Бұл – Ұлттық киноны қолдау орталығы мен коммерциялық фильмдердің жалпы саны. Киноны өнер деп бағаласақ та, бұл өнер алаңында кәсіби білімі жоқ режиссерлердің туындылары жарыққа шығып жатыр. Алайда қаржы көздеген коммерциялық фильмдердің кассалық көрсеткіші мемлекет қаржысына түскен фильмдерден әлдеқайда озық шығуда. Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген киноның басым бөлігі көрерменге жетпей, тек шетелдік фестивальдерге қатысып, жүлделерге ие болып жатыр. Бұған не себеп? Отандық киноға қатысты мәселелер туралы киносыншылар дөңгелек үстел барысында талқылап, ойталқы жүргізді.
ТІЛШІ: – Жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығынан бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың қаржысына 20 шақты, коммерциялық киноны қосқанда жалпысы 70-80 фильм түсіріледі екен. Бірақ көпшілік сол түсірілген кинодан бейхабар және тек шетелдік фестивальдерге қатысады. Коммерциялық фильм ғана көрерменге ұсынылатын сияқты. Мұны қалай түсіндіруге болады?
Дана ӘМІРБЕКОВА: – Жарнама – үлкен қару. Фильмнің көрерменге жетуіне мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдің бірі. Көп жағдайда фильмнің танымал болуы сапасына емес, жарнамасының жақсы болуына байланысты болып тұр. Ұлттық киноны қолдау орталығынан сценарийінен бастап көркемдік тәсілдеріне дейін сапалы, техникалық жағынан да озық шыққан фильмдер көрерменге жетпей отыр. Өйткені прокат мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Дистрибуциямен ешкім айналыспайды. Прокатқа мемлекет тарапынан қаражат та бөлінбейді. Министрлік осыны қолына алған кезде қазақ киносы да түзеледі деп есептеймін. Бірінші мемлекет тарапынан түсірілген фильмдерге қаржы бөлінсе, екінші шетелдік А класты фестивальдерде жүлдегер атанған фильмдердің жарнамасы жақсы болғанда сапалы фильмдер көрерменге жететін болады.
Баубек НӨГЕРБЕК: – Иә, келісемін. Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген жобаларда бюджет тек өндіріске бөлінеді, оны прокатқа ұсыну мен жарнамалауға бөлек қомақты қаражат қажет. Мәселен, кейбір шетелдік фильмдердің жарнамалық бюджеті сол фильмді түсіруге кеткен қаражатпен тең болады. Жарнама аздығынан біздің фильмдердің танымалдылығы төмендей түседі. Екінші мәселе – кинотеатрлардың басым бөлігі жекеменшік компаниялардың қолында, яғни олар үшін бұл бизнес көзі. Ал қазақ фильмдерінің ішінде ұлттық кино санатына кіретін туындыларды қалай қолдай аламыз? Бізде ұлттық тарих пен мәдениетке байланысты түсірілген фильмдерді көрерменге жеткізудің тиімді механизмі жоқ. Бұл көбіне кинотеатрларда фильмдерді көрсетуде уақыттың дұрыс таңдалмауынан туындайды. Түске дейін 11:00 не болмаса түстен кейін 15:00. Кинотеатрлар жеке меншік мекеме болғандықтан, фильм көрсету уақытын өздері анықтайды, прайм-таймды бөлмейді. Осыған байланысты, кино туралы заңға отандық фильмдерді прайм-тайм уақытында міндетті түрде көрсетуге тиіс деген өзгерістер енгізілсе, ұлттық фильмдерді қолдауға оң ықпал етеді. Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген фильмдердің танымалдығын арттыру үшін бюджет бөлген кезде оның жарнамасына, кейінгі дистрибуциясына, кинотеатрлармен келісімдер жасауға да қаражат қарастыру қажет деп санаймын.
Ержан ЖҰМАБЕК: – Биыл түсірілген отандық 100-ден аса фильмнің жартысынан көбі жеке студиялардың өз қаржысына түсірілген. Ұлттық киноны қолдау орталығының бұл тізімдегі көрсеткіші өте аз. Бұл мәселе көптен бері қозғалып келе жатыр. Өкінішке қарай, Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекет тарапынан түскен фильмдерді тек питчинг арқылы жеке студияларға бөліп беріп, оператор функциясын ғана атқарып отыр. Дайын фильмдерді одан кейін қабылдайды.
Алайда фильмнің ары қарай насихатталуы, көрерменге және фестивальдерге ұсынылуы, прокат мәселесі қамтылмай отыр. Ұлттық киноны қолдау орталығы бұл мәселені фильмнің авторына, продюсеріне міндеттейді. Дегенмен бұл бөлімге арнайы жүйе, бөлінетін қаржы қарастырылмаған. Сондықтан бұл фильмдердің көбі көрерменге жетпейді. Аталған орталық түсірген фильмдердің тақырыптық және көркемдік деңгейі де өзекті мәселе. Фильмнің тақырыптары мен бағыттары орталықтың, көрерменнің тың сұранысына сай келуі керек. Егер көрермен қызықпайтын тақырып аясында түсірілсе, оған сұраныстың төмен болары анық. Фильм бағыты туралы Ұлттық киноны қолдау орталығының позициясы айқын емес. Яғни, қанша пайызы авторлық, фестивальдік фильмдер, қанша пайызы халықтық, көрермендік, коммерциялық бағыттағы фильмдер екендігінде анықтама жасалмайды. Бұл тұрғыда сәл түсінбеушіліктер бар секілді. Бірақ жыл сайын шығып жатқан фильмдер тақырыптық, жанрлық, әралуандығы жағынан ерекшеленуде, көркемдік сапасы да артып келеді. Мәселен, комедия ғана емес, бұрын-соңды түсіріле бермейтін триллер, экшн, драма жанрлары шығып жатыр. Жыл басында Диас Бертістің «Үкім» фильмі, Ерасыл Байболовтың «Біздің жігіттер. Афган» киносы, Рашид Сүлейменовтің «Операция Набаты» жанрлық тұрғысынан жаңа бастама көрсеткен кино секілді.
Баубек НӨГЕРБЕК: – Негізі, питчинг жеңімпаздарының саны 15-17-ге дейін жетуі мүмкін. Кей фильмдер өндіріске сол жылы жіберілсе, кейбірі келесі жылға қалады. Соның нәтижесінде, Ұлттық киноны қолдау орталығы жылына шамамен 10-12 көркемсуретті фильм шығарады. Ал коммерциялық жобалар, әсіресе биыл өте көп болды. Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі ретінде жүргізген есебіміз бойынша, биыл түсірілген отандық фильмдердің саны 90-нан асты. Жалпы, коммерциялық фильмдерді авторлық фильмдермен салыстыруға келмейді. Себебі қалың көрермен терең мағыналы фильмдерді көруге аса қызығушылық танытпайды, әдетіне айналмаған, яғни бізде әлі ондай мәдениет қалыптаспады деп айтуға болады. Коммерциялық фильмдер көбіне ойын-сауық санатына жатады, ал киноны өнер ретінде бағалайтын көрермен қатары аз.
ТІЛШІ: – Қазір киноны режиссерлер ғана түсіріп жатқан жоқ. Түсіретіндер көп. Арасында касса жинап, «миллиардер» атанғандары да бар. Бұлай озық шығуы киноның жанрына не тақырыптың өзекті болуына байланысты ма немесе көрермен талғамына ма? Киносыншы ретінде мынаны айтыңызшы, биыл касса жинаған кино шын мәнінде сол «миллиардтарға» лайық па? Және бүгінде жеке қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер бар ма?
Дана ӘМІРБЕКОВА: – Бүгінде Дариға Бадықова, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоянбаев түсірген фильмдер неге соншалықты миллиардтар жинап жатыр дейсіз? Ол көркемдік ерекшелігіне, жоғары сапасына байланысты емес. Керісінше, өте төмен деңгейлі, халықтың талғамын түсіретін фильмдер. Не себепті сонша қаржы жинайды десеңіз, жарнамасы керемет жасалған. Ол фильмді түсіріп жатқан киногерлер емес, шоу-бизнес өкілдері. Және олардың о бастан миллиондаған аудиториялары бар. Оларға жарнама жасау қиын емес. Олардың жанкүйерлері фильмді тақырыбына, мазмұнына қызығып көрмеуі де мүмкін. Бірақ авторын жақсы көргендіктен қолдайды. Кассаны жақсы жинайтыны рас, бірақ оны екінші рет қайталап көруге бармайсыз.
