Сендерге бір ай сабақ беремін. ҚазМУ-дың Филология факультетінен келдім, 5-курс студентімін. Салтанат Қадырова мен Қадыр Мырза Әлінің таныстығы осылай басталыпты. Қаламынан сыршыл өлең туған қаламгердің туғанына биыл – 90 жыл. Осынау мерейлі жылда Халық жазушысының жары Салтанат Мырзәлиевамен сырласқан едік. Ақын жары естелік парағын 10-сынып кезінен бастады.
«Қадырова қашып кетпесін»
Бұл кез – оқушы мен практикант мұғалімнің арасында таныстықтың енді ғана басталған шағы. Қаскелеңдегі Абай атындағы 10 жылдық мектеп-интернатқа студенттер сабақ беруге келген екен. «Сыныпқа кіріп келген жігіттің тұрпаты да,болмысы да ешкімге ұқсамайтын,әдемі киінген. Әдетте, мектепке келген тәжірибеден өтушілерді оқу ісі меңгерушісі немесе сынып жетекшісі келіп таныстыратын. Бірақ Қадыр ағаң жалғыз кіріп келді. Ешкіммен амандаспай, журналдағы оқушылар тізімін үнсіз көзбен жүгіртіп оқып, менің фамилияма келгенде дауыстап «Қадырова деген кім?» деді. Мен орнымнан түргелдім. «Менің қызым екенсің» деген кезде бәріміз аң-таң болып едік. «Біздің таныстығымызға себеп болған – менің тегім мен оның аты», – деп еске алады Салтанат апай сол бір сезімге толы кездерін.
Кейіпкеріміз «Қадырова» деген фамилияның нағашыларының қолында өскендіктен берілгенін айтты. «Отбасында 2 қыз, 2 ұл өстік. Шешемнің Молдабай деген бауыры бар, оның Қадыр деген ұлы мені асырап алған. Сондықтан менің әкемнің аты – Қадыр. Осылайша, тегім де «Қадырова» болып жазылған» дейді апай.
Жатақханада бірге 14 қыз бірге кешкі тамақтан қайтса, Қадыр аға күтіп тұрып, «Қадырова қашып кеткен жоқ па, соны тексеруге келдім» деп біраз әзілдеген екен. Тәжірибе уақыты бітіп, өзі қалаға аттанарда Салтанат апайға бір жапырақ қағазға: «Мен кетіп бара жатырмын. Шығарып салуға аялдамаға кел» деп жазып беріп жіберген. Бұл сөзіне қыз елең етпесе де, әр демалыста Қаскелеңге келіп: «Қадырованың қашып кетпегенін» тексеріп қайтуды әдетке айналдырыпты.
– Мектепті бітірген соң, емтихансыз «Хрущевские кадры» жанындағы №1 полиграфиялық училищеге түстім. Ол жерде оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, екі жылды өткіздім. Сөйтіп сол жылы, яғни 1957 жылдың қараша айында Қадырға тұрмысқа шықтым. Алматының Тастақ деген жерінде пәтер жалдап тұрдық. Қадекең де дипломын қорғап, жұмысқа тұрды. Бұл пәтерде алты жыл тұрыппыз. Төрт жылдан кейін марқұм Қуаныш ұлым дүниеге келді. Ол кезде балабақша деген өте қат, болса да орыс тілінде, тіпті орын жетпейді. Жұмысым – бір жақта, балабақша – екінші жақта. Үлгеру қиын. Содан мен үйде балаға қарап, үй шаруасымен отырдым, – дейді кейіпкеріміз.
«Кітап арқалап жүретін едік»
Заман қиын болса да, «Хрущевкадан» үй алып, сол жерде екінші ұл Қазыбек туыпты. Жазушылар Одағы алғашқылардың бірі болып салынған 7 көпқабатты үйді бергендегі қуанышын әлі күнге ұмыта алмаған.
