Отандық білім беруде цифрлық технологияларды белсенді енгізе отырып, бағалау жүйесін трансформациялау, жоғары оқу орындарында ғана емес, мектепте де тестілеу жұмыстарын цифрлық жүйелер мен заманауи технологиялар арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар ғылымды дамытудың басым бағыттары нақтыланып, Ұлттық бірыңғай тест шарттары өзгертілді. Білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы артты, жайлы жаңа мектептер салынды.
Білім сапасын арттыру бағытында 5 негізгі міндетті қамтитын 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Алыстағы елді мекендердегі мектеп оқушыларын арнайы жоба аясында қашықтан оқытуға мүмкіндік туды. Мәселен, елімізде 8 мыңға жуық мектеп, 3,9 млн оқушы бар болса, олардың 40 пайызы ауылдық жерде білім алады. Оларға онлайн режимде гимназия, лицей деңгейінде сапалы білім беру жүзеге аса бастады.
Жыл қорытындысына сәйкес, 1 816 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға қатысып, 563 медаль иемденіп, оның ішінде 77 бала алтын медаль, 201 бала күміс және 285 бала қола медаль алды.
Жайлы мектеп – сапалы білім
Үш ауысымды мектептер саны қысқарып, қазір 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда жұмыс істеуге көшті. 254 орта оқу орны күрделі жөндеуден өтті, 967 мектеп үшін 1 621 заманауи пәндік кабинет (робототехника, химия, биология, физика, STEM) жасақталды. 1 мың ауылдық мектеп жаңғыртылды. 10 мыңнан астам білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерімен техникалық жарақтандырылды.
Қазір ел бойынша 36 білім ошағының құрылысы аяқталып, жұмысын бастады.
Оқулықтар толықтай цифрланды
Оқулықтарды цифрландыру ісі 100% аяқталды. Отандық 13 баспа ұсынған электронды оқулықтар оқушылар үшін 11 платформада қолжетімді. Сондай-ақ бұл платформа электронды журналдар мен күнделіктер жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтиды. Платформаның тиімділігін арттыру, пайдаланушыларға кедергі келтірмеу мақсатында мектептер Starlink жылдам желісіне қосылды. Бұл интернет жылдамдығын үш есе арттыруға мүмкіндік береді.
ҰБТ-дағы өзгерістер
2024 жылғы ҰБТ-дағы өзгерістерді атап айтсақ, бейіндік пәндерге жаңа тапсырмалар қосылып, тест уақыты қысқарады. Бұрын 4 сағат берілген болса, енді талапкер 3 сағат 30 минутта тест сұрақтарына жауап беріп үлгеруі керек. Дегенмен ерекше қажеті бар балаларға берілетін қосымша 40 минут сақталады. Пән саны бұрынғыдай үшеуі міндетті және екеуі таңдауына қарай, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» деген міндетті пәндерден тапсырма саны 5 сұраққа азайды. Бейіндік пәндер бойынша сұрақ саны артып, жалпы тест тапсырмасы 40 болса, тізім ішінен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Тесттегі сұрақ саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» – 20, «Оқу сауаттылығынан» – 10, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 және екі бейіндік пән бойынша – 40 тапсырма. Жоғары 140 балл өзгеріссіз қалды.
Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар, «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушыға міндетті. Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекітті.
Қамсыз болашақты қамтамасыз етуге болады
2024 жылдан бастап «Келешек» ерікті мемлекеттік жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің көмегімен университетте оқуға ақша жинауға болады. Оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналуы керек. Егер ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады. «Келешек» бағдарламасы арқылы қаржыландыру 2036 жылға дейін жүргізіледі деген жоспар бар. Кейін жоғары оқу орындарына берілетін грант біртіндеп азая береді. Бұл ретте мемлекет азаматтарды оқуға ақша жинауға ынталандыруға күш салып отыр.
Қазақ тілінен емтихан енгізілді
5-8, 10-сынып оқушылары мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Бұрын мұндай емтиханды 9 және 11 оқитындар ғана тапсыратын. Биылғы мамырдан бастап, оқушылардың қазақ тілін қаншалықты білетіні сын тезіне түсті. Оқушылар ауызша және жазбаша формада емтихан тапсырды. Жылдық баға емтихан нәтижесіне қарай қойылады.