Баубек НӨГЕРБЕК: – Шынында, қазір кино түсіру қолжетімді болып қалды ғой. Кейбір фильмдер коммерциялық жағынан сәтті шығып жатыр. Бұлай болуына авторлардың танымалдығы әсер етеді. Нұртас Адамбайдың, Нұрлан Қоянбаевтың фильмдері кең танымалдыққа ие болды. Өйткені бұл уақытта көрерменге комедия керек болған шығар. 90-жылдары комедия бағытындағы фильмдер өте аз болды. Киноны қоғамның айнасы деп қарасақ, қазір келін, отбасы мәселелерін кино тақырыбы етіп алып жатыр. Мұны елімізде отбасы құндылықтары бірінші орында тұратынымен байланысты деп ойлаймын. Бірақ комедия қиын жанр екенін ұмытпау керек. Көрерменді күлдіру жылатудан қиын. Кезінде Шәкен Айманов түсірген комедиялар әлі күнге дейін ұмытылмады, ал бүгін түсіріліп жатқан комедиялар бір сәтте жылт еткен жұлдыздай ғана. Өзіме ұнайтын кино деп нақты атай алмаймын. Комедияның да, триллердің де, драманың да мазмұны мен формасы сай жасалса, бұл – шеберліктің шыңы. Осындай сипатқа ие фильмдер ғана көңілден шығады.
Ержан ЖҰМАБЕК: – Мен фильмнің бірден кең аудиторияға ие болып, касса жинауын тақырыптың өзектілігіне байланысты деп айтар едім. Алайда продюсерлік жұмыстың маңыздылығы бірінші кезекте тұрады. Өкінішке қарай, фильмнің жарнамасы, маркетингі, насихатталуы жүйелі түрде ұтымды тұстарымен шығатын болса, әрине көптің қызығушылығын тудырады да, кассаның жаңа көрсеткішке жетуіне ықпал етеді. Айтайын дегенім, мұндай тәжірибелер бізге енді ғана келіп жатыр. Көркемдік деңгейі ерекше жұмыстар продюсерлік жұмыстың әлсіздігінен көрерменге жету жолын таппай жатады. Қалай десек те, кассалық фильмнің барлығын өнер фильмі деп айтуға болмайды. Фильм түсіріп жүргеннің барлығы кәсіби режиссер емес екенін мойындау керек. Арасында басқа саладан келген өнер мамандары да бар. Бірақ қазіргі жас режиссерлер кино өнерінде өзінің қолтаңбасын қалыптастырып келе жатыр. Олардың қатарында шетелде оқып келген Диас Бертіс, Дархан Төлегенов сынды жас режиссерлердің есімі айтылады.
Дана ӘМІРБЕКОВА: – Киноның екі бағыты бар: ойын-сауық және өнер. Бүгінгі ұсынылып жатқан шоу-бизнес өкілдерінің фильмдері әлеуметтік желілердегі блогерлердің жазбаларымен тең. Кино мен әлеуметтік жазбаның деңгейі екі түрлі. Киноның өтімді болуы көп жағдайда көрерменнің талғамына да байланысты емес. Талғам келе-келе қалыптасады. Сондықтан біз бүгінгі көрерменге ренжи алмаймыз. Өйткені нағыз өнер кім көрінгенге түсінікті бола бермейді, кез келген көрермен интелектуалды тұрғыда оңай қабылдай бермейді. Сондықтан нағыз өнердің аудиториясы әрқашан аз болады. Шынайы туынды болса, көркемдік деңгейі өте сапалы болса, ондай фильмге көрермен аз барады.
Қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер, әрине бар. Олар әлемді мойындатқан. Атап айтқанда, Дәрежан Өмірбаев, Әділхан Ержанов, Серік Апрымов. Олар киноға өнер ретінде қарайды, олардың қолтаңбасы, өзіндік стилі мен түсіру мәнері қалыптасқан. Олар әрқашан авторлық туындыларды түсіреді. Аудиториясы да көп бола бермейді. Өйткені жаңа айтқанымдай, шынайы өнерді кез келген көрермен интелектуалды тұрғыда қабылдауға дайын емес. Дәрежан Өмірбаев пен Серік Апрымовтың аудиториясының бір қызығы, олар түсірген киноны Еуропа елдері сүйіп көреді. Парижде соңғы үш жылдың ішінде Дәрежан Өмірбаевтің екі ретроспективасы өтті. Ол туралы кітап жарияланды, фильмдері әрқашан прокатқа шығады. Тіпті осыдан екі жыл бұрын Парижде шығатын Le Monde журналында «Аватар» мен Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» фильмі салыстырып жазылған мақала жарияланған. Сол кезде еуропалық көрермен «Аватарға» бармай, «Ақын» фильміне көбірек билет алған екен. Осындай қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер біздің көрерменге қызық болмай тұр.
ТІЛШІ: – Аншлагпен өтетін фильмнің барлығын сәтті, сапалы шыққан деп тұжырымдай беруімізге бола ма? Бірақ кейде прокатқа шыққан киноның сеанстары көрермен сұранысына қарай ұзартылып не қысқартылып жатады. Мәселен, «Міржақып. Оян қазақ!» сұраныстың көптігінен ұзартылса, «Соңғы үкім» сеанстары бірқатар кинотеатрдан алынып тасталды. Киносыншылар бұларды қалай бағалайды?
Баубек НӨГЕРБЕК: – Аншлагпен көрсетілген барлық фильм табысты деуге болмайды, бір-екі аншлагпен өткен сеанстан кейін қызығушылық тоқтап қалуы да мүмкін. Қараша айында экранға шыққан «Нурикамал» көптің талқысына түсті. Бұл фильм коммерциялық тұрғыда да режиссер Ернат Байұзақтың жасаған сәтті қадамы болды. «Міржақып. Оян қазақ!» алдымен сериал болып түсірілген, «Шекер» де веб-сериал форматында жарық көрген. Сериалдар қызығушылықты тудырғанның арқасында жеке фильм болып экранға шықты. Дегенмен «Шекердің» табысы аса жоғары болмады. Биылғы жылдың қорытындысында, отандық фильм өте көп түсірілді. Оның басым көпшілігі – комедия. Бұған дейін қазақ киносының мазмұны тек тарихи киномен ғана шектеледі деген көзқарас қалыптасқан болса, ал қазір комедияның шеңберінен шыға алмай қалды деген түсінік бар. Десек те, қазір комедияға фэнтэзи элементтері ақырындап қосылып жатыр, «ЗаманBack» пен «Асыққан сағат» соның дәлелі.
Дана ӘМІРБЕКОВА: – Аншлаг – кино сапасының көрсеткіші емес. Ол да жарнамаға тікелей байланысты. Екіншіден, тақырыпқа байланысты. Егер тақырып өзекті болса, егер дәл бүгінгі күні көрерменді қызықтыратын, оны ойландыратын болса, көрермен соған әуес. Соңғы кезде ерекше касса жинаған фильмдердің ішінде ол әйел тақырыбы немесе зорлық-зомбылық тақырыбы. «Нурикамалға» келсек өте көп пікірталас тудырған фильм. Бір жағынан феминистер өте қарсылық танытты. Осындай өзекті тақырыптар көрерменге қызық. Бірінші адам көреді, екінші адам ол туралы мақтаса, енді бірі кемшін тұсын жазады. Келесі көрермен өз көзімен көруге барады. Соңғы шыққан фильмдерде касса жинағандардың бірде-бірі өнер туындысы емес, бірде-бірі көркемдік тәсілі тұрғыдан сапалы емес, деңгейі орташа туындылар. Ол жерден режиссураны да байқамадым, актерлік ойын да әлсіз, техникалық тұрғыдан да ортаңқол деңгейінде орындалған. Тек өзекті, даулы тақырып болғандықтан көрермен қызығушылығын оятып отыр.
Дайындаған
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