«Той дегенде қу бас домалайды» дейтін халықпыз. Алайда кейінгі кезде «тойдан қалдырмасын» дейтін қазақ, «тойға шақырмасын» деген күйге түскен сыңайлы.
Тойдың да «естісі» бар, «есері» бар
720
оқылды

Оған себеп – аптасына алты күн өтетін тойдан халық мезі болды. Бір қыры­нан тойанасы қалтаны қысса, екінші жағынан той мәдениетінің төмендеп кеткені іш қынжылтуда. Оған қоса, ысырапшылдық пен тойхана иелерінің тойымсыздығы да терең ойға қалдыруда. Жамбыл өңірінде той мәдениетін қалыптастыруға қатысты ұсыныс айтыла бастағаны да содан-ау деп шамалаймыз. Тіпті, тойды реттеу мәселесіне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те келісетінін айтқаны бар. 

Әрине, бір тойы болғаннан кейін әркім қалай өткізсе де ерікті. Алайда кейінгі жылдары «бояушы, бояушы» деген сайын, той иелері «сақалын бояп» жатқандай. Бұрнағы кезі жас жұбайлардың тойханаға көлікпен кіріп жатқаны көзге түрпідей тисе, одан кейін қалыңдықтың тікұшақпен серуен құруы сәнге айналды. 

Той ойындары өз алдына бір сұмдық. Сақалы аузына түскен қарияларымыз жас қыздармен қылмыңдап билесе, ел анасы болар жастағы әпкелеріміз жерде аунап, ішкиімдері көрініп жүр. Өкініштісі сол, мұндай видеолар әлеуметтік желілерді шарлап кететіні бар. Асабалардың артық кеткен тағы бір тұсы – апаларымызды ортаға жинап алып, «жастық шағыңызды еске алыңыз» деп мода көрсетіп жүргізеді. Сонда ол апалар тойдағы біреуге ана, келінге ене, немереге әже емес пе? Солар­дың көзінше «бөксеңізді қағып жүріңіз» деп келеке ету қай санаға сыйады?

Асабалардың әжелерді бауырсаққа, әпкелерді сарымсаққа теңегенін де көрдік. Ал ел ағаларына «ағарып тұр мұртыңыз, жас көрінемін десеңіз, мұртыңызды құр­тыңыз» деген масқарасын да естідік. Одан қалса, шетелдік шоумендерден келген арсыз ойындарды да тойханаларда ойнатып жатқанын байқап, бас шайқап, тіл тістеген кезіміз де көп. 

«Қазақ байыса той жасайды» деген қағытпа қалжыңның да бар екені рас. Алайда қазір қазақ несие алып той жасауды шығарды. Әйтеуір, өзінде болмаса да бір тойды қарызданып, қауғаланып жасайды. Жарайды, қуанышы болғаннан кейін намысқа тырысқаны дерсің. Бірақ несиеге жасап жатқан тойын даңғарадай мейрам­ханада өткізіп, содан қарызға белшесінен батып шығатынына не дейсің? Сол баяғы ысырапшылдық... 

Осы ретте соңғы кездері той мен той­хана төңірегінде тың идеялар ұсынып жүрген Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың бүгінгі той мә­дениеті хақындағы пікірін білген едік. 

«Қазіргі қазақтың, оның ішінде қара­пайым қазақтың қынжыла айтатыны – тойдың көптігі. Барлық тойда «той бітпесін» деген тілек болғанымен, сыртқа шыға сала «бәле болды», «күнде шақыру», «күнде той» деген сөз. «Бар айлығым тойға кетіп жатыр», «кредит алып келдік» деп зар илейтін де өзіміз. Тойып алып тәлті­ректеген кемпірді де, шпагатқа отырған шалды да көрдік, күлдік. Сарқыт ұрлаған, жалаңаш жорғалаған, шапалақ сұраған асабаларға тіпті таң қалмайтын болдық. Қалыпты жағдай деп жүргенде қойға шапан жауып, ит пен мысықтың некесін қия бастадық. 

Енді не ойлап табамыз? «Тәйт» дейтін қария қалмады ма, қарияны тыңдайтын бала-шаға қалмады ма, дарақылық, даңғазалық, ысырапшылдық, сайып кел­генде топастықтың неше түрін көрсетіп жатырмыз. Қорытындысында, қазақ өзін-өзі мазаққа айналдыратын ең оңай жол тауып алды. Не істемек керек?! 

Әрине, әркімнің, әр әулеттің жеке қуанышы, отбасылық мерекесі! Өзі біледі, өзі өткізеді. Осы өзімбілермендік орға жығып, оңбай опық жеп қалмаймыз ба? Тым болмаса анау балағыңа шалынып, мейрамхананың ішінде шұбырып жүрген бүлдіршіндерді аяған жөн шығар. Не үлгі, не өнеге беріп жатырмыз? 

Түкірігіміз шашырап тост сөйлеп, төрт түрі салат жеп, төрт сағат терлеп билегеніміз болмаса, бүгінгі қазақтың тойы тағылым мен тәрбие, әдет пен ғұрыптан әлдеқашан алыстап кеткен сияқты. 

Осы орай да Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы ішінен «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр» бөлімін ашуды ұйғардық. Бір күндік ақша үшін мыңжылдық дәстүрін мазаққа айналдырған асабаларға «әйт» дей алатын аузында аталы сөзі бар, мәдени мінезі бірбеткей Әулиеатаның белді тамадаларынан құралған одақ құрсақ деген ниетіміз бар. 

