Жақында Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті қазақ жазушысы Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай жазушының таңдамалы 3 томының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мағаз Разданұлы(1924-1998) – Қытай Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Буыршын ауданында туған. Қазақтың көрнекті ақын, жазушысы. Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Алтайдың ақиықтары", "Сары бел", "Уақытқа жауап", "Ата заман сөйлейді", "Ертең", "Асулар толғауы", т.б. кітаптардың авторы.
Қазақстанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жағынан, ҚР мемлекеттік тапсырысымен "Алтайдың ақиықтары" тарихи романы мен "Ата заман сөйлейді" тарихи повестер жинағы жарық көрген. Қазақстан оқырмандарына да танымал қаламгер.
Биыл жазушының 100 жылдығы. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы мен Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры бірлесіп, қаламгердің 3 томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесерін өткізіп отыр. Жазушы Жәди Шәкенұлының жүргізуімен өткен жиынға жазушы, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыш, ақын, әдебиеттанушы, филология ғылымының кандидаты Серікқазы Қорабай, белгілі қытайтанушы ғалым, тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы және зиялы қауым өкілдері мен ақынның жерлестері қатысты.
Мағаз Разданұлы 1924 жылы Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданындағы Дулайты ауылында дүниеге келген. 1940-1944 жылдары өз жері «Жеңісті» мектебінде оқытушы болған, 1947-1957 жылға дейін Қытай жазушылар қоғамы Шинжияң бөлімшесінде істеген. Арада 20 жылдай Қытайдың солақай саясаттың кесірінен қуғынға ұшырайды.
1979-1981 жылдары Буыршын аудандық мәдениет мекемесінде жалғасты қызмет атқарады. 1981-1982 жылға дейін өз ауданының саяси мәслихат кеңесінің орынбасары төрағасы болып жұмыс істей жүріп, осы жылдың қазан айынан зейнетке шығады.
Мағаз Разданұлы сонау 1930 жылдардан бастап Абай, Шәкәрім секілді ұлы даналардың шығармаларынан сусындай жүріп, өмірге терең бойлап, әдебиет әлеміне қадам тастайды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбектенген Мақаң қаламын ұштай түседі. Оның өлеңдері «Шинжияң газеті», «Ерікті Алтай», «Таң шолпан», «Бірлік» қатарлы газет-журналдарда артынан жарық көрді. 1982 жылы «Асулар толғауы» атты алғашқы өлеңдер жинағы Іле халық баспасынан (Күйтың); 1984 жылы «Уақытқа жауап» атты екінші жинағы Ұлттар баспасынан (Пекин); 1986 жылы «Сары бел» атты өлеңмен жазылған романы халық баспасынан (Үрімжі); 1994 жылы «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повестер топтамасы жастар-өрендер баспасынан (Үрімжі) басылып, жеке-жеке кітап болып шығады.
«Автордың 30-дай өлеңі, бірнеше әңгімесі мен повестері Қытай тіліне аударылған. Сонымен қатар жеті шығармасы өлкелік және мемлекеттік жүлделерді қанжығасына байлаған. Бұлардан сырт, Мақаң аймақтық, облыстық, өлкелік әдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан бірнеше рет «Әйгілі ақын-жазушы», «Қарт майталман» қатарлы даңқ сыйлықтарының иегері болған.
«Алтай ақиықтары» тарихи романы 1998 жылы Үрімжіде жарық көрді.
- Дүние бір қонақжай аз күн түнер,
Жеңген де, жеңілген де көрге кірер.
Шығады шын бағамыз өлгеннен соң,
Не дерін кейінгілер өзі білер, – деп жырлаған ол бір ұлт әдебиеті үшін өлшеусіз үлес қосқан қадірлі қаламгер еді. Айта кеткен жөн, көрнекті жазушы 1998 жылы 2 мамырда қайтыс болды.