25 мамыр – соңғы қоңырау
Оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 2022-2023 оқу жылы алғаш рет 36 аптаға созылып, оқушылар мамырдың соңына дейін оқыған еді. 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болғандықтан, соңғы қоңырау 1 маусымда соғылған болатын. Бұл әлемдік тәжірибеде дұрыс деп мойындалғанымен, бейінді министрлік бұрынғыдай 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау туралы шешім қабылдады.
Қосымша біліммен қамту 86,3%-ға өсті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалардың шығармашылық пен қолөнердің қыр-сырын меңгеруі үшін балалар үйірмелерінің жұмысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылды. Балаларды қосымша біліммен қамту 86,3%-ға дейін өсті – бұл 3,3 млн бала, ал қосымша білім беру ұйымдарының желісі 1 625-тен 1 713-ке дейін артты. Елімізде барлығы 1 625 мектептен тыс ұйым және әртүрлі бағыттағы 380 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде, 8 қосымша білім беру орталығы, 3 балалар сауықтыру орталығы (лагерьлер), ауылдық мектептерде 779 коммьюнити-орталықтар ашылды, 190 қосымша білім беру ұйымы жаңартылды.
Алғаш рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленіп, оның жұмысына волонтерлер мен қосымша білім беру орталықтары тартылды.
Ас – адамның арқауы
Елімізде «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жыл сайын мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті біліммен қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әрбір баланы мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсету дәстүрі қалыптасқан. Қыркүйек айынан бастап 1,7 млн оқушы және 97 мың балабақша тәрбиеленушісі мемлекет есебінен тегін тамақ ішіп жүр. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.
Қауіпсіз орта
Мемлекеттің басым міндеті – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Барлық мектептерде «Қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, психологиялық қолдау орталықтары өз жұмысын бастады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты 64%-ға өсті, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітілді. Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектесу үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылып, пилоттық форматта KiVa және DOSBALLIKE бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Мектептерде өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесі, бейнебақылау жүйелері, турникеттер мен лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Білім беру ұйымдары тиісті жүйелерімен барынша жабдықталды.
Басты назар – ғылымда
Еліміздің халықаралық аренадағы позицияларын жақсарту үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыру – басым бағыттардың бірі саналады.
Ғылыми кадрларды даярлау үшін қосымша 100 грант бөлінді, сондай-ақ индустриялық PhD бағдарламасы алғаш рет енгізілді. Білім беруді жаңғырту мақсатында Цифрлық университеттер моделі әзірленіп, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және және Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында пилоттық режимде енгізілетін болады. 1 қыркүйек айынан бастап 49 ЖОО-да толық көлемде кеңейту жұмыстары жүзеге асты.
Әлемдік білім кеңістігі жақындай түсті
Отандық білімді әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялауға ұмтылыс негізінде QS World University Rankings сияқты университеттердің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық жоғары оқу орыны, ал Times Higher Education рейтингіне 29 ЖОО қатысты, оның ішінде 4 жоғары позицияға ие болды. Сонымен қатар жыл сайын 200 ғалымды тартуға қаражат бөлініп, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға септігін тигізуде. 102-ге жуық Coursera курсы қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 2024 жылға дейін 93 жоғары оқу орнының қазақстандық студенттеріне 40 мың лицензия бөлінген болатын. Нәтижесінде, студенттер әлемнің жетекші университеттерінің 20 мыңнан астам онлайн курстары мен 4 200 жасанды интеллект курстарына қол жеткізді. OpenSearch сияқты IT жобаларына тарту және салалық тәжірибе алу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау механизмдері де іске қосылып, оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдау негізінде «Отбасы банкпен» бірлесіп, үй алу бойынша қанатқақты жоба енгізілді.
Шәкіртақы өсті
Студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсті. Оның ішінде педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін айтырлықтай жоғарлады. Қазір бұл салаларда білім алушылар 75 мың теңге шәкіртақы алады. Интерндер үшін стипендия 85 мың теңгені, резиденттер үшін 123 мың теңгені, ал магистранттар мен докторанттар үшін өсім 15-20%-ды құрады.
Ал 300 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артып, 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейді.
Жатақханалар саны артты
Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, жыл сайын 10 мыңға жуық орын енгізу жоспарлануда. Соңғы 5 жылда студенттерді 50 мыңнан астам жаңа төсек-орынмен қамтамасыз ететін 211 жатақхана салынды. 2024 жылы қосымша 10 576 орынды пайдаланіға беру арқылы 27 жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарланып, тамыз айына дейін 4650 орындық 17 жатақхана пайдалануға берілді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