Тағы құлаққағыс миллиондап ақша тауып жатқан мейрамхана қожайындарына арналады. Әңгіме дастархан мәзірін ысырапсыз жасауға қатысты болып тұр. Айналайындар-ау, тойға адам ас ішу үшін емес, қуаныш бөлісуге барады. Түнгі 12-де табақ тарту не әдет, не әдеп? Үш түрлі ас беру не тыраштық? Талантпен жарысқан қазақ көрсек те, тамақпен жарысқан қазақ­ты қалай тоқтатамыз? Той мәзірін дұрыстайтын да уақыт болған шығар. Күн сайын көп рестораннан шығатын ас-ауқаттың обал мен сауабы кімге?» – дейді Жасұлан Әбдіхалық. 

Иә, ұлт руханияты деп ұрандап жүрген ұланның сөзі орынсыз дей алмассың. Басқа өңірді білмейміз, оңтүстікте той түнгі сағат 10.00-де басталып, таңғы 04.00-те аяқталып жататыны бар. Бұл да енді той мәдениетсіздігі демей немене?

Осы орайда Жамбылдың зиялы қауым өкілдері де той мәдениетіне қатысты өз Үндеуін жолдады. 

«Той – халық қазынасы. Тәлім мен тәрбиенің өнегесі. Алыс-жақын ағайын мен көңілі жақын адамдардың бас қосып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсететін ортасы. 

Той мәдениеті – ұлт мәдениеті десек, өзгелерден ерекшеленіп тұратын қазақ тойы ұлттық сипатынан ажырап қалған жоқ па? Құндылықтар құрдымға кетіп, келеке мазаққа айналған жоқпыз ба? Жалпы, «Қазіргі тойлар қалай тойланып жүр?» деген сұрақтар бәрімізді ма­залайтыны белгілі. Осыған байланысты той өткізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, асабалар одағы бірлесіп, үндеу жолдап отырмыз.

Құрметті бауырлар! Қазіргі уақытта тойдың түрі көбейді. Демек, олардың өткізілу жобасының өзіндік ерекшелігі болуға тиіс. Сондықтан тойды жасамас бұрын, оның маңызы мен мағынасына мән беріп, шақырылатын қонақтардың жас ерекшеліктеріне қарай оны дұрыс топтастыру және той өткізу уақытын реттеу, бос даңғазалық пен ысырапшыл­дыққа жол бермеу қажет.

Тойды дұрыс ұйымдастыру мен өткізуге аса жауапкершілікпен қарап, әулеттің үлкендері немесе тәжірбиелі әрі жанашыр жақындарымен ақылдасуды қолға алған абзал. Өйткені тойдың мағыналы өтуі – той иесінің абыройы, әулеттің беделі, ұлт мәдениетінің көрсеткіші.

Тойдың мәнді өтуінің тағы бір негізгі шарты – асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау және жиынды өткізу жоспары мен сценарийін бірлесіп жасау. 

Той барысында ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге, той қонақтарының беделіне нұқсан келтіретін орынсыз әзілдер мен тақырыптан тыс ән-билерге жол бермеу керек.

Өткізілетін той-жиындар отбасылық қуаныштар, әулетпен бірге атқаратын салт-дәстүрлер, кең көлемде аталып өтетін салтанатты кештер болып топтастырылуына аса көңіл бөлу маңызды. 

Құрметті ағайын! Соңғы кездері ел арасында орын алып жүрген келеңсіз жағдайлар, атап айтқанда жан-жануарларды дастархан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп – ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау той мәдение­тінің төмендеуіне жеткізіп отыр. 

Осы мәселелер оң шешімін табу үшін өңірімізде құрылып жатқан асабалар одағы той мәдениетін қалыптастырудың ұйытқысы болады деп есептейміз!

Ендеше халқымыздың қадір-қасиетін, ұлтымыздың ұлылығы мен бабалар өсиетін сақтап, тойды тәрбие ордасына айналды­райық!» делінген Үндеуде. 

Бұл Үндеуге кім қалай үн қосары әзірге белгісіз. Алайда облыс әкімі Ербол Қара­шөкеев той мәдениетін қалыптастыруға оң көзқарас танытатынын Орталық ком­му­никациялар қызметі алаңында өткен бри­фингте білдірді. Ал өңір асабалары «Асабалар одағының» жұмысы қалай бо­латынын түсінбей дал. Бірі қолдау біл­дір­се, екіншілер қарсы болуда. Сондықтан құ­рылатын одақ жұмысын дұрыстап жүйе­леп, жеті өлшеп барып кескен жөн сияқты. 

Айтпақшы, той мәдениеті төңірегінде сөз қозғала бастағаннан кейін шулықтар тағы шулатып жатыр. Жергілікті билік өкілдері тойханаларды аралап тойға ең бірінші келген қонаққа сый беріп, тойды ерте бастап, ерте аяқтауға әрекет етуде. Енді одан қандай нәтиже шығарын уақыт көрсете жатар. 

Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы марқұмның жаназасын шығарып, қонақасын беруде ысырапшыл­дыққа жол бермеу туралы ереже бекіткен болатын. Осыдан кейін жер-жерлерде қаза болған адамның жаназасын шығару бір тәртіпке келген. Бәлкім, той мәдениетін қалыптастырып, ысырапшылдыққа жол бермеу үшін осындай нақты ереже керек шығар. Сонда ғана тәртіп пен бір жүйе орнайды.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы