. Ол да мардымсыз. Қазір сатиралық беттер де жоқ. Жазатын сатириктер болмаған соң оған көңіл де бөлінбейді. Әйтеуір, бірді-екілі кітаптар шығып жатады. Ол қолға да түспейді. Сондықтан ол туралы пәлен дей алмаймын. Бұрын баспасөзде бәрі жақсы еді. Арнайы беттер ұйымдастырылып, сатиралық беттер шығып жататын. Қазір ол да көрінбейді. Мүлдем жоғалды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде беріліп тұратын «Қожанасыр қоржыны» да жоғалды. Газеттердің өздері сатиралық бет беруден бойларын мүлде аулақ салған секілді. Тіпті көрінбейді. Сондықтан ол туралы пікір айта алмайсың. Бет жоқ, сатира да жоқ. Бұл екеуі жоқ болған соң ол жайында пікір де жоқ.
– «Әрленбей айтылған сөзде шындық көп, қоспалы сөзде сұмдық көп» дейді. Әр әзілдің астарында шындық болатыны сөзсіз. Осы жерде өзіңіздің бір қысқаша шындықты астарлап жатқан сатиралық қоржыныңыздан үзінді айтып беріңізші.
– Ұлттық ана тіліміздің болашағына алаңдаймын. Біз қазақ тілінде сөйлемейміз дейміз. Осының барлығы айналып келгенде адамның кеудесінде ұлттық намыстың жойылып бара жатқанынан. Менің «Ә» деген әңгімем бар. Кәдімгі әліпбидегі «Ә». «А» жүрген жердің бәрін бүлдіріп жүреді. Орыстың тілі жүреді. «Ә» жүрген жерде, орыстың бір сөзі не тілі жоқ. Жалпы, «Ә»-ден небір әдемі сөздер басталады. Мәселен, қазір ғана айтқан «әдемі», «әдепті», «әсем», «әйбәт», «әшекей», «әрлі», «әке», «әже», «әкім», «әзіл», «әжуә», тіпті «әліппе», «әліпбидің» өзі ше... міне, осылай шұбыртып тізе беруге болады. Осының барлығынан ұлттың нақышы, дәстүрдің бояуы, халықтың үні қазанда былқып қайнап жатқан қазы мен қартаның, күбіде күрпілдетіп пісіліп жатқан, бабына келген қымыздың, мөлдір бұлақтың басынан ескен жалбыздың, таудан аңқып соққан адыраспанның, даладан жел қуалап жеткен жусанның бұрқыраған исі кеп, бітеліп қалған мұрынның өзін қақ жармай ма, шіркін?! «Ә» дегенде – әже, әженің әлдиі жоқ жерде қазақтың тілі жоқ, «ә» деген – әке, әке қазақша сөйлемесе, отбасы қазақша сөйлемейді. «Ә» дегенің – әкім, әкім қазақша сөйлесе, бүкіл соның аузына қарап отырған ел қазақша сөйлейді. «Ә» деген сөз – әскер, егер әскер қазақша сөйлей бастаса, қару-жарақ қазақша сөйлей бастаса, онда тіпті керемет болып кететін еді. Көшеде кетіп бара жатып, шашы бояу-бояу, тырнағы сояу-сояу әжелердің немерелерімен шүлдірлеп орысша сөйлеп бара жатқаны қабырғама батады. Бізде кей жазушылар, «менің немерем қазақша сөйлейді» деп мақтанады. Мақтаныш емес, ол – қасірет. Ол неге қазақша сөйлемеу керек? Оны мақтаныш етпеуіміз керек, ол – заңды түрде болуға тиіс нәрсе. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз осы иіспен тыныстады, осымен дем алды, осымен емделді. Қазір «аллергия» дейтін бір алапат шықты. Түшкіріп-пысқырып, сол иісті көтере алмайтын маңқа мұрындар пайда болды. Тұмсығын тұмшалап, даладан безе жөнеледі. Енді осындай бәле әкелген «аллергия» деген сөзге көз жүгіртіп көріңізші, ол «Ә»-ден басталмайды, «А»-дан басталады. Демек, «А» жүрген жер аса қауіпті.
– Қазір әзіл-сықақ театрларында жүрген жастар сізді іздеп келіп әзіл-қоржыныңыздан үзінді сұрайтын кез болды ма? Өзіңіз жазған туындыларыңыздың сахнаға шыққанын қалар ма едіңіз?
– Шынымды айтсам, олармен байланысым да жоқ, сұраған да емес. Олар өздері жазады, өздері ойнайды, өздері күледі. Әрине, жазған дүниелерім сахнаға шыққаны жақсы. Баяғыда «Тамашада» Лұқпан Есенов іздеп жүріп алып шығаратын. Қазір ондай іздеушілер де, сұраушылар да жоқ. Көбі өздерінің көрген-білгенін ғана сахнаға шығарады, онысының аяғы жоқ, бітпейді. Сондықтан кей театрлар көрерменін жалықтырып алады. Сатириктер шығармасының барлығы дерлік сахнаға ыңғайлы болады деп айта алмаймыз, кейбірі – кітаптан оқуға арналған туындылар. Оны театр әртістері өздері іріктеп алады. Телеэкраннан әзіл-сықақ театрларының ішінен өзіме керегін алып қалармын деп ұнаса да, ұнамаса да көремін. Жастардан да алатын кезім болады. Кейде олардың нүктесі қойылмаған ойын ары қарай толықтыруды мақсат тұтамын.
