Қарапайым медициналық маска Covid-19 вирусынан қорғай алмайды. Халық осы ресми мәлімдемеге сенбей, бәрібір хирургиялық маскаларды бума-бумасымен сатып алуын жалғастыруда. Осыны пайдаланған алыпсатарлар арзанқол өнімді қымбат бұлдап жатыр.
Елордадағы дәріханаларда осы тауар қайта пайда болды, бірақ бұрын әр данасы 15-25 теңге ғана тұрған оның бағасы енді 120-дан 250 теңгеге дейін жетті.
Халықтың маска сатып алмасына шарасы жоқ. Себебі бірқатар жұмыс берушілер өз қызметкерлерінен кеңсеге, жұмыс орнына онсыз келмеуді талап етуде. Кейбір бизнес орталықтарында төмендегі күзетке маскасы жоқ жанның жоғары көтерілуіне тосқауыл қою тапсырылған екен. Оның үстіне, басқа қорғаныш таппаған қазақстандықтар ең құрығанда осы «шүберек» көмегімен тыныс жолдарын қорғауға тырысып жатыр.
Медициналық маскалардан пайда-қайыр шамалы екенін мәлімдегенімен, Үкімет бұқараға одан өзге қорғаныш құралын, басқа баламаны жаппай ұсына алмасын түсінетіндей. Содан болса керек, Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бастамасымен билік биылғы 20 ақпаннан бастап маскаларды шетелге экспорттауға тыйым салды. Оны елемей, тауарын Қытайға, өзге елдерге жеткізгісі келген кәсіпкерлер жазалануда.
Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлерге медициналық маска өндірісін арттыру жүктелген. Мысалы, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин коронавирус инфекциясының елімізде таралуына байланысты маскалар мен антисептикалық құралдар өндірісі ұлғаятынын мәлім етті. Оның айтуынша, жаңадан сатып алатын жабдық арқасында енді айына 8 миллион данаға дейін маска шығарылатын болады. Әйтпесе, бұған дейін осы өнімді жасайтын отандық компаниялардың өндірістік қуаттылығы айына 3 млн дананы ғана құрапты. Салдарынан, әсіресе Алматы тұрғындары бұл тауарды таппай, сең соққан балықтай сенделді.
Е.Оразалин кәсіпкерлерге шикізат сатып алуы үшін айналымдық қаражат берілетінін хабарлады. Оның байламынша, бұл өнімнің тұрақты жеткізілуіне, нарықтың молығуына, дүрбелеңнің басылуына ықпал етуі тиіс.
Ел Үкіметі әкімдіктерге маска жасайтын компаниялармен және оны шетелден импорттаушы ірі жеткізушілермен қоян-қолтық жұмыс істеуді жүктеген екен.
Сондай-ақ антисептикалық құралдар, санитайзерлер өндіретін компанияларға да қаржылай көмек көрсететіні жария етілді.
Айхан ШӘРІП