«Мен мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын. Балықты шұғыл құтқарып, Жайыққа жіберу керек. Бұл жерге тек еріктілердің ғана емес, әскерилердің, әкімдіктің көмегі қажет. Қырылған балыққа алғаш болып көмекке келгендер қатарында «Атырау арнайы автобазасы» және балық күзетінің қызметкерлері болды. Егер мұз қататын болса, олардың бәрі өледі», – дейді осы мәселе турасында алғаш болып дабыл қаққан қала тұрғыны Аслан Омаров.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін оқиға орнына арнайы комиссия барды. Олар балықтардың жаппай қырылу дерегін растады. Құрамына Экология департаментінің өкілдері мен Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері кірген комиссия шалажансар, тірі балықтарды өзенге жіберу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
«Жайық–Каспий» облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы хабарлағанындай, оқиға орнынан 9 500 балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді. Мұз қатып қалғандықтан, өлген балықтарды жинап алу мүмкін болмай отыр. Балық құтқару жұмыстары жалғасуда.
Сарыөзек каналындағы шабақ құтқару жұмысына 50 адам мен 12 техника жұмылдырылды. Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлының сөзінше, Сарыөзек каналының Алмалы ауылы тұсында құтқарылған шабақ саны 850 мыңға жетті. Өзек аумағында еріктілер, «Жайық–Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, «Қазсушар» мекемесінің мамандары мен әскерилер шабақтарды құтқарумен айналысуда.
«Тасқыннан кейін Соколок, Сарыөзек каналдары суға толғаны белгілі. Судың деңгейі түскен кезде кішігірім көлшіктерде, арналарда балық шабақтары қалып қойды. Арнайы инспекцияның, «Қазсушар» мекемесінің мамандары, еріктілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері шабақ құтқару жұмысының басы-қасында жүр», – деді Артур Сәдібекұлы.
Эколог Қарлығаш Есжанованың айтуынша, тасқыннан кейін балықтың қырылуы – қалыпты жағдай. «Су тасқыны кезінде судың көлемі күрт өседі. Салдарынан су қоймаларындағы оттегі мөлшері азаяды. Сондықтан балықтар әсіресе жабық су қоймаларында, оттегінің жетіспеушілігінен зардап шегуі мүмкін. Екіншіден, тасқын кезінде су ластанады. Үлкен су ағыны салдарынан химиялық заттар мен қоқыстар өзендерге ағып келуі мүмкін. Бұл – балық үшін қауіпті. Үшіншіден, температураның ауытқуы да бар. Су тасқыны нәтижесінде судың температурасы күрт өзгеруі мүмкін, бұл жағдай балық үшін де стресс және оның өліміне әкелуі мүмкін. Төртіншіден, тасқын су салдарынан балықтардың уылдырық шашатын жерлерін су басу қаупі күшейеді. Мұндай жағдайлар да балықтың жаппай өліміне алып келеді», – дейді эколог маман.
Су тасқыны биыл көктемде тағы да қайталанады деп күтіліп отыр. Осы мақсатта Атырау облысында қазір тасқынның алдын алу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Өткен жылдың аяғында Атырау облысына вице-премьер Қанат Бозымбаевтың арнайы келіп кеткені белгілі. Атырау облысына сапарында Қанат Бозымбаев Жылыой және Махамбет аудандарында, Құлсары және Атырау қалаларында болып, елді мекендерді тасқын судан қорғау жұмыстарын тексерген еді. Жылыой ауданында Қамыскөл көлінің жағалауы нығайтылуда. Жем өзенінің арнасы 23 шақырым және Құрсай каналы 35 шақырымға тереңдетіліп отыр. Сондай-ақ Махамбет ауданында ұзындығы 4,5 шақырым болатын жағалау нығайтылуда. Атырауда қала маңындағы Талғайран, Ақжар және Еркінқала ауылдарында қорғаныс бөгеттері салынуда.
«Қазгидромет» мәліметтері бойынша, Атырауда қыс жылы болады. Есесіне, қар көп түседі деп күтілуде. «Сондықтан біз барлық шараны алдын ала қабылдап, ықтимал қауіптерді ескеруіміз керек», – деген еді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Сондықтан да экологтар су тасқыны кезінде балықтың жаппай қырылуын болдырмау үшін алдын ала кешенді шаралар қабылдауға шақырып отыр. «Ең алдымен, су айдындарындағы судың сапасы бақылауда болуы керек. Судағы оттегінің деңгейін және су тасқыны кезінде өзендер мен су айдындарындағы оның химиялық құрамының жай-күйін бақылау маңызды. Егер оттегі деңгейі критикалық мөлшерге дейін төмендесе, мұздарды ойып, суға оттегін жіберу әдістерін қолдануға болады. Сонымен бірге, су айдындарын тазарту және ластанудың алдын алу да маңызды. Су тасқыны қаупі төнген жағдайда балықтар үшін қалыпты өмір сүру жағдайлары бар қауіпсіз жерлерді тауып, арнайы аймақтар құру қажет», – дейді эколог Қарлығаш Есжанова.
Балықтарды құтқару операциясы Атырауда екінші апта бойы жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, бұл жайт өңірде жылына бір емес, бірнеше рет қайталанатын табиғи катаклизмге айналып барады. Егер мәселе жергілікті билік тарапынан тиісті назарға алынбаса, бұл жағдай аймақтың экожүйесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондай-ақ облыстағы балық шаруашылығы дамуының тежелуі де ғажап емес.
Баян ЖАНҰЗАҚ