Қазіргі әзіл-сықақ театрларының шығарып жатқан дүниесі күлкілі емес. Не болса соны шығарып кеткендер көп. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын Мәдениет министрлігіне де хат жазғам. Бұрынғыдай көркемдік кеңес құру керек деп сол кеңесте болатын адамдардың да тізімін де жазып бердім. Тізімге Тұңғышбай Жаманқұловтың, Көпен Әмірбектің, Алпысбай Боранбаевтың, Лидия Қаденова және сатира төңірегінде жүрген бірқатар сатириктердің есімін қостым. Жазған хатыма жауап келді. Сатираға қатысты ұйымның барлығы дерлік жеке меншік болып кеткендіктен, ешқандай іс-шаралар жүзеге асырмайтынын айтты. Осылайша, көңілге қонымды жауап ала алмадым. Көркемдік кеңес бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан еді. Тағы да жұмысын белсенді бастауы үшін құрамын бекітіп кіріскен жұмысым жүзеге аспай қалды.
– Сатиралық шығармаларды бұрын әзіл-сықақ театрлары жиі пайдаланатын еді. Бүгінгі театр әзілді өздері жазып, өздері орындап жүр. Сонда сатириктерге зәру емес пе?
– Қазір кім көрінген театр ашатын заман болды. Өздері жазып жүрген дүние сатира емес, уайым-қайғы. Қысқасы, мұндай театрлардың ғұмыры ұзақ болмайды. Көрерменін тапқан әзіл-сықақ театрлары аз. Көрермен әр театрға үмітпен барады. «Тамашадан» кейін оңған театр ашылған жоқ. Бұл театрдың қойылымдары шынайы еді. Өйткені бұл кезде көркемдік кеңес те жұмыс істеп тұрған. Кеңестің қабылдауынан кейін ғана сахнаға шығуға рұқсат алатын. Біздің жазғандарымызды көркемдік кеңес оқитын. Ол кезде кеңес мүшелерінің арасында Лұқпан Есенов, Көпен Әмірбек, Лидия Қаденова болды. Көркемдік кеңес тарағаннан кейін театрлардың көбі жеке меншік болып кетті. Ал жекеменшік театрлар қалтаның қамына кірісіп, көрермен алдындағы жауапкершілігін де ұмытады.
– Сатираның поэзия мен прозадан айырмашылығы күлкілі болуында дейтіндер көп. Бізге сатира қай кезде керек?
– Жоқ, бұл олай емес, сатира дегеніміз – күлкі, сонымен қатар сын. Сынау арқылы күлдіру – күлдіру арқылы сынау. Сатира – сынға қарап күлкі шығатын жерді дәл табу. «Сатира – біздің әдебиеттегі оппозициялық жанр» екенін жиі айтамын. Сатираның керек не керек емес уақыты болмайды. Қоғамда бар нәрсені жазуға тиіс сатира бар ма, бар. Бір кездері «Қазақстан» ұлттық телеарнасында ашылған «Әзілкештер ауылы» деген сатиралық хабарға шақырту алып, соны жүргіздім. Бағдарлама жан-жақтан сатириктердің басын қосып, әзіл әңгіме айтып, көрермен көңілін көтеруді мақсат еткен. Бұл жоба ұзаққа бармай жабылып қалып еді. Сатираны біреу кітапта оқуды жөн көрсе, бірі экранда, сахнада көргісі келеді. Бірақ сатиралық шығармаларын сахнаға, эфирге шығып орындайтын сатириктер аздау. Сондықтан бағдарламаға келетін сатириктер қатары азайып кетті. Десек те, оның орнын «Әзілің жарасса...» деген хабар басты. Осындай сатиралық шығармалар бұрында да болған, қазір де керек. Демек, сатира қоғамға әркез керек. Оның керек емес уақыты болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Қайран, Бастық!
(Кененше)
Келін кетті
тілді алмай,
кердең басып,
Бауыр да жүр шіреніп, белден басып.
Оны көріп басқалар барды басып,
Кетіп жатыр шетінен елден қашып,
Қайран бастық!
Қыздар тілді алмайды шолжаң басып,
Күйеулер де кетті әне, талтаңдасып.
Әйелі де соларға
ілесіп ап,
Қалар ма екен, ойпырмай, жанжалдасып,
Қайран бастық!
Ынтымағы сөгіліп, шетінеген,
Осылардың басталды шеті неден?
Тыңдата алмай жүргенде жақындарды,
Депутаттар кетер ме бетіменен,
Қайран, бастық!
Әйел мен машина
Еркек үшін әйел мен машина
Ыстық және жақын,
Екеуі де өмір.
Бірақ әйел – қатын,
Ал, машина – темір.
Ұқсайтыны – еркек
Екеуін де аялайды,
Екеуін де бағалайды.
Машинасынан
Ақшасын аямайды.
Өйткені оны айдайды,
Уақтылы күтіп,
Уақтылы майлайды.
Оның бір жақсы жері
Қайта-қайта ақша сұрап,
Алақанын жаймайды.
Ал, әйел алған бетінен таймайды,
жүйкеңе ойнайды.
Берген сайын тоймайды.
Машина күн демейді,
Түн демейді,
Ақша бермесең үндемейді,
Кей кезде сілейіп
Кідіріп, тұрып қалады.
Ондай кезде еркек ашуланып,
Теуіп қалады, ұрып қалады –
Жауап жоқ,
бар айыбы сынып қалады.
Ал, әйелді соқпай-ақ қой,
Жәй әшейін түртіп қал.
Жолыққандай күртік қар
Қар бораған бұзық қабағы,
Өткен-кеткенді тізіп, табады,
Сенің қан қысымың
250-ге жеткенде ғана
Тыныш табады,
«Жедел жәрдем» әкеткен соң
Амалсыз аузын жабады.