– Көпқабатты үйге көшкенде, 1970 жылы үшінші ұлымыз Ғазиз дүниеге келді. 4 жылдан кейін Жамбыл мен Байзақов көшесінің бұрылысында Жазушылар Одағы үй салды. Қадекең содан төрт бөлмелі үй алды. «Мен бармаймын, мына үйімді қимаймын» дегеніме қарамай көштік. Сондағы Қадекеңнің уайымы екі бөлмеге үш баламен қысылып тұру емес, кітабына орынның жетпегені екен. Кітабы өте көп болды. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде дүние-мүлік деген жоқ, алып жүретініміз – тек кітап. Дорбалап, арбалап кітап тасимыз. Бұл төрт бөлмелі үйде 20 жыл тұрдық. Осы уақытта үй көбейді, балалар үйлене бастады, отбасымыз үлкейді, – деп әңгімесін жалғастырды Салтанат апай.
Айтуынша, ең кіші ұлы Ғазиз 18 жасында үйленген. Баласы Мұхит Мырзалиев-Аханаев – суретші. Нағашы атасының да фамилиясын қосып алған екен. Үлкен ұлы Қуаныш та, екіншісі Қазыбек те орыс қызына үйленген. Қуаныш Мәскеуде оқып жүргенде Наташаны, ал Қазыбек Ленинградтан Аленаны алып келген. Сол жылдары Жазушылар Одағы салған кооперативті үйлерден жазушы тағы үш бөлмелі пәтер алып, үлкен ұлына берген екен.
– Төрт бөлмелі пәтерімізді екіге айырбастадық: екі бөлмелі және үш бөлмелі пәтерге. Қазыбекті соның біріне жайғастырып, бірінде кіші ұлымызбен тұрдық. Бірақ кітап қоры көп ағаң ол жерге сыйсын ба? «Үлкен үй алып, кітапхана құрсам екен» деп жүретін. Ағаңның 65 жылдығында оралдықтар волга сыйлап еді. Өзінің жиған аз-кем ақшасы бар. Күннің бірінде сол қаржының бәрін қосып, Төле би мен Розыбақиев қиылысынан төрт бөлмелі пәтер сатып алып, сонда көшіп келдік. Ол жерде 9 жыл тұрдық. «Кітабыма бөлме керек, сыймай жатыр» деген тағы көңілі толмайтынды шығарды. Әйтеуір 85 мың рубль жинапты. Сол 85 мың рубль дефолт болғанда күйіп кеткен екен. Одан 500 теңге қалыпты. Бірде әлдекім үйге қоңырау шалады: «Сізде дефолттан кейін 500 теңгеңіз бар, келіп қолыңызды қойыңыз» деп. «Әй, бармаймын, алмаймын керегі жоқ» деп ағаң бармай қойды. Дефолт кезінде ағаңды зейнетке шығарды. Біраз уақыт шай мен нанға қарап қалдық. Кітап шықпайды, баспалар жұмыс істемейді, ағаң жұмыссыз. Кейін баспалар қайта ашылғанда, ағаң баспаға жұмысқа тұрды. Содан әйтеуір қамданып, тағы ақша жинай бастады. Солай жиғаны 85 мың долларға жеткен екен, – деді ол.
«Жеке кітапханасын» армандап кетті
Кітабына арнайы бөлме арнап, жеке кітапхана құруды армандаған Қадыр Мырза Әлі болмысында кітапқа құмар жан, білімге ашкөз, жазуға шебер. Газеттегі сатылатын пәтерлердің жарнамасын қалт жібермей қарап отыратын әдеті де бар екен. Газет бетіндегі жарнамаға көзі түсіп, өзіне ұнаған пәтерді алу үшін көрсетілген нөмірге хабарласып, ойдағыдай жауап ала алмаған соң, көңіл күйі жоқ үйге оралады. Отағасының мінезін білетін Салтанат апай да көңілсіз қалады. Сондай көңілсіз сәтті қоңырау дауысы бұзады.
– «Байеке, сізді шақырып жатыр» деп телефонды ұстаттым. Қадекеңнің дауыс ырғағы бұзыла бастады. Бір кезде жүзінде қуаныш пайда болып, жадырай түсті. Әлгі жігіт пәтерін сататынын айтып, қуантып қойыпты. Үйді сатқан Серік Қарсыбеков деген архитектор-құрылысшы жігіт екен. Бұйырып тұрған үй екен, алдық. Ағаң марқұм бұл үйде сегіз-ақ жыл тұрды. Қабырғаның бәрі түгел кітап сөресі болатын. Көшербаев әкім кезінде үй берген. Әкімдікте істейтін бір орыс баланың үйі екен, оны үлкен ұлымызға бердік. Ол жерде 15 жылдай тұрды, – дейді Салтанат апай.
