Алайда бұл уақыт – Алматы тауларында қауіп деңгейі артатын кезең екенін естен шығармаған жөн. Қыс айларында жергілікті тұрғындардан бөлек туристер саны ағылатын Алматы тауларында қар көшкіні ықтималдығы жоғарылайды. Мәселен, өткен кезеңде (31 желтоқсан – 5 қаңтар) оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс таулы аймақтарында қарқындылығы мен градациясы бойынша әртүрлі жауын-шашын (24 мм-ге дейін) байқалды. Қар жамылғысының биіктігі – 4 см-ден +15 см-ге дейін өзгерді. «Қазгидромет» мамандары Үлкен және Кіші Алматы өзенінің бассейндеріндегі қарлы беткейлерге шықпауды ұсынады. Өйткені бұл қар көшкінін тудыруы ықтимал.
Қыс кірген бойда қалада тұман басу жиілейді. Табиғи құбылыс жол қозғалысын қиындатып, тұрғындардың межелі орнына көлікпен қатынауына кері әсерін тигізеді. Жол-көлік апатының артуына ықпал етіп, көлік жүргізушілердің қауіпсіздігін төмендетеді. Сондай-ақ тұман авиация саласы мамандары үшін де қолайсыз, себебі ұшақтардың қонуы немесе көкке көтерілуі бұрынғыдан да күрделене түседі. Осы ретте қаладағы ауа сапасының ластануы да тұманның одан сайын күшеюіне әсер ететінін атап өткен жөн. Біз «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы филиалының баспасөз қызметіне тікелей байланысқа шығып, қаңтар айына арналған ауа райы болжамы, шаһарды тұман басуға қаңтар айының әсері және алдағы екі айда таудағы ауа температурасы жөнінде сұрап білген едік.
– Тұман – ауадағы су буының салқындап, су тамшыларына айналуы нәтижесінде пайда болады. Алматыны жиі тұман басады. Бұл бас қаламыз Астанада да жиі орын алатын жағдай. Тұман – қауіпті атмосфералық құбылыс. Қалада тұман пайда болған жағдайда біз тәулігіне бірнеше рет дабыл ескертуін беріп отырамыз. Таудағы қарды бақылайтын арнайы қызмет бюллетень шығарады. Қар көшкіні қаупі жоғары болған кезде дабыл ескертуі жарияланады. Егер қауіптің деңгейі күшті болса, біз бірден ТЖМ-ге хабарлаймыз, – деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы филиалының баспасөз қызметі.
Мамандардың сөзінше, еліміз бойынша қаңтардың бірінші онкүндігінде ауа райын Атлантикалық циклондар қалыптастырады. Бұл ауа райының тұрақсыз сипатын анықтайды. Қаңтарда екпінді жел, тұман, көктайғақ жиі болжанады.
– Еліміздің солтүстік жартысында және республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы аудандарында бұрқасын мен қар, кейде қатты қар болжанады. Елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын жылбысқы қар, жаңбыр түрінде күтіледі. Қазақстанның басым бөлігінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді, кейде екпіні 23-28 м/с-қа жетеді. Қаңтардың бірінші онкүндігінде температуралық фон күтіледі. Елдің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -8+2°С, күндіз -3+7°С шамасында, содан кейін түнде ауа температурасы -8-15°С, күндіз -3-10°С дейін төмендейді. Оңтүстік циклондардың шығуы нәтижесінде ауа температурасы көтерілген кезде бірнеше қарқынды жылу толқындары болжанады, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
«Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Әлішер Тоқтасын қаңтар, ақпан, наурыз айлары – қар көшкіні қаупі жоғары кезеңге жататынын, оның себебін аталған уақыт аралығында таулы аймақтарға қардың жиі түсуімен байланыстырды. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта орта таулы аймақтарда қар жамылғысы 38 шақырымды көрсетіп тұр.
– «Қазгидромет» РМК қаңтар айына ұсынған болжамына сүйенсек, екінші онкүндіктің басы мен аяғында, үшінші онкүндіктің екінші жартысында қар күтіледі. Жаңа қардың ескі қардың үстіне жаууы қар көшкінінің өздігінен жүруіне әкеліп соғады. Сондықтан қазір тауларда қар аз болғанымен, болжанған қардың есебінен алдағы күндері қар көшкіні күтіледі. Қаңтар айының 6-жұлдызындағы жағдай бойынша қар көшкіні қауіптілігі жоқ. Дегенмен біз «Қазгидромет» орталығының болжамына сәйкес жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Әлішер Жеңісұлы.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының таулары бойынша паспортизацияға енген 165 қауіпті учаске бар. Мұнда халық саны 3 250-ге дейін жететін тұрақты жұмыс істейтін нысандар және тұрғын үйлер орналасқан. Онымен қоса, туристік базалар, тау шаңғы курорттар, мейрамханалар сынды әртүрлі нысандар орын тепкен. Әлішер Жеңісұлының айтуынша, оның барлығы қар көшкіні қаупі бар паспортқа енгізілген. Қауіпті учаскелерде орналасқан тұрғындарға қар көшкіні қаупін ескерту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
– Қар көшкінінің қауіпті кезеңі қараша айының ортасынан бастап мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Мамыр айында биік таулы аймақтарда қар көшкіні болуы мүмкін. Қауіптің алдын алу мақсатында «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы жыл сайын өздігінен қар көшкінінің түсуін болдырмас үшін алдын ала профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырады. Нақтырақ айтсақ, қар көшкіні қолдан ұйымдастырылады, бұл жарылыс түрінде жүргізіледі. Бүгінде қауіпті деп танылған бірнеше учаске бар. Мысалы, ұзындығы 7 шақырымды құрайтын 8 автомобиль жолдары қар көшкіні қауіпті учаскеде орналасқан. Қар көшкінін болдырмас үшін профилактикалық жұмыстан бөлек, туристік базаларға, тау шаңғы курорттарына, жеке тұрғын үйлерге ескерту қағаздары таратылады. Көшкін басталғалы бері 81 ескерту хаттары жолданса, қар көшкінін алдын алу мақсатында 800-ге жуық кітапша таратылды, – деп сөзін түйіндеді «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Ә.Тоқтасын.
Естеріңізге салайық, ТЖД мәліметіне сәйкес, 6-9 қаңтар аралығында Алматы облысының тауларында көшкін қаупі сақталады. Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 55 көшкін қаупі бар учаске бар. Бұл ретте синоптиктер қаңтар айында тұрғындарға тауға шықпауға кеңес береді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы