Ақпанның үшінен бастап Қытаймен шекара іс жүзінде жабылды. Бұл туралы Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті. Көрші елмен көлік, теміржол, әуебайланысы арқылы жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Қытаймен шекарадан тек ресми делегациялар мен шенеуніктер өтеді. Мұның бәрі – коронавирустың әсері.
Тауар тапшылығы болмайды
Екі ел арасында жүк тасымалына ешқандай шектеу қойылмаған. Яғни, ешқандай тауар тапшылығы болмауы керек. Бірақ шекараны сылтауратып бағаны аспандатып жіберген саудагерлер де бар екен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасы арқылы халыққа үндеу тастады:
– «Шекараның жабылуы» сылтауымен тауарлар құнының негізсіз өсу фактілері – тек бизнестің жосықсыз әрекеті, бұл себепті бағаны көтеруге қолданады, – деді министр.
Ол сондай-ақ осындай жағдайдың куәгері болған адам Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің «жедел желісіне» хабарласуын өтінді. Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар айында маусымдық баға 0,3 пайызға өскен. Бұл өткен жылғы қаңтарға қарағанда екі есе төмен көрсеткіш. Яғни, ауыз толтырып айтарлықтай қымбатшылық әзірге жоқ. Ал сарапшылар коронавирус тудырған осындай әбігерді алаяқтар пайдаланып кетпеуі үшін қатаң бақылау керек деп санайды.
Қытайдағы төтенше жағдай Қазақстанға тікелей әсер етеді
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың 11 айында 12,8 млрд долларды құраған. Импорт 5,6 млрд болса, экспорт 7,3 млрд-ты көрсетіп отыр. Яғни, Пекин – біздің маңызды сауда серіктесіміздің бірі. Оны алдымен Қытайдан тауар әкелетін кәсіпкерлер сезінді. Олар «Қорғас» халықаралық сауда орталығының 15 ақпанға дейін жабылуынан саудасы тоқтағалы тұрғанын айтады. 2019 жылы аталмыш еркін экономикалық аймақта бір күнде шамамен 418,92 мың доллардың тауары айналымға түседі екен. Оның 0,994 мыңы ғана экспорт. Қарапайым арифметикаға сүйенсек, 22 қаңтар мен 15 ақпан аралығында келетін шығын 10 млн доллардан асады. Бұрын шекара 2 ақпанға дейін ғана жабылып келген. Биыл ол уақыт бәрімізге белгілі себеппен ұзарып отыр. Бірақ Қытайдағы індеттің шын әсері басқада болып шықты.
«Бір айдың өзінде Brent маркалы мұнай 55 долларға дейін түсіп кетті. Ал металл бағасы 7,1 пайызға төмендегенін байқап отырмыз. Бірден айту керек, Қазақстан экспортының негізін салушы осы мұнай мен металл. Егер оның бағасы күрт төмендейтін болса, ел экономикасына кері әсер ететінін есте ұстаған жөн», – дейді экономист Мақсат Халықов.
Экономистің сөзін статистикамен нақтыласақ. Былтыр Қытайға шыққан экспорттың 20,8 пайызын табиғи газ, 19,3 пайызын мыс пен мыс катоды, 15 пайызын шикі мұнай құраған. Ал Энергетика министрлігінің былтыр Қазақстан 90,4 млн тонна мұнай өндіргенін айтады. Оның 80 пайызын экспортқа шығарамыз. Ай сайын 20-30 мың тонна мұнай шекара асады. Сондай-ақ еліміздің ЖІӨ-нің 17 пайызын да осы сала қамтамасыз етіп отыр.
Яғни, Қытайдағы өндірістің шайқалмауы біз үшін маңызды. Біз үшін ғана емес, әлем экономикасына да онда тұрақтылық орнағаны керек.
Коронавирус әлемдік балансты өзгертуі мүмкін
Өйткені Қытай экономикасының нашарлауы әлем экономикасын тежеуі мүмкін. Мысалы, өткен жылғы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының өзі әлемдік экономиканы 0,8 пайызға төмендетті. Moody's және Fitch сынды белді агенттіктердің болжауынша, коронавирустың залалы 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан да үлкен болуы мүмкін. Қытай экономикасының әлемдік сауда нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін сарапшымыз былай түсіндіріп берді:
«Олар шекараны жабатын болса экспортқа шығаратын тауарлардың үлесі де қысқарады ғой. Нәтижесінде, энергетикалық ресурстарға деген сұраныс қатты азаяды. Бұдан бірінші кезекте мұнайлы елдер зардап шегеді. Жалпы, Қытай әлемдік экономикадағы ірі ойыншы. Қазірдің өзінде металл бағасының 7,1 пайызға құлдырап кетуі металға деген сұраныстың әлемде төмендеуін көрсетеді».
Әлемдік экономистер бұл эпидемияның пайда болуын «қара аққуға» теңеп отыр. Бұл термин «күтпеген жағдай» дегенді білдіреді. Төтеннен пайда болған дерттен адам шығыны күн санап артып келеді. Соңғы ақпаратқа сенсек, коронавирус құрбандарының саны 400-ден асқан. Осыған ұқсас жағдай Қытайда 2002-2003 жылдары орын алғаны белгілі. Ол кезде SARS коронавирусы әлемнің 25 еліне тарап, 800-ге жуық адам қаза болды. Әлемдік экономика бұл пандемиядан 40 млрд доллар шығын шеккені айтылып жүр. Бірақ ол кезде Қытайдың жалпы ішкі өнімі жылына 1,7 трлн доллар болатын. Қазір бұл көрсеткіш 15 трлн-ға жетіп отыр. Әлемдік экономикадағы үлесі 4 пайыздан 17 пайызға дейін өскен. Яғни, биылғы індеттің зардабы да ауқымдырақ болмақ.
Дегенмен жыл басында Қытай жаңа жыл мерекесін тойлап, үзіліс жариялауы үйреншікті жағдай болғандықтан, экономикалық зардап азаюы да мүмкін. Бұл ауру аз уақытта ауыздықталса, шығын аса байқалмайды деген сөз. Бірақ ірі қалаларда орналасқан өндіріс ошақтарының жұмысшылары алыс өңірлерге демалысқа кеткенін ескерсек, олардың қайта оралуы екіталай екені де анық. Өз кезегінде Қытай тарабы өндірісті тоқтатпауға, сұранысты қанағаттандыруға уәде беріп отыр. Бұл қаншалықты орындаларын уақыт көрсетеді. Қалай болғанда да, коронавирустан ең көп зардап шегетін Қытайдың өзі екені белгілі.
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