Арменияда тіркеуде тұрған автокөлікті мініп жүрген қазақстандықтар машинасын Қазақстанда қайта тіркеуден өткізуге асығар, дұрысы, дайын емес. Оның бірнеше себебі бар. Бұл туралы таяуда Премьер-Министр Асқар Маминнің сенаторлар сауалына орай берген жауабында айтылды.
Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, армениялық және өзге де шетелдік автокөлік иелері елге кіргізілген көліктердің техникалық жағдайына қарамастан түгел заңдастырып беруді сұрап отыр. Бірақ мұндай ұсыныстар тек Қазақстанның заңнамасына ғана емес, ЕАЭО мүше басқа да елдердің мүддесіне әсер етеді. «Менің жетекшілігіммен 2020 жылдың 28 ақпанында осы мәселені қолданыстағы заңнаманы, мемлекеттік бюджет пен көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып шешу жолдарын әзірлеу бойынша жиналыс өтті», –
деді Үкімет басшысы. Осыған орай, мемлекеттік органдарға бастамашыл топтармен диалог құруды жалғастыру, сонымен қатар рұқсат етілмеген акциялар өткізуге жол берілмейтінін түсіндіре отырып, ақпарат беру жұмыстарын күшейту тапсырылған.
Сенат депутаттарының сауалына қатысты жауабында Асқар Мамин көлік иелерінің машиналарын тіркетуге дайын болмауының негізгі себебін жеке-жеке атап көрсетті. Сонымен:
– бастапқы тіркеу үшін төленетін алым сомасының жоғарылығы (автокөліктің жасына байланысты, 663 теңгеден 1 325 500 теңгеге дейін);
– 2021 жылдың 1 наурызына дейін төленуі тиіс утилизациялық алым көлемінің жоғары болуы (қозғалтқыш көлеміне қарай, 397 650 теңгеден 3 048 650 теңгеге дейін);
– елге кіргізілген автокөліктерге салынатын кедендік баж салығындағы айырмашылықты төлеу қажеттігі (әр көлік үшін жеке есептеледі);
– машиналардың Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай болмауы (белсенділер шетелдік көліктердің 80 %-ның талапқа сай емесін мойындаған).
ЕКІ ЕЛ КӨЛІК МӘСЕЛЕСІНДЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ
Айта кетейік, Армения Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекет болғанымен одақтан тыс елдерден автокөлік кіргізу бойынша біршама жеңілдікке ие болып келді. Аталған «жеңілдік» 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жойды. Десе де, осы уақытқа дейін шетелден мінілген машина импорттап, оны ЕАЭО нарығына сату Арменияның бюджетіне қомақты түсім түсіргені анық. Мәселен, армяндар былтыр
189 000 автокөлік импорттаса, 2018 жылы ол көрсеткіш 64 000 болыпты. Оны кедендік рәсімдеудің өзінен мемлекет қазынасына 200 млн доллар (95 млрд драм) құйылыпты. Арменияның Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы елдегі елу мыңдай жұмыссыз адам автокөлік импорты мен қайта сату саласында нәпақасын тапқан. Ресми деректі сөйлетсек, жұмыссыздық 17,5%-дан 13%-ға түсіпті.
Ал Қазақстан керісінше, кедендік салықтан түсетін 170 млн доллардай түсімнен қағылған. Өйткені ресми статистика Армения мен Қырғыз Республикасынан біздің елге 170 мың автокөлік кіргенін растайды. Оған қоса, шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жол ережесін бұзса, айыппұл төлеуден құтылып кетіп жүрді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, ондай автокөліктердің қатысуымен 60 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 132 адам қаза тапқан, 500 мыңнан аса жан жарақат алған. Алайда қылмысқа қатысы бар жүргізушілерді табу қиынға айналды. Көшедегі қаптаған камералар оларды жазып алғанымен, ол көліктер біздің елде тіркеуде емес.
Дегенмен ендігі уақытта мұндай мәселе туындай қоймас. Жыл басында Қазақстан мен Арменияның өкілдері аталған тақырып бойынша, келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде көлік құралдарының Армения аумағынан Қазақстан аумағына жеткізілуін реттеу, тиісті ақпаратпен бөлісу бойынша екіжақты келісімнің ортақ хаттамасына қол қойылды. «Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының, сонымен қатар Арменияда уақытша тұрып жатқан тұлғалардың атына тіркелген 22 441 автокөлік бойынша мәлімет алды. Қазіргі уақытта Арменияның құзыретті органдары «жеңілдікке ие» автокөліктерді тек өз елінің аумағында қолданылуын және олардың ЕАЭО құрамындағы басқа елдерге өтіп кетпеуін қамтамасыз ету үшін көлік құралдарының шетел азаматтарына тіркелуін қадағалау шараларын күшейтті», – деді Премьер-Министр А.Мамин.
КІРГЕН КӨЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?
«Бір ағашта екі алма, мен де алмайын, сен де алма» дегендей, бір одақтағы екі елдің арасындағы түсінбеушілік мәселесі реттелгендей. Әйтсе де, ендігі проблема елге кірген 170 000 автокөлікті заңдастыру. Таяуда, Үкімет басшысы А.Мамин қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан Ресеймен шекаралас аймақтарға шетелдік нөмірдегі көліктерді қолдану бойынша түсіндіру шараларын жүргізу мақсатында 13 полиция бекеті орнатылғанын хабарлады. Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 5,5 мыңға жуық ел азаматы шетелдік көліктерге қатысты кеңес алған.
Бірақ көлік иелеріне берілген кеңес мәселені шешпесі анық. Барлық проблема автокөлікті тіркеуге қоюға қажетті қаржының қалтаға салмақ салуында болып тұр. Заңға талаптары бойынша елімізге шетелден кірген автокөлікті уақытша тіркеу үшін алдымен бастапқы алымды төлеуге міндетті боласыз. Оның мөлшері Салық кодексінде көрсетілгендей көліктің шыққан жылына байланысты. Мәселен, 3 жыл болған машинаға бастапқы алым төлемі – 50 АЕК (132 550 теңге), үш жылдан асқан көлікке 500 АЕК (1 325 500 теңге) қарастырылған. Техрегламент пен SOS батырмасы сертификаты 300 мың теңгенің айналасында. Оған қоса, «темір тұлпарыңыз» Еуро-5, жоқ дегенде Еуро-4 стандартына сай болуы керек. Ал еуростандарттардан өтті деген сертификат құны – 250 мың теңге.
Мысал үшін алғанда, 2007 жылғы Lexus RX 350 автокөлігінің өзі Еуро-4 стандартына ғана ілігеді. Бұл өлшемдермен алғанда сырттан келген көліктің 70%-ға жуығы ескі. Демек, олар тіркеу талабынан өтпеуі де мүмкін.
Рас, құзырлы орындар көлік иелеріне бастапқы алымды бірден төлеп, «сары» нөмірді алуға болатынын айтып отыр. Яғни, сол нөмірмен бір жыл жүруге рұқсат. Қалған утилизация алымы мен кедендік баж алымын 2021 жылдың 1 наурызына дейін төлеуге мүмкіндік жасалған. Дегенмен жоғарыдағы алымдарды дәл қазір төлей алмай отырғандар бір жыл ішінде аяқасты байып кетеді деуге сену де қиын. Осылайша, ескі де болса, сапалы көлікке қолы енді жеткен ел дағдарып отыр.
Бауыржан БАЗАР