Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бірқатар нысанды аралап көрді.
Жас буынның қабілетін шыңдау – басты назарда
240
оқылды

Президент, ең алдымен, Kazakhstan International School Astana (KIS Astana) мектебіне барды.

Елімізде білім беру деңгейін арттыру өзекті

20 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан білім беру мекемесі 800 оқу­шы­ға және мектеп жасына дейінгі 120 ба­лаға есептелген. Мектеп халықаралық ба­калавриат (IB) аккредитациясынан өт­кен. Бұл беделді бағдарлама үш бағытты қам­тиды. Атап айтқанда, 5-тен 10 жасқа дейін­гі балаларға арналған бастауыш (Primary Years Programme, PYP), 11-ден 16 жасқа дейінгі балаларға есептелген ор­та (Middle Years Programme, MYP) жә­не 16-19 жас аралығындағы ересек оқу­шы­ларға бейімдеген дипломдық оқу бағ­­­­дарламасы (Diploma Programme, IB) бар.

Оқу кабинеттері әрбір оқушының алаң­­сыз білім алуына және қарым-қабі­ле­тін ашуына қолайлы жағдай жасайтын за­­манауи технологиялармен жабдықтал­ған. Сонымен қатар мектепте футбол ста­­­­дио­­ны, теннис корты, шағын футбол алаңы және бассейн секілді спорт инф­ра­­­­құрылымы қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қазақстанда бі­­лім беру деңгейін арттырудың маңыз­ды еке­нін атап өтті. Әсіресе, жас буын­ның бә­­­секеге қабілетін шыңдауда әрі жан-жақ­ты дамытуда осындай оқу орын­дары ерекше рөл атқаратынына на­зар аударды.

Спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беріледі

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ас­тана қаласындағы заманауи Qaz­Swim­Academy спорт орталығына барды.

Орталық директорының айтуынша, бірегей кешенде спортшыларды даяр­лау­ға қажетті барлық жағдай жасалған. Ере­сек­тер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бас­сейнде жаттыға алады. Оның бірі 50 метрлік болса, екеуі – 25 метрлік және екеуі – 10 метрлік жүзу жолақтары бар бас­сейн­дер. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойын­ша жүргізіледі. Сонымен қатар мұн­да кәсіби жаттығу залы да бар.

Академияны жоғары технологиялық үл­гіде жабдықтауға баса назар аударыл­ған. Бассейндерге судың құрамы мен реа­гент­тердің мөлшеріне автоматты түр­де талдау жүргізетін әрі тиімді залал­сыз­дан­дыру мен қауіпсіздіктің жоғары дең­гейін қамтамасыз ететін испандық қон­дыр­ғы қойылған.

Бұдан бөлек, нысан жүзуге қажетті ма­шықтарды шыңдап, бұлшықеттерді ши­рататын арнаулы жаттығу құрал­дары­мен жабдықталған.

Президент жас спортшылармен әңгі­ме­лесіп, мемлекет спорт инфрақұры­лым­­­­­дарын дамытуға ерекше мән береті­нін айтты.

– Келешекте табысты болуларыңызға және олимпиада чемпионы атану­ла­рыңыз­ға тілектеспін. Спорттың денсау­лық­ты жақсартуда, сондай-ақ халық­ара­лық жарыстарда еліміздің даңқын шы­ғаруда маңызы өте зор. Сіздердің жеңім­паз спортшы әрі еліміздің лайықты аза­ма­ты болатындарыңызға сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биыл Астанада 7 жатақхана игілікке беріледі

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магис­транттарына және докторанттарына арналған 2 656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған Студенттер үйі үш заманауи блоктан тұрады. Олардың әрқайсысы студенттердің жайлы тұрмысы мен білім алуына мүмкіндік беретін коворкинг аймақтармен, кітапханалармен, спорттық және коммерциялық орындармен жабдықталған.

Жатақхана құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де талап-тілегі ескерілген. Оның дизайны мен инфрақұрылымы кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына сай келеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Президентке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы академиялық хаб құру шаралары жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысы бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, білім беру саласындағы және жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді.

– Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жатақханада студенттермен әңгімелесіп, Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқанындай, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән беріле­тінін, бұл озық технологиялар әр салаға енгізілетінін жеткізді. Президент бұл ретте жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті.

Жалпы, былтыр ел аумағында 11 079 орындық 40 жатақхана пайдалануға берілген. Биыл Астана қаласының өзінде 3 400 орындық 7 жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр.

Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 4 280 студентке арналған сегіз Студенттер үйі бар. Сонымен қатар сегіз жеке жатақханамен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Биыл Студенттер үйлеріндегі орын саны 10 мыңға дейін ұлғаяды. Бұл студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

Жұмысшы жастарға қолдау көп

Мемлекет басшысы Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын аралап көрді. Кәсіпорынды Индустрияландыру картасы аясында Францияның Alstom компаниясы іске қосқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты мәлімет берілді. Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жо­лаушылар электровозы шығарылған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшек­тері өндіріледі. Бұдан бөлек, жүк электровоздарының 80 секциясы Әзербайжанға экспортталған. Қазір кәсіпорын нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрлерін ұсынады.

Президентке зауытта жаңа буын локомотивін құрастыру жобасы қолға алынғаны туралы баяндалды. Оның өзіндік құны бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда 40 пайызға төмен, ал тиімділігі 20 пайызға жоғары. Жаңа жүк электровоздарының өндірісі 2028 жылдан бастап іске қосылады.

Қазір Alstom компаниясы Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл 700 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері көрмесін аралады. Қазір елімізде 600-ден астам компания теміржол саласына арналған бөлшектерді өндірумен айналысады. Олардың өнімдері мен қызметі 25 елге экспортталған.

Электровоз құрастыру зауытында еңбек ететін жас мамандармен жүздесуде Президент 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялан­ғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін айтты.

Құрылыс – экономиканың маңызды бағыты

Сонымен қатар Президент елордадағы құрылыс индустриясы нысандарымен танысты.

Asyl Qala – 100-ден астам адам еңбек ететін арнаулы кәсіпорын. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 4 500 шаршы метр тротуар жабындысын өндіруге жетеді. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң бұл көрсеткіш 9 000 шаршы метрге дейін ұлғаяды.

Бүгінде аталған кәсіпорында шығарылған өнімдер Астана және еліміздің басқа да қалаларында пайдаланылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы автоклавты газ блоктарын шығаратын Uniton зауытымен танысты. Sensata Group құрылыс компаниясына қарасты кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр газ блоктарын өндіре алады. Жоба «Даму» қоры және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты.

Мейір ЖАСЫН