«Шынымен ақын жанын қалайсың ба?
Шыдайсың ба, шынымен талай сынға?
Ақын деген бірде қарт, бірде сәби,
Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?» деп жырлайды Мұқағали ақын. Ақынның жары болу да оңай емес. Мұндай сезімді Салтанат апайдың да бастан кешіргені анық. Бір қызығы, кейіпкердің айтуынша, Қадыр ақынның көзі тірісінде бірде-бір жазбаларын оқымаған екен.
«Мен еш уақытта Қадекең өлең жазып отырғанда, басқа күндері де кітабын, өлеңдерін оқымайтынмын. Себебі жұмыс үстелінде отырған кезінде келе қалсам, жазып отырған дүниесін екінші парақпен жаба қалатын. Сосын түсінем болмайтынын. Үнемі айтамын, 35-жылдары туғандар ХХ ғасырдың 60-жылдары аттары дүркіреп шықты. Бір-бірімен жиі араласып, жиі кездесетін. Біреудің туған күні болса, кітабы шықса, мақаласы жарияланса жиыла қалады. Одақ деген қайнап жататын. Күнде біреудің шығармасын талқылайды, біреудің шыққан кітабын тойлатады. Біз Райымбек Сейтметов деген әртіс, режиссермен жақсы дос болдық. Райымбек Сейтметов Қадыр ағаңның өлеңдерін жатқа оқитын. Барлық өлеңі Райымбек марқұмның айтқандарынан есімде қалған. Кейін өзі жоқта кітаптарын алып оқысам, Қадыр мен Райымбек көз алдыма келеді. «Талантты қастерлейік тірісінде» деп Қадыр аға айтқандай» деп үйге кіріп келетін. Кейін сол өлеңдерін ашып оқысам: «Е, мынау Райымбек оқыған өлеңдер екен ғой» деймін іштей», – дейді Салтанат апай қолындағы Қадыр ағаның кітабын парақтап отырып.
«Қадыр Мырза Әлі тазалықты, ұқыптылықты жақсы көретін, талапшылдықты аса ұната бермейтін кісі еді» дейді жары. Тіпті, жел тұрып, сел жүрсе де, бәрі орнында тұруын қатаң сақтаған. Салтанат апай бір сөзінде Қадыр Мырза Әлі балаларының сабағымен бастауыш сыныбын бітіргенше шұғылданып, бірге есеп шығарып, шахмат ойнайтынын айтты. Әке тәрбиесін көрген балалар сабақты озат бітіріп, үлкен ұлы Қуаныш 8-сыныптан кейін Мәскеуге, екінші ұлы Қазыбек 10-сыныпты бітіріп, Пушкинге оқуға түскен.
Салтанат апай әңгіме арасында жолдасының анасы туралы сыр шертті. Шаңырақ көтерген жылы пәтерде бірге тұрып, ененің тәрбиесін көргенін де айтты. Қазағы аз қалада көп шыдамай, Жымпитыға қайтыпты. Десе де, енесінің жиі келіп, әр келгенде немерелерімен балаша ойнап, жадырап қайтатын кездерін сағынышпен еске алды.
«Қадырова» нағашыдан берілген тек болса, «Салтанат» – жолдасының қойған аты. Иә, Қадыр Мырза Әлінің әйеліне қойған есімі.
– Әке-шешемнің азан шақырып қойған аты – Сағатай. «Салтанат» деп қойған ағаң. Атым ұнамаған болар, мүмкін, – деп бір жымиып алды.
Ақын Қадыр Мырза Әлі – жас кезінен қиындықты көп көрген кісі. Әкесі соғыстан ауыр жарақатпен оралған, ал анасы Жымпитыда пима тігетін цехта жұмыс істеген. «Кейде мамама барсам, порша-порша тер, екі білегі жүн илегеннен қызарып кеткен» деп бала кезде көргенін жарына айтып берген екен. Әкесі өмірден озғаннан кейін анасы Қадыр Мырза Әліні алып үлкен атасы Қайроштың қолына барып тұрған.
Айтпақшы, Қадыр аға 10-сыныпты бітіргеннен кейін бір жылдай әкімдікте жұмыс істеп, жиған ақшасымен Алматыға кетіпті. Жазушының бөлме толы кітабы Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай Оралда ашылған орталыққа тапсырылған. Ол жерге 7 мыңға жуық кітап өткізілген. Салтанат Қадырованың айтуынша, жазушының кітаптарды жинауында бір заңдылық бар. «Мәселен, Шығыс жазуларын Шығыстың батыс жағы, Шығыстың оңтүстік жағы деп бөліп жинайтын еді. Сонда іздегенін тез табатын», – деп сөзін түйді Салтанат апай.
«Алматыдан жақсы қала жоқ»
Қадыр ағамен көзі тірісінде екі рет сұхбат алған едік. Алматыны ерекше жақсы көрді. Тіпті, Оралға көшіп барып, қайта оралғанын да айтқан еді. Сондағы әңгімесінде:
«Шынымды айтайын, шығармашылық адамдарына Алматыдан жақсы қала жоқ. Осында келгеніме 54 жыл болыпты. Туған жерімде көп болса, бір жиырма жыл тұрған шығармын, қалған уақытымның көбі осында өтіп жатыр. Оның үстіне, барлық творчестволық күш – осында. Орта дейміз ғой, сол ортаңыз да осында» деген еді.
Алматыны неге ерекше сүйгенін жасырмайтын. Өйткені жазушылардың тоқсан пайызы Алматыда тұрды. Қадыр аға «Орта деген одан гөрі кеңірек ұғым» дейтін еді.
«Жеті жүз жазушының жетеуімен аралассаң, сол да орта болып есептеледі. Баяғыда Парижде салон дейтін болған екен. Париж дегеніңіздің өзі мәдениеттің орталығы болып есептелген ғой. Қыздардың бояуына дейін сол жерден шығады. Сол салон бойынша, аптадағы бір күн бір адамның күні болып есептелген. Мәселен, әр аптаның сәрсенбісі Бальзактың күні болып саналады. Ол күнге ешкім таласа да алмайды. Сол сәрсенбі күні жолдастары Бальзактың үйіне жиналады екен. Әңгімелеседі, сырласады, кішкене шарап ішеді. Әрқайсысы өзінің оқыған кітаптарымен бөліседі. Бірінің оқығанын бірі оқымайды ғой. Сөйтіп, пікірталас жүргізеді. Ол жерде жалғыз әдебиетші ғана болмайды. Суретшіңіз де, сазгеріңіз де бар. Сонда бір адам жеті кісінің білімін алып шығады. Ал қазақтың өзінің қазақы бояуы болады ғой» деген еді Қадыр ақын бір әңгімесінде.
Қадыр ақынның бір ғана өкініші болды: ол кеңестік цензураға тап келгені. «Ол Үкіметтен менің жек көретін бір-ақ нәрсем бар. Ол – цензура. Айтам дегеніңді айтқызбады. Соған қарамастан, менің атымды халыққа танытқан нәрсе, өңін айналдырып болса да, шындықты өлеңдерім арқылы жеткізуге тырыстым» деген еді ақын көзі тірісінде.
Әркімнің өз шындығы бар. Ақынның шындығы – өлеңдерінде. Әр минуттың қадірін білген ақынның өмірде жеңілген де, жеңген де сәттері болған шығар. Бірақ халыққа, оқырманына Қадыр ақын боп, есімі таралуының өзі жеңіс емес пе?
Өзі айтқанындай, «ұйықтайтын кезде ұйықтамай, талай жерден бастап, күндіз-түні өлең жазуды мұрат тұтқан» асыл қасиеті текке кеткен жоқ. Қадір тұтып құрметтейтін оқырманы, мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырған асыл жары бар.
Қадыр Мырза Әлі өле-өлгенше жеке кітапхана орталығы болғанын армандап кетті. Ол арманы кейін 80 жылдығында орындалды. Ақынның мұрасын жинақтап, Оралда үлкен орталық ашылды. Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық бүгінде оралдықтарға ғана емес, барша қазақстандықтарға қызмет етіп келеді.
Оның өлеңдері поэзиясүйер оқырманы барда ұмытылмақ емес. «Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманына» айналған ақынның мәңгілік ғұмыры жалғасын тауып жатыр. Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра отырып, артына өлмес мұра қалдырды.
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